6.13. Н.Байғаниннің «Нақылдары»


1 Ел қорғаған кем  болмас, Ел бақпаған ер болмас.

2 Білімді адам әр неге шебер, Халқы үшін қиындыққа көнер.

3 Дұшпаннан қорқып сасу бекер, сабырлы ер мұратқа жетер.

4 Кейбір қорқау адам бар, Көрінгенді алам деп

   Кім шақ келер маған деп, Жалынын шашып жалаңдар.

5 Білім – көше, тартар жолға, Елді бастар оңға,

   Ел бүлдірер бұзықтар, Түсер өзі торға.

6 Айнала биік қорған тау, Үстінен ешкім аспайды.

   Ел бастығы  ер болса, Дұшпаныңнан қашпайды.

7 Адамға халық айналар мақұл болса,

   Кем болмайды әркімде ақыл болса.

8 Білімнен қымбат нәрсе жоқ, Көңілде жатса баспай тат.

9 Жақсы жолдас досын сақтар, Жақсы басшы елін сақтар.

10 Адал болса жолдасың, Күнде көңілің өседі.

     Жатса да қайнап қорғасын, Ер сескенбей кешеді.

11 Екі талай жерде, Ердің ерлігі сыналар.

     Ел бір ауызды болса, Ерге бақыт құралар.

12 Әр нәрсеге сабыр ет, Аптықпаңдар, саспаңдар.

      Сабыр түбі құдірет, Салыспай найза қашпаңдар.

13 Өнерсіз іс оң болмас. Өнерлі жігіт қор болмас.

14 Жамандығын көргенше, Жолдасыңды қас деме.

     Адам болар баланы, Толықпаған жас деме.

15 Айлалы жау бермес сырын, Жау жоқ деме күтін бұрын.

     Тауды биік демеңдер, Талаптансаң шығасың.

     Жауды мықты демеңдер, Ерлік қылсаң жығасың.

16 Қадір білген адамға, Жасырмай айт сырыңды.

     Қадір білмес адамға, Өтініп, салма құныңды

17 Адал болсаң халқыңа. Қалайда болса жағасың.

     Арам болсаң егерде, Әлі-ақ артта қаласың.

18 Ойлансаң ой ақыл табады, Ойлы жігіт жақын табады.

19 Білім ал оқып қарманда, Оқымай қалма арманда.

    Надандардың көзі – көр, Қор болмайды білімді ер.

20 Түпсіз дария тартылмайды, Ел үшін ерлер тартынбайды.

     Арсыз болма,арлы бол, Алысқан жауға қарлы бол.