6.14. Ж.Жабаевтың «Өтеген батыр» поэмасынан үзінді


Ақ көбікке оранып,

Толқыны тоқсан бұралып,

Арықтай аққан арналы,

Жамбыл бір жыр жырласын.

Жұрт хикая тыңдасын,

Өтеген батыр туралы.

Хикая емес бұл өзі,

Өз жанымнан шығарған,

Есімде жоқ осы жыр -

Қайдан, қалай алынған.

Мұны ызыңдап даладан,-

Жырлаған, ескен жел маған.

Бұл жырды мен естігем-

Тағы құлжа үнімен.

Бұл жырды мен естігем -

Бұлбұлдың тәтті күйінен.

Бұл жырды мен естігем -

Ер Өтеген туралы,

Саңқылдап шыңның қыраны,

Аңыз еткен күнінен.

Бұл жырды мен естігем -

Тулаған толқын дөңінен.

Бұл жырды мен естігем -

Шөбінен, дала гүлінен.

Бұл жырды мен естігем -

Жұлдызды аққан көгінен.

Бұл жырды мен естігем -

Өрінен ескен жерінен.

Бұл жырды мен естігем -

Сай - саланың шегінен.

Бұл жырды мен естігем -

Безіп жүріп ауылдан.

Бұл жырды мен естігем -

Жыршыдан, ақын, қауымнан.

Жылды айналып, жыл озып,

Өтеген өліп, қол үзіп,

Сапар шекті келместей.

Алайдағы тарихтың,

Ауызында халықтың,-

Аңыз қалды өлместей.

Сол туралы, мінекей,

Домбыраны сөйлетем.

Өтегенді мадақтап,

Жырға қосып тербетем.

Халық айтқанын қостаймын,

Артық сөзді қоспаймын,

Жырымды желше гулетем.

«Халық айтса, қалпы айтпайды»,

Мен де сонан асырман.

Шынайы берген тұлға еді,

Келе жатқан ғасырдан.

Жаздың жылы түні еді,

Өтегеннің тууы,

Жетісу еді мәулеті,

Сырымбет ед сәулеті.

Дулат еді руы.

Түннің желі бесік боп,

Тербеткен бөбек уызды,

Қасара біткен маңдайдан,

Жан еді қос мүйізді.

Бала жастан әлпештеп,

Баққан оны гіл кісі ед.

Қасара біткен қос мүйіз,

Батырлықтың белгісі ед.

Жеңілмес жалын боп өскен,

Ақылға, күшке, болжауға,

Тартқан сымдай тал бойы,

Ұқсаған тағы құлжаға.

Өсті батыр тұлғалы,

Жолбарыстай қарулы,

Қырандайын қырағы,

Арыстандай айбарлы.

Жүз кісінің ішінде,

Ол бір жүрген дүлегей,

Бір өзі батпан бірегей.

Аң аулауда, бәйгеде,

Атағы шыққан әйгіге.

Жан еді бір думанда

Жабықпаған жалғанда.

Мейірімді ана ниетін,

Бөбегін сүйіп, өрімін.

Сондай-ақ о да сүйетін,

Көшпелі қазақ өмірін.

Жетісу қазақ қонысы ед,

Мамығы майда оралған,

Күндер болған бір кезде

Сол жер қанға боялған.

Бір кездерде алакөз -

Болған сол жер аймағы.

Ұрыс, қағыс болған кез,

Қырғыз, қазақ, қалмағы.

Найза ұшталып тұлпарлар,

Жортып, жебе жарқылдар.

Күндер болған өлікке,

Қара қарға қарқылдар.

Он сегізінші ғасырда,

Далада, қардың басында,

Ақ жағалы, жез топшы,

Патша жорық ашуда.

Дүре соғып дүрілдеп,

Бүлдірген елді біртіндеп,

Атуға да асуға.

Көшпелі елді қырғандай,

Бұзып, қырып, өртеді.

Ол күн қара борандай,

Болып кетті ертегі.

Еміренген дала күңіреніп,

Жайлауларда, тауларда -

Жетісу бойы тебіреніп,

Қуырылған патша, хандарға.

Өтеген сонда ойқастай,

Талабынан талмастай,

Ызаланып, өршігіп,

Тұлыбы тала тершігіп,

Бұл өрт оған болмады,

Халықпен біге жанбастай.

Күшінен бірақ танбайды,

Суарылған алмастай.

Жұрт білмегенді ол білді,

Боларын сезді әлемет.

Патша тігіп ордасын,

Халықтың бұзып қордасын,

Қан төгерін керемет,

Жұрттан бұрын ол сезді.

Қайғыға халық түсерін,

Патша алдында бас иіп,

Хандардың ант ішерін.

Өтеген сезді хандардың,

Арам, пасық ниеттерін,

Халықты сатып, патшаның,

Киерін шенін, шекпенін.

Ер Өтеген олардан,

Қорықпады - шынықты.

Ұзақ сапар шегуге,

Дайындады жорықты.

Жинап болып нөкерін,

Жарқылдады ол қырандай.

Батыр барлық халықпен

Ақылдасты ұрандай:

«Арыным - батыр арыны,

Дабыдым халық дабылы»,

Ақ жағалы патшаның,

Жақындап тұр жорығы.

Жетісуға жендеттің,

Түскелі тұр құрығы.

                                  (Жалғасы бар)