6.15. Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы


Майдан етіп дүние төрін,

Темір, болат қақтап отқа,

Жекпе-жек кеп өмір,өлім,

Соққыласып жатқан жоқ па?

Арқалап сол майдан жүгін,

Қырғын соғыс ортасында,

Жүрді ұлан,

Кекті зілін

Қоса түйіп қорғасынға, -

Ырғып бұлттан түсер жайдай,

Өзі оқ боп атылғандай,

Ерегіске жанын тігіп,

Күтті жауын,

Тас бекініп.

Өмір гүлін жаншып, таптап,

Шаштан сүйреп махаббатты,

Жерімізде жындай қаптап,

Найзаға іліп ар - ұятты, -

Келе жатты сұм жендеттер,

Жиіркеніп,

Жиырылды жер.

Жауға тамшы татырмастай

Буырқанып тасты өзендер.

Ашулы жел ащы даусы

Тұндырғандай жау құлағын.

Сол аймақтың әрбір тасы

Күйретердей жау қамалын...

Қанды көбік қара топан

Ортасында бейне шың тас,

Өр кеудесін етіп қалқан,

Сол баяғы жатыр бір жас.

Қойып айды қарауылға,

Күн де шомды ұлы ұйқыға.

Қонды орманға қорғасын бұлт.

Жат дыбысқа құлағын сап,

Тың тыңдаған адамға ұқсап,

Айнала - аймақ тұрды жым - жырт.

Ойшыл орман мүлгіп - қалғып,

Төңіректің сырын аңдып;

Жайлап қана тартып сырнай,

Сыр шертеді ну қарағай.

Сонау орман етегінде

Жаланған от сатыр - сұтыр.

Қанды ізін қара түнге

Көме тастап жаулар отыр;

Сол бір оттан ыршып бір шоқ

Түсті ме ер кеудесіне?

Қойылғандай болды сол от

Динамиттің пілтесіне.

- Қасақы жау қарсы алдында

Қасақана көрсетіп қыр,

Сенің алтын ошағыңда

Зұлымдық от жағып отыр;

Түскен дұшпан терезеңнен

Қапылыста салып жара,

Қуса сені өз төріңнен,

Көнсең соған,

- Не масқара...

- Қасиет күші Ұлы Отанның

Қанатын бер қыран құстың,

Ашуын бер арыстанның,

Жүрегін бер жолбарыстың!!

Күллі әлемнің ашу - кегі

Орна менің кеудеме кеп!

Жау жолына атам сені,

Бомба болда жарыл жүрек!

Бар арманым асқар тауым,

Көтеріл, ел, намыс туы! –

Деп ер ұлан бақты жауын,

Болып серік жан ашуы.

Қанды пышақ - жау күлкісі

Қақ жарғандай түн жүрегін,

Шошып ұшты орман құсы,

Көл күрсініп алды демін,

Ер күрсініп алды демін.

Қинады  жан қызғанышы,

Қимай жауға көл - арнасын,

Жалын шарпып дем алысы,

Құшып жерін, сүйіп тасын

Жүрегіндей сол аймақтың

Алас ұрды намысты ұлан;

Ащы зары махаббаттың

Естілгендей, күйінді жан,

Кеуде кегі, жан ашуы

Кетті шығып «от өзектен»...

Көтерілді жаудың шуы

Түскендей-ақ қаһар көктен.

Айнала жау ырсыл қағып,

Айдаһардай көтерді бас.

Кетті ілезде қызып,жанып

Дүниедегі бір ұлы айқас.

Тұтасқандай жер мен аспан,

Соқты ұйтқып оқ бораны:

Қан кілкіте қара тастан,

Түткіледі кең даланы;

Қара толқын орман шашын

Жұлды талдап снарядтар;

Мәңгі мекен көл жағасын

Тастап, суға сүңгіді жар...... (1943ж)