2.5. Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығы (жалғасы)


Ақиқатын айту керек, «Волоколамское шоссенің» өмірге келуі оңай болған жоқ. Қиындатқан Баукеңнің өзі жазушыға күнделіктерін, жазбаларын, әскери құжаттар мен схема-карталарды қолдануға беріп қана қоймай, сол кітаптың қолжазбасынан бастап баспадан шыққанша қадағлап, бақылап отырды. Кеңес берді, түзеді, күзеді, өңдеді. Әр әрпіне мән берді, сөз тіркестерін тереңдетті, оқиғаларын шиеленістірді, кейіпкерлерді келістіре суреттеуге зор ықпал етті. Кітап жарық көріп, сыншылардың, оқырмандардың талқысына түскенде Баукең Мәскеу қаласындағы талқылаулардың басым көпшілігіне қатысып, оқырмандардың жүрегіне жол тауып, сыншыларды сынады. Баукеңнің пәрменділігіне, сауаттылығына, парасаттылығына, қара қылды қақ жаратын турашылдығына, тәнті болған жазушы қауым ағынан жарылып, орталарынан ойып орын берді. Егер Баукең А. Бекке бағыт-бағдар бермесе романның әлсіз шығатыны айдан анық екен.

 1990 жылы мамыр айында «Алматы ақшамы» газетінің №117-121 сандарында Қазақстан Журналистер одағы  сыйлығының лауреаты Жүніс Ыбыраевтың «Арпалыс арқауы» атты деректі әңгімесі жарияланды. Бұл әңгіме Баукеңнің көзі тірі кезінде 1978 жылдың 14-ақпанында өз аузынан жазылып алынған. Әңгіме қызған кезде: «-Көкейіңізде бір зіл жатқандай сезіктеніп отырмын, аға, осы кітаптың жазылу тарихынан тағы да аздап сыр қозғамаймыз ба?- деп қиылып сұрадым.

        –Жанға тиердей сұрақ қойып,жетекке саласың, бала, ә, – деп мырс етті

қарт.

       –Көкіректе арыстандай арпалысып, тыныштық бермей жататын сыр пернесін дөп басып отырсың. Жүректің құпиялы қылы шертілген соң аянар жөн жоқ, өзі сыздап шыдатпай жүрген күйімді тартуға іркілмей-ақ қояйыншы, –деді Бауыржан ағай.

        Жастыққа шынтақтай жатып бір жөткірініп алды да, майдан жырын төгіп, сырын ағытты...»

         Баукең «Волоколамское шоссенің» шығу тарихын, желісін үзбей айтып береді. Кітаптің бірінші әңгімесі «Панфиловшылар алғы шепте деген» атпен 1943 жылы «Знамя» журналының №5-6 сандарында жарық көреді. Жұрт жапа тармағай қызыға оқиды. Редакцияға жүздеген хаттар келеді. Осының арқасында А. Бек броньға ілігеді. Ол енді жағдайын түзеуге асығып, Баукеңмен келіспей екінші әңгімесін жазып, «Знамя» журналына ұсынады. Бірақ. «Знамя» журналының редакторының бірінші орынбасары Екатерина Николаевна Михайлова Бауыржанға жазған хатында қолжазбаны сүреңсіз, арқаусыз, бірінші бөлімнің сәтсіз қайталануы деп тауып, «Сіздің Бек жолдасқа оның жұмысының кемшілігін түзетуге, шығарманы ширата, айтылған мәселелердің мәнін тереңдете түсуге көмектесетініңізге өте сенімдімін.» – деп өтінеді. Баукең 1944 жылдың  5- сәуірінде қолжазбаға рецензия жазып, Е.Михайловаға хат жолдайды. Бұл хатта Баукең өз ойының повестте бұрмаланып бара жатқанына  қатты қапаланып жазады. Баукең рецензиясын да, хатын да А. Бекке оқытып, таныстырып келісімін алады. (Кейіннен рецензия да, хат та қазақшаға аударылып, «Қазақ әдебиеті» газетінің 1990 жылғы 21- желтоқсанда шыққан санында басылып шықты) Деректі әңгіменің бел ортасында Жүніс Ыбыраев  «Кешегі көшпелі шаруа баласының, тұла бойы әскери қызметкердің көркем әдебиет теориясын соншалықты терең біліп, повесть жанрындағы кітаптың жазылу барысына терлеп-тепшіп талас құрып, кемшіліктерін тайсалмай, дәл айтып, түзетілуін талап етіп, сөйтіп оны іске асыртқызуы қай оқушыны болсын қайран қалдырмай қоймайды» деп тебіренеді. Бұған менің алып қосарым жоқ.

           Баукеңнің өзі жазған «За нами Москва» кітабы соғыс тақырыбына жазылған шығармалардың ешбіріне ұқсамайды. Әрине, бұл кітапқа баға беріп, ұрыс даласындағы айла-әдіске талдау, операцияларды жоспарлау мен олардың міндеттерін жете ұғу, командир шешімнің тоқетерін түсіну қарапайым оқырманға оңай соқпасы анық. Баукең жиған тергенін қағазға түсіргенде, кәсіби әскери адам бола тұра, осы жағдайды барынша ескерген ғой деп, әрдайым ойлап отырамын. Қар жастанып, мұз төсеніп жүретін ержүрек жауынгердің жүрегіне жол тапқан батыр Баукең, болашақ оқырмандарына ой-өріс байытудың, сана-сезім оятудың, көзқарасын дамытудың, ынта қыздырудың адам көзіне көрінбейтін кілтін қалдырды. Кітап бірінші жолынан бастап оқырманын баурап алады. Оқып отырып,            316-атқыштар дивизиясының 1073-полкының аға лейтенант Бауыржан  Момышұлы басқарған бірінші батальонының винтовка ұстаған жауынгері болып кеткеніңді байқамай қаласың! Қайран, Бауке! Елім деп, жерім деп, Отан үшін жан беруге бар ержүрек өрендерінің еңсесін түсірмей, жау қоршауынан иненін көзіндей саңылау тауып бес рет быт-шытын шығарып, қарсы келгендерін көкке ұшырып бұзып өтіп аман-есен  негізгі күшке қосылып отырды. «Неге қоршауға түсе берді!» деген заңды сұрақ туады. Оның себебі Баукеңнің табандылығында. «Табандылық – батылдықтың қалқаны, бас сауғалап қашып аман қалмайсың», дейді Баукең. Ұлы Отан соғысы жылдары жоғарыдан келетін бұйрықсыз бір адам кейін шегінбеген бір-ақ командир бар – ол Бауыржан Момышұлы! Бұйрықсыз шегініп масқара болғаннан, атысып, абырой алып, намысты қолдан бермеу артық болды Баукеңе! «Қырандарым менің, еріңдер соңымнан!» деп Баукең ұран тастағанда, сұңқарлары сермегенде семсер, сілтегенде найза бола білді. Сол сұрапыл жылдары қоршауда қалып, бүкіл әскерімен мерт болған немесе жау қолына тұтқынға түскен генералдар болды. Қоршаудың қорлығына шыдай алмай өзін-өзі атқандар да кездесті. Мәскеу түбіндегі шайқаста ентелеген жауды тоқтатқан тек қана Бауыржан Момышұлы бастаған бірінші батальон болды.

          1944 жылы 14 қаңтардан қатарынан алты күн Бауыржан Момышұлы «Соғыс психологиясы» туралы сол кезде өмір сүрген бір топ ғалым, әдебиет, мәдениет қайраткерлеріне әңгіме-дәріс өткізген екен. Сол әңгіме-дәрісінің қолжазбасында келер ұрпаққа арнап:«Бұл қарапайымдау, өңделінбеген олақтау, сұрыпталынбаған тартуым болсын, сөз өнерінің шеберіне кітап жазуы үшін құрылыс материалдарына жарарлық сыйым болсын», - деп осы сөздердің астын сызып қойған екен. Шындығында да батыр жазушының жазған дүниесін сан қырынан зерттеу, оған талдау жасау үлкен еңбекті, ерекше қабілетті қажет етеді. Аталған қолжазбасының оқырмандарына арнап көптеген нақыл сөздері және  үш  шумақ арнау өлеңін жазыпты. Нақыл сөздері төмендегідей:

          Кірпішсіз сарай сала алмайсың. Ұшқынсыз от тұтанбас. Мейірім болмаса сүйе де алмайсың. Ашу-ызасыз жек көру мүмкін емес.Мәжбүр етпей мойын ұсынбас, мейірім болмай жақсы көре де, беріле де алмайсың.Бұйрық- алғыр басшысының ой-арманы.Әскерсіз- қолбасшы қауқарсыз, басшысыз- әскер әлсіз.Сын ерді шыңдайды, қорқақты қинайды.Азаматқа өмірден де  ар қымбат, өлімнен ұят күшті. Қорқақ–дөрекі әрі ақымақ. Мейірімсіздердің жаны нәзік емес, оларға құдық та түпсіз терең.Батырға сырдың суы сирағынан келмейді, қорқаққа батпақ та кедергі, шалшық та бөгет.Шошқа бағушы арғымақты тұрысына қарап ажырата алмайды, оған қашар да ат. Құм ішіндегі дәнді қырағы көз ғана шалады. Кебекті ұннан илеп айырады, су көмір арқылы таза сүзіледі. Алғырлық ойдың ішкі мазмұнын нұрландырып тұрады. Қанатты сөздің қарапайым сөзден айырмасын сергек құлақ, алғыр ой ажыратады. Басқаны «жақсыға» білгенше, өзіңді «орташаға» біл. Ақылгөйлік кейде өнегесіздікке тірейді. Тәртіп кейде тәртіпсіздікті тудырады.Тер төккенше тыраштану- кейде жалқаулыққа парапар…Тым ерекше құштарлық – бейжайлықпен бірдей дерлік. Тым адалдық–жалғандықпен парапар.Екіжүзділіктің балын татқаннан, әділдіктің ащы уын татқан жақсы. Қарттықтың әдемілігінен көңіл қайтқанша, махаббаттың арманынан ләззат алған дұрыс.Өзінің ұлтын сыйламаған, ұлтын мақтаныш тұта да алмайды, ол сөз жоқ арамза, тексіз әрі қаңғыбас.

Солдаттың ерлігін ұрлау-адам бейнесіндегі хайуанның ең сорақы қылмысы.

Өзінің пікірін бәріне  бірдей үзілді-кесілді, соңғы пікір деп санау–бұл өз күшің мен қабілетіңді қатал асыра бағалаушылық.

Бауыржан Момышұлы 1944 жылы Алматыда кеселханада жатқанда, сол кездегі үкімет хатшысы Әбдіхалықовқа «Қазақ тілі» туралы пікірін жазыпты. Онда ана тілін сүймегендік, білмегендік, ұлт сезімін жоя отырып, ұят безерлік тудыратындығын айта келіп, ана тіліне қамқорлық жасауға байланысты бірнеше ұсыныстар береді. Хатының соңында «Мен әскери адммын, тіл мәселесі туралы халқымыздың жауынгерлік мұра-дәстүріне ерекше байланысты болғандықтан, көріп, біліп, сезе тұра айтпағанымды өзіме үлкен ар, кешпес күнә деп түсінгенімнен жазып отырмын» дейді.

        Батыр-жазушы жазған дүниесіне байланысты «Мен жазушы емеспін» деген ойын қоса жазып, қарапайымдылық танытады. Ал шын мәнінде жазған шығармаларын оқып отырсақ, мақал-мәтелдің көп түрін кездестіруге болады.

«Қанмен жазылған кітапта» 1942 жылы 27 маусымда жазған мақалдарының 39 түрі басылыпты. Солардың ішінде:Намысты нанға сатпа;Өмір үшін өлгенше күрес; Салақтықта сақтық жоқ;Жерге тер төгіп, халыққа қан төгіп қызмет ет;Отанда опасызға орын жоқ;Шегініп серке болғанша, секіріп теке бол.

«Бауыржан Момышұлы әліппені орысша бастаған. Бүкіл қызметі орыс тілінде өтті. Бірақ ол нағыз қазақ болып қалды. Ол орысша сөйлегенде, оның асқан шешендігінде, ой жүйесінің, логикасының жампоздығына, биік білімділігіне ең зиялы деген орыстардың өзі таң қалып, таңдай қағатын еді», - дейді, Бауыржанның көзін көріп, араласқан, халық жазушысы Шерхан Мұртаза:Ол өз халқын жанындай жақсы көрді. Оның өткенін, қазіргісін ойлап, қайрат қылды, күресті. Әбдіхалықовқа жазған хатының өзінде де «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді»,«Ат жүйрігі айырады, тіл жүйрігі қайырады», «Қиыстырып қаласаң отын жанар, қиыстырып айтсаң халық нанар», «Сөз жүйесін табады, мал иесін табады», «Зекетсіздің малы арам, тілсіздің дауы арам» сияқты мақалдары ойын қиыннан қиыстырып, көркемдеу арқылы орнымен қолданған.

        Әскери адамның көп сөзділікті қаламайтындығы «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні-мақал» арқылы жеткізуі «Жігітті жауынгерлік қасиеттерге тәрбиелейтін қазақтың игі дәстүрлері» атты қолжазбасының «Әдет пен әдеп» бөлімінің жоспары: «Ұяда нені көрсең, ұшқанда соны аласың», «Тексізден тезек артық», «Жаным арымның садағасы», «Өлімнен ұят күшті», «Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді» деген мақалдардың мәнін аша отырып жастарға тәрбие беру жолдарын көрсеткен.

       Батыр-жазушының қолданған мақал-мәтелдерін шығармаларынан алынған үзінділер арқылы дәлелдеп көрелік.

      Ұрыстарда ерлік , табандылық көрсеткені үшін 316-дивизия – 8-гвардиялық атқыштар дивизиясы деп аталып , дивизияға Гвардия туы тапсырылды. Дивизияның осы қуанышына байланысты И.В. Панфиловты құттықтаушылар да көп болды. Сондай бір майдандастарының құттықтауына генерал телефон арқылы : «Ия, Орта Азия- менің екінші туған жерім. Аз ба, көп пе, 17-18  жыл осында қызмет еттім. Сонда балалы-шағалы болдым. Балалардың туған жері де , елі де сол жақта. Халқы өте сабаз, ержүрек келеді. Ия , солай. Мен ешкімді көзінше мақтамайтын адаммын». Қазақта мынадай мәтел бар , Сергей Петрович: «Ұлың өссе- ұлы жақсымен , қызың өссе- қызы жақсымен ауылдас бол», деген. Ия сізбен іргелестігімізге қуанамыз, шарапаттарыңыз тиді. Рахмет!

      Бауыржан Момышұлы генерал И.В.Панфиловтың әкелік қамқорлық, ақыл

 – кеңесін ерекше бір толғаныспен еске алады.

      Талап қою бар да қаталдық бар. Талап қою заңды нәрсе. Қаталдық  заңнан тыс. Әйтсе де, бір жағынан сіздікі өте дұрыс… Шатақ, шатасу соғыстың кесепатты   заңының бірі емес пе. Брудныйдан және қоршауда қалған тоқсан солдаттан міндетті орындауды қатал түрде болса да әділ талап еткенсіз. Оныңыз дұрыс, мен де сүйтер едім. Соғыс кей кезеңде табандылықпен талап қою және қаталдықтың арасындағы айырмашылықты жойып жібереді. Командир ер серкесі , ер ағасы, жауынгерлердің жетекшісі «сергек ой – ер серігі», деген мақал бекер айтылған емес.

Бауыржан ойын өрнектеуде мына мәтелді өте орынды қолданған:

«Қысқа көрпені басына тартсаң аяғың ашық қалады, аяғыңа тартсаң басың ашық қалады».

Жазушы өз бетінше, шені үлкендердің бұйрығынсыз шешім қабылдай алмаған сәтін былай сипаттайды: Түкке түсінсем бұйырмасын, подполковник әлде бригаданы мезгілсіз соғысқа салмайын дей ме, болмаса сасқалақтап, не істерін білмей отыр ма? Соншама күш өз қолымда болар ма еді,-деп зығырданым қайнады. Лаж жоқ. «Кісідегінің кілті аспанда» деген осы.

Адам бойындағы қорқыныш сезімді батыр-жазушы: Қорықпайтын пенде болмайды, жандының бәрі сескенеді. Өлім кімнің денесін түршіктірмейді? Ажал мен азаптан қобалжи қорқу айып емес. Тірі жанға арын ардақтап ұстай білмегендік айып. Ерлік ер басына жүре бітетін қасиет. Атаққа ілінудің жолы- алыс жол. Атақ туы- ардақты ар. Ар, намыс анасы- тәрбие. Тәрбие- «жаным арымның садағасы» дегеніміздің айғағы. Күресте күш шынығып, арпалыста- арбаудан өтіп барып, айла мен айбындылық пайда болады– деп, ойын нақылға құрылған пікірмен білдіріпті.

Жазушының соғыс әдісіне байланысты нақылға құрылған төмендегі ойы шешендіктің өзіндік үлгісі: Біздің заманда соғыстың әдісі «алыспақ бар да, атыспақ жоқ емес». Ол атам замандағы- «жекпе-жектің» заңы. Бұл кезде- «көз жеткенге оқ жеткіз».

Жалпы Бауыржан Момышұлы шығармаларын көркемдеуде қолданатын тәсілдерінің бірі- халқымыздың ертеден қолданатын мақал-мәтелдерін орнымен жұмсау.«Москва үшін шайқас» кітабында ойын бейнелеудегі қолданған мақал-мәтелдері төмендегідей болып келеді:

-«Қаға білсең, киіз қазық та жерге кіреді» дейтін емес пе еді, жолдас генерал,-дедім мен.

-Дұрыс, «қалауын тапса қар жанады» деген сөз де бар. Қалауын таба алмай отырмын, –дей бергенімде, Гончаров ас алып кіріп келіп, менімен сәлемдесті.

Командирге ой түбіне жету оңай емес. «Кісідегінің кілті аспанда» дегендейін, жаудың сыры өзіңе мәлім, соғыс жатқан жұмбақ. Командирдің ойы жатқан болжау.

–Иә, жолдас комиссар, халіңіз өте қауіпті,–деді оған Мамонов,- «күш әкесін танымас» дегендей, тың  күш тыңдығын, әрине, істейді.

Солдаттар бала мінезді келеді. Солдаттық – соғыстың қиындау жағдайында жүрген адамға жылы көзқарас, «жақсы сөз жарым ырыстан артық». «Көз қорқақ, қол батыр» дегендейін барлық сезімім аяғымда. Ой-қырды болжайтын жалғыз аяғым-ақ. Сеземін аяғым қырлауға кездескендей болды.

–Жолыңыз болсын, сіз енді полк командирі болдыңыз, ол полктың миы, ақылы, басы. Өз ұлтыңыздың «білекті бірді, ақылды мыңды жығады» деген мақалы әруақытта да есіңізде болсын, – деп қайталады әскери ақсақал.

«Түсі жақсыдан түңілме» –дегендей, табанды, сабырлы ісін ақылға салып, түбін ойлап істейтін, жүректі командирлеріміздің бірі.

  – «Көз қорқақ, қол батыр!» –деген осы, –сіздің «қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді» –деген бұйрығыңыз, бізге командирдің бұйрығындай емес, ақ шашты анамыздың әміріндей әсер етті. Ұрымтал бекіністі немістерден басып алдық. Қазір орнығып жатырмыз.

   –Орныңды енді тапқан екенсің– деп ойладым да, Молярчук есіме түсіп «ханның еркесі болғанша, жігіттің серкесі бол» дедім ішімнен.  

Бауыржан Момышұлы өмірі, тыныс-тіршілігі бүгінгі жастарға үлгі-өнеге боларлық, сондықтан да батыр-жазушының шығармаларын оқи отырып, оның даналығына сүйсініп, қоғам қайраткері ретіндегі келбетін де әр қырынан тануға болады.

Бауыржанның ерекше бір таланты бар десек жеткіліксіз, демек сол таланттың қуатын, өзгеше қасиетін жазушы шығармаларының асқақ үні мен шынайылығын қоса қамти айту керек.

Бауыржанның өзі басып өткен батырлық жолын  ғана емес, оның шығармаларының түп қазығын, бас арқауын талдасақ қана нысанаға жетеміз. Бауыржан шығармашылығының түп тамыры қазақ әдебиетінің сонау терең шыңырауында жатыр.

Сол шыңыраудың түбіндегі асыл қазынаны ақтара бастасақ, біздің әдебиетімізде реализмге, батырлыққа, халықтық қасиетке бейімділікті білдіретін белгі бар екенін көреміз.