2.6. Мұқан Иманжановтың өмірі мен шығармашылығы (жалғасы)


Мұқанның жазушылық қаламының ұшталуына А.Чехов, М.Горький шығармалары қатты ықпалы жасады. Чеховтың лирикалық шағын әңгімелерінен үйренсе, М.Горькийдің «Адам–ардақты ат» деген

 романтикалық көтеріңкі қағидасына табынып, өз шығармаларында да осы идеяны берік ұстады. Мысалы, «Алғашқы айлар» повесіндегі Жақыпбектің: «Алексей Максимович, нағыз азаматшы өмір сүруді ешбір жазушы сендей үйрете алмас-ау», - деген сөзі Мұқанның өмір бойы қайталап айтатын ойы-пікірі, ұстаған жолы.

Оның жас жазушыға жасаған қамқорлығы да Горький дәстүрін қазақ әдебиетінде дамытуға ат салысу еді. Балалар жазушыларының алғашқы қадамынан қадағалап, көпшілігінің тұсауын кескен де Иманжанов болатын. Әсіресе, «Пионер» жуналында қызмет істеген жылдарында өз шығармасынан гөрі, жас талаптың шығармаларын оқуға көбірек уақыты кететін.

Амал не? Оның алдына қойған мақсат-арманы көп еді. Орындалмай қалды. Бала күнінен жабысқан дерт құлашын кең сермеуге мүкіншілік бермеді. Ол бір жолдасына жазған хатында қамығып:

«... Бұдан былай қолыма қалам ала алмасам, түлкіге түсе алмай тасқа соғылған кәрі бүркіттен нем артық. Қайта кеммін ғой. Бүркіт бір кезде көкке самғап, қанатын кең жайды – арманынан шықты. Ал мен пақырдың қанатым  бастан шолақ қой», - дейді.

Ол шығармашылығының кемел шағында дүниеден өтті. Артында қалған рухани мұрасын келешек ұрпағына мирас етті.

Мұқан Иманжанов оқырман жұртшылықтың жүрегінен лайықты орын тапқан жазушы. Оның көркем шығармаларымен бірге 1940-50 жылдарда жазған сын, рецензиялары мен әдебиеттің әр қилы мәселелеріне арналған баяндамалары да көп болған. Олар кезінде газет-журналдарда басылды. Бұл мақалалар сол уақыттағы әдебиетіміздің тарихынан біраз мағлұмат береді. Осының өзі бүгінгі мен кешегіні салыстыруда да біраз қызмет атқаратыны ақиқат.

1940-50 жылдарда Мұқанның өзі де әңгіме жанрына ат салысқаны белгілі. Ол Батыс Еуропа, орыс әдебиеті классиктерін көп оқып, көп ізденді. Осыған байланысты ойлары, теориялық тұжырымдары бірқатар  мақалаларында көрініс тапқан. «Бөбектерге арналған әдебиет туралы» атты мақаласында елуінші жылдардағы қазақ әдебиетінің жалпы жағдайы баяндалып қана қоймайды, сонымен қатар ол бөбектерге арналған туындылардың өзіндік ерекшелігін ажыратып, осы саладағы ғылыми зерттеулер мен педагог жазушылардың шығармаларына сүйене отырып, қазақ әдебиетіндегі олқылықтарды ашады. Бала психологиясын, олардың жас мөлшерінің ерекшеліктерін ескеріп жазу қажеттілігіне назар аударады. Орыстың классиктері Л.Толстой, К.Ушинский сияқты тұлғаларды үлгі тұтады. Бұл айтылған пікірлердің бүгінгі бөбектерге арналған әдебиетімізге де қатысы бар, ол әлі де күн тәртібінен түспеген мәселерді қозғайды.

Мұқан Иманжанов осы ойын «Пионер жуналында шыққан әңгімелер туралы» атты мақаласында толықтыра, тереңдете түседі.

Балалар әдебиетінде балалар образының көңілге қонымды шықпай жүргендігін әңгімелердің бірінен-бірін ажыратып болмайтын ұқсастығын сөз етеді. Мұқан Иманжанов бала қызығып оқитын шығарма қандай болмақ дегенге үлкен талап тұрғысынан келіп: «...Ол әдебиеттен де сол өз темпараментіне сай қызу әрекеті, бейнелі шығарманы, жанды оқиғаны тілейді. Сөзуар жалаң уағызды, жайдақ дидактиканы ол құлағына да ілмейді, қызықпайды, демек оқымайды», - дейді.  Балалар әдебиеті мәселесінің төңірегінде  Мұқан Иманжанов кейін де жазып тұрды. Бұл тақырыпқа арнап жазылған мақалалар қатарында: «Балаларға арналған прозалық шығармалар жайында», «Коммунистік тәрбиенің күшті құралы»  деген мақаласы бар. Осылардың бәрінің негізгі идеясы – көркем әдебиетті, соның ішінде әңгіме жанрын жас ұрпақты коммунистік рухта тәрбиелеудің құралы деп қарау.

«Қысқа әңгіме туралы»  да елуінші жылдардағы әңгіме жайында автор «Біздегі әңгімелер қалай жазылып жүр? Ондағы негізгі кемшіліктер неде? Қысқа әңгімені өрістетуде алда тұрған міндет қандай?», – деп сұрақ қояды да, сол кезеңдегі шығармаларды талдай отырып, өрелі ойлар айтады. Әңгімеге байланысты баяндамаларда, мақалаларда аңғарылатын басты сипат мақтаудан гөрі сынаудың басым болып келетіндігі. Мұны біз Мұқанның туған әдебиетімізге жанашырлық көзқарасы деп қабылдаумыз керек. Бұл елуінші жылдардағы шағын жанрдың даму процесінің шындығы еді. Сол кезеңдегі ғылыми зерттеулерде, сын рецензияларда шағын жанрдың әдебиеттің басқа саласымен салыстырғанда ойдағыдай дәрежеге көтеріле алмай келе жатқаны баса айтылады. Бұл тек қазақ әдебиетінде ғана емес, сол кездегі одақ көлеміндегі құбылыс еді. Біраз уақыт бәсеңдеп қалған әңгіме елуінші жылдардың екінші жартысынан бастап өріс алып дами бастады. Әрине, дамыды дегенге көркемдік, эстетикалық талғам өрісінен танылатын дәреже деп түсінеміз.

Бүгінгі таңда әңгіме әдебиетіміздің көркейген саласы деп айта аламыз. Алайда қазіргі әңгімелердің бәрі де төрт аяғынан тік тұрған татымды туындылар десек, пікіріміз жансақ болар еді. Өкініше қарай, әдебиетімізде әлі де көркемдігі шамалы дүниелер баршылық. Мұқанның мақалаларында көрсетілген қарадүрсін баяндау, натуралистік бояулар, тіл жұтаңдығы, кейіпкерлердің жан дүниесіне терең бойлай алмаушылық бүгінгі көптеген шығармаларда кездесетіні ақиқат. Олай болса, жоғарыда көрсетілген мақалалар актуалдығы жойылмайтын сияқты. Күні бүгін жастар өнеге алатын сипаты бар.

            Осы сынды Мұқан Иманжанов Өтебай Қанахиннің бір романына үш рет рецензия жазған. Ең алғашқысы «Жаулаған жерлерде», екіншісі «Ауыр күндерде», үшінші романның қайта қаралған нұсқасына жазылған. Мұнда әдебиет табалдырығын аттайын деп отырған талапкердің тырнақалды туындыларына мұқият қарап, кең талдап пікір айтады. Оның келешекте жазушы болатынына Мұқан үлкен сеніммен қарайды. Шалғайда жатқан Өтебайға сөз жүзінде ғана емес, нақтылы көмек көрсетуді ұсынады. Бұл рецензиялар жазушының шығармашылық лабораториясын зерттеуде де маңызды материал бола алады.

Классик ақын-жазушылар, өнер адамдарының өмірі туралы жазылған шағын мақалалардың көпшілігі балаларға арналған. Мұқан ұлы адамдардың отаншылдық сезімін, гуманистік қасиеттерін балаларға әсерлі беруге тырысады. Жас буын үшін әдебиеттің тәрбиелік мәніне назар аударады.

Сахна өнері жайындағы мақаларында 1940-50 жылдардағы пьесалар, актерлар шеберліктері туралы біраз мағлұмат бар. Мұнда қазақ театрымен бірге орыс театры жайындағы, кино өнеріне байланысты рецензиялары да бар. Әрине, мақалалардың кейбіреуі бүгінгі өскен, өркендеген кезеңнің тұрғысыннан қарағанда көңілге қораш болып көрінуі де ықтимал. Алайда, әр рецензияның, әр мақалаларының соңында келтірілген жылдық көрсеткіштерден жазушының өсу жолы аңғарылады. Оның 1942 жылғы жазғандары мен елуінші жылдардағы мақалаларының айырмашылығы көзге айқын түседі. Осының өзін Иманжановтың шығармашылық лабораториясына қатысты ғой дейміз.

          Енді М.Иманжанов туралы айтылған  естеліктерге тоқталайық. Өзінің шығармашылық өнегесімен ғана емес, адамдық мінез-құлқымен, жылы сөйлесіп, тез баурайтын сыпайылығымен, сөйте-сөйте адамды өз маңына үйіре білетін, өнер адамы мен оның талантына ұқыпты қарай алатын, үлкен жүрегімен өміріңнен өшпес орын алатын адамдардың типі тым жиі кездесе бермейді. Мұқан Иманжанов – осындай сирек тұлғалардың бірі еді.

       Әдеби шығармасын соғыстың қиын кезеңінде бастаған Мұқан өзінің бар саналы өмірін баспасөз маңында өткізді. «Социалистік Қазақстан» газеті редакциясында әдеби қызметкер, кейін әдеби бөлімнің меңгерушісі болды.

       Осындай қызмет жағдайымен де болар, Мұқанның маңында жастар үйірілгіш еді. Ол алдына келген кісіні жылы қабылдап, шын жүректен сөйлесе алуымен, материалды оқу үстінде айтар ойлы ақыл-кеңесімен, жанашыр қылығымен адамды өзіне тарта білетін. Сол кезде әдебиетке келіп, жазушылар қауымымен араласа бастағанда Мұқан маңында Х.Ерғалиев, Қ.Жармағанбетов, Ә.Сатыбалдиев, Т.Әбдірахманов, С.Бақбергенов сияқты өзінің қаламдас замандастарымен бірге жастар көп болды. Қолына жазған бірдемесін ұстап редакция жағалайтын жастардың қай-қайсысы болса да Мұқанды аттап өтпейтін және оны бір көргеннен жанашыр дос санайтын Т.Әлімқұлов, Ә.Нұршайықов, Ә.Нүрпейісов, Б.Соқпақбаев, М.Әлімбаев, З.Қабдолов, А.Нұрқатов, Н.Ғабдуллин, С.Сарғасқаев, З.Иманбаев, Ө.Қанахин, Т.Молдағалиев, Е.Ебікенов, Қ.Мырзалиев, Ә.Мәмбетов, Ә.Дүйсенбиев, С.Жиенбаев, Ш.Мұхамеджанов, Қ.Ыдырысов, З.Шүкіров, С.Баязитов, Ә.Нәбиев, Н.Сералиев, К.Тоқаев, С.Қирабаев тағы басқа көптеген сол кездегі жастардың әдебиетке деген көзқарастарын Иманжанов ашты. Олардың алғашқы туындыларын шаршамай оқып, түзетті, баспаға ұсынды, ақыл-кеңесін айтты. Қиын кездерде қолтығынан демеді.

        Олардың бір қатары естеліктерінде Мұқанның азаматтық тұлғасын анық береді. Мысалы, Бәтен Сағындықов ұлағатты ұстазы, абзал ағасы Мұқан туралы былай дейді: «Өзінен алты жас кіші мен үшін Мұқан Иманжанов жәй ғана бір аға емес, үлкен өмірге алғаш аяқ басқан балауса, балғын шағымда ақыл берген, қалтқысыз қамқорлық жасаған, жеке басының үлгісімен өнеге көрсеткен ұлағатты ұстаз, туғанымнан да артық абзал аға болды» десе, Ғайса Саммұрзиннің естелігінде Мұқан туралы былай дейді: «Әлбетте, Мұқан жайында көп жазуға болар еді. Бірақ біз оның сонау бір кездегі «қолау тайдың» майталман жорға болғанын, бір кездегі бітеліп жатқан қайнар көздің бұрқылдай ашылып, мөлдір бұлаққа айналғанын, сол кездегі біртоға момын жігіттің көптеген ақын-жазушы жастарымызға ақ көңіл ақылшы, аяулы аға болғанын тек осылай ғана тамамдауды мақұл көрдім» дейді. Жазушы Өтебай Қанахин ұстазы Мұқанды былай еске алады: «Жаратылыс әлемнің мынадай да таңғажайыптары болады екен: мұнан пәлен мың жыл бұрын сөнген жұлдыздың жарығы бізге сол күйі жарқырап жететін көрінеді. Сол сияқты Мұқан ағаның ақ та адал, мейірбан да сезімтал жүрегі соғуын тоқтатқанымен, ол кісінің жарқын бейнесі біздің және бізден кейінгі ұрпақтардың көкірегінде сол жарық сәуледей мәңгі сақталмақ. Бұған аз ғана, бірақ жемісті де мағыналы өмірінің ішінде Мұқан ағаның жазып қалдырған көркем шығармалары, бірегей адамгершілігі мен адалдығы, мейірбандығы айғақ!». Кітап оқуды Мұқаннан үйренген жазушы Тәкен Әлімқұлов өз естелігінде былай дейді: «Әдебиетте көп оқыған адамдар бар. Өмірден көрген-білгені көп адамдар және бар. Мұқан Иманжанов осының біріншісіне жатады. Ондай адамдармен қоян-қолтық араласу, білім толықтыруға септеседі. Менің Жорж Сандтың романдарын оқуыма Мұқан әңгімесінің түрткі болуында осындай бір шындық бар». Ал, Мұзафар Әлімбаев өз естелігінде былай дейді: «Әдебиет – біздің әр күнгі тынымсыз тіршілігіміз болғандықтан, ол жөнінде сөз қозғамайтын күніміз кемде-кем ғой. Әркез, осындай әңгіме қозғаған сайын, Мұқан есімі де ойға оралады.  Себебі – қазіргі қалам қайраткерлері қатарында жүрген, менімен тұстас, менің алдымдағы буын өкілдерінің дені, менен кішілер де Мұқаннан тікелей тәлім алғандар. Театр терминін қолдансақ, Иманжанов әдеби сахнадан өзі көзге көрінбеген, шымылдық сыртында қалған, бірақ талайдың өнерін шыңдаған білгір режиссер болатын. Иә, солай». Мен таныған Мұқан Иманжановтың бейнесі осындай. «Алғашқы айлар» повесінің бір тарауы «Біздің тұрмыста сөзден қартамыс не бар екен? Адам адам болғалы талай ғасыр өтті, талай өмір сарқылса да, сөз ұзақ жасап келеді», - деп басталатын. Қазақ көркем сөзінің қалың ортасында ақылды жазушы, аяулы азамат Мұқан Иманжановтың да мұқалмас өз сөздері жасай бермек.