2.7. Ғали Ормановтың өмірі мен шығармашылығы (жалғасы)


Зәулім үй, қыруар көз қабат-қабат

             Сықылды дүниеге тұрған қарап:

             Көтеріп өз қолынан алтын сарай,

             Таныдым қазақтарды жүрген қалап.

немесе,

             Сол зауыт жеріміздің жүрегіндей,

             Жұмысшы отпен ойнап жүр ерінбей,

              Ағытса қызып жалын құяр толқып

               Ірбіттің тоқып жатқан жібегіндей,  –дейді.

 «Алынған Арыс», «Үлбе», «Ырыс каналы», «Мысқала» өлеңдерінде тың жерді игеріп, шөлейт түзге су тартып, жерге егін салып, табиғаттың алапат күшін игерген адам баласының еңбегіне ақын төмендегідей түйін жасайды:

    Аңдасақ, жердің көркі екен

    Адамның ықылас, еңбегі

    Ала алса соның еркі екен

    Береке, дәулет жердегі!

         Байлық та, бақыт та еңбекте деп түсінген ақын еңбек адамын, оның еңбегін мақтан етеді.

     Бұл жылдардағы ақын поэзиясының тақырыбы да алуан түрлі. Оларды шартты түрде ана, туған жер, малшылар өмірі, жұмысшылар еңбегі, алғашқы бесжылдықтар табысы, өнер тақырыбы деп бөлуге болады. Ақынның сүйіп жырлайтын тақырыбының бірі –ана. Ол бұл тақырыпқа «Ана толғауы», «Тәй-тәй» (ана жыры), «Тұңғышым», «Сақ жүр» атты өлеңдер жазды. Бұл өлеңдерден ананың баласы дүниеге келгенінен –азамат болып өскеніне дейінгі жолы танылады. «Ана толғауында» – ананың балаға деген махаббаты, бала тәрбиесі үшін үлкен жауапкершілігі суреттелсе, «Тұңғышым» өлеңінде тұңғыш баласының ержетіп сайлауға тұңғыш дауыс бергенін мақтан тұтады. «Сақ жүр» әскерге аттанғалы тұрған бала мен анасының қоштасуын көрсететін сюжетті өлең. Кәмелетке толған жігіт әскерге аттанып, ел күзетінде тыныштықты, бейбітшілікті сақтамақшы. Оның арманы – Отан шекарасында қырағы күзетші болу. Ана мен бала махаббатына арналған бұл өлеңдер ақындық сезімге толы. Ана үшін баласы –қашан да сәби. Ақын бұл өлеңдерінде ана мен бала арасындағы сезімді көркем бейнелеуде адамның жан дүниесіне терең үңіле білді.

Ақынның бұл жылдардағы ел өміріндегі өзгерістерін жырлауы туған жердің жаңаруын бейнелеген өлеңдермен қорытылады.

 «Қазақстан» өлеңі –кезінде жаңашылдығымен бағаланған, көпшілік қауымды тәнті еткен шығарма. Бұл өлең жөнінде әдебиетшілер жақсы пікірлерін білдірген.

Ақын лирикасында өнер, соның ішінде сөз өнері жөніндегі тақырыптың да орны бөлек. Ақын сөз өнеріне, ақынға үлкен талап қоя біледі. Абай айтқан: «іші - алтын, сырты күміс» өлең туғызуды көздейді. «Ақынға», «Өлең», «Ақындар ұстазы», «Сын туралы» өлеңдерінен сөз өнерінің соның ішінде поэзияның өзіндік еректшелігін танимыз. Ақын Абайды «Ақындардың ұстазы» деп таниды. Ол Абайды оқыған сайын жаңа дүниге кезігетінін, оның таусылмас азық екенін жырлайды.

Бұл тұстағы ақын өлеңдерінде өмірде көргенін тізбелеу, натуралистік баяндау, жаңалықты қызықтау сияқты шындықты терең қамтымай, сыртқы көріністі бейнелеумен шектелу фактылері кездеседі. Үгіттік, үндеу сарындары ұшырасады. Жиырмасыншы-отызыншы жылдары жаңа өмірдің ішкі сырын аңғармай, сыртқы жылтыраққа бой алдыру бүкіл одақтық әдебиеттің ауруы болғанын ескерсек, Ғали ақын да сол дүрмекте болғанын түсінеміз.

Отызыншы жылдары ақын «Шәуілдір», «Алынған қамал» атты поэмалар жазды. «Шәуілдір» поэмасында Шәуілдірге барған сапарынан кейін, ондағы жаңарған ауылдың тұрмыс-тіршілігін көрсетуді көздеген. Бұл поэма жөнінде академик С.Қирабаев: «Шәуілдірде» ауылдың жаңа адамдары мен олардың рухани өмірі көрінбейді. Ақын жаңарған колхоз ауылының өткендегі және бүгінгі өмірін қарама-қарсы суреттеу арқылы жеткізуді көздейді. Бірақ ол сюжетті, эпикалық поэманың дәрежесіне көтеріле алмады»,  –деген болатын. Ақын көргенін тізуден, схематизмнен аспаған. Шәуілдірдің кешегісі мен бүгінгісін салыстыруды көздеген ақын оны тек баяндаумен ғана шектелген.

«Алынған қамал» қазақ әдебиетінде Солтүстік мұзды мұхитта суға кеткен «Челюскин» кемесіндегі челюскиншілердің ерлігін суреттейтін поэмаларға бәйге жариялаған тұста жазылды. Оқиға нақты суреттеуден гөрі, болған оқиғаны газет, радио хабары негізінде тізбектеуге құрылды. Ақын Шмид, Уэлен, Люда, Кренкель, Доропин, Дмитров сынды кейіпкерлердің атын атаудан арыға бара алмады.

Ғали ақынның  поэмадағы алғашқы ізденістері оның бұл жанрды толық игере қоймағанын көрсетті. Ол кейбір көркем суреттер жасаумен бірге, көргені мен естігенін тізе отырып баяндаудан аспады. Схематизм мен баяндауға құрылған бұл туындылар жанр талабына сай еместігін байқатты.

Ғали ақындығының жаңа кезеңі қырқыншы жылдардан басталады. Ұлы Отан соғысы жылдарында халықты басқыншы жауға қарсы күрес рухында тәрбиелеуге, майдандағы халық батырларының ерлігін, тылдағы еңбек адамдарының ерлігін суреттеуге Ғали өзінің сыршыл лирикасымен үн қосты. Дәуірдің ауыр шындығын суреттеуде ол кезең ақынды өз заманы мен оның ержүрек адамдары жайында сөз айтуға міндеттеді. Оның оптимистік рухта жазылған өлеңдері майдандағы жауынгер мен тылдағы еңбек адамының рухани биік сезімін өткір суреттеді. Отан тағдыры үшін адалдық таныту жеке адам мен қоғам мүддесінің бірлігін жырлау– оның осы тұста жазған өлеңдерінің («Қаһар», «Отан», «Отанға ант», «Отан алдында», т.б.) идеялық нысанасы. «Отан» өлеңінің лирикалық кейіпкері:

                              Құл етсе азат басын, асау жанын

                              Адамның  тірлігі не, өлгені не!

                              Кеудеңді қысса сығып осы намыс,

                                      Қалайша ұмтылмассың сен жеңуге!

деп, түйеді ойын. Оны намыс пен кек билейді. Сондықтан, лирикалық кейіпкер «Өзімді тосып жолыңа,Үстіме жалын киейін», деп, жауға аттанады.

Отан үшін жауға аттанып, қан майданда қаһармандық ерлігімен көзге түскен халық батырларының бейнесі «Батырдың тұлғасы», «Ер арманы», «Мәлік», «Полковник», «Қаһарман», «Жорық жолы», «Солдат сыры» сынды  өлеңдерде жақсы сомдалған. «Батырдың тұлғасы» мен «Полковник» өлеңдерінде қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының ер тұлғасы мен мінез-құлқы –жалпы жаратылысы толық және шынайы түрде шеберлікпен бейнеленген.

          Ақын: «Батыр көрдім тұлғаңнан, Парлаған ел арманын» – деп батыр тұлғасын мақтан ете отырып:

                                         Қайырылып қайта-қайта қарай бердім,

                                         Тұрғандай қабағында қазақ біткен, –дейді.

       Ғалидың майдандағы жауынгерлердің анасына, жарына, туған жерге деген ыстық сезім, отты  махаббатын нәзік сезіммен сыр шерте жеткізген лирикалық өлеңдері де мол («Ана», «Ана көркі», «Ана қуанышы», «Ана алдында», «Жар сыры», «Жауынгер хаты», «Қалыңдық хаты», «Тілек», «Сәуле», «Орамал», «Май», «Қарт анамдай Алатау»).

        «Ана қуанышында» майдандағы баласынан хат алған ана қуанышы мен баланың анаға деген ыстық сезімі суреттеледі. «Ана алдында» өлеңіне майданда жүрген баласының анаға деген сағынышы, ана махаббаты арқау болған. Майданда жүрген лирикалық кейіпкер анасының тылдағы еңбегін мақтан тұтады.

                                         Сұрапыл соғыс жолында,

                                         Сайысып күндер өткіздім.

                                         Қараңдап жүрдің соңымда,

                                         Қажымай қару жеткіздің, –деп келетін

тармақтар баласына қару-жарақ жіберіп, оған сүйеніш, қорғаныш болған ана бейнесін биіктете түседі.

Ғали ақын майдан мен тылдың бірлігін, тылдағы еңбектің де жауға соққы боп тиетінін тілге тиек етеді. «Жан сыры» өлеңінде майдандағы жауынгер қар жастанып, мұз төсеніп жүріп жауға танкімен шабуыл жасаса, оның тылдағы жары дамыл таппай трактор үстінде жұмыс істейді. Ал «Қалыңдық хаты» өлеңіндегі көмір өндіріп жүрген жас қыз майдандағы жігітіне:

   Көмірімді біле гөр

   Құралым деп ұсынған–деп хат жолдайды.

Ғали Ормановтың «Тілек»,«Орамал»,«Сәуле» –махаббат тақырыбын жырлайтын өлеңдер. Ақын суреттеуіндегі «Орамал»–майдандағы жарына деген сағыныштың  символы.

                                   Сақтай-сақтай жүремін,

      Төс қалтамнан шығармай.

       Жүрегімде жүрегің

       Бірге соғып тұрғандай,–дейді оның лирикалық кейіпкері. Осы үш өлең өз ара сабақтас жазылған. Оның бірінде сүйген жарын майданға аттандырған, екіншісінде оған сағынышын орамалмен кестелеген, үшіншісінде төзімділікпен күткен жардың сезімі бар.

Бұл жылдары Ғали ақын өзінің үлкен талантты ақын екенін «Қарағай», «Емен», «Гүл» атты философиялық өлеңдерімен дәлелдей түсті. Ол өмір құбылыстарының сырына үңіліп,үлкен философиялық ой түю шеберлігін танытты. Ақын қарағай мен емен арқылы адам, халық, Отан тағдырын бейнелейді. Олардың идеясы –Отан, халық өлмейді, мәңгі жасайды, жау оғы жаралаған Отан қайта өркен жаяды дегенге саяды. «Қарағай» өлеңін:

                                       Қабаққа біткен қарағай

                                       Қарасам көкке тірелген.

                                       Жасаса мәңгі құламай

                                       Тамырын терең жіберген

                                       Сұрапыл дауыл басылар,

                                       Әзелден аян әркімге.

                                       Мөлдіреп аспан ашылар,

                                       Қарағай көктер мәңгіге,

деп, қорытса,«Емен» өлеңін:

         Жаудың оғы денесін,

        Жарып барып тоқтапты.

        Емен қоймай кәдесін,

         Жазда тағы көк тартты! деп түйеді.

      «Бұлбұл» мен «Бұлақ басында» атты лирикалық өлеңдерінде Ғали ақын өзінің сезімталдығын, байқағыштығын сұлу сурет, әдемі өрнекпен тартымды жеткізетіндігін байқатты. Көк шатынап сынғандай, төңіректі тітіркенте күркіреген майдандағы зеңбіректің дауысы бұлбұлға да маза бермегенін суреттей:

                                                 Толастаса зеңбірек

                                                 Түзер бұлбұл дауысын,–деген жолдар арқылы адам ғана емес, тіршілік атаулының бәрі бейбітшілікті күткенін  сездіреді.

«Бұлақ басында» өлеңінде бұлақтың ағысын:

                                       Сап күмістей сылдырап,

                                       Күліп аққан бұлағым...

                                       Толқындары көп тілмен

         Күліп аққан бұлағым.

         Кезек-кезек бетімнен

         Сүйіп кетіп жатқандай,

деп, әсем өрнекпен жанды сурет жасайды.

Ғали Ормановтың Ұлы Отан соғысы кезіндегі поэзиясы оның лирикалық қысқа өлеңнің шебері екендігін танытты. Ақын бұған дейінгі өлеңдеріндегі көп сөзділік, композицияның шұбалаңқылығы сияқты кемшіліктерінен біржола арылып, нақтылыққа, жинақылыққа бет бұрды. Сөзді саралап, екшеп пайдалана отырып, айтпақ ойын қысқа өлеңмен-ақ толық және тартымды жеткізе алатындығына осы жылдардағы лирикасы куә.

Бұл жылдары ақын «Сұлтан дастан», «Халық қаһарман» сияқты поэмалар да жазды. «Сұлтан дастан» поэмасында Ұлы Отан соғысындағы бөлімше командирі Сұлтанның Кавказ тауының Белая өзеніндегі ерлігі суреттелген. Ол – неміс басқыншыларынан Кавказды қорғау шайқасында ерлікпен қаза тапқан Байсұлтан Оразаевтің прототипі. Қарт полковник картаны ашып, Белая өзенінің қай тұсынан ұрыс салу керектігін түсіндіріп, таудың қым-қиғаш қатпарлы қиын жолына Сұлтан бастаған бөлімшені жібереді. Тау ішінде жауға тұтқиылдап тиген әскер жеңіске жетіп, тірі қалғандарын ұстап алып келеді. Осы шайқаста Сұлтанға оқ тиіп ерлікпен қаза табады. Поэмада осы оқиға әсерсіздеу баяндаумен берілген. Батыр бейнесін, соғыс шындығын ашатын деталь аз.

«Халық-Қаһарман» поэмасына Карпат тауындағы Дунайдың қиыр шығысындағы қала өміріне Гитлердің қол сұғуы арқау болған. Карпат тауын кесіп өтетін темір жолда неміс басқыншыларының пойызына Пауль мен Шапик бастаған партизан жасағы шабуыл жасап, жауға шығын келтіреді. Поэманың тілі жатық, алдындағы «Шәуілдір», «Алынған қамал», «Сұлтан дастан» поэмаларына қарағанда, көркемдік бояуы қанық. Бірақ, Шапиктен басқа кейіпкер поэмада аты аталып қана қала береді. Кейіпкер бейнесін ашатын деталь, штрих аз. Тіл көркемдігі болмаса, бұл жанрға тән өмір шындығының жан-жақты қамтылуы, оқиға желісіндегі тұтастық, нақтылық, ықшамдылық жағы ақсап жатыр.

Ақын поэманың өзіне тән әдіс-тәсілдерін толық және терең игермегендігін байқады ма, қайтып бұл жанрға соқпады. Осы поэмаларынан кейін Ғали біржола қысқа өлеңге (лирикаға) ойысты.

 «Берлин үстінде», «Күткен күн», «Биыл көктем», «Жеңіс» өлеңдерінде: «Қанға бөккен жидесін, Тастады әлем сыпырып» деп, Ұлы Отан соғысының

жеңіспен аяқталғанын жүрекжарды қуанышпен жеткізген ақын кейінгі шығармаларын да өз Отанының биік тұлғасын танытуға, оның адамдарының әр саладағы табыстарын жырлауға арнады. Ол халық шаруашылығын қалпына келтіру мен өркендету дәуірінің науқанды тақырыптарына үн қосты. Шаруашылықтың әр саласындағы адам еңбегін мадақтады. Мысалы, «Егін тасқын», «Ырыс өрісі», «Астық аңызы», «Ырыс», «Қыр жомарт», «Алтын арпа» өлеңдерінде қырманды мол астыққа толтырған диқаншылар еңбегін:

                                               Адамның ауыр терін жерге тамған,

                                               Астық тұр қауызына құйып алған.

                 Сықырлап сабақтары майысады,

                                            Сықылды көтере алмай белі талған, деген тапқыр тармақтарда  бейнелейді.  Байлықты ол  адам  терімен өлшейді.

Ғали жырларының үлкен бір саласытабиғат туралы өлеңдер. Жоңғар Алатауының әсем өңірінде дүниеге келген ақын «Қорада», «Менің ұям» өлеңдерінде сол өлкенің әсем суретін жасады. «Қорада» өлеңінде:

                                      Қарағай, қайың өрілген,

                                     Сүйсіне көрем көркіңді

                                     Шашасы самсап төгілген

                                     Құздарың  кілем секілдідесе

«Менің ұямда» өлеңінде: