2.7. Ғали Ормановтың өмірі мен шығармашылығы (жалғасы)


Арқасы бұлтқа аралас

        Асылбай асқар, зәулім құз.

        Төгілте киген тоны ағаш

         Төбесі сіреу, қарлы мұз,–деп, табиғат суреттерін көркем бейнелеп көз алдымызға алып келді. Ол ұсақ детальға дейін суреткс айналдыруға шебер. Ақынның аралап көрген Баян, Қарқаралы, Көкшетау, Өскемен, Кереку өлкесінің де көркі көз тартарлық.

«Еңсесі биік Алатау», «Менің қалам», «Жер сыйы», «Медеу даңқы», «Қысқы жаз», «Қыс құшағы» атты туған жер тақырыбындағы өлеңдерінің біразын астанамыз Алматы мен Алатаудың әсем табиғатына арнады. «Алматы дастаны» осы өлеңдердің түйіні тәрізді. Қазақстанның байтақ даласын кең өлкесін ақын «Туған жер! Сонша саған сүйсінемін, Секілді саяң ылғи үйім менің» –деп, өз отбасына балайды. Оның түйсігінде Отан-Ана, Жер-Ана бірін-бірі толықтырып, бірінен-бірі өрбіп отыратын ұғымдар екенін «Жер жүрегі» өлеңінде нақтылай түсті.

Талай ақынның қаламына арқау болған сұлу Көкшетаудың әсем табиғатына да ақын «Жер шебері», «Жыр», «Қыр гүлдері», «Жаңа жұрт», «Шағалалы бойында», «Бурабай», «Айна көл», «Оқжетпес» өлеңдерін арнады. Ақын бұл өлеңдерінде Көкшенің сұлу табиғатын ондағы елдің тұрмыс-тіршілігімен қоса суреттеді. Жер бедерін қилы суретке толтырған елдің ұл, қыздарының еңбегін мақтан етеді. «Жыр» өлеңінде Зерендінің сұлу табиғатын:

                                                Орман бір сілкінгенде самал есіп,

                   Қозғалып кетті кенет көл дөңбекшіп,

                  Ақ қайың қылаңытқан жағалауды

                   Алқына сүйген демін тұрдым естіп,

деп, оның жанды суретін жасады. Мұндай теңеулер ақынның эстетикалық талғамының жоғары екендігін көрсетері анық.

                                                 Жерімнің жиһаз жүгіндей,

                                                  Жараса біткен тауларым.

                                                 Сазы бай, сұлу үніңдей,

                                                 Сезілер орман, бауларың,

деп жырлаған Ғали ақын өзі өскен өлкені сүйіп, оны жырға қосты. Ол:

                                                 Көк орман, кеудесі түз, қырқа, адырлар,

                                                 Төсінде Байкал, Балқаш, Каспий, Арал.

                                                 Арнасын алыс тартқан өзендер көп,

                                                   Толқындай шөгіп-шөгіп жатыр құмдар,–деп, Қазақстанның төрт бұрышын түгел дерлік жырға арқау етті. Қазақ жерінің әсем табиғатын ел өмірінің тыныс-тіршілігімен қоса суреттеу де, ақын үлкен жетістікке жетті.

Ел өміріндегі ірі өзгерістердің қайсысынан да ақын қалыс қалған жоқ. Мұның бәрі адамды, оның еңбегін жырлау талабынан туындағаны даусыз. Құрыш-болат қайнатқан еңбек ерлері («Аталмаған тау»), бетпақ даланы игеріп жатқан еңбек адамы («Бетпақ дала дастаны») асау табиғатты ауыздықтап жасанды «көл-дария» салып жатқан үлкен күш иелері («Қапшағай») –ақын өлеңдерінің кейіпкерлеріне айналды. Ақын:

                                       Алатау да алдындағы айдынға,

                                       Қартаң жүзін қарағалы үңілмек!..  деп,  көл айдынын айнаға теңейді.

«Хан тауының құлауы» өлеңінде Алатау мен Арқа арасындағы «Хан» тауын жарып, тегістеп темір жол салған жұмысшы еңбегі көркем бейнеленген.

60–70 жылдардағы ақын лирикасынан оның толысып кемеліне келген шағын көреміз. Бұл жылдары Ғали ақын өмірден көргені мен түйгенін жалпылама жазбай елеп-екшеп жырлауға жетті. Ол өлеңдеріне үлкен талаппен, талғаммен қарап поэзия жанрының құдіретіне баса назар аударды. «Әйтеуір, сілкінсе тек көне денем, Сауылдап төгіледі өлең менен» деп, ақын өзі айтқандай, жыр жолдарын төккен үстіне төге берді. «Талғауым, маған көмек бер» өлеңінде базардан қайтқан адамдай шелек тола жемісін ақын халықтың игілігіне жараса дейді, ол шикі жеміс секілді піспеген өлеңін ұсынуды жөн санамайды.

Ұлғайып қалған ақын «Қартайдым деген әңгіме» өлеңінде:

                                               Шашыма бола, сірә, мен

                                               Сұраман жастық ешкімнен.

                                               Жазылып жатса жыр-өлең,

                                               Көктермін қайта ішімнен, деп, өлең жазған сайын жасаратынын да жасырмайды.

«Ермек емес мен үшін өлең деген», «Түрткілеп, тербеп жанымды», «Сен келгенде молайып» өлеңдерінде бұлақша қайнаған ойдан тап-таза болып төгілген жырдың өлмейтін өміршеңдігін айтады. Ойсыз өлең жазып жырды қор қылмай, терең, ойлы сөз айтуды, сол ойдың халықтың, көптің көңілінен шығуын қалайды. Оның «Алпыс жас ауыр дегенде», «Нөсерленіп жазам деп мақтанбаймын», «Қай заман қара шашты қар басқалы», «Қартаң тартқан кісімін, әрине, мен» өлеңдерінде ақын жас ұлғайған сайын жыр кестесінің шұрайлана түсерін байқатты.

Ғали ақын үлкен одақтың құрамындағы халықтар ынтымағының жарасымды кезінде өмір сүрді. Көптеген республикаларды аралады. Достықты мақтан тұтты, Сондықтан, оның туысқандықты мақтан тұтуы заңды да. «Дария сыйы», «Аричман», «Мақтымқұлы мекені», «Туысқандық таныс» өлеңдері түрікмен халқының өмірінен хабардар етеді. Қара құмды қақ жарып канал тартқан түрікмен халқының жер байлығын игерген берекелі еңбегіне ол қуанышпен қарады.

                                      Бұлаңдаған толқынға

                                      Бұрлыға құм қарайды.

                                      Сүйкенеді салқынға

                                      Ынтығындай талайғы, –деген жолдарда Қарақұмды жарып келген канал суына халық көзқарасын бейнеленеді.

«Достық ұясы»,«Темір өмір», «Доптян музейі», «Ортақұя», «Достық көпірі», «Биказ қақпасы», «Румын қызы» өлеңдері румын халқының кешегісі мен бүгінін суреттеп, оның халқының жасампаз еңбегін мадақтау сарынында жазылған. «Тәжікстан тұлғасы», «Коферниган бойында», «Мақта тау», «Терушілер», «Дос тойында» өлеңдері тәжік халқының бүгінгі өмірі мен тіршілігін жырға қосады.«Мақта тау» өлеңіндегі:

Ақша бұлттай торқаны,

Алқап сайын көріңіз.

Төгіп жатыр тоннаны

Әрбір тамшы теріміз,

деген жолдарда мақта егіп жатқан халықтың еңбек жемісі суреттелген. Енді бірде: «Шоқтарынан мақтаның, Күн сәулесін тергендей» деп суреттейді ақын. Бұл – ақынның жеткен  эстетикалық талғамын танытатын теңеулер. Қазақ поэзиясында мақтаны ақ алтынға теңеу бар. Ал, оны гүл шоғына, тер тамшысына, күн сәулесіне теңеу – Ғали ақынның қосқан жаңалығы. Ол көп өлеңдерін қырғыз, өзбек халықтарының еңбекқор адамдарына арнады. Шөл даланы гүлстанға айналдырған өзбектердің жаңа өлкесін:

                                            Жатқан жер не заманғы күйі келмей,

                                            Жайнапты жүзіне нұр жүгіргендей.

                                            Сіміріп Сырды тоя сыланыпты

                                             Топырағы түгел балқып иігендей, –деп жырлады.

«Космос оттары»,«Айға салған адым»,«Космос тұңғышы»,«Ерлік», «Космос тұрғындары» өлеңдерінде Юрий Гагариннің тұңғыш космосқа ұшып айға жол салғанын:«Сырларын адамзатқа ашты көктің іздеген ынтығындай жас жүректің» –деп, сүйгеніне қол жеткізген албырт жастың сезіміне балайды. Ғарышқа ұшып айдың төсінен тас терген адам еңбегінің, ерлігінің мәңгілік ұмытылмайтынын мақтан тұтады. Осы өлеңдердегі «Сығалап саңылауынан кейде бұлттың, әжімді анаға ұқсас жүзін көрді» деген өлең жолдарынан Ғали ақын қаламына тән бейнелілік, аз сөзділік сынды ерекшеліктер ашық аңғарылады.

Кезінде коммунистік партияның көсемі – В.И.Ленинді өмірді жаратушы, тіршілікке нәр беруші данышпан ретінде табынғанымыз белгілі. Ақынның «Ленин жазы», «Ленин нұры кеудеде», «Ленин көшесі», «Бақыт құшағы», «Ленин тойы», «Ғасыр ізі», «Өмір қарымы», «Ленин жолы», «Ленин берген бақыт» өлеңдерімен бірге «Өлмес өмір дастанында» ақын сол тұстағы халықтың көсемге деген ыстық ықыласын «Қайрылар қашан болса Ленинге жұрт, Жұмыр жер айналғандай күн маңында» деп жеткізсе, оның:

                                      Жатыр ел бар керегін алып жерден,

                                      Өсірген миллиардты құрып қолмен!

                                      Бақыт бұл әкелген ерен еңбек,

                                        Бақыт бұл халқымызға Ленин берген, –деген жолдарынан қандай тақырыпты да поэзияның талабына сай игере білгендігін аңғарамыз. Бұл –сол тұстағы тарихи шындықтың көркем бейнесі.

Ақын лирикасының әрбір жылдарында көп орын алған тақырып – диқаншылар өмірі, еңбегі. «Дән салмағы», «Ырыс арнасы», «Диқан сыры», «Жер–бақыт», «Жер қадірі», «Сахара сабасы», «Жер құжыры», «Тек кетпейді төккен тер», «Жер сыры», «Жер жомарт», «Үзілмес» т.с.с. өлеңдерінің түйіні «Алтын алқап» толғауы іспеттес. Ырысы мол жерінің топырағын сүюде жерге, елге деген ыстық сезімнің жас ұрпақ үшін берер тәрбиесі де мол.

Ақынның соңғы жылдардағы лирикасының ішінен көзге ерекше шалынатыны –адамның жат мінезін көрсететін «Мейлі олар ете берсін мені мазақ», «Қорлайды кейбір мінездер», «Туысқандық пен тілектестік», «Туысқан туралы», «Өзгеге менің өкпем жоқ» өлеңдері. Бұл өлеңдегі лирикалық кейіпкер –екіжүзділікті, жылпостықты сүймейтін адамгершілігі жоғары ар иесі. Жаны нәзік ақын адам бойындағы жат мінездерге төзе алмайды. Ол екіжүзді жылпос жандарды кешіруден аулақ. Ақын «беті жылы, іші ызғар», «баяны жоқ, тым тайғақ» адамдардың ұнамсыз мінездерінен жирене отырып:

                                     Толқынды қанша соқса қақ айырған,

       Жартастан жағадағы көрдім ғажап.

       Сұқ сөзді суша жарып тұра алмасам,

                                           Сыртымнан, сірә, мені танымақ кім! деп, адамдықты танытар жақсы мінез – құлықты паш етеді.

«Қорлайды кейбір мінездер» өлеңінде ақын қасында жүріп сеніміңе кіріп алған кейбір зымиян қулардың өзіңе тор құрып, жер соқтырып кететініне күйінеді. Ғали ақынның айтып отырған мұндай адамдары бұған дейін де, қазір де болашақта да болмақ. Бұл өлеңдер мазмұны, идеясы жағынан қарағанда, қашан да құнды болып табылатыны даусыз. Ақынның идеясыекіжүзді, жылпос, сөз қуған жандармен күресу. Осы тұстағы өлеңдері ақынның елеп-екшеп сыр шерткен, толысып-толғандығын байқатады.

Қазақ әдебиеті тарихында жеке адамдарға, ұлы адамдарға өлең арнау –бұрыннан бар дәстүрлі тақырып. Ғали ақынның бір топ өлеңдері–ұстаздары мен аға буын, сондай-ақ өз замандастарына арналған, олармен сыр алысқан сыршыл өлеңдер. Мұндай өлеңдер сол адамдардың атымен ғана аталған. Ақын бір мезгіл орыс ұстаздарын (А.Пушкин, М.Лермонтов, А.Горький) еске алып олармен сырласады. Қазақ ақындары С.Торайғыров, А.Құнанбаев, Ж.Жабаев сынды ұлылардың аруағына бас иіп, олардың туған жерін аралап, ескерткіштерінде болады. Олардың өмірі, шығармалары жайында терең сыр шертеді.

Өмірінің соңғы жылдарында Ғали ақын сырқаттанып, ауру меңдеп жүргенде де «Дәрімнің ең күштісі – өлең менің, Денемнің сездірмейді ол көнергенін» деп қолынан қаламын тастаған жоқ. Ақын мұраты халқына қызмет ету болса, Ғали –осы міндетін абыроймен атқарып, халқына адал қызмет еткен ірі ақын. Ғали ақынның шеберлігі өлеңді кәсіп емес, өнер деп бағалауында. «Отсыз өлең ойы жоқ өле бермек» деп, түйін жасаған ақын ойлы, отты өлеңдер жазуды ұстанды. «Ермек емес мен үшін өлең деген, Жаны бірге жаралған денемменен» деп жырлаған ақын жыр кестесімен жүректі жылытуды қалады. Ол бұл мақсатына жетті де. Ғ.Ормановтың халқының сүйікті ақыны болғанын бүгін баса айтқан жөн.

Ғали Орманов орыс ақындарының поэзиясынан А.С.Пушкиннің («Ескерткіш», «Қара шәлі» т.с.с. көптеген өлеңдерімен бірге «Мыс салт атты» поэмасын), М.Ю.Лермонтовтың («Үш құрма», «Ақын», «Өмір кесесі» өлеңдерін,«Тамбов казначейі» поэмасын), Н.А.Некрасовтың, В.В.Маяковскийдің, Л.Соболевтің, Н.Тихновтың, Ян Райнистің бірқатар  шығармаларын, шығыс поэзиясынан М.Тұрсын-Заденің «Үндістан қиссасы», «Үндістанға саяхат» атты циклді өлеңдерін, Низами Гәпжәуидің «Ләйлі-Мәжнүн» дастанынан үзінділер, А.Тоқомбаевтың шығармаларын аударды. Проза жанрынан Бубеновтың «Ақ қайың», Л.Н.Толстойдың «Анна Каренина» романын аударуда Ғали Ормановқа оның үлкен әсері болғаны сөзсіз. Бұл романдарды аудару арқылы ақынның проза жанрына да белсенді араласуға дайындық жасап жүргенін оның кейінгі әңгімелері дәлелдесе керек. Ақынның аударма саласындағы бұл еңбектері оның төселіп қалған аудармашы екенін танытты. Н.В.Гогольдің «Нева проспектісі», А.П.Чеховтің бірнеше әңгімелерін аударды.

1935 жылы Ғали Ормановтың «Көтерме» атты очерк, әңгімелер жинағы шықты. Бұл жинақта қазақ ауылының колхоздастыру, алғашқы бесжылдықтар кезіндегі өмірі сөз болады. Ел өміріндегі жаңалықтар мен бірге сол кездің заман алға тартқан мәселелері көтеріледі, «Көшет мақта» әңгімесінен бригадир Асан мен агроном Ивановтардың мақтаның жаңа сортын ойлап тауып, мақта өнімін арттырудағы еңбектерін көрсек, «Көтерме» әңгімесіне Шәуілдір колхозшыларының жерді игеріп егін салудағы еңбектері, сондай-ақ, көрші колхоздардың бір-біріне көрсеткен көмегі арқау болған.

        Ақын Ұлы Отан соғысы тұсында «Алатау сынды ақсақал» (Ж.Жабаевқа), «Қаратаудың Қамбары», «Алыстағы ауылда», «Бөбек тілегі», «Аталмаған тау» атты очерктермен, әңгімелер жазды.

Ақынның 1963 жылы шыққан «Жүрек» атты әңгімелер жинағына енген «Қоянның қырсығы», «Ақы», «Жалынқия–жартас», «Жүрек», «Сенім», «Шың баласы»,«Диқан баба»,«Бәрі бәкіден болды» әңгімелері алғашқы әңгімелеріне (1935 ж. жинаққа енген) қарағанда, анағұрлым жоғары дәрежеде жазылған. Бұл әңгімелер ақын поэзиясындағы лирикалық кейіпкердің бізге беймәлім сәттерінен хабар бере отырып, сол кейіпкерді толықтыра түседі. Ғали ақын поэзиясымен толық жеткізе алмаған кейбір сәттерін, оқиғаларын проза жанрымен толықтыруды көздегеніне оның әңгімелері куә. «Қоянның қырсығы» өлеңінен лирикалық кейіпкерге қоянның қырсығы тиетінінен хабардармыз, ал осы аттас әңгімеден осы оқиғаның мән-жайына қаныға түсеміз. Нақты оқиғаға құрылған бұл әңгіме бірінші жақтан, лирикалық «менмен» баяндалған. Әңгіме пролог арқылы басталады да, шегініс жасалады. Бұл әңгімеде екі-ақ кейіпкер бар. Олардың бейнесі монолог, диалог, іс-әрекет арқылы толығады. Әлтайға жанашыр болған Әлекеңнің ісінен оның аңғалдығы, аңқаулығы көрінсе, жолын қоянның кесіп өтуіне ерекше мән беруі –қатып қалған кертартпа наным-сенімі. Ал, Әлтай – наным-сенімнен хабары жоқ, оң-солын танымаған, үлкенді пана, қамқор тұтқан жас бала.

Әңгіменің оқиға желісі қызғылықты. Әлтайдың тары әкеле жатқандағы қуанышын Әлекеңнің су сепкендей етуіне қиналасың, ренжисің. Сұрап алып келе жатқан тарысынан айрылған Әлтайдың алдында үлкен бір жанжал бары да анық. Міне, осыларды ойлап отырып Әлтайға жаның ашып, оған болысқың да келеді.