2.7. Ғали Ормановтың өмірі мен шығармашылығы (жалғасы)


«Жалынқия –жартас» әңгімесінен «Алғашқы адым», «Қараймын да асығам», «Дәме», «Ұмытылмас күн», «Асыққандай боласың» өлеңдерінің лирикалық кейіпкерін жазбай танимыз. Бұл әңгімеден өзімізге таныс кейіпкердің бізге беймәлім қиын да ауыр сәттеріне қаныға түсеміз. «Шың баласы» әңгімесі қалада сабақ оқитын оқушы баланың жазғы демалыста ауылға келіп, кәнігі малсақ қойшыдай қой бағып жүргенінен хабар береді. Ғали лирикасынан бізге мәлім лирикалық кейіпкер қаладан білім алған соң елге келіп қызмет жасайтыны белгілі. Ал, сол кейіпкердің, жазғы демалысты қалай өткізетінінен хабарсызбыз. Бұдан байқайтынымыз–Ғали ақын поэзиядағы лирикалық кейіпкерін әңгіме жанрына да алып келгендігі. Күн ұзақ қой соңында жүрген Жарболдың сол төңірек, ауыл-аймақ жөніндегі ойлары оның жан дүниесінен хабар береді. Тура осы сезімдер «Қыр сабағы», «Қиын жол», «Білесіңдер өздерің», «Ауылүйлер», «Жайлау желігі» өлеңдерінің лирикалық кейіпкерінен бізге таныс. Жазда демалысқа ауылға келген Жарбол қалаға қайтуға қаражат таппай аға-жеңге, туған-туыстың қолына қарап, солардың айтуымен қой бағып жүреді. Жарбол мен Ақжан қарттың арасындағы психологиялық қақтығыстың Жарбол бейнесін толықтыруда атқарар қызметі мол. Жер түбіне барып оқу іздегенше, туған-туыстың алдында, өз туған жеріңде жайын жақсы білетін қой соңында-ақ жүре беруін қалаған «ақылгөй» Ақжан қарттың тілегіне Жарболдың алдына қойған мақсаты кереғар. Ол қалай да оқуын жалғастырғысы келетіндігін олардың психологиялық қақтығысынан аңғарамыз. Әңгімедегі Жарболдың бейнесі оның ішкі жан дүниесі, өмірге деген көзқарасы, ой-ниеті, мақсат-тілегі, мінез-құлқы, іс-әрекеті, сөйлеген сөзі, ішкі монологі арқылы толыға, айқындала түскен.

Жалынқия жартастағы «Асылған ұядан» бүркіт балапанын алған Жарбол болғандықтан оның билігі де өзіне тиеді. Ол осыны пайдаланып, оны өзіне жақын атасы Айдосқа сыйлайды. Атасы: «Қарағым Жарбол. Жұрт алдында жарылқап кеттің. Қалағаныңды қалт қылмаспын сенің!» –дегенде, Жарболдың бар ойы Алматыда болатын. Оның іс-әрекетінен өмірге, болашаққа деген құштарлық анық көрінеді.

Бұл әңгімеден оқушы баланың жанын шүберекке түйіп, қалаға жететін қаражат тапқанын көреміз. Әңгімедегі автордың идеясы Жарболдың мақсат-тілегі арқылы көрініс тапқан. Негізгі идея – оқу-білім алу. Ал, әңгіменің композициялық құрылысы –бас-аяғы жинақы, жұп-жұмыр болып келуі осы жанрға қоятын талаптарға сай орындалғанын аңғартады. Мұнда да басқа жанрдағыдай адам өмірі, адам тағдыры көркем суреттелген.

Әңгімедегі табиғат сұлулығын (пейзаж) әсем суреттеуде Ғали ақынға тән бейнелеу кейіптеу (олицетворение), айшықтау сынды тәсілдерді пайдаланудағы ерекшеліктерді байқауға да мүмкіндік жетерлік.

Ғали ақынның лирикасында көп көңіл бөлген тақырыбының бірі – мал шаруашылығы, малшылар соның ішінде қойшылар өмірі болса, ақын сыршыл лирикасындағы осы лирикалық кейіпкерін әңгіме жанрына да алып келді. «Қой қоздағанда», «Қойшының ойы», «Қойшының қосы», «Қойшы ауылы», «Өрісте», «Малшы ауылдың мекені», т.с.с. өлеңдеріндегі қойшылар өмірін, олардың тынымсыз тірлігін «Жүрек» атты әңгімесіне арқау етті. Бұл әңгіме ақын лирикасын қайталау емес, керісінше оны толықтыру Ғали әңгімелерінің ішіндегі көтерген жүгі, айтпақ идеясы, көркемдік жетістігі жағынан да ерекше оқшау тұрғаны – «Жүрек» әңгімесі. Тақырыбы жағынан мал шаруашылығына арналған бұл әңгіменің айтпақ идеясы тереңде.

Үйге дабырлай кірген үш жігіт төрде немерелерін ойнатып отырған Құрман қартпен ізет жасап амандасқаны болмаса көңіл бөлген жоқ. Бұлар – басқарма төрағасы Иван Радченко, колхоз партия ұйымының хатшысы Дүйсен Дәуренбеков, колхоз бухгалтері, қарттың өз баласы Бекеш Құрманов болатын. Бұл үшеуінің әңгімесі қыстың қысылтаяңынан малды қалай аман алып қалу жөнінде болатын. Шөп болса аз, ал қыстың қақап тұрғаны мынау, Құрман қарт бұлардың әңгімесінен мән-жайды түсіне қояды.

«Жасымсығанда, жалақтаған қыс аяр деймісің. Қыста бүйтіп бүрсеңдегенше, жазда неге жазыла қимылдамайды екен деймін. Сендердің жөндерің бір бөлек, жаңа басқарып жүрсіңдер, –деді ол оқыс сөзінің тігісін жатқыза сөйлеп: – «Көрмеген жердің ой-шұңқыры көп». Қыруар шаруаның кілтін таба қою да оңай шаруа емес» –дейді. Қарттың сөзінде үлкен зіл бар. «Бүйтіп бүрсеңдегенше» деп, қыстың жайын жазда ойламаған мына жастардың ісінің шалалығына көңілі толмағандығын аңғартса, «Көрмеген жердің ой-шұңқыры көп» деген мақалды да тегін айтып отырған жоқ. Білдей бір басқарманың билігін, не елін, не жерін, не шаруасын білмейтін бөтен елдің, бөтен жердің адамына тапсыра салған жоғарыдағы басшыларға деген іштегі реніші, өкпесі. Өзге елдің адамы түгіл, осы елде туып-өскен Дүйсен мен Бекештің өзі де не істерін білмей отырғанда Иван Радченко оларға не ақыл айтпақ. Әңгіменің мән-жайына қаныққан Құрман қарт шешімді өзі айтты. «Ойдың өлеңінен қырдың қияғы құнарлы ғой», шырақтарым,– «Менімше, малды мына Жүрекке жеткізу керек қой деймін. Осындай қысылғанда жылытпаса, оның несі Жүрек дейсің?!»– деп, жердің қыр-сырын білетін көреген қарт малды Жүрекке жеткізу керектігін ұйғарып, «қалауын малшыларға салыңдар» дейді. «Өз көзің өлгенді тірілтпесе де, жатқанды тұрғызады» –деген ғой қарт кісі жаңылысуы да мүмкін деп, жерді өздерінің көргенін жөн деп санайды. «...Күнгей-күнгейінің бетеге, жусаны былқып тұр да, балақ-балағы бұрқырап жатқан қияқ» деп, мұнша сенімді айтумен Құрман қарт өзінің барып келгендігін білдіреді.

Жердің жайын білген соң малды дереу Жүрекке жеткізеді. Арада он-он бес күн өткеннен кейін Радченко Құрман қартқа алғыс айтуға келеді.

Әңгіме эпилогпен біткен. Автор Құрман қартты өзі іздеп барып, осы әңгімені өз аузынан естиді. Сөйтсе, бұл 1954 жылғы қыстың алғашқы айларындағы ауа-райы қиындап тұрған кездегі әңгіме екен.

         Әңгімедегі шежіре қарт – сол өңірдің ой-қырына қанық, тасына дейін танитын қолында дипломы болмағанмен, өмір мектебінен көргені мен түйгені көп көреген. Радченконың «Жүрегі жақсы екен» деп, Құрман қарттың өз жүрегін айтуы – оның бойындағы ізгі жақсылықтың белгісін аңғаруы. Көреген қарт өз білгенін кейінгі ұрпаққа үйретуге даяр. Әңгіменің идеясы қарттың мақсат-тілегі арқылы көрінеді. Құрман қарт Радченкоға ренжіп отырған жоқ. Ол қазақ елін, жерін басқаруды Одақ тұсында орталықтан шешіп, оны Ресей азаматтарына тапсыратын жоғарғы жақтағыларға ренжулі. Елін, тілін, жерін, шаруасын білмейтін адамның бөтен елге, бөтен жерге, бейтаныс шаруаға басшы болып жарытпайтындығы –әңгіменің негізгі идеясы.

Әңгімеде тоқырау тұсындағы қазақ халқының өмір тіршілігі ашық суреттеліп, шынайы бейнеленген.

Осы жинаққа енген Ғали Орманов әңгімелерінің қайсысын алсақ та, әңгіме жанрының талаптарына сай орындалған. Бұл шығармаларда адам өмірі, тағдыры көрінеді. Бәрінде де бас-аяғы жинақы бір оқиға желісі арқау болған. Композициялық құрылысы тұтас, жып-жинақы. Кейіпкерлері де көп емес. Әңгімеге қатысқан әрбір кейіпкердің өз орны бар. Олардың әрқайсысы өзіндік ерекшеліктерімен сараланады. Характер бейнесін, оның бойындағы табиғи ерекшелігін, моральдық-этикалық сапасын аша түсетін тәсілдер монолог, диалог, портрет болса, Ғали әңгімелерінде бұл тәсілдерді тиімді, орынды пайдаланғандығын аңғардық. Әңгімелерге арқау болған оқиғалар да олардың кейіпкерлері де өмірдің қайнаған ортасынан алынып, көркем туындыға шынайы көрініс тапқан. Әлеуметтік шындықты көркем шындыққа айналдыруда жазушыға ең қажетті фактордың бірі –суреткерлік болса, автор қозғалыс, қақтығыс, даму тартыс үстіндегі образды суреттеуге шебер-ақ. Олай болса, Ғали ақын лирика жанрындағы лирикалық кейіпкерінің бейнесін әңгіме жанрында да толық көрсете білді. Ол жоғарыдағы шығармалары арқылы әңгіме жанрын жап-жақсы игеріп қалғанын дәлелдей түсті.

Қорыта айтқанда Ғали Орманов –қазақ поэзиясында өзіндік айтары, өзіндік үні бар ақын. Ол өз жаңалығымен келді. Алғашқы өлеңдерінен («Алғашқы адым», «Қараймын да асығам») бастап қысқа сюжетті лирик ақын ретінде қалыптасты. Ол «Жарбиған жаман тон, тымақ» киіп қалаға келгенінен («Оң сапар»), «Келсем-ақ болды қалпақты, қоямын іліп Талғарға»– деп Алматының Достық даңғылындағы көп қабатты үйлерде отырғанына дейін көз алдымызда сақтаулы.

Жаңа дәуірмен келген Ғали ақын лирикасында оптимистік рух басым. Ол – өз заманының жыршысы. Заманының іргелі, көкейкесті мәселелеріне дер кезінде үн қосып отырды. Лирикасының тақырыбы алуан түрлі. Олар: заман мен адам, отан-ана, жер-ана, табиғат көрінісі, еңбектегі адам ерлігі, халықтар достығы, бейбітшілік, ұстаз бен шәкірт қатынасы, халықаралық оқиғалар.

Тілі өте қарапайым. Ғали лирикасының мазмұны ғана емес түрі (форма) де қарапайым. Ол көбіне 7-8 буынды егіз және шалыс ұйқас, 11 буынды қара өлең үлгісінде жазады.

Ғали ақынның өзіне тән бір қасиет – бейнелі сөйлеп, жанды сурет жасауға шебер. Ол айтпақ ойын суретпен, бейнемен береді.Аз сөзге көп мағына сыйғызу да Ғали ақынға тән.

Қазақ поэзиясының дәстүрлі арнасына түсіп, өзіне ұстаз тұтқан Абайдың көркемдік кестесін, Ілиястың сөз құдіретін алды.

Орыстың, шығыстың поэзия, прозасын аударуда қазақ әдебиетінің аударма саласына біршама үлес қосты. Ол өзін талантты аудармашы ретінде де танытты.Өмірдегі елеусіз жайттардан үлкен ой түйе білетін дарын екеніне «Емен», «Қарағай», «Гүл» атты философиялық өлеңдері куә.Ақын өзі араласып көзімен көріп, қолымен ұстағанын ғана жазуға тырысты. Оған диқаншылар, малшылар өміріне арналған өлеңдері мысал бола алады.

   Қазақ әдебиетінде жарты ғасыр тынымсыз еңбек еткен Ғали Орманов қазақ поэзиясын биікке көтеріп оған мол үлес қосты. Ол – жаңа мазмұнмен байыған кеңес дәуіріндегі ұлттық әдебиетіміздің көрнекті ақын.