2.8. Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығы (жалғасы)


Келтірілген мысалдар – ақын нәр алған айтулы мектептердің әр алуандығының дәлелі. Ұлттық құндылықтардың қайталанбас көркемдік әлемі Қ.Аманжолов поэзиясының тың өріс, жаңа айдынға шығуына зор ықпал жасады.

Ақын шығармашылығының құнарына, әуен-сарын, бояу алуандығына игі ықпал еткен тағы бір өнімді фактор – орыс және басқа да халықтар өкілдерінің поэзиясы.Пушкин, Лермонтов, Маяковский, сондай-ақ отызыншы жылдардан бастап бірге жүрген достарының бірі Ғ.Слановтың айтуынша, ол «Аталған ақындарға қоса Шевченко, Байрон, Руставели, Низами шығармаларын көп аударды. Осыдан кейін-ақ Қасымның ақындығы күшейіп жүре берді». Сөйтіп, ақындық тәжірибесінің молаюына, өмірді көркемдік тұрғыдан тануына, өзіндік мәнерінің қалыптасуына аударманың да айрықша септігі тиген.

Қ.Аманжолов шығармашылығына тікелей әсер еткен жемісті, игі ықпалдардың бірі – әдеби сын, әдебиеттану.

Қасымның өнерге, өлеңге, өзіне қояр талабының үнемі өрлеп отыруына орыс сынының да, сонымен бірге, төл әдеби сынның да үлесі зор болғаны талассыз. Ақын үнемі іздеп хабарласып, пікірлесіп тұратын белгілі сыншы-ғалым Есмағанбет Ысмайыловтың айтуынша: «Соғыстан кейінгі дәуірлерде Қасымның өз бетімен оқуы бір жүйеге түскен болатын. Нақты зерттеп, тереңдей оқыған біркелкі авторлары орыстың революцияшыл-демократтары –Белинский, Чернышевский, Добролюбов, Писарев және Плеханов шығармаларын оқу үстінде бір күні маған Белинскийдің Гогольге жазған хатының қазақша аудармасын оқып берді. Терең ойға толы, өткір жалынды леппен, күрделі әдебиет тілімен жазылған Белинский шығармасына қазақ тілінің сөз байлығын, сөйлем құрамдарын сондайлық дәл жеткізе пайдаланған Қасымның жазушылық, аудармашылық шеберлігіне қайран қалдым.

Ол Белинскийдің «Александр Пушкиннің шығармалары» атты еңбегін қадағалап оқып, өзіне керекті жерлерін сызып, кейде кітаптың беттеріне жазып отырған».

Қандайда болсын қаламгердің шығармашылық әлемі, туындыларының эстетикалық сипаты, көркемдік дәрежесі ең алдымен автордың талғамына, өзіне өзі талап қоя білуіне тікелей тәуелді екенін ескерсек, Қасымның өзіне биік талап қоятынын өлеңдері мен поэмаларының,  шығармаларының жылдан жылға ширап, көркемдік қуаты кемелдене, концептуалдық әлемінің кеңейе түсуінен көреміз.Ақын өлеңдерінің лирикалық кейіпкері көңіл күйіне қарай алуан кейіпте көрінеді. Бірде өр, тәкаппар, енді бірде үлбіреген нәзік соншалық сезімтал. Дегенмен арқыраған асау арын, буырқанған бұла күш, дауылды екпін лирикалық кейіпкердің жанына жақын. Өршіген өрттің аспанды шарпыған жалыны, тебіренген телегейдің көк пен жердің арасын шайқағандай жойқын сұрапылы. Қалыптағыдан тыс осындай адуын, асқақ сезім лирикалық кейіпкердің табиғатын да, ақын рухының сыр-сипатын да аңғартады.

             Отызыншы жылдары-ақ Қ.Аманжоловтың ақындық күш-қайратын, дарын ерекшелігін байқататын өлеңдері дүниеге келе бастаған. Мәселен, 1936 жылы Алматыда жазылған «Хан тәңірі» өлеңінде (Ғ.Слановтың айтуынша, бұл өлең ақын қайтыс болғаннаи кейін ғана жарық көрген) мынадай шумақтар бар:

                                          Хантәңірі - бұлт жамылып, мұз киген,

                                          Хантәңірі - көкті құшып, күн сүйген.

                                        Хантәңірі- жерге басын имеген,

                                          Хантәңірі- көк әлемін билеген...

                                         Хан тәңірі - бағын басқа серт қылған,

                                        Хан тәңірі - қарсылассаң мерт қылған.

                                          Хан тәңірі - күнге ғана табынған,

                                          Хан тәңірі - хабар алған сағымнан.. .                                                                  

Табиғаттың осынау оқшау жаратылған ғажайып туындысындай, Қазақстандағы ең биік шыңның өр тұлғасын, тәкаппар келбетін кес-телегенде, ақын өз көңіліндегі сенім мен сезімді сәулелендіретін, эстетикалық мұратына үндесіп, үйлесетін бояуларды іздейді. Ойында бекіткен белгілі бір өлшемдер биігіне көтеріліп, бағасын асыру үшін жанталасатын жасанды менмендік емес, таза, текті, ерлік, табиғи тұнық асқақтық «Хан тәңірінің» аспанның төсін арда емген өр тұлғасынан ғана емес, сондай ірілік пен мәрттікті, мөлдірлікті іздеген ақынның сөз саптасынан да аңғарылады. Мұнда тау шыңының келбетін сырттай ажарлап, көзге түсер көрнекті, көркем белгілерін суреттеуден гөрі, таудың асқақтығы мен ұлылығын сипаттайтын поэтикалық-философиялық сараптау-сипаттаулар басым. Кейіптеу арқылы «Хан тәңірінің» қасиетін ұлықтап, өз аңсарындағы, өз идеалындағы ардақ тұтатын қасиеттерге үндес белгі-қасиеттерді саралап, даралап бейнелейді. Жерге басын имеген, көк әлемін билеген, бағын басқа серт қылған, күнге ғана табынған асау, арда шың – ақын ардақтайтын қасиеттерімен айрықша. Оның әлгіндей қасиеттері болмыс құбылыстарын іштей салыстырып екшеген, таңдағанын тауып, шыңның, шырайымен сабақтастырған ақынның философиялық пайымдауы мен эстетикалық мұратының айырмашылықтарынан да хабар береді.

         Демек, отызыншы жылдарда Қасымның дүниетанымы белгілі бір дәрежеде қалыптасқан, көркемдікті түйсінуі мен талғауы өз биігіне көтерілген. Дегенмен, осы өлеңнің алғашқы бөлігінен бес есе үлкен екінші бөлігінде шабытсыз шумақтар орын алғанын да айта кету керек:

                                                 Хантәңірі үрейленіп барады,

                                                Балағына қайта-қайта қарады.

                                                 Бір мезетте екпінді топ жаңағы

                                                  Хантәңірге ұмтыла кеп шабады,

дей келіп:

                                                  Жер тәңірі - ер большевик, бағындым!

                                                  Сені баққан ұлы тапқа табындым!

                                                 Сырласармыз құлақ құршы қанғанша,

                                                  Мен сендікпін жалғыз тасым қалғанша! –деп, большевиктерді әспеттеумен түйінделген. Гәп-әспеттеуде емес, көркемдікте. Кейіптеу арқылы айтылған ойдың жаңалығы жоқ, әрі өңі жүдеу. Сол кездегі сыңаржақ талап, темір тізгінге лажсыздан мойын бұрған ақын идеялық рупорға икемделуге мәжбүр. Егер өлеңнің алғашқы бөлігі, яғни, бес шумағы өзіндік эстетикалық әлем ретінде көрінсе, кейінгі бөлік сол тұста тіршіліктің барлық саласында үстемдік құрған идеология талаптарына тұтастай бейімделген. Ақындарымыздың, жалпы өнер иелерінің соры болған, қай шығарманы да идеологияның талаптарына ыңғайлауға мәжбүр еткен заманда қандай дарынды ақындар да осылайша амалсыздың күнін кешкен.

      Бұған қоса, тағы бір ескеретін жай- біраз ақындар еріксіз ыңғайға жығылуға мәжбүр болса, жалпы ел, көптеген өнер өкілдері сол идеология, сол қоғам енді ешқашан бұлжымайды, «бұл қоғам да, идеология да мәңгілік, өйткені ол тарихи қажеттіліктен туған» деп ұғынуы. Осы ұғымның салдарынан дүниеге келген туындыларда ұраншылдық, үгітшілдік, жалаң идеяларды жалаулату сияқты жайлар ұшырасты. Әдебиетімізде бұдан бойын аулақ салып, мүлдем үн қоспаған қаламгер жоқтың қасы. Әйтпесе олардың шығармалары жарық көруі былай тұрсын, жер басып жүруінің өзі екіталай болғаны тарихтан белгілі. Сондықтан Қ.Аманжоловтың да біраз өлеңдері сол кездің талабы мен талғамына лайықталып жазылған. Бұл шығармаларында ұраншылдық, сарындар ұшырасып, тебіренте бермейтін, қаншама құлшынғанымен, ақынның өзін толқытпаған соң, басқаны да әсерлендіре қоймайтын туындылар кездеседі. Кейбір ақынның жан тереңінен шымырлап шыққан жырлар оның өз шығармашылығының да, жалпы қазақ поэзиясының да өзіндік құбылысына, соны көркемдік сипаттарына айналды.

        Буырқанған бұла күшке, екпінді еркелікке толы, шиыршық атып, бұлқына ойнап тұрған айбынды қайраты, тепсініп темір үзердей ішкі қуат, сапырылыса, шайқала шапшыған сезім драматизмі Қ.Аманжоловтың көптеген өлеңдеріне тән. «Сәбитке» (1942) деген өлеңінен автордың ақындық кредосы да, өз мінезі, табиғаты да аңғарылады. Ақын сырым – шыным ашылып қалады-ау деп қобалжымайды, керісінше өршелене кеудесін ашып тастап, өзінің кім екенін танытады:      

                                        Ішімде жанартаудай жатыр жырым,

                                        Ұшқындап, іште қайнап сұрапылым.

                                       Көрерсіз соның бұрқап атылғанын,

                                        Жаңғыртып жан түкпірін, ойдың шыңын.

                                       Өлеңнің қаптатармын отты селін,

                                        Толассыз топанындай ертегінің.

                                        Білерсіз кім екенін сонда, Сәке,

                                         Бұл күнде от шайнаған тентек інің ,

          Сәбит Мұқановқа арналған осы өлеңнен ақынның асау мінезін, алғыр зейінін, қырағы да сергек қиялын, отты екпінін, ырыққа көнбес ырғағын шамалаймыз. Мұндай өлеңдер жылдарда буыны бекіп, бұғанасы қата бастаған Қасымның қырқыншы жылдарда іштей бір ғажап ширығыс, тебіреніс үстінде қатты өсіп, шабыттана түлеп өрлегенінің, жарқын айғағы.

«Сұңқар жырынан» бастап айқын белгі берген өршіл екпін жылдан жылға жалғасын тауып ұлғая, күшейе келе, күркіреген арналы ағысқа айналады. Бұл ретте «Ақын», «Чернышевскийге», «Хантәңірі», «Ақын соты», «Дүниеге жар», «Қаһарман», т.б. көптеген өлеңдерін атауға болады. Лирикалық кейіпкердің сөзі кесек, даусы асқақ естіледі. Мысалы:

                          Тыңда, әлем!

                        Барлық ұлт!

                        Барлық халық!

                        Бір ғажайып іс болды,

                        Таңғаларлық!

                        Тыңдаңыздар:

                        Болашақ жас ұрпақтар!

                         Заманалар! Ғасырлар! Бүкіл тарих!

                       Мен сөйлеймін тарихтың ақын ұлы,

                       Жиырмасыншы ғасырдың жас бұлбұлы.

                      Мен сөйлеймін атынан Отанымның,

                      Аспан астын арала ақын үні!

                       Тыңда халық лық толған әлем залы!

Жарқылдаған жасын мінез, өр дауыс, асқақ пафос ақын табиғатының айрықша айшықтары.

Айналасын шолғанда да ақынның көз алдына күшті бейне, сом тұлға, сұрапыл қайрат, жойқын қуаттар елестейді. Кәдуілгі тіршіліктен бөлектеніп ерек көрінетін жосыған тасқындай, томсарған құздай бөлекше бейнелерге ақын қиялы қашанда құштар. Мұның бір мысалы– «Жамбылға» атты өлеңі:

                                  Жүзінде айбыны бар жолбарыстың,

                                   Саусағы шеңгеліндей қыран құстың.

                                   Қияда қыңыр шөккен кәрі құздай

                                   Бір шалды баласындай келіп құштым...

 

                                    Аймағы Алатаудан сілкінгендей,     

                                    Күңіреніп келе жатқан отты селдей.

                                   Қайнады бұрқ-сарқ етіп бір тасқын жыр,

                                     Сапырып, сөзді сөзге соғып сеңдей.         

 

                                     Сақылдап екі жағы, тулап тілі,

                                     Бусанып, буырқанып шықты үні.

                                     Ішінде тынған дауыл кетті бұрқап,

                                             Желкілдеп қырау басқан беттің түгі... ,

      Жыр алыбының тұлғасын, табиғатын, шығармашылығын танытатын ғажайып портретте ақын қаламынан сергек серпінді, дүмеген, дүмеген сайын  үдеген, үдере өрге тартқан тәкаппар бояулар отты селдей құйылады. Жолбарыс, қыран құс, кәрі құз, сілкіну күңіренген отты сел, соғылысқан сеңдер, буырқанған үн, бұрқаған дауыл, желкілдеген беттің түгі. Міне, осының бәрі лирикалық кейіпкер-ақынның айналаны өзгеше тану мен толғау сипатының мысалдары.

Өлеңнің өршіл, өр дауысындай саңқылдаған ақынның тәкаппар жүрегі, асқақ жаны туған елінің перзенттеріне бөлекше кішіпейіл, өзгеше ілтипатты. Олай болмаса «Бауыржан» атты өлеңінде:

                                  Бір дауыл сапырды кеп өрт теңізін,

                                  Теңселтіп темір топан дүние жүзін.

                                  Бетіне туған жердің өшпестей ғып,

                                  Ер жазды өз қанымен жүрген ізін.

                                  Нақ сол кез естідім мен ер дүбірін,

                                  Атағы атын алып келді бұрын.

                                  Үстінде туған елдің тұрды толқып,

                                   «Бауыржан Момышұлы» деген бір үн.

                                 Ақынның ақ сұңқардай жүрегі бар,

                                  Алқындым, бір көруге болып құмар.

                                     Көктемде күркіреген күн дауысын,

                                     Жер естіп, желкілдеген гүл ынтызар, –деп ағынан жарыла ақтарыла жырламас еді.