2.8. Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығы (жалғасы)


Ақын небір уытты, сұрапыл серпінді, болатты болатқа соққандай жігерлі де отты сарындарға көбірек көңіл қояды. Осынау рухани қасиет оның шығармашылығындағы бірегей стильдік ерекшеліктің де бедерленуіне әсер еткен.

Егер Ілияс поэзиясы арқаңызды қоздырып, делебеңізді дуылдатса, Қасым өлеңдері жарық дүниені жалт-жұлт еткізіп, алдыңыздан өткізеді. Ілияс шығармашылығы алды-артыңыздан бірдей жосылып шыққан шалқар телегейдей алақанына салып қақпақылдап әкетсе, Қасым ақынның жырлары жай отындай жарқ-жұрқ етіп, алмас қылыштай, алдаспандай жарқылдайды.

Отызыншы жылдардың екінші жартысынан бастап өлеңдерінен от ұшқындай бастаған, ал қырқыншы жылдарда жедел жанып, әлем аспанын шарпыған соғыс майданында бұрқ-сарқ етіп қайнаған ақын талантының сол тұстағы басқа әріптестерімен салыстырғанда, өзгеше өршіл, ерен күшпен сілкінуіне туабітті табиғи стихиясы да, өзіне қойған ұлы талабы да әсер еткені бүгінде анық байқалады. Мұндай асқақтық, өршілдік эстетикалық-адамгершілік мұраттың мөлдірлігінен, жалғандыққа жаны қас жүректің ымырасыздығынан, асыл да асқақ арманға шырқап жетуге деген құлшыныстан туады. Бұған куә –ақын жырлары. Осылайша өр дауыспен жырлауға деген қуатты ықылас, өшпес құштарлық ақынның өз концептуалды көркемдік әлемін қалыптастырып, категориялық ойлау деңгейіне, сол арқылы жинақтаушы образдар арқылы толғауға бастады. Мәселен:

                                 Бір уһілеп, бір өксіп,         

                                Жатты дүние дөңбекшіп...

                                Ескі дүние есігін теуіп ашып,

                                 Кіріп келді ол жүзінен жалын шашып.

                               Босағада тұрмады,төрге ұмтылды,

                               Бұзып-жарып, еңсеріп, еркін басып.

                               Кербез әйел секілді дүние паң,

                               Қылығына жігіттің бұлқан-талқан.

                                Ала көзбен бір қарап дүниеге,

                                Ақын тұрды азырақ болып аң-таң... ,

немесе:

                                Сапырды дауыл,

                              Тебіренді теңіз,

                                Тулады толқын, шайқалды шың-құз.

                                Қып-қызыл өрттің ішінде жүрміз... ,

 Мұндағы образдар пейзаждың көрінісі, көңіл күйдің құбылысы деуден гөрі, ең алдымен философиялық-көркемдік пайымның шамырқанысты шабыты деуге лайықты. Дүние, дауыл, теңіз, толқын, шың-құз, қып-қызыл өрт-тарихи аласапырандардың, сан мың тағдырлардың, қоғамдық-әлеуметтік, тарихи-саяси сапырылыстардың, солардың ішінде ойы ойран болған немесе «бетіне фәни дүние бір түкірген» өр кеуде, асқақ арман иелерінің жиынтық бейнесі. Әркім өз танымы деңгейінде таниды десек те, бейнеленген объективті болмысты байқамау мүмкін емес...

        «Дариға, сол қыз» өлеңі ырғақ-түрімен де, заман шындығын, лирикалық кейіпкердің тебіренісін бейнелеу ерекшелігімен де, сол кезеңде айрықша жаңалық ретінде сүйсіндірді. Әр тармағы он буыннан тұратын өлең ол тұста өте сирек ұшырасатын. Жиырмасыншы жылдардағы қазақ поэзиясында оқта-текте кездескенімен, кеңінен қолданылатын немесе көпке мәлім өлең өлшеміне, түріне әлі айнала қоймаған. Әрі ол кезде М.Жұмабаев, Б.Майлин, І.Жансүгіров сияқты таланттарға жала жабылып, шығармаларын жариялауға да, оқуға да қатаң тиым салынған кез болатын. Бұл ырғақтың тамыры сонау ерте дәуірдегі эпоста, жыраулар поэзиясында жатқанымен, Қасымға дейінгі және сол тұстағы қазақ поэзиясында бәлендей қеңінен қолданыла қойған жоқты.

    «Дариға, сол қызда» майдан арпалысы, қасіреті, тарихи шындық, әлеуметтік трагедия мен жеке адамның басындағы трагедия, соның бәрінен аман алып шыққан өмірге деген құштарлық толқынын шайқаған телегейдің ыңыранысын бейнелейтіндей ырғақпен, оптимистік рухпен жеткізіледі. Кейіпкердің жан дүниесіндегі толқындар шайқала келіп, әлеуметтік драматизмді бейнелейтін образдылыққа айналуы, әрі көркемдік-философиялық жинақтаушылық мәнге ие жыр жолдары ақынның тағы  бір асқар биікке самғап шыққанын танытты. «Көрсетпей жүзін, естіртпей сөзін, қаһарын төгіп тұр долы соғыс», «сапырды дауыл, тебіренді теңіз, тулады толқын, шайқалды шың-құз» деген жолдарда замана аласапыраны жол кессе, «арманым бар ма өлсем бір көріп, қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?!» деген сәттерде кейіпкердің жарық дүниеге талпынған өлмес құштарлығын, қарапайым тірліктің қиялдағыдай ғажайып қимасына айналғанын, жанын жебейтін аяулы аңсарға ұласып, үздіксіз үздіктіріп, уілдеп іші-бауырыңды елжіретіп уылжытқан, сиқырлы уыз дүниедей ынтықтырып, мәңгі ынтызарлықтай қанша азап шексең де қайраның біткенше қайырылмасыңа қоймайтынын, «қолым да найза, шағылып айға» дегенде, асау қайратын, жігерлі табиғатын, батыр бабалардың да ата жауға бас имес өр, асау ұмтылысын, жауынгерлік асқақ ерлік рухын аңғарамыз.

    Қасым Аманжоловтың таңдаулы толғаныстарын жырқұмар қауымның жатқа білуі, міне, жарты ғасырға жуық уақыт бойы әрбір жаңа ұрпақпен бірге жаңғыра қайталануы– ақынның қайталанбас дарындылығының, ой тереңдігі мен сезім беретінділігінің дәлелі.

                                      Оқ тиді келіп,қайратым кеміп,

                                    Барамын сөніп, келмейді өлгім!

                                    Тұрғандай сол қыз, жаныма келіп.

                                       Талпына берді, қайран жас көңілім!   

                                   ...Арманым бар ма, өлсем бір көріп,

                                       Қайда екен қайда, дариға, сол қыз?

                                 «...Келмейді өлгім, келмейді өлгім.

                                      Қайратым қайда, келші осындайда!»  

                          Дедім де тұрдым, жүгіре бердім,        

                                      Қолымда найза, шағылып айға,

                                     ...Келемін қайтып, өлеңімді айтып,

                                      Қайда екен қайда, дариға, сол қыз?!  

Осынау жолдар арғы-бергі қай заманда да қаракет етіп, қайрат қылған саналының жан сырындай, жүрек сөзіндей сезілмей ме? Қайраты мен айбаты, қайғысы мен қамығуы, үміті мен күдігі, мұңы мен тілегі қат-қабат. Адам баласының тағдырындағы талпыныстарын жаза баспай, шексіз сезімталдықпен терең таныған ақын тарих сахарасына шыққан адамның рухани қажеттілігін, табиғатын, кешегісі мен бүгінін, келешегін байыптап барлай білгендіктен, осылайша орасан қуатпен именбей, іркілмей, асқақ дауыспен тебірене, төгіле толғайды.

Лирикалық кейіпкердің тағдыры секілді сезілетін толғауда қай заманда да қарақан бастың қамынан биіктеуге дем беріп, рухтандыратын үміт пен сезім тағдыры, заман сұрапылы серіппедей серпінді ырғақтан үсті-үстіне қуат ала атойлағанда, ақын қиялының қанаттылығымен бірге зерек зердесі мен алғыр зейіні ұштаған нәзік талғамы сүйсіндіреді. Бұл арада Қасым Аманжоловтың ұлы сыншы-философтарды, қаламгер – философтарды зейін қоя оқып, байыппен пайымдағаны, өз жүрегінің қызуынан өткізгені, сол арқылы парасат биігіне көтерілгені айқын аңғарылады. Сол себепті оның лирикалық кейіпкері – әрі ақын, әрі философ. Ауыл арасындағы тапқырлық пен айтқыштыққа мойын бұрмайды, қайрылып қарамайды. Көкжиекке көз жіберген, қиялы ғаламды қаусырған лирикалық кейіпкер автор-ақын рухымен қуаттанып, ғалам қойнауын түгел көргендей, әлемді алақанына салып қарағандай әсер етеді. «Жыр керек қой, дүниеге жыр керек қой, неге ғана өледі ақын адам?!» деп шырылдағанда, риторикалық сұрау емес, ең алдымен өмірдің, поэзияның, жалпы әдебиеттің, көркемдік-философиялық түпсіз мазмұнын, шексіз байлығын сезіну бар. Осы сезіну,  осы ұғым лирикалық кейіпкердің дүние құбылыстарын тұтастай таразыға тартып, образды категориялар түрінде сараптауы мен салмақтауына себепші.

Ақынның бұлайша өзіндік түр іздеуі отызыншы жылдарда-ақ белгі берген болатын. Мәселен, Пушкиннің қайтыс болуына жүз жыл толуына арналған «Ақын ескерткішіне» (Алматы, 1937), «Отан үшін жан пида» (1941) өлеңдері 15 буынмен жазылса, «Руставели Шотаға» (1937) өлеңі 16 буынмен жазылған. Мұндай көп буынды өлеңдер ол кезеңде неке-саяқ ұшырасатын. Мұндай мысалдар – Қасым Аманжоловтың өмір бойы іздену, үйрену, өсу жолында өрлегендігінің дәлелі.

Оның шығармашылығын шолғанда, ақынның стиль ерекшелігін, талғамы мен табиғатын аңғартатын сипаттар молшылық. Соның бірі –ақынның толқуы мен толғамын, тебіренісін бейнелеуге қолайлы, қажетті сөз асылын іріктеп, өлең сәукелесіне гауһардай жарқырата қадап құлпыртуы. Бұл ретте жиі ұшырасатын сөздер: ай, алтын, ән, бұлбұл, бұрқап, дариға, дауыл, дүние, ел, ер, жаз, жаһан, жер, жүрек, жыр, күй, көз, күн, қызыл, қыз, қыран, мәңгі, нажағай, намыс, нұр, ой, от, өлең, өрт, сұлу, тау, тас, теңіз, темір, топан, теңселту, т.т.

     Бұл сөздерге автор айрықша поэтикалық-философиялық мән беріп, әр қолданған сайын жаңаша түрлендіре, әрлендіре түседі. Баршаға белгілі, әркім-ақ қолданатын сөз ақын қолданысында жаңадан жасап шығарған үр жаңа сөз секілді, жаңа мағыналық салмақ, соны поэтикалық нақыш, нәрмен бөлекше әсер етеді. Осындай көркемдік сипаттар–сөз дарыған ақынның табиғи сезімталдығының, дарындылығының айшықты айғақтары.

     Қ.Аманжолов поэзиясының ендігі бір ерекше қырын аңғартатын – сырлы, күйлі өлеңдері. Буырқанған, бұрқаған ағыстар емес, енді тереңнен тебіреніп, шымырлап шыққан, көкіректің көп аңғарлы шыңырауынан тербеліп көтерілген толқынды толғаныстар көкейдегі көп сырды, мойындатпай қоймайтын шынды бұлжытпай бейнелеуімен ерекшеленеді. Ақын сырлары –сезімі жан шыдатпайтындай қызулы, жанартаудай шарпынды. Лирикалық кейіпкер өз көкірегінің көлемімен шектеліп қалмайды, «дүние қандай жап-жарық» деп тандана, тамсана беріліп, өзін сол дүниенің бір бөлшегі сезінеді немесе дүние өзімен бірге біртұтас. Сондықтан болар, ақынның мені лирикалық кейіпкерге айналғанда, жеке бастың субъективті толқыныстары үнемі кең әлемді қаусырады, субъективті сезіну философиялық салмағы орасан категориялы сезінуге, образды категорияларға ұласады. Мәселен, «Ғалиға жауап» (1944) атты өлеңінде:

          Ақын дос, адал ниет ағатайым,

          Мен үшін тоқсан толқып, шегіп уайым.

          Шөлдеген жіберіпсің жан сусынын,

          Бойыма құйылды өмір жұтқа сайын

деп, елжіреген ақын іле-шала:

          Қараймын отты көзбен жан-жағыма,

          Ой тастап арттағыма, алдағыма.

          Қарлыққан соғыс даусын киіп-жарып,  

                                     Құйқылжып күй келеді құлағыма.

          Тындаймын осы күйді жаным ұйып,

           Барады жүрегіме жылы тиіп.

           Ұлы өмір, ұлан байтақ туған елім,

           Қалайша көкірегіме кеттің сыйып!

деп, сол тұстағы және оған дейінгі қазақ поэзиясында кездеспеген үр жаңа образдар, образды сезінулерді түйдек-түйдегімен төгеді: «Бойыма құйылды өмір жұтқан сайын», «ой тастап», «қарлыққан соғыс даусы», «ұлы өмір, ұлан-байтақ туған елім, қалайша көкірегіме кеттің сыйып» секілді соншалық ірі мінез, ғажайып махаббат, перзенттік адалдық, аға досқа деген ірі ыстық ықылас, алдаусыз сағынышты мөлдіреткен образды жолдар бірден бірге үдейді, бірінен кейін екіншісі екпіндеп сөз алады, бірін бірі толықтырып, толқымасқа қоймайды. Әсіресе, тәнті ететін–субьективті сезінудің поэзиямызда бұрын-соңды ұшыраспаған су жаңа көркемдік әлем арқылы алуан көркемдік-философиялық категорияларға ұласуы, бұлардың бір-бірімен табиғи тұтастықта өрілуі. Нақтырақ  айтсақ, келтірілген мысалдарда жасы үлкенді сыйлау, ізет, яғни –этика немесе тарихи-саяси аласапыранның ішінен еміс-еміс естіліп, қиырда қалғандықтан жетуің екіталай тәтті тіршілік үні, бейбіт күннің алыстан шақырған аяулы сәулесі, қан майданда соғыспен арпалысқан жауынгердің бастан кешкен азабы мен алдағы күнге-алаңсыз күнге іңкәрлігі, ғажайып алып өмірге жаудыраған құштарлық, туған елге деген мәңгі таусылмас махаббат, перзенттік адалдық пен борыш жайында тікелей ұран жалындаған жалаңтөс толғаныс жоқ. Соның баршасын бірінен біріне ұласып жатқан образ толықтырады.

          Ақынның жан тереңінен қайнап шыққан мұндай өлеңдер молшылық: «Күлемін де жылаймын» (1940), «Ғабдоллаға (1942), «Қапанға»(1944), «Елге хат» (1944), «Нұрлы дүние»(1950), «Өзім туралы (1948,1954),т.б. көптеген жырларын атауға болады.           

           Сол кездегі қазақ поэзиясы үшін:

                                                Күлемін де жылаймын,

                                                Жылаймын да күлемін,

                                                Неге ғана бұлаймын

                                                Өзім ғана білемін, – деп, бірден драматизмді асқындырып, ширыққан философиялық–көркемдік жинақтауды ақтарып салу жаңалық болатын. 1940 жылы жазылған бұл өлеңде Абайға еліктейтін сәттер (мәселен, «Ішкенге мас, жесе тоқ, құр даурығу, бос ыржаң, қуаныш жоқ, қайғы жоқ, неткен сонша сорлы жан» секілді) ұшырасқанымен, әлгіндей сөз саптау сонылығымен селт еткізген. Мұнда ақын салған жерден жан дүниесін алай-түлей етіп азаптаған, бірақ алуан себептер салдарынан ашып айтқысы келмеген аласапыранды білдірген. Сезім драматизмі,ширығысып, шарпысып жатқан кереғарлық, жан алып, жан берісетін өмірлік коллизиялардың (қақтығыстардың) тереңнен тепсініп келіп, сесті, сұсты тегеурінмен тежелуі бірден назар аударады. Көксегені мен көн тірлік үйлеспей, көкіректі кернеген көп драма шиыршық атып, жанын қызықтырғанда, жан азабына өртенген сәтте тазалыққа, мөлдірлікке іңкәр ақынды қинайтын:

                                                Дәл осыны түсінбес,

                                                Адамдар бар, не шара?!

                                                Іші қуыс, сырты мес,

                                                Тас бауырлы бейшара.

        Бұл–адамзат трагедиясы. Қуыскеуде көкіректер – қатыгездік пен берекесіздіктің белсенді демеушілері. Жігеріңді құм қылатын, ілгері басқан аяқты кері тартатын осындай әлеуметтік типтер қай заманда да, қай ақын-ойшылды да азаптаған. Аталған өлең–соның кезекті бір куәсі.

        Осы өлеңнің екінші шумағында мынандай жолдар бар:

                                                Өкінбеймін өмірге

                                                Босқа келгем екем деп.

                                                Өкінемін, бір күнде

                                                Түк тындырмай кетем деп.

        Ақынның әлі отызға толмаған шақтағы шамырқанысы – философиялық толғанысы. Өзіне өзі үнемі биік талап қойып, үнемі қамшылауына, өзіне өзі сын көзбен қарауына себепкер– осы сезім, осы ой, қашанда көкейінен кетпей, қашанда қайрап, қайрат беріп отырғанын басқа да өлеңдерінен аңғаруға болады. Осындай зерделі толғаныс толқыны жанын тербеткен ақын бүгінгісін місе тұтпай, парлап шыққан биігіне қанағаттанбай, алға–жаңа асуларға ұмтылған. Оған себепші–жаңағы сезім. Сонда ғана кім кім де өзіне өзі сын көзбен қарауға ұмтылады. Сол себепті ақын «Партияның жабық жиналысында 1951жылдың желтоқсанында оқылған өлеңде»:

                                                 Өзіңе өзің сыншы бола алмасаң,

                                                 Не керек қиялыңды құр алдаған, –дейді.

       Біздің ше,осы арада кейінгі жылдар тозаңы басып, әркім әртүрлі ұғынып жүрген шындықтың әділін айту керек.

         Қ.Аманжоловқа жалақорлар партиядан шығару жолын қарастырып, дайындалғанымен, оның асқақ жырларын бағалаған әдебиетшілер қауымы талантты ақынды қолдап, аман алып қалады. Бұл жиында ақынның өзі Есмағамбет Ысмайыловқа былай деген: «Осыны бастан аяқ «сойып шығасың» деп тапсырған баяндамашы, жас сыншы Қирабаев олардың күткеніндей сойып шыққан жоқ. Менің поэзиям туралы жалпы дұрыстықты айтты. Партия ұйымының ол кездегі секретары Ғабиден Мұстафин де туралықтан асып кете алған жоқ».

Қ.Аманжолов поэзиясын  жоғары бағалаған әдебиетшілер қауымы осылайша қиянатқа жол бермеген. «Өкінбеймін өмірге, босқа келген екем деп...». Осы ойлы әуен жылдан жылға ұлғайып, келе-келе кең жайылған телегейге, ақынның өн бойын билеген ұлы сарынға айналып, ақынның өмір жайында, өзі жайында, алдағы нұрлы болашақ жайында философиялық байыптауына айналады.Автордың бұл тараптағы ойлары оны ертеден –ақ мазалаған. Егер «Өкінбеймін өмірге...» 1940жылы жазылса, дәл осы жылы «Ақын» атты өлеңінде «Неге ғана өледі ақын адам?!» деп ышқына тебіренеді. Нақ осы жылы дүниеге келген «Өтеді күндерде» (Тарас Шевченкодан) «Өзім туралыдағы» толғаныстарға бастау, бәлкім, баспалдақ, бұлақ болған сезім қылаң береді:

                                        Ұйықтап өтсең өміріңде,

                                        Ұйқың ешбір қанбаса,

                                        Тірлігің не, өлгенің не,

                                         Ешбір ізің қалмаса...

        Өнер табиғатын, өткінші өмірдің баянсыздығын, өмірдің қадір-қасиетін, адамгершілік парызды тебірене толғайтын «Өзім туралы» өлеңі ақынның өз тағдырын таразылаумен шектелмейді. Субъективті сырларындағы аналитикалық байыптау көркемдік-философиялық жинақтау дәрежесіне көтерілді.Өлеңде өрілген, өрнектелген толғаныстар ақынның өз басымен тұйықталмайды, жалпыға ортақ мәңгілік нысананы– адам тіршілігінің мәні, қайталанбас тарихи маңызы туралы мәселелерді бетке алып, адам тағдырының жалпы адамзат тарихы мәнмәтініндегі болмыстағы орны, уақыттың қадірі, адам тірлігінің қасиеті туралы пайымдауға бастайды.

Сонымен бірге бұл – айықпас дертке шалдыққан, бақиға мәңгілік сапарға бет бұрған ақынның ақтық аманаты, арнау сөзі. Онымен көп сырласқан белгілі әдебиет сыншысы Есмағамбет Ысмайыловтың айтуынша өлең аяқталмаған. Соған қарағанда, автор философиялық поэма жазуды діттеген сияқты. Өлең 1948 жылдан бастап жазылған. Әу баста өлең жазып, ақын ретінде танылған,өлеңді терең түсінетін көрнекті әдебиетші Есмағамбет Ысмайыловтың  естелігі сол тұстағы замандастарының өлеңді қалай бағалағандығын көрсетеді: «Барлық дәптер өлеңін менен жасырмайтын. Қасым дәл осы өлеңді ол кезде (1949 1950 жылдары –Е.Ы.) маған оқыған емес. Мұны 1954 жылы қыркүйекте аса бір қиналумен маған оқытты.

         Екеуміз де бір-бірімізге тіл қатпай, біраз үнсіз отырып қалдық. Себебі мұнда ол өзінің өлетіндігін де жасырмай айтқан еді.Замандастары ешқайсымыз айта алмаған терең ойларды Қасым өзі жеткізіп жазғандығына қатты сүйсінесің. Әттең: