2.8. Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығы (жалғасы)


Дүние жалт-жұлт еткен кең мекенім,

               Көре алмай көп жеріңді мен кетемін...

               Басымнан таярмысың бір күн дәурен?

               Жалт беріп нажағайдай жоғалар ма,

              Жүзіңде шалқып тұрған күлкім дәурен.

               Тоқтамас өмірімнің сағатындай

                Жүрегім енді қанша соғар тынбай?..

деген жерлерін неге айтты екен! Өмірмен қош айтысқандай! Көзіме іркіліп жас келді. «Бұлай жазу керегі жоқ еді» дей беріппін. Қасымға көрінбей, ашық есіктің бір жағында тұрып, өлеңді тыңдап егілген Сәпенге енді көзім түсті. (Сәпен-Сақыпжамал -ақынның жары -Б.Ы.). «Ой, Сәпен, оның не?» деппін өз көзімнің жасын сүртіп жатып».

Сезімтал сыншының жүрегі сезгендей, бұл   расында да ақынның пәни жалғаннан өтерін біліп, бақұлдасқандай қоштасу сөзі. Қатал шындықтан тайсақтамай, өлерін білсе де өршіл, сыршыл мінезден жаңылмайды:

              Түсірген ой сәулесін шар тарапқа,

              Ақылдың алтын оты сөнген шақта.

              Бұл күнде саңқылдаған сұңқар үнім

                Кетерсің, судай сіңіп табиғатқа.

 «Шарлаған жолым жатыр жер бетінде, Көрінер көлеңкесі келбетімде» деп күллі өмірін көз алдынан-таразыдан өткізген ақын бір сәт «Арпалыс ала құйын заманалар, арбасып тұрып алды, мен не етемін» деп назаланса да, шындықты бейтарап сараптайды:

               Өкінбен мен де бір күн өлемін деп,

               Өкінем ұқсата алмай келемін деп.

               Күніне жүз ойланып, мың толғанам,

               Өзімен бірге өлмесін өлеңім деп...

               Екі көз - екі жұлдыз маңдайдағы,

               Көруші ең құбылысты қай-қайдағы...

               Япырмай, сен де бір күн сөнермісің,

               Қап-қара түнек болып маңайдағы...

   Лиро-философиялық толғаныс, әрі жинақтау өлеңнің өн бойында тұнып, толқып тұр. Мысалға келтірген соңғы шумақтағы толғаныстар әрбір өнер иесінің өмірлік-шығармашылық кредо-бағдарламасына айналады.

       «Өзім туралы» –Қасым Аманжоловтың өз өмір жолын философиялық ой елегінен өткізуі, өз болмысын тануға және танытуға деген асқақ талпынысы, заман мен келешекті шолуы, һәм таразылауы, алдағы күнге деген үміті, арман-сенімі, кім-кімнің де көкейінде тұнған сырды терең  бейнелеуі,  әрі  болмысты  философиялық-көркемдік  тұрғыдан байыптауы.

   «Көктем келіп, күліп жатқан тастарды, Басуға мен имендім» деген сезімтал ақын жанына жақын бейне, сезім, әуендерді кейде қайталап басқа қырынан, алғашқы айшықтарды басқаша жаңғыртып, тәжірибе жасаған сәттері бар. Мәселен, 1938 жылы жазған өлеңі:

               Домбырамда бір күй бар тартылмаған,

              Көңілімде бір сыр бар айтылмаған.

              Күйімді де, сырымды сыйлар едім,

              Жаным сүйер жар болсаң жарқылдаған,

деп басталса, одан шамамен он жыл өткен соң жазылған «Ақсәуленің» алғашқы шумағында ырғағы сәл жаңарып, соңғы екі жолы өзгерген:

              Бір күй бар домбырамда тартылмаған,

              Бір сыр бар көңілімде айтылмаған.

              Сен үшін келдім сақтап, сүйген сәуле!

              Көзіңнен айналайын жалтылдаған.

Немесе мына жолдарға зер салғанда:

              Сәскеде сансыз көкек сұңқылдаған,

              Неткен кез дүние балқып күй тыңдаған!

                                         Еркелеп бұйра бұлақ жатыр аунап,

              Сүйкімді жас үнімен сыңқылдаған.

              Алыста асау өзен күркіреген,

              Жер жатыр жалт-жұлт етіп бір түлеген. 

              Аспанның өрмегіндей жерге төккен,

             Бір нәзік жұпар жерге сіркіреген.

   1948 жылы жазылған осы екі өлеңнің алғашқысы көркемірек екенін байқау қиын емес. Өйткені автор көкірек көзіне жылы ұшырап, мейірлендірген суретті кейін тағыда өңдеп, түлетіп, толықтырып ұсынған. Кейінгі мысал-«Көктем» өлеңі ақынның кітаптарында жарық көрсе, алғашқы мысал да «Көктем» деген атпен кейінірек (1955 жылы) «Әдебиет және искусство» журналының №3 санында басылған. Демек, автор өз туындысына өзі сын көзбен қарай білген, өңдеп ширату, шырайландыру қолынан келген, соған ықыласты болған. «Нұрлы дүние» өлеңі де осылайша қайта қаралған.

    Қ.Аманжолов шығармашылығында назар аударатын сәттердің бірі- майданда жүргенде, жағдайға орай өлеңдерін орыс тілінде де жазуы. Орыс классиктерін зор ыждаһатпен зерттей оқыған, көптеген аудармалар жасаған ақынның «Зұлым жау» өлеңі алдымен орысша жазылып, содан кейін автор өз өлеңін өзі қазақшаға аударған сияқты әсер етеді. Салыстырайық:

               Из Какого ада брошен ты, подлец!

               Каким же ядом пропитан твой ненец?..

               Какая злодейка родила тебя?

               Какая ведьма в мир вводила тебя?

               Кинулся на мир, как змея на орла,

                Как сатана, как ведьма злостыю полна.

Қазақшасы:

               Қандай ғана дозақтан түстің сен сұм?

               Қандай умен тәжіңді бояғансың?

               Қандай әйел тапты екен сені неге?

               Қандай сайтан енгізді дүниеге...

                Тау бүркітке атылған сен бір жылан,

                 Долы сайтан дүниеге салдың ылаң...

    Бұл мысалдарға қарағанда, қазақшасынан гөрі, орысшасы уыттырақ, ызалырақ, әрі жат екені айқын. Өйткені «брошен» дегенде, тозақтан түскен емес, сол тозақтың өзі жиіркеніп, әлде қатуланып, әлде сойқан ниетпен лақтырғанынан бірден шошынамыз. Ал умен тәжді бояу онша да ұтымды емес, гәп-сол тәжге удың сіңірілуінде, немесе тәждің умен суарылуында. Ал осынау тажалды тапқан жай «әйел» емес, «злодейка». Бұл екеуі бірінің орнын бірі алмастыра алмайды. Ал «сені неге» деген тіркес «дүниеге» ұйқас үшін қажет болған...

    Сол сияқты «салдың ылаңнан» гөрі, «кинулся на мир» деген орысша олжалырақ. Қазақшасы болған істі хабарласа, орысшасы жанды процесті көрсетеді. «Как сатана, как ведьма» деп үсті-үстіне аямай төккен, жалыны жан шыдатпай шыжғырған қатулы сөздер, бейнелер азайып, «долы сайтанға» айналып кеткен. Мұнда «сайтанға» біраз қуат беріп тұрған «долы» деген анықтауыш-эпитет. Ал «қандай сайтан», «долы сайтан» дегенде, сайтан деген бір ғана құбыжық аталады. Орысшасында бұл  қосарланып жүр: «сатана», «ведьма».Соған қарағанда, автор алдымен  орысша жазып, қазақшаға асығыс аударған сияқты.

    Бұл мысалды келтірудегі мақсат Қасым Аманжоловтың орыс

поэзиясының мұхитында еркін жүзгенін, нәр ала білетін талғамын, биік парасат өресін,шыңдалған пайым өресіне көз жеткізу.

     «Подполковник Әлпинге» өлеңінде орысшасы бар. Бұл екеуін салыстырғанда, қазақшасының мағыналық байлығы, сезім сонылығы, уыттылығы, образды сезінуі орысшасынан көп басым.

      Қ.Аманжолов қаламынан сонет, балладалар («Отан күзетінде», «Сұлтанмахмұт туралы баллада»,«Байкал»,«Мартбек»,«Сырттан»), өлеңмен жазылған очерк («Бейсекештің бес ұлы»), фельетондар («Семейдің театрында»,«Панасыз кемелер, ұқыпсыз төрелер», т.б.) туды. «Дариға, сол, қыз», «Өзім туралы» әндері елімізге кең таралды.

     Ал «Құпия қыз», «Бикеш», «Қытай қызы», «Боран», «Ақын өлімі туралы аңыз» т.б. поэмаларында тарихи кезең шындығы кестеленді.«Жамбыл тойында» үш томдық шығармалар жинағында поэма айдарымен берілгенімен ақынның өзі көзі тірі кезінде «поэманың фрагменттері» деген. Бұдан басқа да «Поэма фрагменттері» бар, бірақ аяқталмаған.

    Сол тұстағы белсенді идеологияның ашықтан ашық қойған талабына орай қалам иелерінің, әсіресе, ақындардың көптеген саяси оқиғаларға, жаңа қоғамды дәріптеуге жаппай атсалысқаны белгілі. Ол кез үшін мұндай қарекет қоғам,мемлекет үшін идеологиялық, әрі әлеуметтік қажеттілік болса, шығармашылық өкілі үшін еріксіз өмірлік қажеттілік болғаны мәлім. Идеологияға икемделіп үн қатпаса, қайтсе де амалын тауып немесе көпе көрінеу жалған айып тағып, айдалатын, ату жазасына бұйырылатын.

    Ендеше Қасымның да заман талабына орай туған жырларына, дастандарына қоғамның ерекшелігі әсер еткен. Мәселен, «Құпия қызда» Қытай қызы Ләззаттың бостандық іздеп, ауылдың еті тірі жігіті Нұрманның қолдауымен Кеңес еліне қашқаны, Нұрман мен оған ерген қойшы жігіт Жақыптың мерт болғаны, Ләззаттың Кеңес еліне жетіп, бостандық алғаны халық ақындары дәстүрінде жырланған. Негізінде, бұл поэманы жазуға 1938-1939 жылдары республиканың сол кездегі Орталық Комсомол Комитетінің жастар өмірін өзек еткен поэмаларға арналған бәйге жариялауы себеп болған. «Құпия қыз» осы бәйгеде жақсы бағаланған.

   «Бикеш» поэмасы алғашында «Азғынбаев» (1940) деген сатиралық поэма ретінде аталған. Оқушы жұртшылық сынын ескеріп, автор бұл шығармасын өңдеп, 1947 жылы қайта жазған. Бірнеше тарауы өзгерген. Поэманың кіріспесі мен қорытындысы алынып, эпилог жазылған. Бірақ автор 1954 жылы таңдамалы шығармаларының жинағын дайындағанда, бұл эпилогті енгізбеген. 1938 жылы басталған поэма 1954 жылы бірталай өзгерістерге ұшыраған.

    Бұл поэма идеясы Азғынбаевтың атынан-ақ бірден сезіледі. Ішімдікке салынған Азғынбаевтан алданған Бикештің одан кек алуымен аяқталады. Кейіпкерлер табиғаты сезілгенімен,идеологияға икемделу ақын қаламын  қанағаттандырмаған.

    «Қытай қызында» да уақыт талабына қарай бейімделіп жырлау айқын болса, «Боранда» сол талап сезілгенімен ақындық қуат молырақ. Бірақ аяқталмаған. «Қытай қызын» да, «Боранды» да ақын кезінде бірнеше рет өңдеген. Бірақ бұл өңдеуге өзінің де көңілі толмай, кезінде жариялауға ұсынбаған.

    Ақын шығармашылығының шыңы, қазақ поэзиясының айтулы туындысы - «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы. Басты кейіпкері -ақынның досы әрі шәкірті іспетті Абдолла Жұмағалиев. Е.Ысмайыловтың айтуынша, «Қасымды «тәңірдей» табынып, алдында ұстазындай иіліп, ерекше бір мақтау сөзді Абдолла көбірек айтатын және басқа біздің ақындарымыздан Қасымды көбірек қорғаумен болатын».

    Осындай аяулы достың қазасы ақынды қатты тебіренткен.

    Аранынан ажал оғын шашқан қан майданда өмір мен өлім бетпе-бет келіп, миллиондаған адамның тағдыр-талайы қыл көпірде тұрған шақта ақынның шамырқанысы, телегейдей тебіренісі поэмада орасан қуатпен көрінген, ақын қиялының ауқымы ұлан-ғайыр тарих, қоғам шындығын, философиялық категорияларды тереңнен қамтиды:

               Майдан етіп дүние төрін,

                                          Темір, болат қақтап отқа,

                                          Бетпе-бет кеп өмір, өлім,

                                          Соққыласып жатқан жоқ па?! -

деп, бірден шығандап шарықтаған өр дауыспен, асқақ пафоспен басталған поэма аяқталғанша, осы шырқау биіктен аспандаған қарқын бір бәсеңсімей селдетеді де отырады. Романтикалық серпін, реалистік қуат майдан даласындағы тарихи-әлеуметтік шындық пен тарихи-саяси арпалысты көз алдымызға әкеледі.

    Өмір мен өлім адамның ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір бастан өткерер физикалық күй, кезекті, бірақ амалсыз адымы емес, ең алдымен философиялық-поэтикалық категориялар екенін ақын аяулы досы қаза болғанда, айқын сезінген. Өмір дегеніңіз кәдуілгі қарабайыр тіршілік емес, қайталанбас тарихи ғажайып мәнге ие, әр өмірдің әсіресе, ерлік өмірдің ғажайып жасампаз қуат-күші бар. Өйткені:

                Өмір гүлін жаншып, таптап,

                Шаштан сүйреп махаббатты,

                Жерімізде жындай қаптап,

                Найзаға іліп ар-ұятты,

                Келе жатты сұм жендеттер,

                Жиіркеніп, Жиырылды жер..