2.8. Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығы (жалғасы)


Осындай тарихи аласапыранда ерліктің қадірі орасан, ерлік әрекет-әрі табиғи ұмтылыс, әрі асқақ шамырқаныс. Отанға қара бұлттай қатер төніп, жан-тәніңді жаншып, қор етіп таптап өтпекке жанталасқанда, екі-ақ таңдау бар. Бірі-көну, жеңілу, бабаң да, балаң да, өзің де өмір бойы қор болу. Екіншісі бағзыдан бері бұлжымай келе жатқан, баба қазақтың байырғы атышулы ұраны «Қанға қан, жанға жан»! Атажаумен арпалысқан айбынды ұланды ұлы ететін, жау жүрек батыр ететін - оның Отанына деген махаббаты. Елін, жерін тебірене сүйген адам ғана батырға айналады.

    Қиыр Шығыста әскери міндетін өтеп жүрген Қасымға майдандағы дос ажалы жойқын әсер еткендігіне поэманың бастан-аяқ серіппелі серпінге,

шамырқанған шабытқа толы шақтары дәлел. Аяулы досқа деген кіршіксіз махаббат, орны толмас өкініш сезімі ақынның жан азасы мен тебіренісіне ұласып, жиырмасыншы ғасырдың жойқын алапатына әрі поэзия, әрі философия тұрғысынан қарауға серпін берген. Поэтикалық қуаты жыр жол-дарындағы шиыршық атқан тебіреністен, шарықтаған пафостан, бірін-бірі қайталамайтын образдардан, бейнеліліктен көрінсе, философиялық-көркемдік мазмұны ер өлімін тіршіліктің таусылуы түрінде емес, өмір мен өлім категорияларының қақтығысы, ерлік, отаншылдық, ар-намыс, махаббат, адамгершілік пен зұлымдық, тағылық тәрізді әлімсақтан келе жатқан іргелі ұғымдарды образды ой таразысында салмақтау арқылы елең еткізеді.

    Майданда идеологиялық талаптарға икемделіп, соның ырқына ыңғайланып жатуға мүмкіндік те, мұрша да жоқ. Жан достың азасы ашындырған  ашу мен ар-намыстың өршеленген отына буырқанған шақта ақынның жан сөзін жасыра алмай ағыл-тегіл ақтаратыны сөзсіз әрі табиғи, «Ақын өлімі туралы аңыз» - өз елінің адал патриоты Қасымның аш қасқырдай аңталаған жауға қарсы ашынуы, айбары, жан азасы еді. Өмір мен өлім, ерлік, тірлік туралы жүрекжарды тебіренісі еді.

    Ақиқатқа жүгінсек, жеті басты жалмауыздай жаһанды жайлап, жер бетін тып-типыл етуге ұмтылған, аранынан алып әлемге алақұйын жалын шашып, жан біткенді жалмауға жанталасқан заһарлы зұлмат-екінші дүние жүзілік соғыстың сипаты мен сиқын, адам қасіреті мен қасиетін сұрапыл серпінмен терең де жарқылдаған жай отындай жедел толғаған «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы-қазақ жырындағы ғана емес, жаһан поэзиясында сирек ұшырасатын жауһар туындылардың бірі.

                Күллі әлемнің ашу-кегі,

                                             Орна менің  кеудеме кеп,

                                        Жау жолына атам сені,

                                         Бомба бол да жарыл, жүрек! –деп

дүниенің  төрінен саңқылдаған асқақ дауысы аспанға шапшыған өрт қанатында қалықтап, қызыл жойқын бұлттарға араласып, шартарапқа шеру тартады. Өмірін Отандай, Отанын өміріндей   сүйген арлы да ақылман азаматтың алапат ашу кегінен  ғана ақтарылар аласапыран сарынға толы мұндай теңдессіз тегеурінді тебіреністер адамзаттың рухани-мәдени шежіресіне алтын әріптермен жазуға лайықты.

    Қасым Аманжоловтың 32 жасында жазған бұл шығармасы – оның шығармашылығының асқаралы шыңы, қазақ поэзиясының алтын қорына қосылған қастерлі мұра болып тарихта мәңгі қалды...

    Қ.Аманжолов шығармашылығының өнімді бір саласы – аудармалары. Орысшаны жетік білген ақын тәржіма жасағанда, түпнұсқа авторымен кейде жарысқа түскендей, кейде соның рухына бойлап, ауытқымай жеткізуге жан салады. Ол А.Пушкин, М.Лермонтов, Н.Некрасов, В.Маяковский, А.Твардовский сияқты орыс ақындарын, сонымен бірге Низами, Т.Шевченко, М.Миршакар шығармаларын қазақшалады. Түпнұсқа көркемдігіне еркін бойлауымен, рухани терең сезінуімен ерекшеленетін Қ.Аманжолов аудармалары – ақын ізденістерінің өрнектері.

        Ал В.Белинскийдің әйгілі «Гогольге хатын» аударуы–ақынның поэзия табиғатын, әлемін ыждаһатпен тануға ерекше ден қойғандығының белгісі. Белинский мақалаларын талдап-зерттей оқумен бірге тәржімалап шығуы ақынның өзіне қояр талабын биіктеткен.

    Драматургия саласында ұсынған шығармалары нәрлі тілімен, кейіпкер табиғатын айқын танытуымен, драмалық, комедиялық тартыстардың әлеуметтік тамырының тереңдігімен назар аудартады. «Қорлығайын» (аяқталмаған драмалық поэма, 1937-1938), «Әлем сахнасында» (1938, тамыз), «Аңқау Жүсіп» (1940), «Досымның үйленуі» (1948, комедия), «Ауру мен ажал» (скетч, 1947-1948) сияқты шығармалары өз кезінің талап-талғамына лайықталған.

    Қ.Аманжоловтың өз кезіндегі әдеби процеске сергек қарап, өз үнін білдіріп отырғанына куә – мақалалары. «Халық ақындары туралы», «Қалибек Қуанышбаев» (1945), «Абай шығармаларының аудармасы» (1938, 1945), «Ұлы трагедия ақын туралы» (1940), «Иса ақынмен соңғы кездесу» (1947– 1948), «Жамбыл шығармаларының аудармасы» (1940), «Әдебиет және ис-кусство» журналының 1948 жылғы поэзиясы туралы» (1949), «Поэзиядағы жаңа толқын» (1949), «Ақын Иса Байзақов» (1950) сияқты мақалаларында ақын өлеңге,жалпы поэзияға қоятын биік талабын айтады, қаламдастары туралы әділ, қамқор пікір білдіреді.

    «Айқасу» очеркін (1935), «Еңбек еншісі» әңгімесін (1940) жазғанымен, прозамен дендеп айналыспаған.

     Қ.Аманжолов поэзиясында теңеу метафора, кейіптеу секілді басқа да дағдылы алуан тәсілдер арқылы жасалған бейнелік-көркемдік байлықтар сонылығымен, тосындығымен тәнті етер эстетикалық құндылықтар, таза көркемдік олжалар деңгейінде ғана қалмайды. Немесе образды, сезім-толғанысты көріктегіш, күшейткіш бейнелеу тәсілі, құрал, көркемдегіш бояу ғана емес. Сол сияқты эмоциялық, эстетикалық әсердің қуатын өзінше жаңа, бөлекше тосын сөз саптау арқылы арттырумен де шектелмейді. Ақынның алғыр зейіні оны үнемі тіршілік дүниесіндегі қыруар құбылыстарды күрделі байланыстармен қоса қабат сезініп, сол өмірдің тұтқасы, мән-маңызы дерліктей философиялық-әлеуметтік, саяси-моральдық категорияларға тікелей сабақтасқан толғақты мәселелерді дәл табуына, сол категориялардың, мәселелердің адамзат өркениетіндегі мәңгілік қажеттігін, құтыла алмас аласапыран шындығы екенін айқын да терең толғауға бастайды. «Бетпе-бет кеп өлім, өмір, Соққыласып жатқан жоқпа?!»,«Шаштан сүйреп махаббатты»,«Майдан етіп дүние төрін...» секілді образдар арқылы бейнеленген тарихи-философиялық, әлеуметтік-саяси һәм адамгершілік мәселелері, категориялар биігіне көтерілген образдар ақын интуициясының аса белсенділігін, парасат әлемінің кеңдігі мен байлығын көрсетеді. Мәңгілік үғымдар, мәңгілік құбылыстар арасындағы қайшылықтар драмасы алуан философиялық-эстетикалық категориялар арқылы пайымдалады. Осындай асқарға шырқаған Қасым Аманжолов шығармашылығы-қазақ поэзиясының парасаты мен әлеуетін айқын ажарлап көрсеткен айтулы, қайталанбас құбылыс.