2.9. Қалижан Бекхожиннің өмірі мен шығармашылығы (жалғасы)


Бұл поэманың кейіпкерлері де ақынның өз замандастары. Поэмадағы оқиғаның бір шеті Алматыда Тау-кен институтында өтіп жатса, негізгі оқиға Жезқазған өндірісінде өрістейді. Автор, негізінен, Ақан деген жас жігіттің басынан кешкен хикаяларын поэмаға өзек етеді. Ақаннан басқа оның сүйген қызы Әсия, мұғалім Құрмаш, парторг Сергей Иванович Русаков, кенші Ысқақ, қарт кенші Анарқұл, комсорг Лера, оның сүйген жігіті Петя, шахта бастығы Шәукенов, инженер Қараш поэманың негізгі кейіпкерлері. Поэманың оқиғасы да едәуір. Жаламен сотталған әкесіне бола институттан, комсомолдан шыққан Ақан өндірісте еңбек етіп, мақсатына жетеді. Сырттай оқып диплом алады. Кейін әкесі ақталып, сүйгеніне қосылып, барша мұратына жетеді. Сондай-ақ поэмадағы парторг Русаков, комсорг Лера, Ысқақ, Анарқұл бейнелері де өмірден алынған. Арызқой, ішітар, алаяқ Қараш, кертартпа Шәукенов сол отызыншы жылдардағы замандастарымыздың арасында болғаны рас.

        Кезінде «Ақан Ақтаев» поэмасын қатты да өткір сынаған мақалалар да жарияланды. Поэманың идеялық-көркемдік сапасындағы кемшіліктерді айтып, талдаған әдеби сын негізінен дәлелді де орынды болатын. Ақын Қ.Бекхожин «Ақан  Ақтаев» поэмасының идеялық-көркемдік дәрежесі жайлы жұртшылықтың және баспасөз бетіндегі әдеби сынның пікірінен соң ойланып, поэманы қайтадан жазды. 1962 жылы «Тұрлаулы тағдыр» деген атпен жаңадан жариялады. Шығармашылық қуатпен, ізденіс үстіндегі еңбекпен өңделген, көркемдік сапасын жетілдірген поэманың жаңа нұсқасы сәтті еңбек болып, жұртшылықтың жылы ықыласына бөленді. Поэма әдеби сын мен зерттеудің ұнамды бағасына ие болды.

    Поэманың 1957 жылғы алғашқы нұсқасымен 1962 жылғы соңғы нұсқасын салыстыра қарағанда,оның соңғы нұсқасына ақынның түбірлі өзгерістер енгізгенін көру қиын емес. Ең алдымен, байқалатыны– поэма кейіпкерлерінде жаңалық бар. Ақын поэманың алғашқы нұсқасында бар Құрмаш, Мәрден, Петр Фомин, инженер Ростовский сияқты кейіпкерлерді шығарып тастады. Ақанның ауылынан өндіріске келетін жұрағаты Еркежан қыз шығармаға тыңнан қосылды. Поэманың бұрынғы нұсқасындағы тартыс желісінің босаңдығын автор ширатып, сюжеттік жағдаятты өткірлей түсті. Ақанның қарсыласы Қараштың, Шәукеннің (бұрынғы нұсқада Шәукенов) іс-әрекетін күшейте, нақтылай, сенімді ете түсті. Бұрынғы нұсқада Ақанның әкесі сауда қызметкері ретінде жалаға ұшыраса, жаңа нұсқада ол- қадірменді мұғалім, таза адам, жеке адамға табынушылықтың кезінде трагедияға ұшырайды. Бұрынғы нұсқасында Әсияның мұғалімі Құрмашпен байланысын айтып, ұнамды кейіпкерін автор әлсіретіп алған болса, шығарманың соңғы нұсқасында Әсияны ол кем-кетіктен аршып, оның тұлғасын көріктендіре түскен.

    Ақын поэманың сюжеттік желісін ширата отырып, оның рухын, принципін жаңартты. Поэмада жеке адамға табыну тұсындағы кейбір келеңсіздіктердің біздің замандастарымыздың тағдырына тигізген ауыр зардаптарын ақын шынайы бейнелеген. Поэманың бүкіл рухынан сол бір тұстың келбеті айқын білінеді. Поэма кейіпкерлері Қараш, Шәукеннің, күдікшіл, күйкі бастықтың теріс істерінен – жеке адамға табыну уақытындағы сұрқиялықтың бет-бейнесі айна-қатесіз көрінеді.

    Поэманың алғашқы нұсқасындағы шұбалаңқылықты автор сәтімен өңдеп, оны ықшамдады. Екінші дүние жүзілік соғыс кезінің оқиғаларын түгел алып тастап, поэманы тек қана 30-жылдардың оқиғасына негіздеп жазды. Жезқазған, Қарсақбай өндірісіндегі кен өндірудің сүреңсіз жолдармен ұзақ сонар әңгімелейтін шумақтарды қысқартып, оның есесіне еңбек адамының (Ақан, Ысқақ, т.б.) өндірістегі кейпін жақсы танытатын әдемі суреттер қосты.

    Міне, осындай түбірлі өзгерістердің нәтижесінде ақынның поэмасы біздің замандас өмірін айқын да әсерлі суреттеген  жұп-жұмыр жақсы еңбек болып шықты.

    «Тұрлаулы тағдырдан» кейін жазған Қалижан Бекхожиннің үлкен еңбегі -1971жылы жазған  «Теңіз дастаны» атты шығармасы. Ақьн бұл поэмасын Қазақстан Республикасының оңтүстігіндегі әйгілі құрылыс Шардара су қоймасын (Теңізін) салушы құрылысшылардың даңқты өмірін суреттеуге арнады. Құлазып шөліркеген жапан даланы сумен қарық қылып, оған күріш, жеміс өсірген, гүлдендірген, бет-бейнесін өзгерткен өз замандастары іс-қимылының романтикасын беруге ниеттенді.

        Қ.Бекхожиннің эпикалық поэмаларының бір саласы-азамат соғысы кезіндегі замандас өмірін суреттеуге арналған. Бұл тұрғыдағы алғашқы туындыларының бірі- 1940 жылы жазылған «Кек» атты поэмасы болатын.

        Ақьн «Кек» поэмасында Қазақстанның Кереку, Баян өңіріндегі азамат соғысы оқиғаларының нақты бір көрінісін суреттеген. 50 жылдардың екінші жартысында бұл тақырыпқа қайта оралып, «Дала комиссары» (1958-1960) атты екінші поэма жазды. Поэманы ақын қазақ халқының адал ұлы Әліби Жангелдиннің (1884-1953) өміріне арнады. Поэманың тағы бір кейіпкері Атанияздың да прототипі (түп тұлға) бар,өмірде болған тарихи адам. Ол-Адай (Маңғыстау) уезінің тұңғыш ревком төрағасы Тобанияз Әлниязов (1875-1930).

   «Дала комиссары» поэмасының «Құм жорығы» атты тарауы шабытпен жазылған, шынайы шумақтарға толы. Бұл тарау Әліби Жанкелдиннің атақты 1918 жылғы экспедициясын суреттейді. Әліби Жанкелдин әскерінің Маңғыстау түбегіндегі құмда жортып жүрген адай жауынгерлерімен кездесу эпизоды көтеріңкі пафоспен, романтикалық леппен жазылған. Поэманың бұл тұстарында дала батырларының өр бітімі көзге айқын елестейді.

    Замандастарының ерлік, батырлық тұлғасын аша түсуге Қ.Бекхожин өзінің 1941-1945 жылдарғы екінші дүние жүзілік соғыстың кезеңіне арналған эпикалық туындыларында едәуір еңбек сіңірді. Сол кезеңнің шежіресі іспетті бірнеше патриоттық өлеңдермен қатар, екі поэма жазды. Оның бірі -ақынның 1941 жылы жазған «Александр Невский» атты шағын поэмасы болатын. Соғыс тұсында өткен ғасырлардағы басқыншы жауларды талқандаған бұрынғы батырлардың ерлігі отандастарымызға рух беріп, дұшанды қиратуға белгілі дәрежеде үлгі-өнеге болғаны бар. Осы жаймен байланысты, сол тұста бұрынғы батырлардың ерлігін суреттейтін қазақ әдебиетінде бірнеше шығармалар жазылды. XIII ғасырда Ресей жеріне шабуыл жасаған неміс басқыншыларын талқандаған ірі қолбасшы Александр Невскийге арналған қазақ поэзиясында екі поэма дүниеге келді. Оның бірі Қ.Бекхожин поэмасы болса, екіншісі ақын Ә.Тәжібаевтың Александр Невский туралы толғауы еді. Тақырыптас екі поэманың да идеялық мақсаты, көздеген нысанасы бір болатын. Бұрынғылардың ұлы ерлігін толғай отыра, екінші дүние жүзілік соғыс майданындағы жауынгерлердің рухын көтеріп, жігеріне жігер қосуды олар басты мұрат деп білді.

    Қ.Бекхожинің «Александр Невский» поэмасы сол бір қаһарлы жылдарда отандастарымызды ерлікке рухтандырып, жауды біржолата талқандауға шақырған жалынды, патриоттық шығармалардың бірі ретінде эпикалық поэманың тарихында елеулі із қалдырды.

    Екінші дүние жүзілік соғыс жылдарында Қ.Бекхожиннің жазған екінші поэмасы - «Жиырма сегіз» (1942). Ақынның бұл шығармасы сол қаһарлы мезгілдегі отандастарымыздың асқан ерлігінің нақты бір көрінісін бейнелеуге арналған. Поэмада өмірде болған оқиғалар, тарихи адамдардың өмірі суреттеледі. Дәлірек айтқанда, соғыста ғажайып ерлік көрсетіп, патриотизмнің жарқын үлгісін танытқан әйгілі жиырма сегіз панфиловшы батырлардың өмірі поэма мазмұнының арқауы болды.

    Қ.Бекхожин поэмасының идеялық нысанасы жаудың елу танкісімен соғысқан жиырма сегіз батырдың жер жүзін таңқалдырған ерлік істерін, қаһармандық бейнесін көркем сөз кестесімен бейнелеу еді. Тұтастай алғанда, даңқты жауынгерлердің аңызға айналған ерлік образын ақын өз поэмасында дұрыс та лайықты түрде көрсете алды.      

    Өзінің шығармашылық сапарында замандас өмірін шежірелеуге көп еңбек сіңірген ақынның тағы бір эпикалық туындысы–1964 жылы жазылған оның «Сұңқар туралы аңыз» атты поэмасы болатын. Поэма қазақ халқының XX ғасырдағы аса ірі ақындарының бірі Сәкен Сейфуллинге (1894-1838) арналған. С.Сейфуллин бейнесін жасау мақсатымен қазақ қаламгерлерінің бірнеше көркем шығармалар бергені аян. Прозадағы Ғабит Мүсіреповтің «Кездеспей кеткен бір бейне» (1966), С.Талжановтың «Сейфолланың Сәкені» (1959) атты повестері, драматургиядағы Ә.Әбішевтің «Сәкен» (1965), С.Мұқановтың «Сәкен Сейфуллин» (1966), Қ.Сатыбалдиннің «Ұзақ жол» (1969) пьесалары мен поэзиядағы Ә.Тәжібаевтың «Монологтер» (1966), С.Сейітқазинің «Біздің Сәкен» (1968) поэмалары көрнекті шығармалар еді. Қ.Бекхожиннің поэмасы да осы аталған шығармалардың қатарынан орын алған елеулі эпикалық шығарма.

    Кезінде Қ. Бекхожин шетел халықтарының өмірі туралы бірнеше өлең жазған. Ол туындыларында ақын шетел еңбекшілерінің азаттық үшін күресін, халықаралық империализмнің жыртқыштық саясатын бейнелеп берді. Қазіргі дәуірдегі әдебиеттің аса маңызды бұл тақырыбына ақын шағын өлеңдерімен қатар, бірнеше поэма да арнады. Олар – «Гималай сарыны» (1972), «Америка хикаяттары» (1972).

    Шетел тақырыбына жазылған Қ.Бекхожин поэмалары оның авторының тақырыптық шеңберінің кеңдігін, шығармашылық құлашының ауқымдылығын анықтай түсті. Үш бірдей поэмасымен үш құрлықтың (Америка, Азия, Африка) еңбекші жұртшылығының империализм дүниесіне қарсы прогрессивтік қозғалысының шындығын бейнеледі.

    Халықтың ертедегі тарихи өмірін бейнелеуде қазақ ақындарының ұзақ жылдар бойы елеулі іс тындырғаны баршаға аян. Олар идеялық-көркемдік дәрежесі биік көптеген туындылармен қазақ әдебиетінің көркемдік арсеналын байытты. М.Жұмабаевтың, С.Мұқановтың, С.Сейфуллиннің, І.Жансүгіровтің, Ә.Тәжібаевтың, И.Байзақовтың, Ж.Саинның, Ә.Сәрсенбаевтың тарихи тақырыптағы поэмалары қазақтың эпикалық поэзиясының алтын қорына қосылып, оның абыройын асырып, мәртебесін биіктетті.

    Тарихи тақырыпты жырлауда қыруар шығармашылық ізденістер жасап, көп еңбек сіңірген эпиктердің бірі Қалижан Бекхожин. Ол тарихи тақырыпқа «Ақсақ құлан» (1939-1963), «Батыр Науан» (1940), «Мариям Жагор қызы» (1949-1954), «Соңғы сайран» (1969), «Аппақ намә» (1974), «Сері күйші» (1989) сияқты бірнеше поэма жазды.

        «Ақсақ құлан» – Қалижан Бекхожиннің тарихи тақырыпқа жазған бірінші поэмасы. Оның дүниеге келуінің өзіндік сыры да бар. Қазақтың әйгілі ақыны Ілияс Жансүгіров аты шулы «Күй» (1929), «Күйші»(1934), «Құлагер» (1936) сияқты поэмаларымен ұлттық поэзияның тарихында тұңғыш рет өнерді, өнер адамын биік шеберлікпен жырлаудың көркемдік дәстүрін қалыптастырғаны белгілі. Эпикалық поэзияның алтын қазығы болған сол жарқын дәстүрді кейінгі толқын ақындар дүр еткізіп жалғастыра жөнелді. Көпшілік ақындар әйгілі жыр дүлдүлін өзіне тікелей ұстаз санап, соған еліктеді де, шығармашылық жолмен үйренді де. Сол отызыншы жылдары жазылған Ә.Тәжібаевтың «Оркестр» (1935), «Күй атасы» (1938), «Абыл» (1940), Қ.Бекхожиннің «Ақсақ құлан» поэмалары І.Жансүгіров қалыптастырған өнер тақырыбын жырлаудың жалғасы, әрмен қарай өрістеуі болатын. Оларға І.Жансүгіровтің көркемдік ықпалы болғаны анық. «Ақсақ құланды» жазған Қ.Бекхожин І.Жансүгіровтің өз басына тікелей жасаған әсері жөнінде былай деген еді: «Күй», «Күйші» дастандарынан кейін Әбділданың «Абыл», «Оркестр» сияқты жақсы поэмалары туғандықтан да Ілияс дәстүрінің қазақ поэзиясында өріс алғандығын аңғарамыз. Ілияс секілді кемеңгер ақынға өзімді шәкірт санайтын мен «Ақсақ құлан» атты дастанымды сол игі дәстүрдің  өнегесімен жазғанымды дәйім сүйінішпен айтамын»– дейді Бекхожин.  

        Байқап отырсақ, «Ақсақ құлан» мен І.Жансүгіровтің күй тақырыбындағы поэмаларының арасында сыртқы да, ішкі де ұқсастықтар аз емес. Мәселен, екі поэмада халық жадында сақталған аңызға негізделгені бәрімізге мәлім. І.Жансүгіровтің «Күй» поэмасы әйгілі «Боз інген» аңызына арналса,Қ.Бекхожиннің поэмасы атақты «Ақсақ құлан» аңызына негізделген. Екі ақын да аңызды шығармаға өзекті арқау етіп алғанмен, оның әлеуметтік мәнін тереңдетіп, поэзияның құдырет-күшімен қайтадан түлетіп, құлпырта жаңғыртты.

    Тыма күйшінің ішкі сезімі, ой әлемі арқылы Қалижан Жошы хан бастаған монғол шапқыншылығының қазақ даласын жойқын апатқа ұшыратуын айқын бейнелейді. Міне, осыдан ары қарай оқиға жалғаса, өрби береді де, Жошы ханның қалың бұқараға көрсеткен жауыздығы нақты-нақты өмір көріністері арқылы ашылады. Астындағы тұлпарын тартып алып Тымаға көрсеткен ханзаданың өктемдігі жалғыз Тыма емес, бүкіл халыққа істеген оның шексіз озбырлығының бет бейнесін аңғартады. Ал Тыманың қанат-серігі ат-құланның ханзаданы өлтіріп кетуі шапқыншы, басқыншыларға қарсы жергілікті халықтың ыза-кегінің, қаһарының нақты көрінісін меңзейді деп айтуға болады. Поэма эпилогындағы Жошының өлімі де шығрманың өн бойындағы басты идеяны–шапқыншыларға қарсы халық күресінің шындығын анықтайды. Поэманың осы бір идеялық негізіне сүйене отырып, оны XIII ғасырдағы моңғол басқыншыларына қарсы қазақ халқының ерлік күресінің бір эпизодын берген тарихи туынды деп тануға да болады.

           Шын ақын – өз халқының адал да төл перзенті, абзал азаматы. Өйткені оның бүкіл тұлға-бітімі, жан дүниесі, арман-мақсаты, қайғы-қуанышы – бәрі-бәрі өзінің туған халқымен етене бірігіп, біте қайнасып, табиғи тұтасып кетуге тиіс. Сондықтан да ақын тек қана халықтың тіршілігімен тыныстайды, оның жүрегі үнемі халық деп соғады. Олай болса, оның шығармашылық әлемінен тек халықтың мұң-мүддесін жырлау ғана орын алуы ауадай қажет. Халық тарихын жырлағанда да ақын – оның өмірінен түбегейлі орын алған асулы-белесті оқиғаларды ғана таңдап алып, өз шығармасына арқау, өзек етіп отырады.Қалижан Бекхожиннің шығармаларынан да негізінен өз халқының тарихындағы ұлы белесті оқиғалардың бейнеленгенін көреміз.

           Қазақ халқының өткен тарихындағы аса маңызды бір кезеңге арналған ақын поэмасы– «Батыр Науан». Бұл поэма тұңғыш рет 1940 жылы «Тарту» атты жинақта және «Екпінді» (Семей облысы) газетінің 1940 жылғы қазан айының № 240 санында жарияланған.

    Қазақ халқының үш ғасыр бойы (ХVІІІ-ХХ) Ресей патшалығының отаршылығында аяусыз жаншылып, тепкіде езіліп келгені тарихи шындық. Сол отаршылдыққа қарсы қазақ халқының талай-талай айбынды ерлік көтерілістерінің болғаны да тарихтан аян. 1783-1797 жылдары Сырым Датов бастаған,1836-1837жылдары Исатай-Махамбет бастаған, 1837-1847 жылдары Кенесары Қасымов бастаған көтерілістер, 1916 жылғы қазақ даласын жаппай қамтыған ұлт-азаттық қозғалысы Ресей отаршылығына қарсы айтулы оқиғалар болатын. Ең соңғы, 1986 жылғы Алматы қаласындағы желтоқсанның 17-18-індегі тарихи қанды оқиға да Ресей отаршылығының халыққа жат саясатына қарсы өткір наразылық білдірген төтенше ерлік қимыл-әрекет еді. Міне, осы тарихи оқиғалардың бәрі де қазақ әдебиетінен өз мезгілінде айқын көрініс тауып отырды. Қ.Бекхожиннің Кенесары Қасымовтың Ресей отаршылығына қарсы батырлық күресіне арнап поэма жазуы да осының бір көрнісі еді.

    «Батыр Науан» – азамат ақынның жүрегін жарып шыққан, шын тебіреніске толы, жігерлі, шабытты туынды. Ол отаршылыққа қарсы қаһармандықтың көркем шежіресі іспетті. Поэмада патша отаршыларының жер қайысқан қарулы солдат пен келіп, бейбіт қазақ ауылын  қанды қырғынға ұшыратуы жан тебірентерлік жыр жолдарымен суреттелген. Шексіз зұлымдық иесі отаршылдарға қарсы Кенесарының інісі Наурызбай батырдың ерен ерлікке толы күресі, батырлық қимылдары оқырманның айызын қандырып отырады. Халық батыры Наурызбайдың поэмадағы өр тұлғасы –ақынның биік көркемдік табысы дерлік. Поэманың тілі де шұрайлы. Бастан-аяқ ақынның құдіретті шабытымен толғанған көркемдік бітімімен мін табу қиын. Қазақ халқының қас дұшпанына қарсы ерлік күрестің шынайы шежіресіндей болып шыққан «Батыр Науан» қазақтың эпикалық поэзиясының тарихындағы аса көрнекті шығарма.

    XIX ғасырдағы Ресей отаршылығына қарсы Кенесары Қасымов бастаған қазақ халқының ерлік көтерілісіне әділетсіз, теріс баға берілудің кесірінен, Қ.Бекхожин поэмасы ұзақ жылдар бойы қиянатшыл ауыр сынға ұшырады. Осы поэмасы үшін Қ. Бекхожиннің өзі де жазықсыз қудаланды. Көп жылдар бойы үстемдік құрған тоталитарлық режімнің күйреуінен кейін, халықтық демократияның елімізде салтанат құрған жаңа жарқын дәуірінде ғана «Батыр Науан» поэмасы өзінің әділ бағасына ие болды. Поэма «Жұлдыз» журналының 1990 жылғы 12 санында жарияланып, қалың оқырманның рухани игілігіне айналды.

        Қалижан Бекхожиннің тарихи тақырыпқа «Батыр Науаннан» кейінгі жазған көрнекті еңбегі - «Мариям Жагорқызы». Бұл поэманың да екі нұсқасы бар. Бірінші нұсқасы 1949 жылы жазылып, 1950 жылы жеке кітап болып басылған. Поэманың басты кейіпкері тарихи болған адам-Мариям Жагорқызы, шын аты-жөні Рекина Мария Егоровна, 1887 жылы қазіргі Ақмола обылысы, Қорғалжын ауданында туып, 1950 жылы қайтыс болған халық өперпазы. Мария Егоровнаның 1917жылға дейін өзі шығарған «Дударай» атты атақты әні - халық арасына кең таралған шығарма. Мария Егоровна Рекинаға 1945 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері деген құрметті атақ берілді. Ол 1948 жылы Қазақстан  композиторларының I съезіне делегат болып қатысты.

   Мария Егоровна Рекинаның өмірі жайлы композитор Е.Р.Брусиловский 1953 жылы «Дударай» атты опера жазып, ол сол жылдан бастап, Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында қойылды.

   Осындай тарихи адамның өміріне арналған қазақ әдебиетіндегі бірінші үлкен шығарма 1950 жылы жарияланғаннан кейін сынға ұшырады.

   Осы сындарды ескерген ақын поэманы өңдеп, жөндеп, қайтадан жазды. Поэманың өңдеп, түзетілген екінші жаңа нұсқасы 1954 жылы аяқталып, 1955 жылы жеке кітап болып шықты.

    Поэманың екі нұсқасын салыстыра қарағанда, ақынның оған түбірлі өзгерістер жасағанын көреміз. Поэмадағы кейіпкерлерді сол күйінде қалдыра отырып, олардың арасындағы біраз жағдаяттарды өзгертіп жіберген. Алғашқы нұсқада Дүйсен мен Мариямның қосылуына кедергі–Ыдырыс байдың туысының қызын Үкеннің баласына атастырып қоюы еді. Сол қыз Рахилаға Дүйсенді үйлендірмек болған әрекеттерге көп тосқауыл болған-ды. Поэманың жаңа нұсқасынан Рахиланы және онымен байланысты эпизодтарды автор алып тастаған. Поэманың алғашқы нұсқасында Өрік бір кедейдің қызы еді де, оны бір бай тоқалдыққа алып кететін-ді. Соңғы нұсқада Өріктің әкесі бір бай орыстың малын бағып жүріп, үсіп өледі де, оны Ыдырыс болыс қасына көшіріп алады. Өрікті Ыдырыс болыс тоқалдыққа өзі алмақ болып жүргенде, жылқышы Базар алып қашып кетеді де, орыс хуторына барып Тимофей шалды паналайды. Ислам, Христиан діндері жөніндегі жағдаят, топшылауларды екінші нұсқасында алып тастаған. Мариям мен Дүйсеннің қосылуына қыз шешесінің қарсылығын жұқартып қана айтады да, екі жастың қосылуына Үкеннің қарсы болуын автор жаңадан қосқан. Бұның дәлелдемесін де нанымды шығарған. Поэмадағы Үкен ескілік әдет-ғұрыптың

шырмауындағы адам. Екіншіден, оны Ыдырыс болыстың азғыруы да өз баласының Мариямға үйленуіне әкенің қарсылығына негізгі себеп болып шыққан.

   Поэманың екінші нұсқасында автор Дүйсеннің, Алексейдің, Тимофейдің бейнесін айқындай түскен. Сондай-ақ Ыдырыс болыс, Андрейдің теріс істерін кеңірек баяндап, олардың ұнамсыз кейпін ашуға тың детальдар қосқан.

Ақын Дүйсеннің халық көтерілісін басқаруға даярлығы жоқ еді деген сынды да ескеріп, оның сол тұстағы әлеуметтік өмірге араласуын толықтырып, адамдар арасындағы теңсіздік туралы көзқарасын тереңдете түскен. Сондай-ақ автор Мариямды «қазақыландырып» орыстық келбетін көмескілендіріп жіберген деген сынды да ескеріп, Мариямның өз ұлтының рухын танытатын штрихтар қосқан (сөйлеген сөзі, орысша ән салуы, гармонь тартып, би билеуі, қазақ құрбыларына орыс биін үйретуі, т. б.).

   Поэмадағы автордың енгізген ең басты да түбірлі өзгерісі шығармада қазақ даласындағы әлеуметтік теңсіздікті толық сипаттап көрсетуі. Әрбір кейіпкердің келбетін, мүддесін айқын бейнелеу үшін тың детальдар берілген. Автор 1917 жылға дейінгі қазақ ауылындағы тұрмыс қиындықтарын суреттеген «Жұт» атты жаңа тарау қосқан.

   «Мариям Жагорқызы» поэмасының соңғы нұсқасында Дүйсен мен Мариямның арасындағы махаббат сезімі, олардың ұнамды келбеті алғашқы нұсқадан гөрі терең де толық сипатталғанын көреміз. «Мариям Жагорқызы» шын мәніндегі эпикалық, сюжеттік поэма. Поэмада кейіпкердің ара қатынасына, оқиғаларға құрылған бірнеше сюжеттік желі бар. Дүйсен -Мариям, Андрей-Мариям, Дүйсен-Андрей, Базар-Өрік, Ыдырыс-Дүйсен, Ыдырыс-Өрік, Үкен-Жагор, Базар-Тимофей, Дүйсен-Алексей, Дүйсен-Хазірет, т.б. арасындағы жағдайларды суреттеу арқылы поэманың сюжеттік желісін автор шебер өрбітеді. Поэма желісінің негізі – тартыс. Тартыс болғанда, негізінен, әлеуметтік тартыс. Жеке адамдардың арасындағы қақтығыс, қайшылықты ақынның әлеуметтік тартыспен табиғи ұштастыруы сенімді шыққан.

    Ақын сюжеттік арқауы берік, кең ауқымды эпикалық поэмасында бірнеше кейіпкердің әдеби тұлғасын сипаттап берген. Әрине, поэмадағы орталық бейнелер–Дүйсен мен Мариям. Екі жастың бір-біріне деген албырт ынтызарлығын, мөлдір махаббатын суреттей отырып, сол жастар өмір сүрген қоғамның әлеуметтік шындығының да бетін ашып көрсетеді. Автор бас кейіпкердің жеке басының мінезін оның әлеуметтік бітімінен ажыратпай, тұтас бейнелеуді мұрат еткен.

Поэманың бас кейіпкерлерінің бірі–Дүйсеннің жеке өмірі мен әлеуметтік тірішілігі қамшының өріміндей бірімен-бірі сабақтас суреттеледі. Яғни, оның адамдық мінезі де, әлеуметтік кейпі де айқын көрінеді. Сондықтан да ол әрі әлеуметтік аршынды істерімен, әрі махаббат майданындағы биік бітімімен толық мүсінделген. 1917 жылға дейінгі қазақ жастарының махаббат еркіндігін толғаған С.Мұқановтың «Сұлушаш», Ж.Саинның «Күләнда», И.Байзақовтың «Ақбөпе», т.б. поэмаларындағы Алтай, Әбікеш, Әмірхан сияқты кейіпкерлермен «Мариям Жагорқызындағы» Дүйсеннің ұқсас жақтары да, өзгешеленетін тұстары да бар екенін абайлау қиын емес. Олардың қоғамдағы күресінде кездестетін кедергілерді ескерсек, Дүйсенге тап болған тосқауыл Алтай, Әбікеш, Әмірханнан гөрі күштірек, сол замандағы көршілес екі ұлттың, орыс пен қазақ жастарының бір-біріне деген достық пен махаббатының тұңғыш қарлығаштары болып бейнеленген Дүйсен мен Мариямның махаббат жырының ұлттық поэзиядағы орны бөлек. Сонымен қатар, Дүйсеннің махаббат жолындағы хикаясы, өзіне ұқсас кейіпкерлерге қарағанда әлеуметтік, азаматтық тұлғасы кеңірек молырақ суреттелген.

Поэмадағы орыс қызы Мариямның бейнесі-автордың үлкен көркемдік табысы. Қарапайым еңбек адамы -балықшы отбасында өскен Мариямның көзге түсетін басты қасиеті-өз халқының абзал перзенті болып көрінуінде. Ол да әке-шешесінің жастайынан қолқанаты болған еңбек адамы.

Көркемдік сапасы мол, идеялық мазмұны терең «Мариям Жагорқызы» - XX ғасыр басындағы қазақ даласындағы әлеуметтік шындықтың эпикалық суретін жарқын суреттеген іргелі шығарма. Ол қазақ әдеби сыны мен әдебиеттану ғылымында әділ де лайықты бағасын алды.

Қалижан Бекхожин қазақ халқының мәдени тарихында көрнекті орын алатын қайраткерлер туралы поэма жазуын бұдан кейін де жалғастырды. Ол араға бірнеше жылдар салып, 1969 жылы атақты ақын, сазгер, әнші Ақан сері Қорамсаұлы (1843-1913) туралы «Соңғы сайран» атты поэмасын оқырман қауымға ұсынды.

Қорамсаұлы Ақанның XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті мен саз өнері тарихында үлкен орын алатын аса көрнекті дарын иесі екені барша қауымға аян. Ақанның өмірі мен шығармашылығы едәуір зерттеліп, көптеген ғылыми еңбектер жазылғаны да белгілі. Халықтың сүйікті перзентіне айналған үлкен дарынның өмірі ақын, жазушы, сазгерлерді де қызықтырып, әр уақытта олардың көңілін аударып отырды.

Оған арналған әр алуан туындылар жарық көріп, әдебиет пен өнерде Ақан серінің көркем бейнесі жасалды. М.Әуезов пен С. Мұқановтың «Ақан-Зайра» (1935) пьесасы, І.Жансүгіровтің «Құлагер» (1936)поэмасы, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» (1941) пьесасы, С.Жүнісовтің «Ақан сері» (1971-1977) атты екі томдық романы, С.Мұхамеджановтың «Ақан сері-Ақтоқты» операсы (1982) (либреттосын жазған Ғ.Мүсірепов)–Ақан сері өмірін әр қырынан бейнелеген әдеби-музыкалық туындылар. Осы аталған шығармалардың қатарына Қ.Бекхожиннің «Соңғы сайран» атты поэмасы келіп қосылды (1969).

Ақан сері өмірі көптеген қайғылы оқиғаларға толы -ауыр да азапты болған. Көңілі мен жан дүниесінің қуанышы, өмірінің рақаты -атақты Құлагерінен, алғыр қыраны Қараторғай мен тазысы Базараладан айырылуы, сүйген сұлуы Ақтоқтымен байланысты хикаялар, Ресей отаршыларының озбырлықпен атамекенін тартып алуы сияқты оқиғалар, Ақанның жанын қинап, оған қатты әсер еткені тарихтан мәлім. Осыған байланысты ол жұрттан, елден бөлектеніп, оңаша өмір сүрген. Төтенше қайғыға, мұңға берілген. Осы кезде Ақан туралы оны сүйетін қауым әр түрлі аңыз, ертегілер айта бастаса, жек көретін дүшпандары Ақанды есінен ауысты, жынданды, «пері қызына үйленіпті-міс» деген сияқты алып қашпа өсектер таратқан.

Қ.Бекхожин поэмасында Ақан өмірінің соңғы дәуірі суреттелген. Поэмада Ақанның ел-жұрттан аулақтап, Қоскөлдің жағасында оңаша өмір кешкен сәттері көрінеді. Көл жағасында қайғыға, мұңға батып отырып Ақтоқтысын ойлауы, онымен бірге өткізген күндерін еске түсіруі оқырманды қатты толқытады. Ақан мен Ақтоқтының өлмес, өшпес аяулы махаббаты романтикалық леппен, көтеріңкі пафоспен тебірене суреттелген. Үнемі сұлулыққа, тазалыққа табынған Ақанның асыл бітіміне, шалқар жан дүниесінің әсемдігі мен ғажайып сырларына автор сүйсініп, бас иеді, ардақтайды, құрметтейді.