2.9. Қалижан Бекхожиннің өмірі мен шығармашылығы (жалғасы)


«Соңғы сайран» поэмасының реалдықтан гөрі, символикалық, романтикалық сипаты басым. Осымен байланысты поэманың кей тұстары өз оқырманын қиял, елес жетегіне ертіп, белгісіз дүниеге қарай бұрып әкететіні бар. Әрине, мұндай жайт шығарманы онша көріктендіріп тұрған жоқ. Дегенмен, тұтастай алғанда, «Соңғы сайранның» Ақан сері өмірінің соңғы шағын белгілі дәрежеде тартымды бейнелеген поэма екені даусыз. Онда -Ақан мен Ақтоқты жайлы халық аңызы жаңғырта жырланған. Өмірден қатал соққы жеп, қартайған шағында ауыр трагедияға ұшырап, жан дүниесі аласапыран күйге түскен үлкен өнер иесі өмірінің бір сәтін көзге елестетеді.

    Кезінде Шығыстың ұлы ақыны Низами туралы қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов «Қыпшақ қызы Әппақ» (1983) атты дарамалық поэма, ақын Қалижан Бекхожин «Әппақ-нәма» (1974) атты поэма жазды. Низами туралы қазақ жазушыларының бұл шығармалары өз тұсында қазақ әдебиетіндегі елеулі құбылыс болды. Низами бейнесін сомдаған Ғ.Мүсірепов пен Қ.Бекхожиннің шығармалары біріншіден, қазақ қаламгерлерінің тақырыптық кеңдігін байқатса,екіншіден, туысқан әзірбайжан, қазақ халықтарының ежелгі тарихи тығыз байланысын аша жырлаған өміртанытушылық сипатымен құнды.

    Низами 1173 жылы 32 жасында Әппақ атты қыпшақ қызына үйленген деген тарихи дерек бар. Қ.Бекхожин «Әппақ-нәма» поэмасының сюжетіне сол тарихи деректі негіз еткен. Автор Низамидің Әппаққа деген махаббатын суреттеумен қатар, оның әлеуметтік, шығармашылық келбетін беруді де нысана тұтады.

    Қ.Бекхожин поэмасында Низами өз заманының озық ойлы, өр тұлғалы, абзал азаматы ретінде берілген. Бұл ретте автор Низамидің өз шығармаларына сүйене отырып, оның ақындық-азаматтық бітімін дұрыс бейнелеуге толық мүмкіндік тапқан. Поэмадағы Низамидің Дербенд әміріне айтқан шебер Симнар туралы бәйіті, Арыстан шахқа жырлап берген ескі бәйіттегі байғыз әңгімесі немесе Фирдоуси жайындағы бәйіті оның ақындық бітімінің өрлігін, өткірлігін, шыншылдығын танытады. Сол дәуірде билік құрған патшалардың мейірімсіздігін, жауыздығын әшкерелей білген Низамидің әлеуметтік, азаматтық тұлғасы биік екеніне қалтқысыз сенесің. Сондай-ақ, ақын Низамидің жан дүниесінің ішкі көріністерін де ше-берлікпен бейнелеп берген. Қыпшақ сұлуы Әппаққа деген Низамидің сезім күйлерін, ынтықтығын-ынтызарлығын тебірене толғаған. Әппақ қазасына Низамидің құлай қайғырып, аза жырын шығаратын тұстары да сенімді. Поэманың бұл беттеріндегі үлкен ақындық өнермен суреттелген Низамидің жан күйзелісі алуан сырлы, әрі бай. Шығармашылықпен айналысатын адамның өмірін көркем әдебиетте, әсіресе, поэма жанрында суреттеп, оның образын шығару оңай шаруа емес. Бұл–көп еңбектенуді, ұзақ ізденіп, қыруар тер төгуді тілейтін күрделі шығармашылық процес. «Әппақ-нәма» поэмасын Қ.Бекхожин ұзақ жылдар ізденіп, көп уақыт іштей дайындалып барып жазғаны байқалады. Ақынның бұлайша еңбектенуі тиісті нәтижесін берген. Туысқан әзірбайжан халқының кемеңгер ақыны Низамидің жарқын образының жасалуы тек қана Қ.Бекхожин шығармашылығының абыройын асырып қойған жоқ, қазақтың сол тұстағы эпикалық поэзиясының идеялық -көркемдік қорын байытқан үлкен әдеби оқиға болды. «Әппақ-нәма» поэмасы – шығармашылықпен айналысатын адамның бейнесін кемеліне келтіре суреттеген І.Жансүгіровтің «Құлагер», Ә.Тәжібаевтың «Ақын», Х.Ерғалиевтің «Құрманғазы» сияқты поэмаларының қатарын толықтырған татымды туынды.

        Тұтастай алып қарағанда, Қалижан Бекхожин қазақтың эпикалық по-эзиясында тарихи тақырыпты еркін меңгеріп, жемісті еңбек еткен үлкен эпик ақын. Ол бұл жүйедегі поэмаларында арғы-бергі халық өмірін өзі өмір сүрген мезгілдің биігінен қарап суреттеді. Тарихи шығармаға қажетті материалды тарихи болған оқиғалардан, тарихи белгілі адамдардың өміріндегі белгілі деректерден іздеп табуға тырысады. Оларды өзінің шығармашылық зертханасынан, ой-қиял дүниесінің елегінен өткізіп барып, тың көркем туындыға айналдырады. Тарихи шындық пен көркемдік шьндықты шебер қабыстыра біледі. «Ақсақ құлан», «Батыр Науан», «Мариям Жагорқызы» поэмаларының ақынның шығармашылық өсу жолындағы кезеңді шығармалар болғаны осыдан.

    Қ.Бекхожин шығармашылығының қайнар бұлақ көзі – өз халқының өмірі. Ол әр уақытта да туған елі –Қазақста Республикасының шабытты жыршысы болды. Өз отандастарының өмірін үзбей жырлау-ақын шығармашылығының барлық кезеңдерінің негізгі арқауы.

    Қ.Бекхожин туған әдебиетінің поэзия саласымен қатар, драматургияда да еңбек еткен қаламгер. Оның әр түрлі тақырыпқа әр тұста жазған пьесалары Республика театрларында қойылып, жұртшылықтың ұнамды бағасын алғаны мәлім. Замандастар өмірін бейнелеген «Егер жүрек шын берілсе» атты үш актылы драмасы 1962-1963 жылдары Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақстанның мемлекеттік «Жастар мен балалар» театрында, «Нөсерден кейін» атты драмасы 1966 жылы Семейдің Абай атындағы драма театрында қойылды. Тарихи тақырыпты қозғайтын «Ұлан асу» атты драмасы 1973 жылы М.О.Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік драма театрында және С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театрында сахнаға шықты. Ал Халықаралық тақырыпқа арналған «Гималай сарыны» атты драмасы 1978 жылы Шымкенттің облыстық драма театрында қойылды.

    Қ.Бекхожин пьесаларының ішіндегі көрнектісі – «Ұлан асу» атты тарихи драма. Бұл драмада ол қазақ елінің тарихындағы аса елеулі оқиға–XVIII ғасырдағы шетел басқыншыларына қарсы қазақ халқының қаһармандық күресін суреттеп берді.

    Кейбір жағдаяттар, жекелеген деталь, штрихтар болмаса, негізінен драма кейіпкерлерінің әдеби бейнесі тарихи фактілерге, шындыққа сүйеніп жасалғаны толық байқалады. «Ұлан асу» драмасында тарихи шындық пен көркемдік шындық дұрыс сәйкестік тауып, Қ.Бекхожин өзінің негізгі идеялық нысанасына жетіп отырады.

«Ұлан асу» драмасында тартыстың сала-салалары баршылық. Қазақ елінің Ресейге қосылу мәселесі жөніндегі Абылай мен Жәнібек, Бөгенбай, Бұқарлардың қақтығысуы, БарақАйтолқын–Ботақан линиясы немесе жоңғар нояндары ӘмірсанаДабашы арасындағы шиеленіскен күреске Абылайдың қатысы сияқты сала-сала тартыс желілері өзара тұтасып барып, пьеса кейіпкерлерінің тағдырларын анықтап берген және шығарманың негізгі идеялық түйіндерін жан-жақты аша түскен.

        Абылай хан «Ұлан асу» драмасының бас кейіпкері. Оны бейнелеу үстіндегі авторлық позиция айқын. Қ.Бекхожин шығармасында Абылайды халық басына қатер төнген тар кезеңде айырықша еңбегімен көзге түскен ұнамды тұлға ретінде суреттеген. Драмадағы Абылай жоңғар шапқыншыларымен болған майданда төтенше ерлігімен танылады. Кейін жауға қарсы батыл жорықтарда қолбасы ретінде көзге түседі. Бұл бағыттағы оның басты сипаты қаһармандық, Қазақ елінің тұтастығын, бірлігін, елдігін көздеп, оның тәуелсіздігі, еркіндігі үшін күресуші ретінде де Абылай ұнамды әрекеттерге барады.

   Қазақ әдебиетінің әр кезіндегі жай-күйі туралы байыпты пікір толғаған Қ.Бекхожиннің әдеби-сын еңбектерінің өзі бір сала. Оған ақынның «Дәстүр және жаңашылдық» (1969), «Өлең өткелдері» (1986) деген әдеби-сын кітаптары куә.

    Қ.Бекхожиннің әдебиет жайында жазған еңбектерін екі салаға топтап қарастыруға болады. Біріншісіқаламгердің Қазан төңкерісіне дейінгі әдебиет жайлы ой-пікірлері, екіншісі - кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінің даму процесі және оның көрнекті өкілдерінің шығармашылығы туралы толғаныстары, тұжырымдары.

     Әдебиет жайлы Қ.Бекхожин еңбектерінен байқалатын бір жай, оның туған әдебиетін, қала берсе, орыс, дүние жүзі әдебиетінің арғы-бергі озық нұсқаларын көп оқып, көп білетін білімдарлығы, сол білімпаздығының арқасында әдебиеттің бағыт-бағдарына назар аударғанда өзінің байыпты талғампаздығын, сөз өнерінің құдырет-күшін, адам жанын байытатын эстетикалық әсерін жете танытуға күш салатындығы.

Қ.Бекхожин көне әдебиет мұраларын сөз етсе де, яки өз тұсындағы әдебиеттің мәселелерін қозғаса да,барлығына да халықтың, қоғамның бет-бейнесін әсемдікпен танытатын рухани зор байлық деп қарайды. Сол рухани байлықтан бөлшектемей, оның тұтас тұлғасын дұрыс бағалауды, қалың қауымға объективті түрде танытуды көздейді. Ол көшпілік еңбектерінде көркем әдебиеттегі дәстүр мен жаңашылдық мәселесіне көбірек назар аударды. Сөз өнеріндегі дәстүрдің үзілмей жаңарып, құлпырып, байып отыруын әдебиеттің қыруар фактілері арқылы талдады, нақты тұжырым-топшылауларын тиянақтай түсті.

Қ.Бекхожин көркем аударма саласында да өндіре еңбектенген қаламгер. Орыс және бұрынғы Кеңес Одағын мекендеген халықтардың аса көрнекті ақын, жазушыларының таңдаулы шығармаларын қазақ тіліне аудару арқылы ол туған халқының рухани қазынасын байытуға қомақты үлес қосты.

Ұзақ жылдар бойы әдебиеттің әр саласында өндіре, жемісті еңбек еткен Қалижан Бекхожиннің қазақ әдебиетінің тарихындағы орны үлкен. Ол өзінің идеялық-көркемдік дәрежесі биік көптеген шығармаларымен өз замандастарын имандылық, биік адамгершілік рухында тәрбиелеу жолында үздіксіз еңбек етті. Оның Отан, халық алдында алпыс жылға жуық сіңірген шығармашылық еңбегі әр уақытта да орынды, әрі лайықты бағасын алады.