1.4. 1941-1960 жылдардағы драматургия (жалғасы)


Екінші жаһан соғысынан кейінгі кезеңдегі әдебиет пен өнердің дамуын кеңестік идеология қатаң бақылауға алды. Соның ішінде драматургия мен театр кешегі жойқын соғыста фашистерді талқандаған кеңес халқының қаһармандық ерлігін суреттейтін пьесалардың жазылып, сахнаға қойылуын қатты қадағалады. Бұл нұсқаудан шығып кетіп немесе оған қайшы келген өнер шығармаларын қатты сынға алып, партиялық жолмен жазалап отырды. Осындай саяси сыннан қазақ драматургиясы да сырт қалған жоқ. Ақын -драматург Ә.Тәжібаевтың «Біз қазақпыз!» пьесасы ұлтшылдықты дәріптейтін шығарма ретінде партиялық қаулыға ілігіп, сахнаға қойылуға тыйым салынды. Орталық комитеттің «Драма театрларының репертуары және оны жақсарту шаралары» туралы қаулысы (1946) драматургия жанрының ауқымын тарылтып, сол тұстағы партиялық талапқа сай келмейтін шығармаларға шектеу қойды. Тарихи, эпостық материалдарға сүйеніп жазылған пьесалар репертуардан тыс қалды, сахнада жүріп жатқандары тоқтатылды.

Партиялық нұсқау негізінен, бүгінгі күннің мәселелерін көтеретін, кеңес елінің жетістіктерін суреттейтін шығармаларға көңіл аударды. Солардың бірі – кезінде ұлттық драматургияның мол жетістігі саналып, республика театрларының сахналарында табысты өткен Ә.Әбішевтің «Достық пен махаббат» пьесасы бүгінгі өмірді меңгерудегі әрі замандастар бейнесін жасаудағы шығармашылық ізденістің алғашқы нәтижесі еді. Мұнда, пьесаның атынан көрініп тұрғандай, кешегі сұрапыл соғыс кезіндегі халықтар достығы, жастардың шынайы махаббаты суреттелген. Қарағанды шахтерлерінің еңбек пен майдандағы ерліктері пьесаның сюжеттік мазмұнын құрайды. Бұл шығарманың басқалардан бір ерекшелігі – техникалық зиялы қауым, оның ішінде инженер бейнелерінің қазақ театры сахнасында тұңғыш жасалуында.

Пьеса өмірде болған оқиғаның негізінде жазылған. Донбастан Қазақстанға эвакуациямен келген механик Макаров (пьесада – Мирон Павлович) көмір өндіруді бірден арттыратын комбайн жасап шығарады. Осы техникалық жаңалықты қабылдаудың төңірегінен өрбіген қарама-қайшы пікірлерден пьесаның тартыс желісі тартылған. Тау-кен комбайнын жасау идеясы мен дүниеге келуін, ең алдымен шахтаның Сәуле басқарған инженер-техникалық тобы және облыстық партия комитетінің хатшысы – Абзал Тайманов қызу қолдаса, бұған қарсы топты шахтаның бастығы – Мырқал бастайды. Екі жақтың комбайн мәселесіне байланысты қайшылықтары іштей шиеленіскен айтысқа ұласып, бұған араласқан кейіпкерлердің бейнелік сипаттары айқындала түседі. Мирон Павлович пен Сәуле арасындағы техникалық бірлік пен адал түсіністік үйлесімді тұтастық тауып, шынайы достықтың үлгісі болып бсйнеленген.

Пьесада майдан мен елдің жүрегі бірге соққан халықтың ұлы жеңіске ұйтқы болған мызғымас достығымен бірге, бақытты жастардың айнымас биік махаббаты шынайы суреттелген. Сәуле, Нұрлан, Темір арасындағы махаббат жайындағы көріністер ішкі сезім, психологиялық толғанысқа құрылған. Сәуле ой – өрісі терең, сана – сезімі жоғары, инабатты да ұстамдылығының үстіне, сөзі мен ісіне берік жан болып дараланған. Ол әскери ұшқыш Темірмен кездескенде, оның жүрегін жараламай, жылы шырай білдіріп, адал достығын ұсынатын, сүйгені мен қалағаны тек қана Нұрлан екенін ашық сездіретін көрініс көңіл-күй арпалысымен нанымды бейнеленген.

Пьеса сахнада үлкен табыспен жүрді. Кезінде шығарманы мәдениет қайраткерлері жоғары бағалады. Бір пікірде: «Пьеса мазмұны жағынан идеялы, тұрмыспен байланысты, көруге қызықты болып шыққан» десе, енді біреуінде: «Пьесаның құндылығы оның бүгінгі өмірдің тілегіне сай, кеңес адамдарының ерлік-батырлық істерін жырлағанында, бір тілектес, бір ұрандас кеңес халқының достығын нақты істе көрсете білгендігінде» делінген. Тағы бірде пьеса мен қойылымды талдай келіп, «Достық пен махаббат»қазақ драматургиясында жаңалық, соны арнаға түсудің адымы»,деп әділ бағалаған.

Осы тұста «Правда» газетінің 1952 жылғы 7 сәуірдегі санында «Драматургияның артта қалуын жояйық» деген арнайы мақала жарияланды. Онда драматургтер мен сыншыларға социалистік реализм теориясы мен практикасының кейбір мәселелерін түсіндірген болып, олар драматургиялық шығармалардың негізі болып табылатын тартыс жайын дұрыс түсінбеуде деген айып тағылды. Мұның мазмұнын бекту үшін «Тартыссыздық теориясы» дегенді ойлап тапты. 50-шы жылдардың орта тұсындағы сыни әдебиетте «Тартыссыздық теориясы» деген терминнің жиі ұшырайтыны сондықтан.

Драматургиядағы тартыстың әлсіреуі – нақты өмір болмысындағы қайшылықтың диалектикалық сырын терең түсінбеуден туады. Ол социалистік қоғамның қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған дау-дамайсыз тұсын тілге тиек етіп, онда ішкі қайшылықтардың болуы мүмкін емес дегенге саяды. Тартыс желісінің әлсіздігі, әсіресе, соғыстан кейінгі кезеңдегі драматургияда айқынырақ көрініс тапты. Қоғам өміріндегі әлеуметтік қайшылық енді «жақсы мен тәуірдің» арасында өтетін жөнделген әрекеттің төңірегінен өрбіді. Мұндай құбылыс негізінен «өндірістік» деп аталатын пьесаларда молырақ кездесетін. Өмір болмысындағы қарама-қарсылықтың молдығына қарамастан, тартыстың болбырап босаңсуы оның белгілі бір өлшемге бейімделіп, штампқа айналуында. Драматургияның айықпас ауруына айналған, «тоқмейілсіген» көне көзқарастың құрсауында қалған өндіріс басшысы, немесе колхоз төрағасы мен «тынымсыз» жаңашыл болып келетін зауыт, немесе колхоз партия ұйымының басшысы арасындағы тартыс кең өріс алды. Бұл – бұрынғы одақ көлеміндегі көптеген драматургиялық шығармаларға ортақ құбылыс еді. Б.Ромашов, А.Штейн, А.Корнейчук, В.Кожевников, т.б. аса ірі драматургтердің пьесаларынан осы тартыссыздықтың сипаты еркін көрінетін.

Мұның дәстүрлі салқынын қазақ драматургиясынан да айқын аңғардық. Жоғарыдағы ұнамды қоғамдық пікірге ие болған «Достық пен махаббатта» жаңа көмір комбайнның жобасына қарсы шығатын шахта бастығы Мырқал мен механик Мирон арасындағы тартыс партияның ықпалы мен пьесаның орта тұсында шешіліп қалады. Автордың мұнан кейін жазған «Бір семья» пьесасындағы тартыс теңіз бен көл құрылысы төңірегінен өрбиді. Екіге бөлініп, қызыл кеңірдек болып айтысып жатқан кейіпкерлердің талас-тартысында шешілмей жатқан маңызды ештеме жоқ. Аумағы үлкенірек болса – теңіз, кішірек болса – көл болып шығатыны өзінен – өзі түсінікті. Мұнан жоталы тартыс тумайтынын айтып жатудың өзі артық.

Ә.Тәжібаевтың «Жалғыз ағаш орман емес» (бұрынғы аты – «Гүлден, дала»), Ғ.Мұстафиннің «Миллионер», т.б. пьесалардағы тартыс ескі көзқарастағы керітартпа колхоз төрағалары мен партком хатшылары арасындағы жасанды тартысқа құрылған. Мұндай пьесалар репертуарға тұрақтамай, театрдың шығармашылық ізденістеріне ықпал ете алмады. Бұл жағынан алғанда, тартыссыздық драматургия жанрының дамуына үлкен кесірін тигізген құбылыс болғаны ақиқат.

Ұлттық драматургиямыздың дамуына мол еңбек сіңірген жазушының бірі – Шахмет Хұсайынов еді. Оның көптеген пьесалары театр репертуарынан берік орын алды. Солардың ішінде «Кеше мен бүгін», «Таныс адамдар», «Алдар Көсе», «Сахара үстіндегі жалау», «Құлпырма тон», «Шаншарлар», «Есірткен ерке» пьесалары драматургтің 1986 жылы шыққан үш томдық шығармалар жинағына енді.

«Кеше мен бүгін» пьесасы басында «Марабай» деген атпен 1941 жылы сахнаға қойылды. Автор мұны қайтадан өңдеп, 1955 жылы академиялық драма және облыстық театрлар сахналарына ұсынды. Мұның тартыс желісі пьеса кейіпкерлерінің кешегі және бүгінгі өмір болмысына деген көзқарасынан құрылған. Қазақтың кең даласындағы бос, жатқан жерді халықтың игілігіне жарату мақсатымен Марабай егін мен мал шаруашылығын дамьтуды көздейтін жоспар ұсынады. Ғылым мен тәжірибенің жетістіктеріне сүйенген бұл жоспарға трест директоры Есіркеп пен оның жандайшаптары қарсы шығады. Пьеса әрекетінің дамуына қарай ширап, үдей түсетін екі басшы арасындағы осы тартыс орбитасына кейіпкерлер еріксіз түгел тартылады. Осыған орай олардың көзқарастары және мұрат – мақсаттарымен бірге, характер ерекшеліктері де барынша айқын ашылып, даралық сипаттарымен көрінеді.

Шығарманың орталық кейіпкері Марабай – ауыл өмірін гүлдендіріп, елдің тұрмысы мен мәдениетін көтеруді ғылыми тұрғыдан қарастырған жаңашыл жан. Ұзақ жылғы ізденісінің нәтижесінен туған жоспарын жүзеге асыру жолында ол ешбір қиындыққа мойымайды. Қызметінен алынып, жала жауып жанталасқан жауларының қаскүнемдік әрекеттеріне ұстамдылық танытып, байсалдылықпен әшкерелейді. Ол өсек-аяң, өтірік көлгірсуді, жалпақшешейлік жағынуды жаны сүймейтін адал азамат болып бейнеленген. Марабайдың іскерлігі мен шыншылдығын, парасаттылығы мен қарапайымдылығын құрметтейтін агроном Серік, совхоз директоры Захаров сияқтылардың қолдауымен оның жоспары жоғары жақта бекітіліп, бүгінгі жаңашылдықтың салтанат құруымен пьесаның шымылдығы жабылады.

Драма тартысының қарама – қарсы жағындағы Есіркеп – үйренген ескі сүрлеуден шықпайтын, Марабайдың жаңашыл ойы мен мақсатын түсінуге өресі жете бермейтін жан. Маман әрі ұйымдастырушылық қабілеті мол адал қызметкерлер үстемдік алған сайын өзіне төнген қауіпті түсінетін. Ол қызғанышы мен өшпенділігін өршітіп, қарсыласын қалайда құртып жіберуге қолынан келгенінің бәрін істеп бағады. Есіркеп бейнесіне драматургтің ұйымды тапқан бір штрихы–әшейінде көсіле сөйлеп, батыл көрінетін Есіркеп Марабаймен бетпе-бет кездескенде, бүгежектеп, оның жүзіне тура қарай алмай, ақиқат алдында әлсіздігін танытатыны – драматургиялық тапқырлық.

Мұның сойылын соғатын төңірегіндегілер – Сабатай мен Үдері болымсыз да күлкілі әрекеттерімен дара шыққан бейнелер. Ол орынбасарлық қызметте жүріп, өзінен бір елі жоғарыдағыларға жағынып-жалбарынуын өзі де сезбей қалатын адам. Бір басына жететін ақылы да бар, кейде төңірегіндегілерді сан соқтырып кететін қулықтан да құр алақан емес. Марабайдың азаматтық болмысына қайшылық болғанымен, Есіркептің треске уақытша директор болып келуі – оның тірлігі мен көзқарасына өзгеріс әкеледі, басшылықтың үкімі оған заң. Кейіпкердің ұстараның жүзіндей осы бір құбылмалы мінез – құлқы мен әрекеті пьесада шынайы суреттеу тапқан. Ал табанында бүдір, сөзінде пәтуә жоқ Үдері пьесада сыланып – сипанудан жалықпайтын қуыс кеуде, бөспенің күлкілі кейіпіне айналған.

Драма тартысын күшейту мақсатымен Марабайдың әйелі Алманың күйеуіне болысып, жоспарды өртеп жіберуі, екеуінің арасындағы қисынсыз кикілжіңнің кесірінен у ішуі – ақталмаған мелодрамалық әрекет. Бұл көріністі кейбір театрдың қысқартып тастауы да осыдан.

Тұтас алғанда, пьеса өз заманының көкейкесті қоғамдық мәселесін көтерген, жаңа мен ескінің арасындағы әлеуметтік қайшылықты жанр табиғатына сай нанымды ашқан ұлттық драматургиямыздың жетістіктерінің қатарына қосылады.

Кезінде республикалық жастар театрында қойылып, оның кезеңдік табысына айналған Ш.Хұсайыновтың «Есірікеп ерке» пьесасы 50-ші жылдардағы балалар драматургиясының өзіндік ізденісі болды. Мұнда мектеп жасындағы балалар тәрбиесі, ата – ана мен мектеп арасындағы байланыс, олардың жасөспірімдер тағдырына жауапкершілігі жайындағы күрделі құбылыстар жоталы тартыс үстінде өрістей дамиды.

Жұмыс басты әкенің аңғармауынан,шешенің қисынсыз әлпештеп, тым қатты еркелетіп жіберуінен 7-сыныпта оқитын жалғыз ұлдары Марат нағыз сотқар, шектен шыққан тентек болып өседі. Драматург оның есерлік қылықтарын нақты әрекет үстінде, басқа кейіпкерлермен үйлесімді қарым-қатынасы арқылы ашады. Байлаулы қабаған итті босатып жіберіп, үй майлаушыларға лаң салуы, оқу үлгерімі тіпті төмен, өмір бойы біреуден көшірумен, шпаргалкамен сыныптан сыпыпқа көшуі, мектептен қуыларда радиоқабылдағышты ұрлаумен өш алуы, өзіне көмектескен достарын зәбірлеуі, т.б. дөрекі құбылыстар пьесаның оқиға желісін құрап, оған барлық кейіпкерлер еріксіз араласады. Тартыс ширап, оқиға қоюланған сайын кейіпкерлердің өздеріне ғана тән кескін-келбеті айқындала түседі. Маратқа қарама-қарсы алынған Мерхат, Әйкен, Нәзікен, Доскен оқу озаттары болумен бірге, күнделікті өмір ағымына, келешектеріне ой жүгіртулері де әр қилы, біріне – бірі ұқсамайды. Баласын жақтап, бұларды жақтырмайтын Гүлнапыс – сырты сұлу, іші түтін, сыланып – сипану мен жаңа моданы қуудан басқамен шаруасы жоқ тоғышардың өзі. Және жан – жағын удай тұрпайы сөзімен, ерсі әрекетімен бетбақтырмайтын қыңыр-қырсықтығы тағы бар. Оның қазіргі күйеуі – бұрынғы әйелінен ажырасқан, жауапты қызметтегі салауатты да сабырлы Шопық Шынболатов. Ол жалғыз ұлдың есерсоқтығы мен шайпау әйелінің жайсыз мінезі жанын жегідей жесе де, қоғам алдындағы жауапкершілігін, Маратты тәрбиелеудегі жіберген қателерін өкінішпен саралай біледі.

Үлгерімі нашар, бейбастақ оқушыны жөнге салуға барын салатын мұғалім, сынып жетекшісі Анфиса Ивановна пьесада тәжірибелі ұстаз, педагогикалық ұстанымы берік, ар-намысына кір келтірмейтін, қызметіне барынша адал адам болып суреттелген. Ол Гүлнапыс пен қалалық оқу бөлімінің жылпос инспекторы Жәкіштің бір – бірімен ауыз жаласып, тентекке кір жуытпай, оның есерлігін жуып-шаятын педагогикаға қарсы әрекеттеріне тартынбай тойтарыс береді. Жәкіш – мектептегі оқу-тәрбис жұмысынан гөрі, өзінің жеке басының қамын көбірек ойлайтын, қолы «ашық» Гүлнапысқа еркелей жағынып, орынтағы мықты Шопықтың алдында құрдай жорғалайтын бейне.

Жинақтай келгенде, «Есірткен ерке» – мектеп жасындағы балалардың тірлік-тынысын, заманын талабына сай шынайы суреттеп, театрдың репертуар қажеттілігін өтеген шығарма.

Шахмет Хұсайыновтың қаламынан бірнеше комедиялық шығармалар да туды. Қоянды жәрмеңкесіне жиналып, сауық – сайран құратын Шаншардың қуларының тапқырлығы мен өнерпаздығын суреттейтін «Шаншарлар» пьесасы 1948 жылы сахнаға қойылды.

Пьеса кейіпкерлерінің бәрі де өмірде болған, ел арасына танымал, әйгілі өнерпаздар. Драматург олардың атын өзгертіп алған. «Халықтың сыншы мысқылын ұстаған» (М.Әуезов) жандардың жәрмеңкедегі сан қилы әрекетінен көркем туынды жасауға болатын еді. Бірақ автор сол кездегі идеологиялық шеңберден шыға алмай, пьесаға мол саяси астар беріп жіберген. Халық шеберлерін саяси күреске орынсыз араластырып, олардың бойындағы табиғи дарынын драматургиялық мақсат тұрғысынан көмескі бейнелеген.

Ш.Хұсайыновтың классикалық үлгіге айналған «Алдар Көсе» пьесасы – комедиялық жанрды меңгерудегі шығармалық табыс.Ол 1942 жылы жазылып, театрлар репертуарынан берік орын алды. Мұның оқиғасы ел арасына тараған Алдар Көсе жайындағы аңыз-әңгімелерге негізделген. Солардың ішінде автор Шығайханға байланысты аңыздың оқиғасынан драматургиялық желі тартып, соған барлық кейіпкерлер әрекетін тоғыстырған. Жанр ерекшелігіне қарай драматург әдей әсерлеу әдісін қолданып, көркемдік қиялға ерік берген. Мұнан әрекет жіті дамып, бір құбылыстан екіншісіне ауысып отырады.

Автордың халық өнері мен ел ішіндегі қулардың шығармашылық ерекшеліктерін зерттегені осы комедиясынан да көрінеді. Пьеса кейіпкерлерінің қисынды әрекет үстіндегі диалог шетінен мысқылға, өткір әжуа – оспаққа құрылған және бәрі де көркемдік үйлесім тапқан. Үнемі күлкілі оқиғалардың ортасында әрекет жасайтын Алдар Көсе тамаша тапқырлығымен, асқан ақылдылығымен, уытты диалогтерімен дараланып, бейнелік болмыс – бітімі тұтас шыққан. Ол комедиялық құбылыстардың көркемдік тірегі және бәрі де соның төңірегінен өрбіп, өзіндік драматургиялық шешімін тауып жатады. Оның тапқырлығы, қысылтаяң жерден жол тауып кететін ой-қиялының түпсіздігі – күлкі тудырудың тәсілі ретінде мұнда толығымен ақталған әрі сахна заңдылығына сай қарастырылған. Ал Шығайхан, Сырдақ, Шораяқ, Меңсұлу – бәрі де өзіндік комедиялық пішінмен, кейде олардың күлкілі әрекеттері шамадан тыс асып кетіп жатса да, жанр табиғатына сыйымды суреттелген.

Сөз болып отырған кезеңде бүгінгі тақырыпқа арналан пьесалардың олқылығы бұрынғы Одақ көлеміне ортақ құбылыс болды. Ал ұлт драматургиясының 40 – 50 жылдардағы негізгі жетістігі тарихи биографиялық және эпос-аңыздық дүниелердің негізінде жазылған пьесалар болып қалды. Олардың дені драматургиямыздың алтын қорына еніп, классикалық үлгіге айналды. Бүгінгі ұлттық сахна өнерінің даму белестерін айқындайтын да осылар.