2.1. Баубек Бұлқышевтың өмірі мен шығармашылығы (жалғасы)


Б.Бұлқышевпен хат алысып, оның шығармаларын көзбен көрген ол, 1946 жылы өзі құрастырған «Солдат өмірі» деген жинақта былай деп жазады: 1943 жылы жолы түскен сәтінде Бұлқышев редакцияға соқты. Қаншама әңгіме, сыр шертістік десеңші.

«Біздің адамдарымыз сияқты адамдармен жеңіп шықпау мүмкін емес», - деді ол сөз арасында. Ұрысқа  берілген сәтте, өзімді – өзім ұмытып кетем де, бұйрықты қазақ тілінде беріп қалатын кезім де болады. Жауынгерлер соны бұлжытпай орандайды. Ал ұрыс аяқталған кезде: «Жолдас, аға – лейтенант, бұйрығыңды орысша айтсаңшы, біз сіздің тіліңізді білмейміз ғой», -  дейді. Мінекей, тілімді білмесе де ойымды жүрегімен ұғады. Өйткені біздің бәріміздің де ой – мақсатымыз бір.

Тұтастай алғанда, жауынгер – жазушы һәм журналист Б.Бұлқышевтың шығармашылық мұрасы өз заманы мен уақытының көкейкесті мәселелерін,

атап айтқанда адам өмірі мен еңбегін, бақыты мен қуанышын, сыр – сезім иірімдерін, ғашық жүрек пен сағыныш – сүйіспеншілікпен суреттейді.

Шағын жанрдан көлемді романға дейін азаматтық мән маңызы жоғары тақырыптар – ұлттық мұратты ұлықтау, Отанға, елге – жерге, адалдық, халықтық  өнегелері мен мәдени рухани іске жанашырлық пен құштарлық кең көлемде көрініс береді. Қоғамдық – әлеуметтік мәселелер, дәуір дидары мен тынысы, өмір уақыт шындықтары, тұрмыс толқындары мен сырлары, кезең көріністерімен сәйкестікте беріледі. Адам әлемі мен адамгершілік иірімдері, жастық пен достық дастаны, ғашықтық ғаламаттары мен перзенттік қарыз парыз істері, қоғамдық құбылыс пен кезең көріністерімен, елдік мәселелерімен биік байланыста баяндалады.

«Менің бұл жазғандарым болашақта біздің осы ұлы күресімізді зерттеушілердің қолына түсіп, үлкен істердің кішкене бір тетігіне тиянақ болуға жараса, менде одан басқа арман жоқ; ол зерттеушілер біз осы арпалыста жүргенде қайғыра да жылай да, қуана да, күле де, кектене де білгенімізді ұғынса болғаны» - деген Баубек сөзі әркімге – ақ ой тудыруы тиіс. Жалпы жауынгер – жазушы Б.Бұлқышевтың шығармашылық мұрасы – адамдық істі ардақтаудың, өмір мен уақыт шындықтарын танып – таразылаудың, тарих пен таным өлшемін, соғыс пен бейбітшіліктің ара салмағын айқындаудың жарқын көріністерінің бірі. Кеше мен бүгіннің байланыс – бірлігін бейнелі де  бедерлі, шынайы да шебер суреттеудің үздік үлгісі.

«...Баубекті есіме алсам, көз алдыма бір дарынды жас келеді, тұлғасына қызыға қарап қалар бір жігерлі жас болады ғой, Баубек  маған солай елестейді», - депті Ғ.Мүсірепов.

Ал, академик Мұхаметжан Қаратаев: «Өмірде шын болған, бәріміз білетін Баубек Бұлқышев жас жігіт, қайтпас жауынгер, жалынды ақын, жазушы. Ұлы отан соғысының сұрапыл жылдары «Комсомольская правда» газетінің бетінде жарияланған терең философиялық, нағыз гуманистік, шын жүректен шыққан ақындық очерктері арқылы жұртшылыққа жақсы танылған Баубек – халықтың қадірлі ұлы болатын», - деген екен.

Мұқан Иманжанов: «Қапаланбай, алаңсыз аттан дүниеден, бауырым! Ел алдында азаматтық борышыңды ақтадым деп біл. Сен ерлерше күресіп, нағыз ерлерше қаза таптың. Азамат ақынша ойлап, кейінгі ойыңнан мұра қалдырдың. Рас, сен енді жоқсың. Сенің аттай тулаған асау жүрегің соғуын мәңгі тоқтатты. Бірақ сен ойлаған ой, сендегі өзекті махаббат өлген жоқ. Есіңде ме, «Ерлердің өмірінде де өмір бар» деген жоқ па едің өзің. Сондай ердің бірі сенсің!».

Дихан Әбілев:

                               Жас Баубек жиырмада ғана

                               От еді бірақ лауылдап тұрған.

                               Деуші едік оны «жалынды бала,

                               Корчагин сынды дауылдан туған» – десе,

«По Ленинскому пути» газетінің қызметкері Дуся Дубина:

«Сен – қазақ, мен – украинка. Мен сені сүйем, өйкені сен бір кездегі ұлы Гетенің елінен шыққан қазіргі неміс жендеттеріне кектене білдің, әрі ақын, әрі композитор болу қандай тамаша талап десеңші!

Елің сүйген, құрметті қазақ – жауынгері, аман – сау бол, бар күшіңмен, жігеріңмен фашист жендеттерін талқанда. Сен жалғыз емессің, сенің тылыңда тағы да миллиондаған адам бар, олар қай уақытта болсын саған көмекке баруға дайын, барады да!

Ал сен қатардан шығып қалсаң, сенің орныңа мен барам, өзіңе ұқсап жауға ойран салам!» – дейді.

Қорыта айтқанда жауынгер – публицист Баубек Бұлқышев қазақ әдебиетіне бір адамдай үлесін қосты. Оның соғысқа дейінгі жазған туындылары және майданда қан кеше жүріп өз басынан өткерген, өзі куә болған оқиғаларын арқау ете отырып жазған туындылары  оның  отансүйгіштік дара қасиетін тағы да дәлелдейді. Көбінде Баубек шығармаларының басты тақырыптары: Адам әлемі мен оның өмірі, елге – жерге сағынышы, Отан қорғау ісіндегі  елдік пен ерлік мұраттары, ана мен балаға, дос пен бауырға қатысты сыр – сезімдері, жақын – жуық, туысқа құрметі мен мейірімі, достық пен махаббаттың мәңгілігі. Бұл тақырыптардан  айқын аңғарылатын жайттар: жастар өмірі мен жастық сырларына  ең жоғарғы орын беріледі, ел – жердің  қадір – қасиеті мен адам әлемінің мол мүмкіндіктері, еңбек тынысы бар сипат – сырларымен жан жадыратып, көңілді баурайды, дәуір дидары мен заман шындығы, кемел келешек хақындағы толғам – толғаныстар  кеше  мен бүгін байланысын, перзенттік парыз – қарызды  терең танытып, Отан, атамекеннің қадір – қасиетін еселеп арттыра түседі.

Б.Бұлқышевтың шығармашылық мұрасының айрықша бөлігін эпистолярлық жанрдағы туындылары алатынын айту орынды. Бұл ретте, әсіресе майданнан жолдаған – хаттардың айтары да, танымдық – тағлымдық тұстары да мол. Оның достарына жазған хаттарында және эпистолярлық туындыларының маңызы сол, келер ұрпаққа  өнеге – өсиет қалдыруында, отанын сүюге шақыру, елін, жерін құрметтеуге тәрбиелейтіндігінде.

Шынында да халықтың қадірлі ұлына айналған, Отан үшін, халықтың бақытты болашағы үшін ерлік күресте қаза тапқан Баубек Бұлқышевтің есімі біздің есімізде  және тарих пен әдебиетімізде мәңгіге сақталады!