Пәннiң қысқаша даму тарихы. Қазақстан ғалымдарының еңбектерi


Гистология, эмбриология және цитология ұлпалардың құрылысы, дамуы, қалпына келуi, жiктелуi, өз аралық қарым-қатынасының жетiстiктерi техника, оптика және микроскоппен көру әдiстерiнiң дамуымен тiкелей байланысты. Организмнің құрылымы туралы деректер жиналып, оның негiзiнде iлiмдiк қорытындылар жасалды. Пәннiң қысқаша даму тарихын - микроскоппен көруге дейiнгi, микроскоппен көру және қазiргi замандағы деп, үш кезеңге бөледi.

Бiрiншi кезең жыл санауымыздағы IV ғасырдан ХVII ғасыр ортасына дейiнгi көруге болатын нәрселерге негiзделген мезгiл.

Ұлпалар организмдегi «бiркелкi» бөлшектер ретiнде танылды, олардың айырмашылығы тек физикалық қасиеттерiне («қатты», «жұмсақ») және жеке салмағына («суға бататын», «суға батпайтын»), ал ұлпалардың жiктелуi-зерделеудегi өлексенiң анатомиялық құрылымына, сыртқы ұқсастығы мен айырмашылықтарына байланысты деген түсiнiк болды. Әр топқа жататын жүйке, дәнекер ұлпалары (жүйке, тарамыс) бiр топта есептелдi.

Морфология iлiмiнен өрбiген эмбриология көне ғылымдар қатарына жатады. Организмнiң дүниеге келу, даму және қалыптасу құпиялары адамға ертеден аян болғанымен, көптеген дiни аңыздар және қиял ертегiлер негiзiне жатқызылды. Қағанақ, бала орны туралы естелiк сол кездерден-ақ белгiлi едi. Алғашқы ұрық дамуын, қалыптасуын тұңғыш ғылыми тұрғыдан бiздiң жыл санауымыздағы IV ғасырға дейiн көне грек дәрiгерi және философ Гиппократ «жетi айлық ұрық», «шәуеттер», «ұрықтың кебуi», «жыныс клеткаларының ұрықтануы» еңбектерiнде айқын бердi. Гиппократтың замандасы Аристотель «жануарлардың пайда болуы» еңбегiмен жалпы және салыстырмалы эмбриологияның негiзiн қалап, тауық ұрығы дамуын, организм анатомиясы, физиологиясы туралы мәлiмет бердi. Ол ағзалар бiрдей пайда болмайды, бiртiндеп, бiрiнен-соң бiрi құрылымы белгiсiз түзiлiстерден қалыптасады деп, ұрықтан организмнiң дамуы туралы iлiм - эпигенездің негiзiн құрды. Аристотель даму көзқарасын қолдап, ұрық ана қанынан (материядан-адам санасынан тыс, одан тәуелсiз өмiр сүретiн дүние деп), әрі рухани қасиетi бар ер адам шәуетiнен дамиды деген терiс түйiнге сүйендi. Мұндай көзқарастар көпке дейiн сақталды. ХVII ғасырдың ортасына дейiн кейбiр елдерде ұрық құрылымы, тұрақты, тұрақсыз ағзалары белгiлi болғанымен эмбриологияның тарихында айтарлықтай жетiстiктер байқалмады. Қайта өркендеу дәуiрiнде эмбриологияға зор үлес қосқан қан айналымын ашқан автор - Уильям Гарвей болды. У.Гарвей өздiгiнен жаралуды терiске шығарды да, жануарлардың тек жұмыртқадан дамитынын дәлелдедi. ХVII ғасырдың екiншi жартысында жарыққа шыққан Каспар Фридрих Вольфтың «Дүниеге келу теориясы» атты жұмысы дүниетанымда зор талас туғызды. Бұл ғалым еңбегiнде преформизм (praeformare) iлiмiн қатаң сынады, эпигенез iлiмiн дәлелдедi, ағзалардың жаңадан пайда болатынын жақтады, организм ұрық жапырақшаларынан түзілетінін тұнғыш рет бақылап, балапан жүрегi, бүйрек дамуын жазды. Оған қарсы шығушылар да көп болды. Бұл iлгерiшiлдiк көзқарас орыс ғалымдары Христиан Иванович Пандер (1794-1858) мен Карл Максимович Бэр (1792-1876) еңбектерiнде және К.Ф. Вольфтың аталған ғылыми жұмысына 100 жыл толғаннан кейiн ғана Чарлз Роберт Дарвиннің органикалық дүниенiң тарихи дамуы теориясында бейнелендi. Эпигенез және преформизмнің iлiмдерi бiр-бiрiне қарама-қарсы ұшқарылықта болып, ұрық даму сатыларының кейбiрi ғана дұрыс екенi, ұрық дамуындағы жасушалар мен ұлпалардың даму мүмкiншiлiгi зор, алдын ала анықталу кезеңi орын алатыны ескерiлмедi. К.Ф.Вольф отандасы Альбрехт фон Галлер дамудың үдерiсiнде преформизм iлiмiн қолдап, ұрық дамуында морфометриялық зерттеу жүргiздi. Бұл әдiс ұлпаларды, ағзаларды зерделеуде әдiл тәсiлге айналды.

Екiншi кезең 1665 ж. ағылшын физигi Роберт Гук тұнғыш рет үлкейтiп көрсететiн шыны көмегiмен ұлпалар құрылысын зерттегенiнен басталады. Көп уақыт гистология организмнiң қарапайым бөлшектерiн зерттейтiн iлiм ретiнде анатомия құрамында қалып, оның дербес iлiмге айналуы микроскоп жасалып, алғашқы зерттеулер жүргiзiлуiне тiкелей байланысты. Роберт Гук тоз ағаштың кесiндiлерiнен бiрiнен-бiрi бөлiнген тор тәрiздi ұсақ ұяларды, қуыстарды тауып, оларды «клетка-жасуша» деп атады.

Кейiн өсiмдiктер сияқты жануарлар ұлпалары жасушадан тұратындығын Марчелло Мальпиги (1671-1675), Неемия Грю (1671), Антони ван Левенгук (1673-1695), басқалар дәлелдедi. Голландия оптигi А.Левенгук үлкейткiш әйнектi тегiстеуге машықтанып, 300 есе үлкейтетiн микроскоп құрастырып эритроциттердi, қылтамырдағы оның қозғалысын, шәуеттердi, көлденең жолақты бұлшық ет талшығының құрылысын, жүйке талшықтарын, кейбiр қарапайым организмдердi көрiп, жазды. Бұл iсте А.Левенгук еш бiр мақсат қоймады, ол ғалым еместi. Бiрақ, аталған жаңалық гистологияның даму жолында елеулi рөл атқарды. Ян Эвангелиста Пуркине 1825 ж. тауықтың жұмыртқаклеткасында, кейiн жануарлар ұлпаларының жасушаларында ядро болатынын тауып, 1839 ж. жасуша құрамындағы негiзгi элементтiң бiрi-«протоплазма» (цитоплазма) атауын берiп, жүйке жасушасының түрлерiн, бездердің құрылысын, басқаларды сипаттады. Роберт Броун 1833 ж. ядро өсiмдiк жасушасының негiзгi бөлiгi деген тұжырым жасады.

ХIХ ғасырдың басында жануарлар мен өсiмдiктердің құрылысы жөнiнде көптеген мағлұматтар жиналды. Бiрақ, жасушаның негiзгi бөлшектерi: ядро және цитоплазма белгiлi болғанымен, жасушаның организмдегi маңызы жете айқындалмады, ғалымдар жасуша өрбуi жөнiнен бейхабар болды. Маттиас Якоб Шлейден 1838 ж. өсiмдiк организмi «клеткалық агрегат» деп пайымдап, жасуша ерекшеленбеген заттан түзiлетiндiгiн дәлелдеп, бұл үрдiсте ядро маңызды рөл атқаратынына назар аударды. Ол жасушаның құрылуы тек ядролық затқа байланысты екендiгiн көрсеттi.

Теодор Шванн хайуанат организмiн зерттеуде М.Шлейден тұжырымын басшылыққа алып, түрлi ұлпалар құрылысын, дамуын жан-жақты зерттеп, өзiнiң, басқа зерттеушiлердiң қорытындыларын сараптай отырып, 1839 ж. «Жануарлар мен өсiмдiктердің құрылымы және өсу сәйкестiгiн көрсететiн микроскопиялық зерттеулер» еңбегiн жариялап, атақты клетка теориясын жарыққа шығарды. Бұл жаңалық табиғаттану ғылымдарында бұрын-соңды болмаған ұлы жетiстiктердiң бiрi едi. Т.Шванн тұжырымы бойынша жануар және өсiмдiк организмдерi өте ұсақ, ортақ құрылым–жасушадан құрылып, организмде белгiлi қызмет атқарады. Жаңа жасушалар басқа жасуша екiге бөлiнгенде ғана пайда болып, онда өсiмдiк, жануарлар жасушалары қатысы бiрдей заңдылыққа бағынады. Бұл тұжырым органикалық дүниенiң даму заңдылығын тағы бiр қырынан көрсетiп, Ф.Энгельстiң клетка теориясын ХIХ ғасырдағы ұлы жаңалықтардың бiрi деп атауына негiз болды.

Клетка теориясының дамуын 5 кезеңге: ХIХ ғасырға дейiнгi (Я.Пуркине, Л.Ф.Горянинов, Г.Валентин); ХIХ ғасырдағы теорияның пайда болуы (И.Мюллер, М.Шлейден, Т.Шванн); теорияның ХХ ғасырдың ортасына дейiнгi дамуы (Р.Вирхов, Ферворн, Э.Геккель, Вейсман, Морган); ХХ ғасырдың ортасындағы теорияның дағдарысы (А.В.Немилов, Лепешинская, Г.К.Хрущев, А.Н.Студитский) және теорияның қазiргi күйi (Щелкунов, З.С.Кацнельсон, Вермель, А.А.Клишов) деп, бөлуге болады.

Үшiншi кезең ХIХ ғасырдың ортасынан және электронды микроскопты нәтижелi пайдаланудан басталады. Радиоавтографикалық, гистохимиялық, люминесценттiк гистологиялық әдiстер ерекше кең дамыды. Қазiргi кезеңдегi пәннiң дамуы зерттеу әдiстерiнiң кең, кешендi пайдалануымен, оның iшiнде электронды микроскоппен көру, онда мұздату, электронды микроскопиялық цитохимия, сан тұрғысынан сипаттау және басқа әдiстерiмен сипатталады.

Гистология, эмбриология, цитологияның әлемде ғылым ретiнде дамуы ХVIII, ХIХ ғасырлардан ХIХ ғасырдың ортасына, ХХ ғасырға келедi екен. Ұрпақтан ұрпаққа жануарлар мен өсiмдiктердің құрылысын сипаттауға ат салысқан алғашқы зерттеушiлер (Р.Гук, М.Мальпиги, А.Левенгук Н.Грю, К.Ф.Вольф) есiмдерiн жеткiзу мақсатымен, әрі пәннiң ғылым ретiнде пайда болуына үлес қосқандарды (Страсбургер, Г.Валентин, Я.Пуркине, Я.Генле, Тереховский, А.М.Шумлянский, Р.Ремак, Чистяков, И.Мюллер, Т.Шванн, М.Шлейден,), оның дамуына және жеке ғылым болып бөлiнуiне себепшi болғандарды (Лейдиг, А.Келликер, Р.Вирхов, Геккель, Карнуа, Купфер, Гертвиг, П.И.Перемежко, Флемминг, Ферворн, Гурвич, Берталанфи, Ф.В.Овсянников), ХХ ғасырда гистология, эмбриология және цитология ғылымын көркейтуге (А.Н.Миславский, А.А.Заварзин, Н.Г.Хлопин, Хэм, В.Г.Елисеев, И.Ф.Иванов, Хрущев, Шабадаш, Кормак, Бодемер, Пэттен, Поликар, Лилли, Пирс), әсiресе ауыл шаруашылық малдарының гистология, эмбриология, цитологиясын зерттеушiлердi (С.Н.Боголюбский, Г.А.Шмидт, Ю.Т.Техвер, И.Ф.Иванов, Т.Н.Радостина, З.С.Кацнельсон, Л.В.Давлетова, О.В.Александровская, А.Ф.Рыжих, П.А.Ильин, Н.Л.Гороховский (менiң ғылыми жетекшiм), А.И.Пилипенко, Л.П.Тельцов, Ю.П.Антипчук және басқалар) атап, олардың адал қызметтерiне бас иiп, келешекте студенттер Қазақстанда осы салада iз қалдырған ғалымдарымыз (Б.А.Домбровский, В.В.Авербург, Ф.М.Мухамедгалиев, Т.М.Масенов, А.М.Мурзамадиев, Ф.Х.Халилов, К.Б.Бердонгаров, Р.А.Тохтамысова және басқалар) тарихын жарыққа шығарып, осы бiр олқылықты толықтырар деген ниет бiлдiрмекпiн.