Жарық микроскопты қолдану арқылы ағзалар мен ұлпалар және жасушаларды зерделеу әдiстерi


Жарық микроскоптың көмегiмен ағзалар, ұлпалар және жасушалар кесiндiлерiн зерделеу әдiстерiне-гистологиялық, иммуноцитохимиялық, цитохимиялық, гистохимиялық, цитологиялық, иммуногистохимиялық, авторадиография, будандастыру, бекiтiлмеген ұлпаларды бояудың арнайы, организмнен тыс жасушалар, ұлпалар, ағзаларды себу әдiстерi, жасушалар мен ұлпалар құрылымының сандық бағалауы жатады.

Гистологиялық, цитологиялық әдiстермен зерделеуге алдымен жұқа кесiндiлер арнайы сойылған жануарлардан, ауру себебiн анықтау мақсатында тiрi жануарлар организмiнен (ұлпадан үлгi алу-биопсия-грек. biоs-тiршiлiк, өмiр; оpsis-көру; өлексенi жарып тексеру-аутопсия-грек. аutоs-өзi; оpsis-көру; өз көзiмен көру жолдарымен) алынады. Оның қалыңдығы 5-10 мм аспағаны жөн. Эксперименттiк зерделеуде зертханалық (лабораториялық) жануарлар тұтас, ал ұлпалар мен ағзалар бөлшектенiп алынады.

Өлi (уытталған) жасушаларды, ұлпаларды зерделеу (зерттеу) әдiсi-негiзгi (классикалық) деп аталады. Негізгі әдiспен гистологиялық препараттарды дайындауда мына негiзгi өңдеу жолдары: бекiту, суда жуу, сусыздандыру, қатыру, кесiндi әзiрлеу, бояу және бұзылмайтын ортада сақтау жүргiзiледi. Диагнозды анықтау мақсатымен бекiтiлген өлi жасушалар мен ұлпаларды зерделеуде препараттар жағынды ретiнде (қан, сүйек майы, сiлекей, жұлын сұйығы); iз (таңба) ретiнде (көкбауыр, айырша безi, бауыр); ұлпалар жұқа қабығы ретiнде (дәнекер ұлпа, iшперде, көкiрекперде, жұмсақ ми қабығы) болады.

Кейде препаратта кездейсоқ немесе нашар өңдеуден гистология пәнінде жасанды деп аталатын белгi (артефакт-лат. аrs-өнер, factum-iстелген) немесе құрылымдар пайда болады. Олар, көбіне өлгеннен кейiнгi ыдырауда, ыстық парафиндi қолданғаннан кейiнгi бүрiсуде, формалинде ұлпа көп жатқанынан немесе оны аз жуғанда, микротом пышағында кетiгi барында кездеседi.

Гистологиялық препаратты зерделеу үшiн әртүрлi жарық микроскоптар (МБИ, «Биолам», 3 сурет), оның басқа арнайы түрлерi (қараңғы көз алды, кезеңдi-қарсыластық, поляризациялық, ультракүлгiндi және флюоресценттi (люминесценттi) микроскоппен көру қолданылуда.

Цитохимиялық және гистохимиялық әдiстер жасушалар және ұлпалар құрылымындағы химиялық заттарды (белоктар, кальций, майлар, нуклеин қышқылдары, темiр, гликоген, ферменттер), топтарды (сульфгидрил, амин, альдегид) айқындайды. Бұл әдiс бояудың белгiлi химиялық қосындыларымен (РНҚ, ДНҚ) ерекше байланысына және iзделiп отырған заттың (ферменттер) орналасқан жерiнде гистохимиялық реакция нәтижесiнде боялмаған өнiмнен боялған түрi түзiлуiне негiзделген. Олар жасуша, жасушасыз құрылымдағы, ұлпадағы ДНҚ, РНҚ, белок, амин қышқылдары, минераль заттар, көмірсу, майлардың орналасуын, мөлшерiн, әрі ферменттер белсендiлiгiн анықтайды.


Иммуноцитохимиялық, гистохимиялық әдiстер жасуша мен ұлпадағы

ерекше заттарды анықтауды қамтамасыз етiп, жағынды, кесiндiдегi тегiжат болып келетiн анықтайтын затты белгiленген ерекше қарсы денелермен өңдеуге негiзделген. Мұнда тiкелей және бұрылыс әдiстер қолданылады.

Тiкелей әдiсте белгiленген қарсы денелер мен тура анықтайтын заттар арасында ерекше байланыс-реакция жүредi.

Бұрылыс (өте сезгiш) әдiсте белгiленбеген алғашқы қарсы денелерді анықтайтын тегiжатпен өзара iс–қимыл жасайды да, кейiннен оларды екiншi белгiленген қарсы денелер (оларда алғашқы тегiжаттар болатындықтан) көмегiмен табады. Бұл әдiстер белгiленген түрлi жасушалардың ұқсастығын тауып, түзінді (секрет) бөлу процестерiн зерделеп, гормондар, сезiмтал жүйке ұштарын айқындайды.

Будандастыру әдiсi РНҚ, ДНҚ молекулалары нуклеотидтердiң белгiлi бiрiздiлiгiн айқындайды да, ДНҚ молекуласындағы бiрiздiлiктiң иРНҚ молекуласына жазылуындағы тектердiң, оның өнiмдерiнiң орнын зерттеуге көмектеседi. Бұл ДНҚ мен РНҚ бөлiмдерiнiң өздерiне сәйкес нуклеотидтер бiрiздiлiгiн сақтайтын белгiленген үзiндiлердiң ерекше байланысына (будандастыруға-грек. hуbris-дүбәрә, дүрегей) негiзделген.

Авторадиография (грек. аutоs-өзiм, rаdiо-шығару, тарату, grаphо-жазу) әдiсi ұлпаларға радиоактивтi изотоптармен таңбаланып жiберiлген заттардың орналасуын айқындауға негiзделген. Аталған әдiс таңбаланған iзашардың макромолекулаларға қосыла бастауын және жасушалардағы, ұлпалардағы тасылымын бақылау мүмкiндiгiн туғызады. Сондықтан әртүрлi заттардың түзiлуіне, секреция процестерiне, сезiмтал жүйке ұштарының орналасуына, жасушалардың бөлiнуiне және олардың популяциядағы қозғалысына негiз болатын мәлiметтер алынады.

Бекiтiлмеген ұлпаларды бояудың арнайы әдiстерiне тiрiлей (витальдi), суправитальдi бояулар жатады.

Витальдi (лат. vitа-тiршiлiк, өмiр) бояуда кейбiр бояғыштар (трипанды көк, литийлi кармин, туш) тiрi жасушаларға уытты болмайды және оларды бұзбайды. Олар нақты ерiтiндi емес және жүзiндi кiшкене бөлшектер тәрiздi, бояғышты организмге (көбiнесе қанға) енгiзгенде, қарбу жасушаларымен ұсталады. Ол жасушаларда бояғыштардың жиналып, таңбалануын көрсетедi.

Суправитальдi боялу организмнен бөлiнiп алынған тiрi жасушалардың құрамы кейбiр бояғыштармен байланыстар түзілуiне негiзделген, әрі арнайы мақсаттарды шешуде қолданылады.

Қолдан өсiрiлген себiндiдегi (лат. сulturа-өңдеу) зерттеу жасушалардағы, ұлпалардағы, ағзалардағы өсу, жiктелу, түзiлу, секрет бөлу және басқа да процестерге әртүрлi себепшарттардың әсерлерiн зерделеу үшiн жүргiзiледi. Кейiнгi жылдары жасушалардың, ұлпалардың себiндiлерi биотехнология мен биоинженерия (ауыстырып салуға қажет жасушаларды және ұлпаларды алу, биологиялық қарқынды заттарды түзу, моноклондық антиденелер өнiмдерiн түзу) мақсаттары үшiн кең қолданыла бастады.

Жасушалар, ұлпалар құрылымының сандық бағалауында қолданылатын морфоөлшемдiк әдiс гистологиялық препараттардағы (олардың суретiндегi) жасушалар мен ұлпалар құрылымы параметрлерiнiң сандық бағасын беретiн бiрнеше тәсiлдер жиынтығы болып келедi. Бұл әдiспен жасушалардың және ұлпалардың диаметрi, биiктiгi, қалыңдығы, қима ауданы, аумақтағы зерзат саны, олардың түрлерi және басқалар анықталады.

Қараңғы көз алды микроскоппен көру арнайы конденсорды (қысқа фокусты линза) қолданылуға негiзделген, препараттағы объективке түспейтiн қисық сәуле жарығының түсуiн қамтамасыз етедi. Объектив жоқта көз алды қараңғы болады, ал ол барда жарықтың бiразы объективте байқалады. Бұл тәсiл жарық микроскоптан тыс орналасқан құрылымды және мөлшердi айқындауға мүмкiндiк бередi. Бұл әдісті тiрi жасушаларды зерделегенде де, қолдануға болады.

Кезеңдi-қарсыластық микроскоппен көру зерделеу зерзатының түрлi құрылымдары арқылы өтетiн жарық сәулесiнiң кезеңдерi бiркелкi емес өзгеруiне негiзделген. Бұл зерделеу көзге көрiнбейтiн кезең ерекшелiктерiн амплитудалыққа өзгертедi. Тәсiл тiрi жасушаларды бекiтпей, боямай тiкелей зерделеуге мүмкiндiк туғызады.

Поляризациялық микроскоппен көру түрлi әуестiк және қос жарық сәулесiнiң сыну қасиеттерi бар құрылымдарды зерделеуде қолданылады. Онда зерзатқа поляризацияланған жарық сәулесi бағытталады. Ол келешекте қабылдағыш (зерзат пен окуляр арасында орналасқан) арқылы өткiзiледi. Сөйтiп зерзатта молекулалардың заңды кеңiстiкте орналасуы айқындалады.

Ультракүлгiндi микроскоппен көру зерделеудегi зерзатқа ультракүлгiн сәулелерiнiң жарық түсiруiне байланысты болады. Оны зерзаттың құрылым құрамбөлiктерi таңдап сiңiредi. Өйткенi, ультракүлгiн сәулелерi толқынының ұзындығы көрiнетiн спектрдегi жарықпен салыстырғанда қысқа болады. Ол микроскоптың шешу қабылеттiлiгiн екi есе арттырады. Ультракүлгiндi микроскоппен көруде көрiнбейтiн бейне жарық сезгiш табақша немесе басқа құрылғы көмегiмен көрiнетiнге өзгередi.

Флюоресценттi (люминесценттi) микроскоппен көруде кейбiр заттардың зерзатқа ультракүлгiндi сәуле жарығы түскенде көрiнетiн сәуленің тарату қабілетi қолданылады. Кейде ол ұлпаларды алдын ала химиялық жолмен өңдегеннен кейiн пайда болады. Иммуногистохимиялық әдiспен ұлпаларды зерттегенде сәуле тарату бояғыштардың арнайы антиденелерімен байланысып, тиiстi тегiжаттарды айқындайды. Онда сынапты, әрі ксенондық лампалар пайданылады. Олар сәуле тарату құбылысын қоздырады. Қозудан қалыпты күйге көшуiнде сәуле шығады, оның толқын ұзындығы ұзақ болады. Бұл құбылыстардың бәрi жазылып, кейiн олар тұжырымдалып, зерзаттың iшкi құрылымын, құрамын анықтатады.