Жануарлар жасушасына негiзделген биотехнология


Биотехнология (грек. biоs-тiршiлiк, өмiр, tесhnе-өнер, шеберлiк) деп, адамға қажеттi өнiмдер және материалдарды биологиялық объектiлер мен процестерi көмегiмен бiле тұра өндiрудi атайды.

ХХ ғасырдың 50 жылдары жаңа ғылым бағыты - молекулалық биология пайда болды. Одан 20 жылдан соң, оның негiзiнде-тек инженериясы жарық көрiп, адам көрмеген прогреске жету жолын ашты. Ол ғылыми-техникалық прогрестiң кешендi салалы аймағы, түрлi микробиологиялық талдауды, тек және жасуша инженериясын, өсiмдiктер мен жануарлар организмдерiнде белок ферменттерiнiң қолайлы жағдайын бiлiп, жүйелi әрекетiн қолдануды-инженерлiк энзимологияны қосады.

Жануарлар жасушаларының қосылуы моноклондық антиденелердi алуға мүмкiндiк бердi.

Төтемелiлiктi (иммунитеттi-иммуноглобуллин, антидене) анықтайтын белоктар молекулалары лимфоциттерде түзiлiп, олардан қанға бөлiнедi. Әр лимфоцитте иммуноглобулиннiң тек бiр түрi ғана түзiледi. Ол организмге түскен бөгде белоктiң (тегiжат) белгiлi бiреуiмен байланысып, оны әсерсiздендiредi.

Лимфоциттердiң көбеюi ұлпа себiндiсiнде жүрмейдi. Сондықтан белгiлi антиденелердiң мол санын алу мүмкiн болмады. Қазiр бұл кедергi жойылды. Егерде лимфоциттi жылдам бөлiнудегi обыр жасушамен қосса, онда екi ата-ана қасиетi бар будан құрылады. Одан жылдам бөлiнiп, антиденелердiң бiр түрiн түзетiн жасуша өскiнi (клон) пайда болады.

Бiр лимфоциттен алынған клон (гибридома деп аталады) қандай да болмасын бiр белокқа (тегiжат) қарсы бiр антидене түрiнiң қажеттi санын алуға мүмкiндiк бередi. Мұндай бiр лимфоцит клонынан алынған, тек бiр белокпен байланысқан антидененi - моноклондық антиденелер деп атайды. Қазiр олар тек ғылыми-зерттеуде ғана емес, медицина, басқа салаларда кең қолданылуда. Егер моноклондық дененi химиялық жолмен қандайда болмасын таратушыға «тiксе», мысалы, полимерге, онда ол иммунды сорбент болып, қандайда болмасын «кiр» қосындыдан белоктың тек бiр түрiн жылдам шығарып алады. Медицинада моноклондық антиденелер көмегiмен кейбiр ауруларды, оның iшiнде қатерлi iсiктердi ерте, жылдам нақтамалайды.