Ұрықтан тыс ағзалар


Омыртқалыларда органикалық дүниенiң тарихи дамуына, ондағы жаңа жағдайларға жануарлардың бейiмделуiне байланысты ұрықтан тыс ағзалар пайда болды. Басында олар қоректiк материалдарды (сарыуыз) жинайтын жер немесе қоры деп есептелiндi. Кейiн оның рөлi айтарлықтай кеңейдi. Олар қорғаныш, тыныс алу, қоректiк қызметтердi атқаратыны дәлелдендi. Ұрықтан тыс ағзалар құрылықта дамитын ұрықтың айналасында, жаңа организмге қажет өте қолайлы сұйық орта құрады.

Құстар, сүтқоректiлер ұрықтары даму жолында (ұрық жапырақшалары, гаструла толық құрылғаннан кейiн басталады) уақытша ұрықтан тыс бөлiмдер - төл қабықшаларын (33 сурет) құрады. Оларға сарыуызды қап, шарана қабық (амнион), аллантоис, сiр қабығы (құстарда), ұрықтың бүрлi қабығы (хорион, сүтқоректiлерде) жатады.

Төл қабықшаларын ұрықтан дене қатпары бөледi. Олар бiр-бiрiмен кiндiк бауы арқылы байланысады. Пайда болған ұрық жапырақшаларын дене қатпары екiге: ұрықтық, ұрықтан тыс бөлiмдерге бөледi. Төл қабықшалары-ұрықтан тыс ағзалар осы ұрықтың тыс бөлiмiнен дамиды.

Хордалы жануарлардың iшiнде тұңғыш ұрықтан тыс ағза - сарыуызды қап балықтарда пайда болды. Оның қалыптасуына ұрық жапырақшалары: эктодерма, бөлшектенбеген мезодерма, энтодерма қатысады.

Құстар мен сүтқоректiлердiң сарыуызды қап құрамына ұрықтан тыс энтодерма, мезодерманың iшкi ағзалық жапырақшасы кiредi. Эктодерма мен мезодерманың iргелiк жапырақшасы амнион, сiр қабығы және хорион қалыптасуына қатысады.

Амнион (шарана қабық) ұрықтан тыс эктодерма мен мезодерманың iргелiк жапырақшасынан құралып, құста, сүтқоректiлерде жақсы дамыған. Ұрық айналасында сұйық орта (өте қажетте қорек ретiнде пайдаланылады) құрып, ұрықты механикалық бүлiнуден және соққыдан қорғап, кебуден сақтайды, ал құста ұрық қоректенуiне қатысады.




Сiр қабығы (ағзалар қабығымен шатыстыруға болмайды) бауырымен жорғалаушы, құста дамиды. Құрамына эктодерма, мезодерманың iргелiк жапырақшасы кiрiп, қорғаныш, тыныс алу қызметтерiн атқарады. Ұрыққа қажет кальций иондарын қамтамасыз етедi.

Аллантоис ұрықтан тыс энтодерма және мезодерманың iшкi ағзалық жапырақшасынан тұрады. Газ алмасуына қатысады және онда зат алмасу өнiмдерi жиналатындықтан, қуық рөлiн орындайды.

Хорион және ұрпақжолдас-сүтқоректiлердiң ұрықтан тыс ағзалары. Олар дамудың жануарлар жатырына ауысуына байланысты пайда болып, ұрық, ана организмдерiн қосып, ұрықтың қоректенуiне, қажетсiз заттарды бөлiп шығаруға қатысып, қорғаныш, қор және iшкi сөлденiс бездерiнiң қызметiн атқарады. Хорион - ұрпақжолдас эктодерма, мезодерманың iргелiк жапырақшасынан дамиды.