Құс ұрығының дамуы


Құс шәуетi, омыртқалыдағыдай, талшық тәрiздi, оның да басы, мойны, денесi, құйрығы болады. Ауыл шаруашылық құстарының шәуеттерi мөлшерi, басы, құйрығы түрлерiмен ерекшеленедi. Әтеш енуыз басының жоғарғы бөлiгi қалақша түстi, ата қазда ол созылыңқы, ұшы өткiр болып келедi.

Ұрғашы құстардың жыныс жолында шәуеттер тiршiлiгiнiң ұзақтығы 30 күннен артық болады. Сондықтан мекиендер жұптаусызақ ұрықтанған жұмыртқаларды сала бередi.

Құстар жұмыртқаклеткасы сарыуыз мөлшерiне, олардың орналасуына орай поли-, телолецитальдiге жатады.

Құс жұмыртқасында сарыуыз (жұмыртқаклетка), белок, қабыршақасты қабық, қабыршақ (34 сурет) сақталады. Оның құрамбөлiктерi, сарыуыздан басқасы, жұмыртқаклеткасының үшiншi қабығына (ол жұмыртқаклеткасы ұрық жолымен жылжығанда пайда болады) жатады. Бұл материалдарды ұрық жолы бездерi өндiредi.


Жұмыртқаклеткасының ядросы мен цитоплазмасы болады. Ядро оның жоғарғы бос бетiнде орналасады, бiраз цитоплазма қабатымен қоршалады, онда тұрақты қосындылар сақталады. Цитоплазманың басқа бөлiгiнiң бәрi тұрақсыз қосындылар-сарыуызбен толы болады. Сарыуыздың құрамына протеидтер, липидтер кiредi. Олар сұйық күйден қоюлануына байланысты тұнып, шар тәрiздi болады. Бастапқыда оның сарыуызы фосфолипидтерге бай болып, кейiн май қышқылдарына қанығады. Тауық сарыуызында ерiктi холестерин көп сақталады.

Жұмыртқаның сарыуызы бiркелкi емес ақшыл және қара болып келедi. Жұмыртқаклеткасының ортасында ақшыл сарыуыз орналасатындықтан, бұл аймақты латебра деп атайды. Оның қалпы колбаны еске салады. Басқа бөлiмдерiнде сарыуыз қара, ақшыл қабаттар құрып орналасады. Ақшыл сарыуыз түнде, қарасы одан басқа кезде салынады.

Жұмыртқаклетка цитоплазмасының шеткi қабаты-қыртысты қабығы (плазмолемма) - алғашқы қабық деп аталады. Белокта жұмыртқаклетка сарыуыздан доғал, өткiр ұшына арқаншамен iлiнiп тұрады. Арқанша - жiңiшке бұранда тәрiздi талшықшалар шоғыры, тығыз белокты-көмiрсулы кешеннен тұрады. Арқанша сарыуызды әр уақытта жұмыртқа ортасында ұстайтындықтан, ұрық ылғи жұмыртқа үстiнде болады.

Сарыуыз сырты белокпен жабылады. Белок орналасып, сыртқы, iшкi қабаттар түзедi. Әр қабатты сұйық, тығыз белоктар құрады. Жұмыртқа белогiнiң құрамына су (87%), протеин, гликопротеидтер, ерiктi көмiрсулар, бiраз липидтер, күлдер, басқа заттар кiредi. Ұрық дамуында белок негiзгi қоректiк зат, су көзi болып келедi де, минеральды заттар, протеиндермен жабдықтап, микроорганизмдердi өлтiретiн бактерия жойғыш заттарды сақтайды.

Белок сыртын сыртқы және iшкi қабаттардан тұратын қабыршақ асты қабық жабады. Сыртқы қабаттың қалыңдығы 56 мкм, диаметрi 2-10 мкм талшықтардан тұрып, қабыршақпен тығыз байланысады. Iшкi қабаттың қалыңдығы 16 мкм, талшықтарының диаметрi 2-3 мкм. Бұл талшықтардың химиялық құрамы мүйiздi заттарға ұқсас. Қабыршақ асты қабықтың iшкi қабаты белокқа жанасады.

Жұмыртқаның доғал аймағындағы қабыршақ асты қабық қабаты екiге жарылып, ауа сақтайтын ауа камерасын құрады.

Қабыршақ асты қабық өте тығыз, серпiмдi, газ, су және басқа ерiтiндi қосындыларын жақсы өткiзедi. Қабық қасиеттерi, оның ылғалдығына тәуелдi болады. Ылғалды қабыршақ асты қабық iсiнедi, тесiктерi көбейедi.

Жұмыртқа құрамын қабыршақ сақтап, бүлiнуден қорғайды. Ондағы материалдар ұрық қаңқасын құруда минеральды зат ретiнде қолданылады. Қабыршақтағы тесiктер арқылы газ алмасуы жүредi, ұрық дамуындағы булар өтедi. Онда органикалық, минеральдi заттар болады. Алғашқыдан тығыз өрiмденген талшықтар, белок түйiршiктерi құралады. Қабыршақ сырты жұқа қабыршақ үстi үлдiр–сiрқабықпен (кутикула) жабылады. Сiрқабық муциннен тұрып, қабыршақ тесiгi арқылы микроорганизм, қастауыш саңырауқұлақтар өтуiне кедергi жасайды, газдарды жақсы өткiзедi.

Жұмыртқаклетка аналықбезден шыққаннан кейiн ұрық жолына түсiп, ұрықтанады. Құстар жұптасқанда ұрық жолына бiрден бiрнеше миллион шәуеттер түседi. Ауыл шаруашылық құстары ұрықтануының ерекшелiгi-олар көпшәуеттi (полиспермия), сондықтан жұмыртқаклеткаға 300 жуық енуыз өткенiмен, аналық жасуша ядросымен жалғыз енуыз қосылады. Ұрықтанғаннан кейiн жұмыртқаклетка ұрық жолымен жылжып, үшiншi қабықпен жабылып, қарқынды митоз жолымен бөлiнедi. Сондықтан жұмыртқадан ұрық дамуының алғашқы сатыларын көруге болады.

Құста бөлшектену жартылай (меробластикалық), диск тәрiздi жүредi. Бөлшектенуге зиготаның ядро, цитоплазмасы орналасқан, сарыуызы аз тек жоғарғы бос бетi ғана қатысады. Төменгi полюс оған қатыспайды, онда бөлшектенудi тежейтiн өте көп сарыуыз болады.

Алғашқы екi бөлшектену сайысы меридиональдi бағытталып, олар бiр-бiрiне перпендикулярлы орналасады. Бұл сайыстар ендiктiлерге (35 сурет) ауысады. Бөлшектенуден пайда болған жасушалар-бластомералар деп аталып, сарыуызда диск тәрiздi бiр қабат құрып жатады да, оны дискоидальдi, ал түзiлген бластуланы-дискобластула деп атайды. Оның төбесi, жиек аймағы диск бластомераларынан, түбi жасушаларға бөлiнбеген сарыуыздан тұрады. Бластоцель тар саңылау тәрiздi, бластуланың (36 сурет) жоғарғы бос бетiне ығысқан. Ұрықтанғаннан кейiн жұмыртқаклеткасы ұрық жолында 4-27 сағат жүретiндiктен, онда бөлшектену, гаструляция өтедi. Салынған жұмыртқада ұрық дамуы уақытша тоқтайды, оның қайта жалғасуы өсiру, жұмыртқа басу мезгiлiнен басталады. Өсiрудiң 12 сағатынан кейiн ұрық дискiсiнiң ортасында ұрық сауыты құрылады. Онда ұрық денесi дамиды. Ұрық дискiсiнiң басқа бөлiмi ұрықтан тыс бөлiмiн, балапанның қалыпты дамуын қамтамасыз ететiн уақытша ұрықтан тыс ағзалар құрады. Ұрық сауыты айналасында, сарыуыздан жасушалары көтерiңкi орналасқан, ақшыл алаң байқалады. Олардың астында, ұрық сарыуызды пайдалануынан құрылған, ұрықасты қуыс болады. Ақшыл алаңды қара алаң қоршайды, оның жасушалары қарқынды бөлiнiп, сары уыз беттерiне жайылып өседi. Бұл аймақты қаптап өсу жиегi деп атайды.

Құстарда гаструляция екi фазада: бiрiншiсiнде-дискiден бiр қабат бөлiнiп (деляминация), екi–эктодерма, энтодерма ұрық жапыршалары (37 сурет) құрылады. Екiншiсiнде, хордомезодермалы ұрық бастамасы құрылуы үшiн дискобластула жиек аймағындағы жасушалар қарқынды бөлiнiп, ұрық сауыты артқы жағына бағытталып, қос ағында ауып кездесiп, ұрық сауыты ортасымен алға жылжи бастап, қалыңдаған жасушалар қалтқысын (ұрық сауыты артынан алдына бағытталған)-алғашқы жолақты құрады. Оның ортаңғы аймағында ойыс-алдыңғы ұшы қалыңдай алатын алғашқы жүлге (38 сурет) құрылады. Оны алғашқы немесе гензен түйiнi, ондағы ойыс алғашқы шұңқыр (асқазан қапшасы) деп аталады. Алғашқы жолақ ланцетник, амфибий гаструла бластопорларына тән. Гензен түйiнiнiң алғашқы шұңқыры бластопордың арқа тұс ерiнiне, оның басқа аймақтары да арқа тұстың қаптал, iшкерi ерiндерiне ұқсас болады.

Алғашқы шұңқыр аймағындағы ұрық материалдары iшке кiрiп, ұрық алдындағы эктодерма, энтодерма араларына жасуша арқауы түрiнде ауысады. Арқау басты, желiлi өсiндi деп аталады, одан желi (39 сурет) дамиды. Алғашқы жүлге арқылы ұрық алдына екi қанат тәрiздi бастама ауып келедi. Олар желi қапталынан және эктодерма мен энтодерма арасынанда өседi. Бұл бастамалардың жетiлуi ортаңғы ұрық жапырақша–мезодерма құрылуымен аяқталады.

Құстар гаструляциясы ұрық жапырақшалары бастамаларын құруымен аяқталады.





Құстар ұрық жапырақшаларының дамуы омыртқалылардағыдай өтедi. Жалпы құстардың дамуы сатылап жүредi. Егер сатының қалыпты ағымы бұзылса, ұрық дамуының барлық жолын өзгертедi. Даму сатыларын бiлу ұрық қалыптасуында ерекше басты кезеңдерiн айқындау мүмкiндiгiн бередi. Ол құс шаруашылығы тәжiрибесiне қажет мiндеттердi шешуге көмектеседi. Қазiр құс дамуындағы кезеңдер, тауық ұрығынан басқасы, әлi толық әзiрленбеген.




Н.П. Третьяков пен М.Д. Попов ұрық қоректенуiне сүйенiп, мына балапан даму сатыларының жiктеуiн әзiрледi.

1-саты - латебралық қоректену, алғашқы 30-36 сағат бойы өтедi, оның қоректену материалына белоктар, тұздар, су сақтайтын сарыуыз латебрасы жатады. Қуат көзiне гликоген жататындықтан, ұрық оттегiнi қажет етпейдi. Организмде қанайналымы болмайды.

2-саты - сарыуызбен қоректену, сарыуыз қанайналымы пайда болады, 30-36 сағаттан өсiрудiң 7-8 күнiне созылады. Өсiрудiң 30 сағатында жүрек, сарыуыз қабы салына бастап, соңында қантамырлары дамиды. Гликоген қоры таусылады. Организмге оттегi түсiп, белоктар мен майлар пайдалануы жеңiлдейдi. Басқа ұрық қабықтары, дене ағзалары қалыптасады: жүйке жүйесi дамиды, жүрек соғуы, дене бұлшық еттерiнiң жиырылуы басталады. Бауыр бастамасы несепнәр түзуiн бастайды, сондықтан белок өнiмдерiнiң ыдырауы ұрыққа деген зияндығын азайтады.

3-саты - ауа оттегiсiмен тыныс алу, жұмыртқа белогiмен қоректену, 7-8 күннен 18-19 күнге дейiн жүредi. Кейiнгi күн соңында ұрық балапанға ұқсайды. Бұл сатыда ұрық қарқынды дамып, қабырғасында қалың қантамырлар торабы қалыптасқан аллантоис өз қызметiне кiрiседi. Аллантоис жұмыртқа сiрiне, онымен бiрге қабыршақ асты қабығына жанасып, даму жолындағы ұлпаларды оттегiмен қамтамасыз етедi. Қабыршақ еруi минерал алмасуы қарқындылығын ұлғайтып, майлар сiңуiн күшейтедi.

4-саты - жұмыртқа ауа камерасындағы ауа оттегiсiн пайдалану. Балапан өкпемен тыныс алуға көшедi, кiшi қанайналым шеңберi қызметiне кiрiсiп, қызылтамыр қаны пайда болып, ұлпаларды оттегiмен қамтамасыз етедi. Бұл саты 18-19 күндерден қабыршақты шоқығанға дейiн жүредi. Осы мезгiлде аллантоис қайта дамуға көшiп, балапанға оттегi жетiспейдi. Сондықтан балапан қабыршақ асты қабықтың iшкi жапырақшасын шоқып, жұмыртқа ауа камерасында сақталатын ауамен тыныс ала бастайды.

5-саты - жарып шығу, 20-21 күндер. Балапан сарыуыз қалдығымен қоректенiп, оны қабымен бiрге iшек қуысына тартып алады. Басқа ұрық қабықтары, өз қызметтерiн аяқтап, өледi. Балапан қабыршақты толық жарып, жұмыртқадан шығып кетедi.

Г.А. Шмидт пен М.Н. Рогозина тауық ұрығы даму сатыларын төрт кезеңге: ұрықтық, ұрықалды, ұрық және жарып шығу деп, бөледi.

Ұрықтық кезең 8 күнге созылады, алғашқы даму сатысы ұрықтың ұрық жолымен жылжуында өтедi. Ол пiшiндер пайда болу процестерiнiң қарқынды өтуiмен сипатталады. Ұрықтың қоректену көзiне сарыуыз, онымен араласқан белоктың сұйық түйiршiктерi жатады. Сарыуыз қабы құрылысымен, қоректiк заттар тасымалдануы қантамырлары көмегiмен iске асады. Ұрықтың тыныс алуы басында осмос жолымен, кейiн сарыуыз қабының тамырлар жүйесi арқылы, соңында бұл процес аллантоистегi қан тамырлары қатысуымен қамтамасыз етiледi.

Ұрықалды кезең 8 күнi басталып, өсiрудiң 13 сөткесiнде аяқталады. Осы аралықта ұрықтан тыс ағзалар (40 сурет) жетiлiп, өзiне тән қызметтер орындай бастайды. Ұрық сарыуыз қабы арқылы негізгі iшектен тыс қоректенумен бiрге, материалдарды iшек iшiненде қорыта бастайды. Қоректiк заттар болмағанда, балапан амнион iшiндегi сұйықтықты жұтып жiбередi. Бұл кезеңде балапан тыныс алуы аллантоистың тамырлар жүйесi арқылы iске асады.

Ұрық кезеңi өсiрудiң 13-14 күнiнен-20 күнге дейiнгi мезгiлдi алады. Бұл кезеңдегi ерекшелiк сол, онда ұрық денесi ағзаларының қарқынды өсуi жүредi. Ұрықтың iшек iшiндегi қоректенуi-негiзгi, iшектен тыс тәсiлi қосымша болып есептелiнедi. Аллантоис арқылы тыныс алу сақталады, қан тамырлары қабыршақ асты қабыққа жақын орналасады. Бұл балапан денесi ағзаларының қарқынды дамуына қажет газ алмасуының күшеюiне мүмкiндiк туғызады.

Балапанның жарып шығу кезеңi өсiрудiң 20-21 күнiне келедi. Бұл кезде ұрықтан тыс ағзалар қызметтерiн атқармайды, ас қорыту iшекте, ал тыныс алу өкпенiң қатысуымен жүредi.