Балық, құс және сүтқоректiлердiң ұрықсоңы дамуы


Жануарлардың туғаннан кейiнгi даму жолы әртүрлi болып, өзiне тән жүредi. Ұрықсоңы кезеңі - алғашқы ұрықтанғаннан қартайғанға дейiнгi мезгiл. Бұл кезеңде организмнiң ең дамуы байқалады, барлық ағзалары өз қызметтерiн орындайды. Басқаша айтқанда, организмде толассыз сан және сапа өзгерiстерi өтедi.

Онтогенезде жүретiн сан өзгерiсiн - өсу деп атайды. Оны жасуша, ұлпа, ағзалар және жасушааралық заттардың салмағы, мөлшерi, олардағы заттар көлемi ұлғаюынан көруге болады. Өсу тiршiлiктiң барлық кезеңдерiнде жүредi. Жасқа сай өтетiн физиологиялық процестерге және сыртқы орта әсерлерiне (азықтың жетiмсiздiгi, артықшылығы, жыл маусымдарының ауысуы, ауа температурасы, тағы басқаларға) байланысты организмнiң, дене бөлiмдерiнiң ұлғаюы, азаюы байқалады. Осының бәрi жануарлардың өсу өзгешелiгiн анықтайды.

Организмнiң жеке дамуында бiр-бiрiмен байланыстағы екi процес-сандық - өсу және сапалық - нақтылану жүредi.

1947 ж. П.Б. Гофман организмнiң сапалық өзгерiсiне қажет сандық заңдылықтарды айқындайтын мына негiзгi себепшарттарды көрсеттi: өндiру элементтерiнiң массасы көбейiп, жасына орай өсу жылдамдылығы арттырылады; организмнiң нақтылану процесi, оның жеке бөлiмдерiнде зат алмасуының өзгеруiне жеткiзедi, өсу жылдамдылығын төмендетедi; қартаюдағы зат алмасу процесi өзгерiп, өсу жылдамдығын азайтады.

Өсу және нақтылану бiрдей жылдамдықта жүрмейдi. Тiршiлiктiң бiр кезеңiнде сандық, басқасында сапалық өзгерiстер басым болады. Егер тiршiлiк басында ұрықтанған жұмыртқаклетка бөлшектенуiнде құрылым, қызмет өзгерiстерiнiң ерекшелiктерi аса байқалмай, өсу басым болса, онда ұлпалар, ағзалар қалыптасуында сапалық өзгерiстер жылдам басталады. Әр жануарлар түрлерiнiң белгiлi жасында жаңа пайда болу процесi өшiп, жай өсу процесi басталады. Өсу процесi iрi қара малда 7-8 айдан 16-18 ай жасында басым болады, ал туғаннан 6-7 айға және 16-18 айдан 25-30 айға дейiн айтарлықтай сапалық өзгерiстер ас қорыту және жыныс жүйелерiнiң дамуымен, буаз болу, сүттенуге байланысты байқалады.

Тiршiлiк жағдайлары өсу және нақтылану процестерiн жылдамдатуы немесе тежеуi мүмкiн. Мұнда үлкен рөлдi азықтар, жануарлардың күту жағдайлары, алғашқы ұрықтандыру жасы, тағы басқалар атқарады.

Өсу зат алмасуының бiр жағы болатындықтан, оның мүмкiндiгi шексiз, үздiксiз. Кейбiр төменгi сатыдағы омыртқалыларда, мысалы, балықта оң (өрлеу) өсу қаусаған қарттыққа дейiн жалғасады.

Жоғары сатыдағы омыртқалылардың жетiлген жасында дене массасы көбеймейдi, бiрақ өсуi еш уақытта жоғалмайды. Ол физиологиялық және репаративтi қайта қалпына келуге байланысты болады. Жануарлардың әр түрiнiң өсу белсендiлiгi, дегенменде жетiлуiмен ерекшеленедi.

Жануарлар өсу ерекшелiктерiне байланысты екi топқа бөлiнедi.

Жануарлардың белгiлi жасына денесi қалыптасып, оған дейiн ағзалар көлемi, салмағы толық дамуына жетсе, өсудi - ақтық (терминированный) деп, ал оң өсу ұзақ шектелмей жүре берсе, оны асимптотическалық деп атайды. Ақтық өсу кемiргiш пен құстарда, асимптотическалық - балықта болады. Балықтың дене өсiмi өмiр бойы жалғасады, бiрақ жасы өскен сайын көлемi төмендейдi. Құстарда ол қарама-қарсы, өте қысқа қалыптасу кезеңi болып, бiрнеше тәулiк iшiнде ең жоғарғы салмағына жетедi, ал кейбiр түрлерiнде ол бiрнеше ай өтедi.

Ауыл шаруашылық жануарларының қалыптасу кезеңi орташа тiршiлiк ұзақтығы төрттен бiрiнен үштен бiрiне дейiнгi аралықты алады. Iрi қара мал, жылқының орташа тiршiлiк ұзақтығы 15-20 жыл болса, қалыптасу процесi аяқталып, олардың толық жетiлуiне 5-6 жыл қажет көрiнедi. Бұған қой, шошқа өсуi де ұқсас. Буйвол қалыптасу процесi, толық жетiлуi 6-8 жылға созылып, кейде орташа тiршiлiк ұзақтығы 20 жыл болғанда, ол 10 жылға жетедi.

Туғаннан кейiн алғашқы салмақтың екi еселенуi үшiн қазға 4 күн, итке-9 күн, шошқаға-8, ешкiге-14, iрi қара малға-48-52, жылқыға-60 күнге жуық мезгiл керек.