Ұлпалардың дамуы және қайтадан қалпына келуi


Органикалық дүниенiң тарихи дамуы жолында ұлпалар организмнiң тарихи даму процесiнiң (филогенез) белгiлi бiр сатысында пайда болады. Жануарлар жеке организмiнiң дамуы барлық тарихи даму өзгерiстерiн қайталап, әртүрлi ұрық бастамалары, олардың қайнар көзi болып келедi. Эволюциядағы (бірте-бірте даму) ұлпалардың даму заңдылықтары ұлпа дамуындағы белгiлердiң алшақтануы (Н.Г. Хлопин), ұлпалар дамуында бiрдей жүретiн қатарлар (А.А. Заварзин) iлiмдерiмен қорытындалды.

Ұлпалар дамуындағы белгiлердiң алшақтану iлiмi фило-онтогенезде ұлпалар эволюциялық өзгеруiн белгiлердiң алшақтануы ретiнде қарастырады. Себебi, әр ұрық бастамасынан ұлпалар дамып, құрылым, қызмет жағынан бiр-бiрiнен бiртiндеп, өзгешелiктерге ие бола бастайды. Бұл iлiм ұлпалардың эволюциядағы негiзгi бағыттарын көрсетедi.

Ұлпалар дамуында бiрдей жүретiн қатарлар iлiмi ұлпалар құрылысына, филогенезде бiр-бiрiнен алшақ тұратын тұқымдас емес жануарлар бiрдей қызмет атқарудағы ұқсастықтарына негiзделген. Ол ұлпалар құрылысы, қызметi тығыз байланыста және жануарлар әлемiнiң әртүрлi тарауындағы бiр типтi ұлпалар эволюция жолында дербес екендiгiн көрсетедi. Бұлар ұлпалар құрамы дамуындағы ұқсастыққа жеткiздi. Бұл iлiм ұлпалардың бейiмделгiш қасиетi барын, олардың эволюциядағы өзгерiс дәлелдерiн ашады.

Ұлпа түрлерiнiң дамуы, жасушалардың айқындалу (детерминация), жiктелу (дифференциация) процестерiмен қамтамасыз етiледi.

Ұлпалардың айқындалуы ұрық жапырақшаларының даму кезiнде жүрiп, ол дамудағы әр ұлпаға тән бағытты бекiтедi. Бұл бекiту жасушалар қабілетiн сатылап шектелуiнде iске асады.

Жiктелу процесiнде ұлпалардағы жасушалар бекiтiлген қабілеттердi жүзеге асырады. Ұлпаларда бiрнеше әртүрлi жасауша дифферондары (жiктелу тармақтарын түзетiн жасуша түрлерiнiң (бағаналық, құрушы, жетiлген) жиынтығы) болады.

Бағаналық жасушалар ұлпалардың ұрықтық дамуында, организмнiң көптеген ұлпаларында болып, үзiлмейтiн қабілеттi қолдап, сирек бөлiнiп, бұзғыш факторлар әсерiне тұрақты болып, басқа жасушаларды дамыта алады.

Алғашқы жалғыз құрушы жасушадан пайда болатын ұқсас жасушалар тобын-вегетативтiк өскiн (клон) деп атайды.

Кейбiр ұлпалардың жетiлген жасушалары түрткiнi қолданғанда (гепатоциттер, тироциттер, жебiр жасушалар) бөлiну қабілетiн сақтаса, ақтық жетiлген жасушалар мұндай қабілеттi толық жоғалтады (нейрон, остеоцит, түйiршiктi қан жасушасы, бүрлi энтероцит, кардиомиоцит).

Ұлпалардың қалпына келуi (regeneratio) деп, ұлпа элементтерінің қалыпты тiршiлiк әрекетi (физиологиялық қалпына келу), бүлiнуден кейiнгi (репаративтiк) жолдармен пайда болуын айтады. Оны алдымен ұлпадағы жасушалар қамтамасыз етедi. Онда жасушалар митоз жолымен бөлiнiп, ұлпада жаңа жасушалар түзіле ұлғайып, өсуi нәтижесiнде жүредi. Бұның әр ұлпадағы қарқындылығын өсу факторлары, гормондар, жасуша қызметінің асуы, цитокиндер бақылап отырады.

Организмдегi барлық ұлпа жасушалары қалпына келу деңгейiне орай, үш топқа бөлiнедi: тұрақты қабылеттi - ұзақ тiршiлiк ететiн, бөлiнбейтiн жасушалар (нейрон, кардиомиоцит); өсуге қабылеттi - ұзақ тiршiлiк ететiн, арнайы қызметтер орындайтын, ширатуда бөлiне алатын, ядросында хромосома санының көп болуына ұшырайтын жасушалар (бүйрек, бауыр, ұйқы, қалқанша, қуық бездерiндегi эпителийлер); жаңартуға қабылеттi - тұрақты, жылдам жаңаратын жасушалар (iшек, эпидермис эпителийлерi, қан жасушалары).

Жасуша iшiндегi қалпына келуде жасуша құрамбөлiктерiнiң құрылымы қалыпты жағдайда немесе бүлiнуден кейiнгі жолдармен үзiлiссiз қалпына келуi қамтамасыз етiледi. Ол әмбебапты, организмдегi барлық ұлпаларға тән. Кейбiр ұлпаларда (жүрек бұлшық ет ұлпасы), жасушалар тармақтарында (нейрондар) мұндай қалпына келу жалғыз-ақ тәсiл болса, басқаларда жасушалардың толық жаңаруы жүредi.

Жасушалар көлемiнiң ұлғаюы - гипертрофия (грек. hуpеr-ең, өте; trорhе-қоректену), түзiлiстiк процес ыдырау процесiнен басым болғанда өтедi, құрылымдар жасуша iшiндегi қалпына келу тәсiлi арқасында ұлғайып, өзгерiс жағдайларына бейiмдi болып келедi. Жасуша ядросында хромосома саны артып, ДНҚ молекуласындағы бiрiздiлiктiң иРНҚ молекуласына жазылуына қолайлы жағдай туатындықтан, ұлпалар көлемiнiң ұлғаюы жүредi. Онда көлемi ұлғайған, бiрақ саны өспеген жеке жасушалар байқалады. Бұл құбылысты ұлпалар көлемiнiң ұлғаюы-гипертрофия деп атайды.

Ұлпада жаңадан жасуша түзе ұлғайып, өсуi жүрсе, жасушалар саны көбейедi, оны гиперплазия (грек. hуpеr-ең, өте; рlаsis-құру) деп атайды. Гипертрофия және гиперплазия ұлпалар көлемiнiң ұлғаюына жеткiзедi.

Жасушаның семуi - атрофия (грек. аtrорhео-сему) кезiнде, оның көлемi, массасы, қызмет қарқындығы, iшкi қалпына келуi төмендейді, ыдырау процесi түзiлiстiк процесiнен басым болады. Бұл құбылысты жасушаның енжарлығы, гормондар, қоректің жетiмсiздiгi, қартаю, қолайсыз физикалық, химиялық және басқа әсерлер туғызуы мүмкiн.