Эпителийлердiң морфологиялық жiктелуi. Әртүрлi эпителийлердiң құрылысы


Эпителийлердiң жiктелуi екi белгiге: құрылысына (морфологиялық жiктелу) және ұрық дамуының қайнар көзiне (гистогенетикалық жiктелу) негiзделген.

Морфологиялық жiктелудің сипатмежесi (критериі) эпителийдегi қабаттар санына қарай, бiр және көп қабатты, ал бiр қабатты эпителийлер қатарларына орай, бiр, көп қатарлы, эпителиоциттер пiшiнiне байланысты-жайпақ, куб және цилиндр тәрiздi болып бөлінеді, сипатмежеде полюстiк жетiлуi де ескерiледi. Қабаттағы эпителиоциттердiң негiзгi жарғақшамен байланысы эпителий қатарларын анықтайды. Эпителиоциттердiң бәрi негiзгi жарғақшамен байланыста болса, эпителий бiр қабатты, ал мұндай құрылым болмай, эпителиоциттер негізгі жарғақшамен байланыспаса, эпителий көп қабатты деп аталады. Көп қабатты эпителий эктодермадан, ал бiр қабатты эпителийлер энтодерма мен мезодермадан дамиды.

Бiр қабатты жайпақ эпителий (epithelium simplex squamosum, 42 сурет, А) мезодерма спланхнотомынан дамиды. Жасуша биiктiгi енiне қарағанда төмен, диск тәрiздi ядросы бар жерi қалың көрiнедi. Эпителий қабаты жұқа болғандықтан, одан газ, әртүрлi зат алмасу өнiмдерi жылдам тасымалданады. Шектiк қызмет атқарады, себебi сiр қабықтарын төсеп, ағзалардың бiр–бiрiмен, дене қабырғасымен жабысуынан қорғайды; сiр сұйығын түзу мүмкiндiгiн туғызады; жасушаларда пиноцитоз қарқынды жүредi де заттар сiр сұйығынан лимфа арнасына жылдам тасымалданады. Бұл эпителийге тамырларды төсейтiн–эндотелий (endothelium), дене қуыстарындағы-мезотелий (mesothelium, сiр қабықтары құрамына кiредi), кейбiр бүйрек өзекшелерiндегi (Генле iлмешегiнiң жұқа бөлiгi), өкпе көпiршiгiндегi эпителийлер жатады.

Бiр қабатты куб тәрiздi эпителий (epithelium simplex cuboideum, 42 сурет, Б) әртүрлi ұрық жапырақшаларынан дамиды. Эпителиоцит биiктiгi енiне тең болады. Оның қызметi ағза қызметіндегідей, шектiк (өзектерде), осмостық реттелу (бүйрек безiнде), басқа қызметтердi атқарып, бүйректің, ұйқы безiнің және бауырдың өт өзекшелерiнде, қалқанша без фолликулаларында кездеседi.


Бiр қабатты призма тәрiздi эпителийдiң (epithelium simplex columnare, цилиндр, тiрек тәрiздi, 42 сурет, В) пайда болуы, организмдегi тұрағына байланысты жүреді. Жасушаның биiктiгi енiнен зор болады, полюстенген, ядросы негiзгi бетiне ығысып орналасады, цитоплазмасында тұрақты қосындылар жақсы жетiлгенiмен бiркелкi жайғаспайды. Iшек және өт қалтасындағы бұл эпителийлер көмкермелi болып келеді де, секреция, сiңiру қызметтерiн атқарады. Қарын, жыныс жолы эпителийлерi арнайы-шырышты, iшек, кеңiрдек және кеңiрдекшелердің құты тәрiздi жасушалары-сiлемейді, ал эндокриндi жасушалар гормондар мен өсу факторларын өндiредi. Аталған эпителийлер қарын, iшектер бетiн жабып, ұйқы безiнің, iрi өт өзекшелерiнің, өт қалтасы, ұрық жолы, бүйректердегі iрi жинаушы түтiктер қабырғасының төсенiштерiн құрады.

Бiр қабатты көп қатарлы кiрпiкшелi эпителий (epithelium pseudostratificatum, 42 сурет, Г) күрделi пайда болады. Көлемi, пiшiнi түрлi жасушалардан тұрады, ядролары бiрнеше қатарда орналасады. Мысалы, ауа өтетiн жол шырышты қабығындағы эпителийде төрт түрлi: аласа (негiздiк), биiк (аралық), кiрпiкшелi, құты тәрiздi жасушалар байқалады. Бұлардың iшiндегi ұсақ, көлемдi, аласа жасуша-түзушi деп есептелiнедi. Ол кең бетiмен негiзгi жарғақшаға жанасады, үшкiр бетi оның кеңiстiгiне жетпейдi. Кiрпiкшелi, құты тәрiздi жасушалар (сiлемей өндiредi) ең жетiлген түрiне жатады. Ол эпителий бетiн жабып, сыртқы әсерлерден қорғап, бөлшектердiң ауа өтетiн жолында, жыныс жолындағы жыныс өнiмдерiнiң қозғалуына мүмкiншiлiк туғызады. Бұл эпителий тасымалдау, қорғаныш қызметтердi атқарады.

Көпқабатты жайпақ түлемейтiн эпителий (epithelium stratificatum squamosum noncornificatum, 42 сурет, Д) эктодермадан дамиды, үш: негiздiк, тiкенек тәрiздi (аралық), үстiңгi (жайпақ) қабаттардан тұрады.

Негiздiк қабат негiзгi жарғақшада жатады, iрi сопақ ядролы призма тәрiздi жасушалардан түзiледi. Олар бөлiнедi, жоғары жылжып, негiздiк жарғақшамен байланысын үзiп, жетiлiп, тiкенек тәрiздi қабат құрамына кiредi.

Тiкенек тәрiздi (аралық) қабатты iрi бiрнеше қатарлы көп бұрышты жасушалар құрады. Ядролары сопақша, домалақ, қысқа өсiндiлерiнiң формасы тақташа, тiкенек тәрiздi болады. Өсiндiлер жасуша араларына енiп, десмосомалармен бiрге оларды бiр-бiрiмен байланыстырып тұрады. Бұл қабат сыртындағы жасушаларда ұсақ домалақ түйiршiк тәрiздi кератогиалин жиналады.

Үстiңгi қабат аралық қабаттан айқын бөлiнбейдi. Жасушалары жайпақ, тұрақты қосындылары аз, қабығы қалыңдау, жасуша аралық кеңiстiгi жоқ, ядросы ақшыл (сулы бөртпелi, везикулярлы), хроматин түйiршiктерi (бүрiсiп қалады-пикноз) нашар байқалатын қоңыр болады. Бұл эпителий көздің мөлдiр қабығын, кiлегейлi қабықшаны, жартылай ауыз қуысының сiлекей қабығын, жұтқыншақ, өңеш, қынап, жатыр мойнының қынап жағын, зәр шығару түтiгiндегі бөлiк беттерiн төсейдi. Ауыл шаруашылық малдарында, әсiресе, күйiс қайыратындарда бұл жасушалар мүйiзденiп (мөлдiр қабықтан басқа), өлiп, эпителий бетiнен түсiп қалады.

Көпқабатты жайпақ түлейтiн эпителий (epithelium stratificatum squamosum cornificatum, 42 сурет, Е) эктодермадан дамып, бес: негiздiк, аралық, түйiршiктi, жылтыр, мүйiздi қабаттардан тұрады.

Негiздiк қабат (stratum basale et germinativum) куб, призма тәрiздi жасушалардан құралады. Оларға бiр, екi ядрошығы бар ядро, жақсы дамыған тұрақты қосындылар, көптеген аралық кератин құрамбөлiктерін (тонофиламенттер) сақтайтын базофилдi цитоплазма тән. Бұл қабат эпителий түзушi ұлпасын сақтап, эпителийдi төмен орналасқан дәнекер ұлпамен бекiтедi. Эпителиоциттер десмосома, ал негiзгi жарғақшамен–жартылай десмосома арқылы бекiтiлiп, арасында саңылау, тығыз байланыстар болады.

Аралық қабат (stratum intermedium) iрi дұрыс формасыз, көптеген өсiндiлi (тiкенектi) аймақтарда десмосомамен байланысып, тонофиламент будаларын сақтайтын жасушалардан құралған. Мұнда бөлiне алатын жасушалар да кездеседi.

Түйiршiктi қабатқа жақындаған сайын жасушалар тығыздана бастайды. Ол қабат өте жұқа, ұршық тәрiздi жасушалардан құралады. Ядросы жайпақ, хроматинi реттелген, цитоплазмасында көптеген тонофиламенттері, екi түрлi түйiршiктері болады: кератогиалиндi–iрi (0,5-1 мкм), базофилдi, формасы дұрыс емес, келешекте мүйiздi зат (кератин) құратын басты құрамбөлiктер-профилаггрин сақтайды; тақташалы (кератиносомдар)-ұсақ, ұзынша, көлемi 250 нм жуық, тақташа құрылымды, бiрнеше ферменттер, липидтер сақтайды, түйiршiктері экзоцитоз жолымен жасуша аралық кеңiстiкке бөлiнедi, эпителийдiң тосқауыл қызметiн, судың өтпеуiн қамтамасыз етедi.

Жылтыр қабатты өле бастаған жасушалардың 1-2 қабаты түзедi. Олардағы кератогиалин түйiршiктерi қосылып, тұрақты қосындылары, ядролары ыдырайды, кератогиалин элеидинге ауысады.

Мүйiздi қабат ең бетiнде жатады. Өте көп жайпақ өлi жасушалар қатарынан (100-ге дейiн), мүйiздi зат-кератинмен толған мүйiздi қабыршақтардан құралған. Жасушалар бекiген десмосома өзгерiп, жасушалар арасына бейтарап майлар жиналады. Түктi терiде мүйiздi қабат жұқа, бiрнеше мүйiздi қабыршақ қатарларынан тұрады. Бұл эпителий терi эпидермисiн құрады, ауыз қуысы, тiк iшектiң соңғы бөлiгiн төсейдi. Шекаралық және төмен орналасқан ұлпаларды химиялық, термиялық, механикалық, дерт туындатушылық, басқа сыртқы әсерлерден қорғайды. Онда өте көп әсерлерге тұрақты белоктар, липидтер сақталады, жылу өткiзгiштiк қабілетi нашар болады.