Эпителийлердiң гистогенетикалық жiктелуi


Академик Хлопин Николай Григорьевич 1947 жылы гистогенетикалық жiктелудi әзiрледi. Онда әртүрлi ұлпалар бастамасынан ұрық дамуында жетілетін бес негiзгi эпителий түрiн көрсеттi. Аталған жiктелуге сай, мына эпителийлердi ажыратады да, сыртқабықша (эпидермалдi), энтеродермалдi, целонефродермалдi, ангиодермалдi және эпендимоглиалдi деп атайды.

Сыртқабықша эпителийi - терi эпидермисi-эктодерма, хорда алды тақташадан дамиды да, қорғаныш қызмет атқарады. Оған ауыз қуысы, жұтқыншақ, өңеш, тыныс өтетiн жол, өкпе ауасүзгiш бөлiмi, қынап, зәр шығаратын жол және көздің мөлдiр қабығын төсейтiн эпителийлер жатады. Сыртқабықша эпителийi терi бездерiн, iрi шырышты, сүт, бiрталай эндокриндi (аденогипофиз, қалқанша, оның жанындағы) бездердi, айырша бездiң негiзiн құрады.

Энтеродермалдi эпителий iшек энтодермасының туындысы болып келеді. Оны iшек эпителийi, ас қорыту жолы төсенiшi, онымен бiрге бұл жолмен байланыстағы барлық ұсақ, iрi бездерден (бауыр, ұйқы безi) көруге болады.

Целонефродермалдi эпителий соңғы қуыстың (целоманың) төсенiшi, нефротом түзедi. Ол бiр қабатты бiр қатарлы, кейде көп қатарлы (ұрықты әкететiн жолда, қуық алды безде кездеседі), көп қабатты (жұмыртқалықтың фолликулаларында) эпителийдi құрады. Эпителийдiң қызметi секрецияға, сыртқа шығаруға (экскреция), сiңiруге байланысты, тосқауыл қызметiнде атқарады. Мұндай эпителий құрамына мезотелий, нефрон, ұрықты әкететiн жол, ұрық жолы, жатыр, мойын түтiгi, жұмыртқалықтағы (фолликулалар жасушалары, түйiршiктi лютеоциттер) және ендегi (Сертоли жасушалары-сустентоциттер) эпителийлер кiрiп, олар қуық алды, бүйрекүстi бездерiнде басты қызмет орындайтын ұлпалар құрады.

Ангиодермалдi эпителий ерекше ұрық бастамасы ангиобластың туындысы. Ол мезенхима жасушалары ортасында орналасады, қан, лимфа тамырларын, жүрек төсенiшiн бередi. Бұл эпителийдің жалғыз ғана өкiлi-эндотелий. Айрықшалық ерекше қасиеттi иммундық жүйе ағзаларындағы тамырларда, көк бауыр қойнауындағы (синус) таяқша тәрiздi эндотелий жасушаларында байқалады.

Бұл эндотелийдің атқаратын қызметтерi әр алуан. Эндотелий қан, басқа ұлпалардың арасында заттар мен жасушалардың тасымалдауына қатысады, әрі қан ұюын және тамырлар тонусын реттейдi, биологиялық қарқынды заттарды түзедi, тамырлардың жаңадан пайда болуын (ангиогенездi) қамтамасыз етедi.

Эпендимоглиалдi эпителий жүйкелiктен пайда болатын ерекше ұлпа. Жүйке жүйесiнде тiректік, шектiк және түзу қызметтерді атқарады, ал құрылымы эпителий сияқты. Эпендимдi мидың дәнекер тiнiне (глияға) жатады. Эпендимоглиалді эпителий жұлынның орталық өзегiн, бас миының қарыншасын төсейдi, ми-жұлын сұйықтығын өндiруге қатысады. Оның төбелiк бетi талшықтар сақтайтын бiр қабатты куб және призма тәрiздi жасушалардан құралған. Ми қабықтарын төсеп, сезiм ағзалары (тепе-теңдiк, есту, көру) және ми дiңi құрамына кiредi.