Бездi эпителийлер


Бездi жасушалар (гландулоциттер) кейбiр жабын, төсенiш эпителийлер құрамына кiредi, маманданылған ағзалар-бездер құрып, түзiндi құру қызметiн атқарады. Бездер түзiндi бөлу бағытына орай, экзо,- және эндокриндi деп, жiктеледi.

Экзокриндi бездер (glandula exocrina) түзiндiсiн терiнiң, шырышты қабықтың сыртына, iшкi ағзалар кеңiстiгiне бөледi.

Эндокриндi бездердiң (glandula endocrina) өзегi болмайтындықтан, гормондары тiкелей қан және сөл тамырларына өтедi.

Экзо-, эндокриндi бездер бiр және көп жасушалы (гландулоциттi) болады. Гландулоциттердің ядросы iрi, хроматинi тығыздалмаған, болбыр (эухроматиндi), бiр, кейде бiрнеше iрi ядрошығы, цитоплазмасында өте күштi дамыған түзiлу аппараты орналасады. Гландулоциттерде секреция процестерi циклды жүрiп, төрт: соңғы затты сiңiру, секрет түзiлу, түзiлген өнiмдi жинау, секреттi шығару фазаларынан тұрады.

Экзокриндi бездер гландулоциттерден түзiлiп, секрет бөлетiн (соңғы) бөлiмнен (pars terminalis), шығарушы өзектен (ductus excretorius) тұрады. Секрет бөлетiн бөлiмге гладулоциттерден басқа ұзын өсiндiлi, жиырылу қабілетi бар, соңғы бөлiмдi қапсырып алатын, секреттiң шығарушы өзекке жылжуын жеңiлдететiн еттi-эпителий жасушалары (myoepitheliocytus) кiредi. Шығарушы өзек безден секреттiң ағуын қамтамасыз етедi. Iрi бездерде iшкi бөлiктiк, бөлiктiк, бөлiм арасы, басты өзектер болады.

Бездер жiктелуiнiң сипатмежесi түрлі белгілерге негізделген:

гландулоциттер санына (43 сурет) орай, бездер-бiр жасушалы (құты тәрiздi, эндокриндi жүйенiң жасушалары), көп жасушалы (барлық бездердегi жасушалар) болады;

құрылым деңгейiне - әртүрлi ағзалардың құрамына құрамбөлiктер ретiнде кiрмейтiн (шырышты қабықтардағы бездер), дербес анатомиялық ағзалар болып қалыптасқан (iрi сiлекей, бауыр, ұйқы безi, қалқанша без) бездерді айқындайды; 

эпителий қыртысында орналасуына байланысты - егер бездер эпителий қыртысында орналасса-эндоэпителиалдi, одан тыс орналасса-экзоэпителиалдi (бұған көптеген бездер жатады) деп бөлінеді;

түзінді (секрет) бөлу тәсiлiне орай, бездер - мерокриндi (glandula merocrina, эккриндi-eccrina), онда секреция экзоцитоз жолымен өтiп, жасуша құрылымын бұзбайды (сiлекей бездерi), апокриндiде (glandula apocrina)- түзінді гландулоциттердiң төбелiк бөлiмiмен бiрге бөлiнеді (сүт безi), ал голокриндiде (holocrina) гландулоциттер толық бұзылып, түзіндіге айналады (май безi). Кейбiр бездің гландулоциттерiнде түзінді бiр мезгiлде апокриндi және мерокриндi жолдармен де бөлiнедi;

секреттiң химиялық құрамына байланысты, бездер үш түрлі - сiрлi (glandula serosa, белокты), шырышты (mucosa) және аралас (seromucosa, белокты-шырышты) болады.

Экзокриндi бездiң морфологиялық жiктелуi соңғы бөлiмі мен шығарушы өзектері құрылымының белгiлерiне негiзделедi. Сондықтан соңғы бөлiм формасына қарай, бездер-түтiктi (tubulosa), көпiршiктi (alveolaris), екi түрi қатар болғанда түтiктi-көпiршiктi (tubuloalveolaris), көпiршiктi-түтiктi деп аталады. Соңғы бөлiмінің тармақталуына орай, бездер-тармақталған, тармақталмаған, ал шығарушы өзектiң тармақталуына қарай-қарапайым (өзегi тармақталмаған), күрделi (өзегi тармақталған) деп жiктеледi.