Жiктелуi


Дәнекер ұлпалар бес шағын топқа: қан, сөл, қан өндiру (лимфоидты, миелоидты) ұлпалары, талшықты (борпылдақ және тығыз (қалыптасқан, қалыптаспаған), арнайы қасиеттi (май, ретикулярлық, сiлемейлi, бояутек) және қаңқалық (шемiршектер, сүйектер) деп жiктеледi.

Қан (sanguis) - сұйық ұлпа, дәнекер ұлпаларға жатады, жүрек ырғағы арқасында тамырда айналып жүредi. Қан өндiру, бұзу жүйесiне кiредi, қанда болатын белоктар түзiлуiне қатысады, су–электролиттер алмасуына жауапты, қанның сапалы, сандық құрамын жүйкелiк, гуморальдiк реттеуiн қамтамасыз етедi. Қанды талдау (цитологиялық, биохимиялық зерделеуде) кең тараған. Организмнің ұлпалары iшiнде қан ғана диагноз қою мақсатымен жиi зерделенедi.

Қанның қызметтері: тасымалдау - қанның ең әмбебап қызметi, тыныс алудағы-ерiтiлген, химиялық байланыстағы газдардың тасымалдауын (оттегi, көмiр қышқылы) қамтамасыз етеді; қоректiк - сiңiрiлген жерден қоректiк заттарды ұлпаларға тасымалдайды; сыртқа шығару - ұлпалардан зат алмасу өнiмдерiн бөлiп шығарады (зәрмен); реттеу - түрлi ұлпалар жасушаларына әртүрлi қызметтердi реттейтiн гормон, өсу факторларымен биологиялық қарқынды заттарды тасымалдайды; ағзалар арасында жылуды таратып, оны сыртқа бөлiп шығарады; тұрақтылықты сақтау - организмнің iшкi ортасында қышқылды-сiлтiлi, осмостық тепе-теңдiктi, су теңгерiмiн, дене қызуын, ұлпа сұйығының биохимиялық құрамын және басқа тұрақтылықты сақтайды; қорғаныш - бөгде тегiжатты бейтараптап, микроорганизмдердi өзiне тән және тән емес механизмдермен зиянсыздандырады.

Организм дене массасының 7-10% қан құрайды, жоғары да көрсетiлген қызметтердi атқарады. Төл және жас жануарлар қанының салыстырмалы көлемi, жетiлгендерге қарағанда, көп болады. Құлында 10 литр қан болса, оның 23% көлемiн құрады, жылқыда 50 литр қан болса, оның 7% ғана көлемiне тең болады.

Сүтқоректiлер қанының құрамбөлiктерiне-қызыл қан түйiршiктерi (эритроциттер), лейкоциттер, қан тақташалары (қан тақташалары құстарда, төменгi сатыдағы омыртқалыларда тромбоциттер деп аталады) және қан плазмасы жатады.

Мұндағы лейкоциттер ғана нағыз жасушалар, ал эритроциттер мен қан тақташалары-жасушадан кейiнгi құрылымдар. Қан құрамбөлiктерi белгiлi сандық ара қатынаста болатындықтан (шыны түтiкте тұндырып, бiртектi емес заттарды ажырату әдiсiмен анықтайды) - қан формуласы немесе гемограмма, ал лейкоциттердiң процентпен көрсетiлген ара қатысын-лейкоциттiк формула (3 кесте) деп атайды. Қан құрамбөлiктерi қоюлығын санау микроскопта арнайы есеп камерасы (Горяев) көмегiмен жүргiзiледi. Қазiргi кезде цитометр, автоматты талдағыш бейнелеудi пайдаланып, оны өте кең таралып келе жатқан автоматтық есеп әдiсiн қолдану арқылы алады.

3 кесте

 

Ауыл шаруашылық жануарларындағы қан жасушаларының морфологиялық құрамы және мөлшерi (В.Н. Никитин бойынша)

 

жануарлар

Эритроциттер саны (1мм3/млн)

Эритроцит диаметрi (мкм)

Лейкоциттер саны (1мм3/ тыс)

Лейкоциттiк формула және лейкоциттер мөлшерi

Қан тақташасы саны(1мм3/тыс)

нейтрофилдер

эозинофилдер

базофилдер

лимфоциттер

Моноциттер

шошқа

6-6,5

6-8

15-20

36-72

3-8

0,8-1,5

24-40

2,3-5,3

240-350

жылқы

7-9,5

4,9-5,8

9-11

50-60

3-6

0,5

18-35

2,5-3

300-350

iрi қара

5-7

4-8

5-10

30-36

6-10

0,1-0,5

51-59

4,5-5

400

қой

8-13

4,3

8-10

30-32

3-9

0,2-0,5

40-78

2-3

49-370

ешкi

13-17

3-7

12

35

5-6

0,03-0,5

55-40

2,2-4,5

500-600

бұғы

7,7

 

10,7

37

6,8

 

50

6,6

 

түйе

11

8-4

10,1

53

4

0,3

42

1,7

 

қоян

5-6

 

8

40

1,5

1

55

2,5

240

тауық

3-4

13,7

23-35

30

5

3

60

2

23-130

күркетауық

2,7

 

34

23-46

1-4

2,5

44

6,4

48

қаз

2,9

 

38

35

0

2,5

53

10

49

үйрек

3,2-4,5

 

35

32

8,3

3,6

51

1,5-5,5

49

 

 

Эритроциттер (erythrocytus, грек. еrуthrоs-қызыл, суtоs-жасуша) қан құрамбөлiктерiнiң ең көбi, миллиондап саналады. Эритроциттердің саны жануарлар түрiне, тұқымына және жасына байланысты болады. Олар-шаршағанда, барометрлiк қысым күшейгенде, әртүрлi қан ауруларында көлемiн, пiшiнiн өзгерте алады. Сүтқоректiлерде-ұсақ (4-7 мкм), ядросыз, пiшiнi екi жақты ойық дискiдей (пiшiн үйлесiмi газ алмасуына өте қажет, көлемiн ұлғайтады), цитоплазмасында ферменттерi (олар эритроциттердiң жарғақша құрылымын, екi жақты ойық дискiдей формасын сақтайды, қабығы арқылы электролиттердi тасымалдап, жасуша iшiнде шоғырлануын қамтамасыз етедi, гемоглобиннің молекуласында қалыптасқан темiрдi, гемоглобиннiң ерiтiндi күйiн сақтайды), диаметрi 3-8 мкм, орта қалыңдығы 0,8 мкм, шетiнде 3,5 мкм, басқа омыртқалыларда тiршiлiк әрекетi нашар таяқша тәрiздi ядролары болады.

Эритроциттер саны, көлемi арасында керi байланыстылық байқалады. Ешкi 1 мкл қанында 14 млн. эритроциттер болса, диаметрi 4 мкм; бақа 1 мкл қанында 0,35 млн. сопақ эритроциттер болса, ұзына бойындағы диаметрi 22,8 мкм, енiндегi диаметрi 15,8 мкм тең болады. Әр жануарда эритроциттер көлемi бiрдей болады. Қанда эритроциттер көлемi, формасы өзгерсе, оның бұзыла бастағанын көрсетедi. Оны анизоцитоз деп атайды. Жетiлген эритроциттiң қабығы, жарғақшасы тамырлар арнасында амин қышқылдарын, антиденелер, уыттар, дәрiлiк заттарды ұстап, тасымалдап, едеуiр серпiмдi болып, ол пiшiнiн өзгертiп, тар қылтамырлардан (диаметрi 3–4 мкм) жеңiл өтеді. Цитоплазмасында тұрақты қосындылар болмайды, олардың орнын су, 34% гемоглобин, глюкоза, АТФ және ферменттер толтырады. Мұндағы гемоглобин хромопротеидтен тұрады, белоксыз бетiнде екi валенттi темiрi болады. Гемоглобин арқасында эритроциттер басты қызметiн-оттегiнi өкпеден ұлпа, ағзаларға тасымалдап, гемоглобин оттегiмен тұрақсыз қосылып, оксигемоглобин құрады. Одан ағзада оттегi бөлiнiп, дене ұлпаларына өтiп, эритроцит олардан көмiр қышқыл газын өкпеге алып шығады. Газ алмасуы организмдегi өкпе мен ұлпаларда оттегi мен көмiр қышқылы қысым мөлшерiнiң әр түрлiлiгiнен жүредi.

Эритроцит қабығының көптеген жарғақша белоктары гликопротеидтер, гликолипидтер болады, олардың сыртқы соңғы қанты аз құрамбөлiктерi тиiстi қан топтарын, эритроцит зарядын айқындайды. Қалыпты жағдайда ол терiс зарядты болады. Эритроцит заряды өзгерсе, олар бiр-бiрiмен жабысып, түрi тиын бағанасына ұқсайды, ал заряды қалпына келсе, бағанадағы эритроциттер бұзылмай, қайта ажырай алады.

Жас эритроциттi арнайы өңдегенде, эндоплазмалық тор, рибосома, митохондрий, центриоль және Гольджи аппаратының қалдықтары жеке тетіктер немесе өте жұқа негіздік тор тәрiздi байқалады. Мұндай, жалпы эритроциттер санының 12% құратын жасушаларды - ретикулоциттер (reticulocytus) деп атайды. Олар қан айналымына сүйек кемiгiнен түседi, құрамында рибосомалар, митохондрийлер, Гольджи аппараты сақталады. Ретикулоциттердің саны бауыр, көк бауыр және сүйек кемiгiнде өлген эритроциттер санына тең болады.

Эритроциттердің тiршiлiк ұзақтығы ұсақ малдан гөрі iрi жануарларда ұзағырақ болады. Ол бұқада–120-140, қойда–127, шошқада–72, қоянда–30, тауықта–28 күнге тең. Қартая бастаған эритроциттердің (жарғақша асты кешен тұтастығының бұзылуына, жарғақшаның химиялық құрамы өзгерiп, жарғақшаның иондық сорабы бұзылуына, гемоглобин құратын ферменттер қарқындығының төмендеуiне, гемоглобин құрамы өзгеруiне байланысты) көлемi азаяды. Ретикулоцит диаметрi 7 мкм болса, эритроцит жас түрiнің диаметрi–5,5 мкм, ал қартайған эритроцит диаметрi 3-4 мкм тең болады.

Эритроциттер тығыздығы үлкен болады. Қанды алдын-ала ұйытпайтын заттармен өңдеп, ыдысқа құйып қойса, эритроциттердің шөгуi (тұнуы) байқалады. Ол жануарлардың жасына, жынысына, түріне байланысты, бiрдей болмайды. Ең жоғарғы эритроциттер шөгуi жылқыда, ең төменгiсi iрi қара малда жүредi. Бұл әдiстiң ауруды анықтаудағы, оның алдын алудағы маңызы өте зор.

Эритроциттер iшкi ақаудың, төңiрегiндегi түрлi факторлардың әсерiнен бүлiнiп, оның құрамы плазмаға шығады. Бұл құбылысты еру (ыдырау) немесе гемолиз деп атайды. Ол қан құйғанда қан топтары сәйкессiздiгiнде де дамиды. Гемолиз айналымдағы эритроциттердің жалпы санын кемiтедi. Эритроциттер бүлiнсе темiрдің ионы, өкпе бөлетiн көмiртектің тотығы билирубиндi (альбуминмен бауырға тасымалданып, өт құрамымен iшекке түседi) қалпына келтiретiн биливердин құрады.

Лейкоциттер (leucocytus), қанның ақ түйiршiктерi-әртүрлi түссiз ядролы жасушалар тобы. Олардың цитоплазмасында тұрақты, тұрақсыз қосындылар болады. Әрбiр 500-1000 эритроциттерге бiр лейкоциттен келiп, қанның 1 куб мм лейкоциттердiң жалпы саны сүт қоректiлерде 5–20 мың (3 кестенi қара), құстарда ол 40 мыңға жетедi. Лейкоциттер қан ағынын енжар қозғалыс құралы ретiнде пайдаланады. Онда жиырылғыш белоктар (актин, миозин) болады. Олардың белсендi ауысуға қабілеттiлiгi, қан тамырларынан шығып, эндотелий жасушаларының арасына енiп, негiзгi жарғақты өзi бөлетiн ферменттер көмегiмен бұзуында байқалады. Олар микроорганизмдердi жойып, бөгде бөлшектерді және тiндердегi ыдырау өнiмдерiн ұстап, гуморальдi, жасушаның төтемелiлiк реакцияларын iске асырып, қорғаныш реакциясына қатысады. Лейкоциттер санының көбеюiн - лейкоцитоз, азаюын - лейкопения деп атайды. Оның цитоплазмасында арнайы (екiншi), түрліше боялатын түйiршiктер болса - түйiршiктi (granulocytus, базо-baso, эозино-eosino, нейтрофильдер-neutrophilicus), тек азурофильдi түйiршiктер болып, арнайы түйіршіктер болмаса-түйiршiксiз (agranulocytus, моно-mono, лимфоциттер-lymphocytus) лейкоциттер (leucocytus) деп атайды.

Базофильдер (basophilicum) жануарлар қан айналымындағы барлық лейкоциттердiң 0,5–2% құрайды, құстарда 3–4% болады, қосмекендiлерде -20% жетедi. Мөлшерi 10–12 мкм тең. Тiршiлiгінің ұзақтылығы белгiсiз. Цитоплазмасында өте жиi үш бөлiктi S-тәрiздi ядросы, барлық тұрақты қосындылары, ерiктi рибосомалары, гликогендері, iрi және бояуды басқаша қабылдайтын (метахромозия) сопақша және дөңгөлек тәрiздi түйiршiктері болады. Түйiршiктерде қан ұйылуына қарсы зат - гепарин, қан ұйылуына көмектесетiн зат - гистамин сақталады. Базофильдер шүйгiн жасушаларға ұқсас. Олардың айырмашылықтары құрылысында, қызметiнде байқалып, ұлпаларда әртүрлi таралады. Сүйек кемiгі мен қан арнасында болуымен шектелiп, қан айналымында 1–2 тәулiк қана болады. Басқа лейкоциттердей базофильдер қан ағынынан шыққанымен, нашар қозғала алады. Организм иммунологиялық реакциясына, әсiресе бөгде ақ заттектің қайта енуiне және организмнiң сезiмталдығы-аллергиялық түрiне қатысып, қанның ұюын, тамырлардың өткiзгiштiгiн реттейдi.

Эозинофильдер (eosinophilicus) барлық лейкоциттердiң 2–12% тең, диаметрi 12–18 мкм. Ең көп эозинофильдер iрi қара мал, түйе және қой қанында кездеседi. Олардың цитоплазмасында жақсы дамыған түйiршiктi және бiраз түйiршiксiз эндоплазмалық тор, рибосомалар, митохондрийлер, гликогендер және бөлшектенген (қойда 3–5) ядросы, қышқыл бояғышпен боялатын iрi (есек, жылқы), ұсақ түйiршiктерi болады. Гистохимиялық әдiс онда нейротоксин, пероксидаза, гистаминаза, фосфолипаза, ыдыратушы ферменттер, қышқыл фосфатаза, коллагенеза, цинк барын анықтады. Эозинофильдер химиялық зат әсерiнен қозғалғанымен, жылжымалылығы, обырлық қарқындылығы нейтрофильдерге қарағанда нашар болып, паразиттердi жойып, аллергия, қабыну реакцияларына қатысады.

Нейтрофильдер (neutrophilicum) жануарлар қан лейкоциттерiнiң 25–70% құрады. Жылқы, солтүстiк бұғы, иттерде көп кездеседі. Нейтрофильдер өте жылжымалы, обырлық белсендiлiгi жоғары болады. Оларды И.И. Мечников микрофагтар деп атаған. Онда митохондрий, өте көп гликоген сақталады. Бұл жасушалар қуатты ферменттер арқылы ыдырау (гликолиз) жолымен алады. Нейтрофильдер оттегiсi аз бүлiнген ұлпаларда тiршiлiк ете алады. Белокты түзуге қажеттi тұрақты қосындыларының саны аз болатындықтан нейтрофильдер ұзақ өмiр сүрмей (8 тәулiкке жуық), бiр рет бұрқ етiсiмен өлiп, iрiң негiзiн құрады. Iрiң құрамына өлген макрофаг, бактерия, ұлпа сұйықтығы кiредi. Нейтрофильдер айналымдағы, шекаралық және қорлы деп бөлiнедi.

Айналымдағы нейтрофильдерге-қанмен енжарлы тасымалданудағы жасушалар, шекаралыққа-ағзалар, өкпе, көкбауыр ұсақ тамырларындағы эндотелий жасушаларымен байланысқан нейтрофильдер жатады, ал сүйек кемiгіндегі жетiлген жасушалар-нейтрофильдер қорын түзедi. Қанның жағындысын Романовский–Гимза әдiсiмен бояп, нейтрофильдер ядролары түрлерiнің құрылымын анықтайды. Жетiлген нейтрофильдер ядросы бiр-бiрiмен ұштасқан бiрнеше бөлшектерден тұрады. Ең көп (8-10) бөлшектер қой қанының нейтрофильдерiне тән. Таға тәрiздi ядросы бар жетiлмеген жасушалар-таяқша пiшiндес, ядросы 3–5 сегменттен тұратыны-иректелген (сегменттелген), ядролары бөлшектенбеген ұзынша (шұжыққа ұқсас) тұтас жұмырлы-ұсақ, жас нейтрофильдер деп бөлiнедi. Нейтрофильдердiң ара қатынасы ветеринариялық клиникада диагнозды анықтауда маңызды рөл атқарады. Организм ауытқуға ұшырағанда иректелген нейтрофильдердiң саны азаяды да, таяқша пiшiндес және жас түрлерінің саны артады. Нейтрофильдердiң цитоплазмасында өте көп ұсақ азурофильдi, өзiне тән түйiршiктерi болады. Олар ит, мысық және шошқада қызғылт-көк түске, қоянда жарық-қызыл түске (жалған эозинофильдi), құстарда қышқыл бояғыштармен боялады. Қандағы жас нейтрофильдер түрiнiң молаюын «солға жылжу» деп атайды. Себебi лейкограммада қанның жетiлмеген жасушаларын сол жаққа, жетiлгендерiн оң жаққа жазу қабылданған. Күрт солға жылжу жұқпалы сепсисте (қағынуында) байқалады. Иректелген нейтрофильдер жарақаттанған жерге жетiп, жылдам ұлғаятындықтан, полибластар деп аталады. Нейтрофильдер жыныстық хроматинді сақтайтындықтан қан арқылы жануарлар, адам жынысын анықтауға болады.

Түйiршiксiз лейкоциттер-құрылымы, атқаратын қызметi әртүрлi болып, лимфоциттер, моноциттер деп бөлiнедi.

Лимфоциттердің (lymphocytus) мөлшерi қан айналымында әртүрлi болатындықтан-үлкен (10–18 мкм), орташа (7–10 мкм), кiшi (4–7 мкм) деп бөлiнедi.

Үлкен лимфоциттер айырша без, көк бауыр, сөл түйiндерiнде болады, ядросы iрi, бiршама тығыз, цитоплазмасында лизосомалар, бiраз ғана митохондрийлер, Гольджи аппаратының қалдығы, өте аз эндоплазмалық тор, көп ерiктi рибосомалар кездеседi. Үлкен лимфоциттер қысқа өсiндiлер (ұсақ бүрлер) құрады, олар В-лимфоциттерде жақсы байқалады.

Орташа және кiшi лимфоциттер шеттiк қан айналымында жүредi. Кiшi лимфоциттер дөңгелек пiшiндi, ойысы бар ядросында тығыз хроматин сақталады. Цитоплазмасы ядро айналасында тар шығыршықша құрады.

Т-, В–лимфоциттердi құрылымына қарап, кiшi лимфоциттер түрiне жатқызады, олар бiр-бiрiнен тек атқаратын қызметтерiмен ерекшеленедi. В–жасушалар сүйек кемiгінде, құстардың фабрициус қапшығында пайда болады, ал Т–жасушалар айырша безде, сөл түйiндерiнде, көк бауырда пiсiп жетiледi. Олардың өмiр тiршiлiгi бiрнеше айдан бiрнеше жылдарға созылады. Қан айналымындағы Т- және В-лимфоциттер жылжымалы популяцияға жатады. Олар тамырлардан тыс кезiнде шеттегi лимфоидты ағзалардың белгiлi учаскелерiнде жиналып, лайықты тегiжаттар әсерiнен күшейiп, түзiлiм түрiне айналып, көбейiп, жасушалық, гуморальдiк иммунитеттiң атқарушы жасушаларына жетiледi, онымен қатар ес жасушалары қорын құрады. В–лимфоциттер нақтылы тегiжатқа қарсы лайықты антиденелер өндiруге қабілеттi, одан шығатын өскiн (клон) тек бiр тегiжатқа антиденелер түзiп, бөледi. Олардың атқарушы жасушаларына иммунды глобулиндердi өндiруге қабілеттi-плазмобластар (түзiлiмдер), жетiлген плазмоциттер жатады. Т–лимфоциттерде В–лимфоциттердей нақтылы тегiжатқа сезiнедi. Оның ерекшелiгi сол, ол иммунды реакцияға қатысуы басқа жасушалардың жарғағындағы гистологиялық сәйкестiк белоктарын тану қажеттiлiгiмен үйлесуде жүредi. Т–лимфоциттердiң әр өскiнi тек бiр телiмдiлiк, тек бiр тегiжатпен ғана өзара iс-қимыл жасайтын қабылдағышты өндiрiп, сақтайды. Қазiр қабылдағыштардың екi түрi айқындалды. Т-лимфоциттердің үш негiзгi субпопуляциясы болады: Т-киллер (жасушаны бүлдiретiн уытты-цитотоксиндi лимфоциттер), Т–жәрдемшi (хелпер), Т–тежегiш (супрессор) құрады. Т–лимфоциттердiң басты қызметi жасушалық иммунитетке қатысу. Олар өз жасушаларын өлтiредi, жай жүретiн артық сезiмталдық реакциясына қатысады, бөгде қондырымды қабылдамайды.

Моноциттер (monocytus) лейкоциттердiң 2-8% құрайды. Қанның ең iрi жасушасы. Ол сүйек кемігіндегі моноцитобластардан түзiлiп, қан ағынына түседi. Ұлпаға түскеннен кейiн ғана толық жетiлiп, жылжымалы жемiр жасушаларға (макрофагтарға) айналады. Жемiрлер жиынтығы бiрядролы обырлар (фагоциттер) жүйесiн құрады. Олардың басты қызметi-әртүрлi заттарды жұтып қою және қарбу. Цитоплазмада толып жатқан лизосомалар, көпiршiктер, басқа рибосомалар, полирибосомалар, бiраз түйiршiктi эндоплазмалық тор цистерналары, жақсы дамыған Гольджи аппараты, ұсақ ұзынша митохондрийлер, iрi, бiр шетiне ығысып орналасқан, бозғылт, таға тәрiздi ядросы болады. Қазiргi кезде моноциттердiң өзгерген түрлерiне дәнекер ұлпадағы-гистиоциттер, қан түзу ағзаларындағы-өсiндiлi жемiр жасушалар, жүйке жүйесiндегi-микроглиялар және сүйек ұлпасындағы-остеокластар жатады да, жебiр жасушалар болып есептеледi.

Қан тақташалары сүтқоректiлерде ядросыз, қалыпты түрсiз, мөлшерi 2-4 мкм, сүйек кемігіндегі жасушалар-мегакариоциттердiң «жарқыншағы». Құстар қанындағы тақташалардың ядросы болатындықтан тромбоциттер (thrombocytus) деп аталады. Олардың үштен бiрi қан айналымында, ал қалғандары қан қоймасы-көк бауырда орналасады. Құрамында өте көп митохондрийлер, Гольджи аппараты, рибосома элементтерi, одан басқа гликоген түйiршiктерi, ауалы, ауасыз тыныс алу ферменттерi болады. Олар қанның ұюына және ангиоген факторларын бөлiп, тамырлар қабырғасы тұтастығының қалпына келуiне қатысады. Қан тақташалары ұю белоктары кешенiн жинау бетiн құрып, қанұйық құрылуына мүмкiндiк туғызады. Тамырдың бүлiнген жерiнде олардың жабысуы (адгезия) және желiмденуi (агрегация) жүредi. Қан тақташаларының орташа өмiр ұзақтығы 5-8 сөтке.

Қан плазмасы (plasma sanguinis)-сұйық жасуша аралық заттек, ақшыл сарғыш түстi, құрамында 90-93% су болады. 7-10% құрғақ затының 6-8% белок, 0,9% тұз, 1% жуығын глюкоза құрады. Қан плазмасында түрлi органикалық қосындылар, қоректiк заттар, зат алмасуының соңғы өнiмдері (несепнәр, креатинин, билирубин), биологиялық белсендi заттар (гормон, фермент) және иондар болады. Плазма белоктары iшiндегi альбуминдердiң маңызы зор, себебi олар суда нашар еритiн заттарды, құрамына кіретін иммунды белоктарды, глобулиндердi және қан ұюына қатынасатын фибриногендi тасымалдауға мүмкiндiк туғызады.

Сөл (lympha) қан тәрізді-сұйық ұлпа. Сөлдің плазмасы лимфоциттерден тұрады. Сөл плазмасын ұлпа сұйықтығы және қылтамырлардың сулануынан пайда болатын қан плазмасы түзедi. Химиялық құрамы қан плазмасына жақын, бiрақ белоктары аз болады. Сөлдiң жасушалары-лимфоциттер, олардың молаюы сөл түйiндерiнен өткенде жүредi. Лимфоциттер диаметрi 4-6 мкм, ядро мен цитоплазма қатынасы жоғары болады. Кейде өте iрi, ақшыл, мөлшерi 7-18 мкм лимфоциттерде кездеседi. Сөлдің құрамы әртүрлi сөл жүйесiндегi тамырларда бiрдей болмайды. Сөлдің қылтамырлары мен тамырларындағы сөл түйiндерiне дейiнгi орналасқан сөлдi-шеттiк сөл, сөл түйiндерiнен асып өткен тамырлардағы сөлдi-аралық сөл, кеуде, әрi оң жақтың сарысу арнасындағы жасуша элементтерiне бай сөлдi-орталық сөл деп ажыратады.