Иммундiк реакцияның жасушалық негiзi


Төтемелiлiк (иммунитет) - бiртiндеп тарихи дамуда дағдыланған организмнiң бөгде заттарға қарсы тұру қабілетi. Оны өзiне тән және тән емес қорғаныш тетiктердiң өзара iс-қимыл жасауы қамтамасыз етедi. Өзiне тән емес (туа бiткен) қорғаныш тетiктерге физиологиялық себепшарттар жинағы, организмге кiруге бағытталған бөгделiк заттар және бөлшектер (алдымен микробтан пайда болған), онымен қатар өзiнде өзгерген (өспе, қатерлi iсiк) жасушаларды организмге түсiрмеу, бейтараптандыру және оларды бүлдiру жатады. Олардың себепкер әсерiне деген өзiне тәндiгi болмайды. Атқаратын қызметтерi мына себепшарттармен: тетiк (механикалы) - терi, кiлегейлi қабықтағы эпителий тосқауылдарымен, көп қабатты эпителийдiң беткi қабаттарындағы жасушалардың сыдырылуымен (десквамация), кiлегейлi қабықтың кiлегей өндiрумен, эпителий бетiндегi кiлегейдi тасымалдауға себепшi кiрпiкшелер соғуымен, микробтар эпителийдің бетiнен сiлекей, көзжасы, несеп, басқа сұйықтар ағыны арқылы жойылуымен; химиялық - организмдегi көптеген секреттердiң төменгi рН-мен, оларда және ұлпа сұйықтығында өзiне тән емес микробтарға қарсы заттардың (лизосима, лактоферрин, комплемент құрамбөлiктерi)-микроорганизмдер дамуына кедергi жасайтындардың қатысуымен және микроорганизмдердi қарбу, қарбусыз тетiктер мен жоятын нейтрофильдер, эозинофильдер, моноциттер, макрофагтар жасушаларының әрекеттерiмен қамтамасыз етiледi.

Өзiне тән қорғаныш тетiктер организмнiң тегiжатпен (иммунды жауап туғызуға қабілеттi заттар) жанасу нәтижесiнде жүредi. Бұл кезде өзiне тән бөгде өзгерген өз тегiжаттарын анықтап, қан және ұлпа сұйықтарымен тасымалданатын антидененi өндiру жолымен - гуморальдiк төтемелiлiктi; иммунды жүйедегi жасушалардың бөгде, өзгерген өз тегiжаттары бар нысана-жасушалармен өзара iс-қимыл жасауда тiкелей жанасу жолымен - жасушалық төтемелiлiктi қамтамасыз етедi. Өкiнiшке орай, өзiне тән төтемелiлiк реакциясын қамтамасыз ететiн жасушалар жiктелуi жоқ. Қазiр жасушаларды қызмет және құрылым ерекшелiктерi негiзiнде бiрiктiруде.

Иммунды реакциядағы орнына, рөлiне негiзделген иммунды ақпарат жасушалары қызметтеріне орай, былай жiктеледi: тегiжат саналатын - жасушалар өңделетiн тегiжатты қарбып, иммунды ақпаратты жасушаға жеткiзедi; атқарушы жасушалар - тiкелей төтемелiлiк реакциясын iске асырады; реттеуiш жасушалар иммунды реакцияның кейбiр буындарын белсендiрiп, қысым көрсетудi қамтамасыз етедi; ес–жасушалар, нақтылы тегiжат өзара iс-қимыл жасайды, онымен қайталайтын әсерлерде иммунды жауапты өте қарқынды дамытуды қамтамасыз етуге қажет ақпараттарды сақтайды.

Иммунды ақпарат жасушаларының құрылымдық жiктеуi иммундық жауапты жiгерлендiрiп, оның жүзеге асыруын қамтамасыз ететiн бiрнеше жасушалар түрiн бөледi. Олардың айырмашылығы сол, олар бiр құрылымдық түрге жатқанымен иммундық реакцияның бiрнеше буынына қатысуға қабілеттi, әртүрлi құрылымдық түрдегi жасушалар тек бiр ғана қызмет атқарады. Оларға дендриттi тегiжат саналатын жасушалар - тегiжаттарды қарбып, өңделген түрiнде лимфоциттерге бередi, иммунды реакцияның жүруiне себепшi; лимфоциттер - негiзгi жасушалар, тiкелей қатысып, басқа жасушаларға реттеуiш әсерiмен иммунды реакция дамуын, өтуiн қамтамасыз етедi; В-лимфоциттер дендриттi тегiжат саналатын жасушалар рөлiн атқаруға қабылеттi; макрофагтар-өзiне тән емес қорғаныш реакцияларына қатысумен бiрге, дендриттi тегiжат саналатын жасушалар, иммунды реакциядағы атқарушы жасушалар қызметтерiн де атқара алады.

Тегiжат саналатын жасушаларға (ТСЖ)-дендриттi тегiжат саналатын жасушалар, моноциттер, макрофагтар, В-лимфоциттер жатады.

Олар мына қызметтердi атқарады: фагоцитоз, пиноцитоз, эндоцитоз жолдарымен өзгермеген тегiжат заттарын ұстайды; тегiжат затында жартылай протеин ыдырауы (протеолиз) эндосомаларда (лизосомаларда) 30-60 мин. iшiнде төменгi рН жүредi, тегiжат эпитоптарын босатады. Эпитоптар тегiжаттың антиденелермен өзiне тән реакциясын анықтайтын ұзын және 8-11 амин қышқылдары бар пептидтер тiзбегiнiң тармағы; гистологиялық сәйкестiктiң басты кешенi гликопротеин молекулаларының түзiлуi жүредi. Ол тегiжат эпитоптарымен байланысады; гистологиялық сәйкестiктiң басты кешенi гликопротеин молекулаларының тасымалдануы жүредi, тегiжат эпитоптары ТСЖ бетiнде лимфоциттерге анықтап тануға мүмкiндiк бередi; жасушалар бетiнде лимфоциттермен өзара iс-қимыл үдерiсiн күшейтетiн қосымша молекулалармен айқындалуы байқалады; лимфоциттердiң белсендiлiгiн туғызатын ерiтiлетiн селбестiргiш секрециясы жүредi.

Т-лимфоциттер мына қызметтердi атқарады: тегiжат анықтаушыларын (эпитоптарды) анықтап бiлу, ол Т-жасушалардың плазмолеммасында сезiмтал жүйке ұштары болатындықтан қамтамасыз етiледi; тегiжаттарды кетiру (элиминация), секемшiлдiк лимфоциттермен iске асырылады; иммунды жауапты реттеу, ол иммунды реакцияны белсендiрiп, тежеп отыратын арнайы субпопуляциялық жасушалармен қамтамасыз етiледi; қан өндiрiлуiн реттейдi; лимфоидты емес жасушалардың ұлғайып, өсуiн (пролиферация) реттейдi, құрылым тұрақтылығын сақтауға (цитокиндер түзу жолымен) қатысады.

В-лимфоциттердің қызметтері: иммунды глобулиндер сезiмтал жүйке ұштары арқылы тегiжаттарды айырып тану; гуморальдiк төтемелiлiк реакциясын қамтамасыз ету және иммунды глобулиндер өндiретiн жасушаларды плазмоциттерге жетiлдiру қызметтерiн атқарады.

Плазмоциттер (plasmocytus) қозғалмайтын, өте аз жылжымалы, қысқа өмiр сүретiн жасушалар, дамудың соңғы кезеңiндегi В-лимфоциттер. Олар гуморальдiк төтемелiлiктi антиденелер өндiру жолымен қамтамасыз етедi. Плазмоциттер секундына бiрнеше мың иммунды глобулиндер түзгенімен, қалыпты жағдайда олар қан айналымында болмайды. Плазмоциттер сүйек кемiгінде, сөл түйiнiнде, көк бауырдың ақ жұмсақ ұлпасында орналасады. Олардың көбi борпылдақ дәнекер ұлпаға, кiлегейлi қабықтардың меншiктi табақшасына, әртүрлi бездердiң стромасына-көзжас, сiлекей, сүт бездерiне тән.

Лимфоциттердiң қаннан иммунды жүйе ағзаларына, шеттiк ұлпаларға, қайтадан қанға аууын-лимфоциттердiң қайта айналымы деп атайды. Оның мақсаты организм ұлпаларын иммунды құзырлы лимфоциттермен тұрақты сақшылық жасау (иммунды бақылау жүргiзу), сөйтiп бөгде, өзгерiлген өз тегiжаттарын нәтижелi табу, лимфоциттер түзетiн ағзаларды әртүрлi ұлпалардағы тегiжат туралы хабармен жабдықтау.

Лимфоциттердiң қайта айналымы әртүрлi жолмен-жылдам, баяу (шеттiк) өтедi. Жылдам жолында - қан→қылтамырлардан кейiнгi биiк эндотелийлi көк тамыршаларға (иммунды жүйе ағзаларындағы)→иммунды жүйенiң шеткi ағзаларындағы Т-, В-тәуелдi аймақтарына→лимфа ағынына→кеуденiң сарысу арнасына→қайтадан қанға түседі. Бұл жолмен кеуде сарысу арнасындағы лимфоциттердiң 90%-ның аууы iске асады. Баяу жолда - қан→қылтамырдан кейiнгi жайпақ эндотелийлi (иммунды ағзаларға жатпайтын) шеттiк ұлпаларға→одан орталыққа бағыттаушы лимфа тамырларына→сөл түйiндерiне→лимфа ағынына→кеуденің сарысу арнасына→қайтадан қанға жетеді. Бұл жолмен кеуде сарысу арнасындағы лимфоциттердiң 5-10% өтедi.