Қан түзетiн ұлпалар. Ұрықтық қан түзiлу


Қан жасушалары қан түзетiн ұлпаларда пайда болады. Қан түзiлуiн–гемопоэз (haemopoesis) деп атайды. Ол жетiлген организмде және ұрықтық кезең соңында жүредi. Жануарлардың ұрықтық кезеңі соңында қан жасушаларының дамуы арнайы қарқынды жаңарудағы, iшкi орта ағзаларына жататын, шартты миелоидты және лимфоидты деп аталатын, екi ұлпада iске асырылады. Оларда жасушалар жаңадан пайда болып, өлетiндiктен, тұрақты теңесiп отырады.

Алғашқы қан жасушалары сарыуыз қабы қабырғасындағы мезенхима жасушаларының шоғырлануынан пайда болады. Олар онда алдымен қан аралшығын құрады. Оның шеткi жасушалары алғашқы қан тамырларының эндотелийiн түзсе, ортасында жатқан аралшық жасушалары дөңгелектенiп, ерекшеленiп, бағаналық қан түзетiн жасушаға айналады.

Бағаналық жасушалар қан жасушаларының негiзiн салушы болғандықтан, осыдан 80 жыл бұрын А.А. Максимов қан түзiлуiнiң бiрлiк (унитарлық) iлiмiн тұжырымдады. Бұл iлiмге қарсы қойылған дуалистiк, триалистiк, полифилеистiк iлiмдер қан жасушалары екi, үш және оданда көп бағаналық жасушалардан дамуын ұйғарды. Бағаналық қан түзетiн жасушалар баяу көбейедi, бiрнеше әртүрлi жасушалардың тармағында жетiледi. Қазiр 1981 ж. И.Л. Чертков, А.И. Воробьев ұсынған қан түзiлу сызбасы кең қолданылуда. Оған сай гемопоэз алты кезеңге бөлiнедi, онда қан түзетiн жасушалардың алты сатысын (класс) ажыратады (44 сурет).