Туғаннан кейiнгi қан түзiлу


Жетiлген организмде ең көп бағаналық қан түзетiн жасушалар сүйек кемiгінде (әр 100000 сүйек кемігі жасушаларына 50-ге жуық бағаналық қан түзетiн жасушалар келедi), одан айырша без, көк бауырға және құстарда фабрициус қалтасына ауады.

Жасушаның алғашқы саласы I клас - көп қабілеттi (плюрипотенттi) бағаналық жасушалар болып саналып, барлық қан жасушаларын түзедi, өте сирек бөлiнедi, өзiн-өзi жаңарта алады, оның бiр өскiнi (клоны) жүйелi екiншi өскiнiне ауысып отырады. Бұл құбылыс өскiндi жүйелi iлiм немесе сарқылмас iлiм деп аталады. II клас - жартылай бағаналық жасушалар. Олар бiрнеше қан жасушаларын бередi. II-III кластың негiзiн салушы жасушаларды шоғыр құратын бiрлiк деп атайды. III клас - қан жасушаларының тек бiр ғана түрiн дамытатын жасушалар. IV клас - негiз салушы құрылымынан айқындауға болатын-түзiлiм (бласт) формалы жасушалар. V клас - бөлiнбейтiн жетiлудегi жасушалар. VI клас - жетiлген, қан ағымындағы жасушалар. Лимфоциттер мен моноциттерден басқалары бөлiне алмайды.

Бағаналық қан түзетiн жасушалар мезенхимадан дамып, қайта бөлiнуге қабілеттi және шоғыр құратын көк бауыр бiрлiгi деп аталады. Ол қан айналымында кiшi лимфоциттерге ұқсас. Олар сирек, баяу көбейедi, бiраз түрi даму қабілетi шектелген жасушаларға жiктеледi. Онда қарқынды бөлiнiп, жетiлген қан жасушалары негiзiн салушыларды құрып, жеке эритроциттер, түйiршiктiлер, лимфоциттер, моноциттер және қан табақшаларының (тромбоциттер) тармақтары түзіледi.


Эритропоэз (эритроцитопоэз - erythrocytopoesis) эритроциттердiң миелоидты ұлпада түзiлу (құрылу), пiсiп жетiлу процесi. Даму жолы мына жүйеде жүредi: бағаналық қан түзетiн жасушалар→жартылай бағаналық жасушалар (қан жасушаларының негiзiн салушылар)→бiр тармақтың жасушалары→проэритробласт→базофильдi эритробласт →полихромато фильдi эритробласт→оксифильдi эритробласт→ретикулоцит→эритроцит.

Эритроциттер негiзiн салушылар, олардың жетiлген түрiне нақтылану процесiнде: жасушалардың мөлшерi кемидi; цитоплазмасында гемоглобин өндiрiлiп, жиналады; барлық тұрақты қосындылардың мөлшерi бiртiндеп төмендеп, соңында жоғалады; цитоплазма түсi қарқынды базофильдiден оксифильдiге дейiн өзгередi; бөлiну қабілетi төмендеп, кейiн жойылады; ядро тығызданып, кейiн жасушадан жойылуы жүредi.

Проэритробластар (proerythroblastus)-iрi жасушалар (диаметрi 14-19 мкм), гемоглобинi жоқ, көптеген тұрақты қосындылары және полирибосомалары болады, ақшыл ядросы ортасында орналасады, қайта-қайта митозбен бөлiне алады.

Базофильдi (basophilicus) эритробласт проэритробластан бiраз кiшi (диаметрi 13-16 мкм), ядросы тығыз хроматиндi, центросомасы жақсы байқалады, цитоплазмасы базофильдi, митозбен бөлiну қабілетi сақталған, гемоглобин түзiлуi белсендi жүредi.

Полихроматофильдi (polychromatophilicus) эритробластың диаметрi 12-15 мкм, бiраз гемоглобинi болады, ядросының мөлшерi азаяды, бөлiне алады.

Оксифильдi эритробластың (нормобласт) мөлшерi кiшкене (диаметрi 8-10 мкм), цитоплазмасы ацидофильдi, ядроға сәйкес хроматинi болады. Жасуша осы кезден бастап бөлiну қабілетiн жоғалта бастайды, бүрiсiп қалған ядроны шығарып тастайды.

Ретикулоциттер ядросыз, жасушадан соңғы құрылым, оксифильдi цитоплазмасы гемоглобинмен толы болады, полирибосомалар қалдығын, басқа тұрақты қосындыларды сақтайды.

Қан ағынында ретикулоциттер жетiлген эритроциттерге айналады.

Гранулоцитопоэз (granulocytopoesis) - түйiршiктiлердiң сүйек кемiгінде құрылып, жетiлуi. Түйiршiктiлердiң бастапқы қайнар көзi бағаналық қан түзетiн жасушалар, одан жартылай бағаналық, бiр тармақты жасушалар құрушы, одан кейiнгi түйiршiктiлер дамуының сатылары барлық түрiнде ұқсас өтiп: миелобласт (myeloblastus)→одан промиелобласт→миелоцит (myelocytus)→метамиелоцит→ядросы таяқша тәрiздi гранулоцит→және ядросы бөлшек тәрiздi гранулоцит түзіледі. Арнайы түйiршiктер миелоцит сатысында пайда болады.

Түйiршiктiлер негiзiн салуда мына процестер байқалады: жасушалардың мөлшерi азаяды; бөлiну қабілетi төмендейдi, метамиелоцит сатысынан бастап, ол қасиет тоқтайды; ядро дөңгелек түрiнен бұршақ тәрiздiге, оның бөлшегi таяқша түрiне өзгередi, ядро хроматинiнiң тығыздалуы арта түседi; цитоплазмасында түйiршiктер өндiрiлiп, жинала бастайды; арнайы түйiршiктер үлесi бiртiндеп көбеюiне, азурофильдiнiң құрамы төмендеуiне байланысты түйiршiктер құрамы өзгередi; жасушалардың жылжымалығы артады, себебi актиндi микрофиламенттер құрамының көбеюi цитоқаңқаны қайта құрады; плазмолемма әртүрлi сезiмтал ұштарын тауып алады, басқа жасушалар, жасуша аралық заттектер құрам бөлiктерiмен жанама жабысуда өзара iс-қимыл жасайды, жасушалардың басты-фагоцитоз, хемотаксис, секрет реакциялары қызметтерiн қамтамасыз етедi.

Миелобластар аз жетiлген жасушалар, диаметрi 15 мкм жуық, iрi дөңгелек ядросы мен 1-3 ядрошықтары болады да, цитоплазмасында түйiршiктер болмайды, базофильдiлiгiнiң басымдылығы байқалады.

Промиелоцит миелобластан пайда болады, хроматинi тығыздалған iрi жасуша (15-24 мкм), дөңгелек ядросы бiр жағына ығысқан, цитоплазмасы базофильдi, азурофильдi түйiршiктерi болады, олардың бөлiнуiне, пiсуiне байланысты азурофильдi түйiршiктер саны азаяды.

Миелоциттердің мөлшерi кiшi (10-16 мкм), цитоплазмасында арнайы түйiршiктер саны көбейiп, онда: нейтро-, эозино-, базофильдi түрлерiн ажыратуға мүмкiндiк бередi. Түйiршiктердiң құрылуы және жиналуы жасушалардың кейiнгi үш рет бөлiнуiне дейiн созылады. Ядросы бiртiндеп бұршақ тәрiздi болады, хроматинi тығыздалады.

Миелоциттер бөлiнiп, нейтро-, эозино-, базофильдi метамиелоциттердi құрады. Олардың мөлшерi кiшi (10-12 мкм), арнайы түйiршiктерi көп, ядросында терең ойындылар пайда болып, хроматинi тiптi тығыздалады, Митозбен бөлiну қабілетi жойылады. Ядросы таяқша тәрiздi гранулоцит метамиелоциттерден жетiледi, мөлшерi 10-12 мкм, ядросы таға тәрiздi, қан ағынына шығып, лейкоциттер жалпы санының 3-5% құрады. Ядросы бөлшек тәрiздi гранулоцит ядросы таяқша тәрiздi гранулоциттен жетiледi. Бұл құбылыста ядросы бөлшектенiп, онда тығыз хроматин сақталады.

Лимфоцитопоэз (lymphocytopoesis)-лимфоциттердiң сүйек кемiгінде, әртүрлi лимфоидты ағзаларда өтетiн дамуы, олардың бiртiндеп аууымен сипатталады. Ол мына тiзбектерден өтедi: қан бағаналық жасушалары→ лимфоидты шоғыр түзушi бiрлiктер→бiр қабілеттi лимфоциттер бастамасы (Т-, В-жасушалары) → лимфобласт → пролимфоцит → лимфоцит. Лимфоцитопоэздің ерекшелiгi сол, ол жетiлудегi жасушалардың бласталар түрiне нақтылануына қабілеттi болады.

Т-лимфоциттiң айырша бездегi жетiлуінде бiр қабілеттi Т-бластардың құрылуы жүріп, олардан атқарушы лимфоциттер–киллерлер, хелперлер, супрессорлар қалыптасады.

Лимфоидты ұлпада бiр қабілеттi В-лимфоцит бастамасының жетiлуi плазмобластардың, кейiннен проплазмоциттер мен плазмоциттердiң құрылуына жеткiзедi.

Лимфоциттердiң құрылуы - лимфобласт, пролимфобласт сатыларына бөлiнедi. Лимфобластар (lymphoblastus) лимфоциттерден көп iрi болады. Оларда көп қабілеттi бағаналық қан түзетiн жасушалар сақталады, ол лимфоциттер, әсiресе В-, Т-лимфоциттер негiзiн салады. Одан кейiнгi Т-, В-лимфоциттердің дамуы, олардың жаңадан түзiлiп, ұлғайып, өсуiне, жетiлуiне байланысты, екi–тегiжатқа тәуiлдi, тәуелсiз фазаларға бөлiнедi.

Тегiжатқа тәуелсiз фазада Т-, В-лимфоциттердің дамуы қан түзiлу, иммуногенез орталық ағзалары-айырша без, сүйек кемiгі, құс фабрициус қалтасында iске асады.

Онда даму қабілетi шектелген негiз салушылардың сүйек кемiгінен қанның түзiлуi, иммуногенездiң орталық ағзаларға аууы; жасушалардың плазмолеммасындағы сезiмтал жүйке ұштарының жиынтығын табуы; жасушалардың сұрыпталу процесi; тамырлар арнасына лимфоциттердiң қоныс аударуы, олардың қан түзiлу, иммуногенездiң орталық ағзаларынан шетке аууы жүредi.

Лимфоциттердiң тегiжатқа тәуелдi фазадағы дамуы қан түзiлуі мен иммуногенездің шет ағзаларында (сөл түйiнi, көк бауыр, бадамша, iшектегi сарысу түйiндерi (пейер), басқаларда) өтедi. Ол тегiжат қатысуымен iске асып, лимфоциттердiң белселдiлiгiмен, жаңадан түзiлiп, ұлғайып, өсуiмен ере жүрiп, атқарушы, реттеуiш Т-лимфоцит пен плазмалық жасушалардың, онымен қатар естiң Т-және В-жасушаларының қалыптасуымен аяқталады.

Моноцитопоэз (monocytopoesis) - моноциттердiң даму процесi, сүйек кемiгінде мына тiзбекте өтедi: бағаналық қан түзетiн жасуша→жартылай бағаналық жасушалар→дара қабілеттi негiз салушылар→монобластар (monoblastus)→промоноцит→моноцит (monocytus).

Промоноциттер iрi жасушалар, диаметрi 12-18 мкм, үлкен ақшыл ойыс ядросында 1-2 ядрошығы орналасады. Цитоплазмасы базофильдi боялады, түйiршiктi эндоплазмалық тор, полисома, митохондрийлер, центриолилер, Гольджи кешенiн сақтайды. Одан азурофиль түйiршiктерi жекеленедi.

Промоноциттер бөлiнiп, бiртiндеп моноциттерге жетiледi. Онда мына өзгерiстер байқалады: цитоплазма көлемi өсуiне орай, жасушалар мөлшерi ұлғаяды, цитоплазманың базофильдiгi төмендейдi, онда азурофильдi түйiршiктер (лизосомалар) жиналады, ядро түрi өзгередi, ол бұршақ тәрiздi болады. Моноциттер қан ағынында аз жүрiп, тамырлар қабырғасы арқылы ұлпаларға ауады.

Қан тақташаларының (тромбоцит) дамуы миелоидты ұлпада жүредi. Олар сүйек кемігіндегі алып жасушалар-мегакариоцит цитоплазмасының жартылай бөлшектенуiнен құралады. Сүтқоректiлердің қан тақташалары жасуша емес, олардың ядролары болмайды, цитоплазмасында бiраз нуклеин қышқылдары кездеседi.

Құстардың қан тақташаларында ядро болатындықтан тромбоциттер деп аталады. Қан тақташалары қан ұюына қатысады, құрамында фибриноген қызметiне жағдай туғызатын тромбокиназа ферментi болады. 5-8 күн ғана өмiр сүредi.