Бiрыңғай салалы бұлшық ет ұлпасы


Ұрық, iштөлдiң түзушi жасушалары (спланхномезодерма, мезенхима, нейроэктодерма) бiрыңғай салалы бұлшық ет ұлпа бастамалары салынатын жерде миобластарға жетiледi, кейiн жетiлген миоциттерге нақтыланады, түрi созылыңқы, жиырылғыштық, қосымша белоктары миофиламенттердi қалыптастырады. Спланхнотомадан келген мезенхималар iшкi ағзалар мен тамырларды, ал дерматома мезенхимасы-терi бiрыңғай салалы бұлшық ет ұлпаларын құрады.

Бiрыңғай салалы бұлшық ет ұлпасының құрылыс және қызмет бiрлiгi - миоцит (myocutus, бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушасы). Ол ұршық тәрiздi, ұзындығы 10-500 мкм, ал қалындығы 5-10 мкм. Таяқша тәрiздi ядросы оның ортасында орналасады. Миоциттердің тiректiк аппаратына сарколемма, негiзгi жарғақ, цитоқаңқа элементтерiнің жүйесi және олармен байланысқан тығыз денешiк жатады. Саркоплазмасында түзiлу аппаратына қатынасатын Гольджи аппараты, түйiршiктi саркоплазмалық тор, ерiктi рибосомалар (олар коллаген, эластин, түрсiз зат құрамбөлiктерiн, кейбiр өсу факторларын және цитокиндерді өндiрiп, бөледi), митохондрийлер және тұрақсыз қосындылар болады. Миофиламенттерi жасушаның ұзына бойына бағытталып, орналасады.

Миоциттiң қысқаратын аппараты жұқа (актин) және жуан (миозин) филаменттерiнен тұрады, бiрақ миофибриллдердi құрмайды, ондағы бiр миозинге 12 актин филаментi келедi. Жарық микроскопта миофиламенттер байқалмайды. Миоциттердің жиырылуы бәсең жүредi де, үзiлуi ұзаққа созылады. Әр миоцит қан және сөл тамырларымен, жүйке талшықтарымен, әсiресе оның ұштарымен жақсы жабдықталады.

Миоциттер тобын қоршайтын жұқа борпылдақ дәнекер ұлпаларды - етқабық немесе перимизий (perimysium), бұлшық еттi қоршайтын толық талшықты дәнекер ұлпаларды - эпимизий (epimysium) және жеке миоциттi қорғайтын талшықтарды - эндомизий (endomysium) деп атайды. Бұл ұлпа iшкi ағзаларда, әсiресе iшек-қарында, жатырда, қуықта, несеп түтiгiнде, ауа және қан тамырларында, тағы басқаларда кездеседi.