Нейроглия


Нейрондар арасы байланысын жазу үшiн «нейроглия» («nеurоn»-жүйке, «gliа»-желiм) атауын немiс ғалымы Рудольф Вирхов енгiздi. Нейроглия жүйке ұлпасындағы нейрондар, олардың өсiндiлерi мен қан тамырлары арасындағы кеңiстiктердi толтырады және тiректiк, қоректiк (зат алмасу), шекаралық, тұрақтылық сақтау, тосқауыл, түзiндi бөлу және қорғаныш қызметтерiн атқарады. Нейроглия жасушалары (глиоцит-gliocytus) жүйке ұлпасының қосымша жасушалары, жүйкелiк тiтiркенiстi өткiзбей, бөлiнiп, мидың зақымданған жерiнде көбейiп, ақауларды толтырып, тыртықтарды құрады.

Нейроглия екi түрге: макроглия және микроглия болып бөлiнедi.

Макроглия, нейрондардай, жүйке түтiгiнен дамып, үш түрлi - астроглия, олигодендроглия, эпендимдi глия жасушаларынан тұрады.

Астроглия (astrocytus, грек. «аstrа»-жұлдыз) ең iрi жасуша, оның ақшыл сопақша ядросы, тұрақты қосындылары, көптеген гликоген түйiршiктерi, аралық филаменттерi бар цитоплазмасы болады.

Астроглия екi топқа бөлiнедi: жүйке жүйесiнiң орталық бөлiмiнің сұр затында кездесетiн, ерекше глиальдi талшықты қышқыл белогi аз, жақсы тармақталған қысқа, бiрақ қалың өсiндiлi түрiн - протоплазмалық (плазмалық-protoplasmaticus), ал тек жүйке жүйесiнің орталық бөлiмiнiң ақ затында ғана орналасатын, ұзын, жiңiшке, нашар тармақталатын өсiндiсi бар, ерекше глиальдi талшықты қышқыл белогi жоғары деңгейде болатын түрiн - талшықты (фиброзды-fibrosus) деп атайды.

Эпендимдi глия немесе эпендима (ependymocutus, грек. «ереndуmа»-төсеушi) куб тәрізді жасушалар, орталық өзектi, ми қарыншаларын төсейдi, кiрпiкшелерi жақсы дамыған, цитоплазмасы көпiршiктер сақтап, аралық, тығыз және саңылау байланыстарын қалыптастырып, өткiзгiштiк тосқауыл құрады.

Олигодендроглия (oligodendrocytus, грек. «оligо»-аз, «dеndrоn»-ағаш) өсiндiлерi аз глия, әртүрлi ұсақ, қысқа өсiндiлi жасушалар. Оны алғаш рет зерттеген Т. Шванн, сондықтан олигодендроглияны Шванн жасушасы немесе леммоцит деп атайды. Олар нейрон денесiн, жүйке талшықтарын, ұштарын қаптап, нейроциттер қабықтарын құруға қатысады. Олар жүйке жүйесiнiң орталық, шеткi бөлiмдеріндегi сұр және ақ заттарында кездесiп, ядросы қоңыр, ал тығыз цитоплазмасында митохондрийлер, лизосомалар, гликоген түйiршiктерi жоғары деңгейде сақталады.

Микроглия (microglia) мезенхимадан және тiкелей моноциттен дамиды. Микроглия жасушаларының көлемi кішкентай, түрi дұрыс емес, көптеген тармақталған өсiндiлерi және ядросында iрi хроматин үйiндiлерi болады. Оның цитоплазмасы көптеген лизосомаларды, липофусцин түйiршiктерiн және тығыз тақташалы денешiктерді сақтайды. Зақымдану белгiлерi пайда болысымен микроглия жасушалары жылдам көбейедi, белсендiлiгi артады.