Жүйке ұштары


Жүйке талшығының соңғы аппараты-жүйке ұштары (terminationes nervorum) болып келедi. Олар атқаратын қызметiне байланысты үш топқа: нейрондар арасында қызметтiк байланысты қамтамасыз ететiн-нейрон аралық байланыс (түйiспе, жалғама); жүйке жүйесiнен атқарушы ағзаларға (бұлшық еттер, бездер) тiтiркенiстi беретiн - шетке бағытталған (атқарушы) аксондағы ұштар; тiтiркендiрудi сыртқы және iшкi ортадан қабылдайтын-дендриттегi сезiмтал жүйке ұштары (рецепторлар, лат. «rесерtоr» немесе «rесiрiо»-қабылдаймын, қабылдаушы) бөлiнедi.

Түйiспе электрлiк және химиялық түрлерге бөлінеді.

Электрлiк түйiспе сүтқоректiлердің орталық жүйке жүйесiнде сирек кездеседi, құрылысы саңылау қосылыстарындағыдай. Қосылған жасушалар жарғағының енi 2 нм аралықта бөлiнгендiктен, ондағы ұсақ молекулалар, иондар бiр жасушадан екiншiсiне тасымалдана алады.

Химиялық түйiспе сүтқоректiлерде кең таралған. Ол электрлiк хабарды химиялыққа, одан соң қайта электрлiкке өзгерте алады. Химиялық түйiспе үш құрамбөлiктерден тұрып, түйiспе алды, түйіспе соңы және түйіспе саңылауы деп аталады.

Түйiспе алды аксоннан құралады да, түйiршiксiз эндоплазмалық тор, митохондрийлер, нейрофиламенттер, нейротүтiкшелер, диаметрi 20-65 нм iшiнде нейромедиаторы бар түйiспе көпiршiктерiнен тұрады. Дөңгелек ақшыл түйіспе көпiршiктерде-ацетилхолин, тұтас тығыз орталығы бар көпiршiктерде-норадреналин, iрi тығыз ақшыл жарғақ асты шеңберi бар көпiршiктерде-пептидтер сақталады. Оның нейромедиаторлары жүйке тiтiркенiсi әсерiнен түйiспе саңылауына бөлiнiп шығып, түйiспе соңы сезiмтал ұшымен байланысып, ұш жарғағы ион өткiзгiштiгiн өзгертедi. Ол қозу түйiспе жарғағын үйексiзденуге (деполяризация), тежеушi түйiспеде аса үйексiзденуге жеткiзедi. Химиялық түйiспенiң электрлiк түрiнен ерекшелiгi сол, ол тiтiркенiстi бiр бағытта өткiзедi, әрi тiтiркенiстi кiдiртiп (ұзақтығы 0,2-0,5 м/с), түйiспе соңы нейроны қозуын, тежелуiн қамтамасыз етедi.

Түйiспе соңы құрамбөлiгi өзiнiң жарғағын құрып, нейромедиатормен байланысатын ерекше белоктар кешенiн-түйiспе сезiмтал жүйке ұштарын сақтайды. Түйiспе басқа нейронның дендритi, перикарионы, аксонымен байланысатындықтан аксо-дендриттi, аксо-сомалық, аксо-аксондық болып бөлiнедi. Түйiспе саңылауының енi 20-30 нм, кейде көлденең орналасатын гликопротеиндi, енi 5 нм, түйiспе iшiлiк филаменттерi бар, түйiспе алды, түйiспе соңы бөлiктерiмен жабысуды қамтамасыз етедi. Түйiспе арқылы тiтiркенiстiң өту жылдамдығы, жүйке бойымен өту жылдамдығынан төмен болады. Түйiспе тiтiркенiстi қатаң түрде белгiлi бiр бағытта өткiзедi, қажеттi жағдайда оны өзiнде кiдiрте алады.

Шетке бағытталған аксон ұштары ағзаның жүйкелену мәнiне байланысты қозғалтқыш (бұлшық етте) және секреттiк (бездерде) болып бөлiнедi.

Қозғалтқыш ұшқа (effector) - жүйке-бұлшық етінің ұшы (terminatio neuromuscularis, жүйке-бұлшық ет түйiспесi, қозғағыш түйiндақ) жатады. Айтарлықтай күш дамитын iрi бұлшық еттерде бiр аксон тармақталып, мыңдаған бұлшық ет талшығын жүйкелендiредi, ал нәзiк қозғалысты (көздiң сыртқы бұлшық еттерi) қамтамасыз ететiн ұсақ бұлшық еттерде, әр талшық, олардың бiраз тобы жеке аксонмен жүйкеленедi. Бiр қозғағыш нейрон өзi жүйкелендiретiн бұлшық ет талшықтарымен бiрге қозғалтқыш бiрлiгiн құрады. Аксон бұлшық ет талшығына жақындап, миелин қабығын жоғалтып, бiрнеше тарамдарын берiп, сыртынан леммоцит, бұлшық ет талшығынан туындайтын негiзгi жарғақпен жабылады. Аксон соңында митохондрийлер, ацетилхолин сақтайтын түйiспе көпiршiгi байқалады.

Енi 50 нм түйiспе саңылауы аксон тармақтарының плазмолеммасымен бұлшық ет талшығының арасында орналасады. Онда негiзгi жарғақтың материалдары, бiр өсiндiдегi қарқынды аймақты бөлетiн дәнекер тiн (глия) жасушаларының өсiндiлерi кездеседi. Түйiспе соңының бөлiмi бұлшық ет талшығының жарғағы (сарколемма) болып, көптеген бүрме (екiншi түйiспе саңылауын) құрады. Олар саңылаудың жалпы ауданын ұлғайтады, негiзгi жарғақтың жалғасы болатын материалдармен толы болады. Жүйке-бұлшық ет ұшы аймағындағы бұлшық ет талшығында көлденең жолақтық болмайды, митохондрийлер, түйiршiктi эндоплазмалық тор, рибосомалар және ядролар тобы кездеседi. Мұндағы жүйке тiтiркенiсiнің өту механизмi нейрон аралық байланыстың химиялық түрiндегiдей. Оны бiлу аса қажет, өйткенi оның клинкалық маңызы зор. Кейбiр улардың (кураре - үндiстердiң садағын улайтын шөптен жасалған у) әсерiнен тiтiркенiстің өтуi бөгелiп, тыныс алуға қатысатын бұлшық еттердi бұзады. Хирургиялық операцияда қазiр жасанды тыныс алу қолданылады, бұлшық еттi босаңсытуға қажет зат алынады. Бұлшық ет әлсiздiгi, сарколеммада ацетилхолиндi сезiмтал ұштар сақталуын азайтады. Секреттiк жүйке ұшын жұқа аксон тармағының соңғы бөлiмдерi құрады. Бұл тармақтардың бiреуi леммоциттен түзiлген қабығын жоғалтып, негiзгi жарғақтардан өтiп, секрет түзетiн жасушалар арасында көпiршiктері, митохондрийлерi бар соңғы ұшы кеңейiп барып, орналасады. Басқа тармақтары негiзгi жарғақтардан өтпей, секрет түзетiн жасушалар жанында кеңейiп, олармен байланыс түзедi. Секреттiк жүйке ұштары без жасушаларына неше түрлi ықпал жасайды: суды жұмылдырып (гидрокинетикалық), белокты секрециялап (протеокинетикалық), түзiндi бөлудi күшейтiп, қоректiк, қалыпты құрылысты, қызметтi қолдайды.

Сезiмтал жүйке ұштары тiтiркенiстердi сыртқы ортадан (беткей қабылдағыштар) және iшкi ортадан (iшкi қабылдағыштар) қабылдайды. Iшкi қабылдағыштар екi топқа бөлiнедi де: тiтiркенiстi бұлшық еттен, буыннан, сiңiрлерден қабылдайтындар - проприорецепторлар, iшкi ағзалардан - iшкi ағзалық (висцерорецепторлар) деп аталады.

Тiтiркендiру табиғатына байланысты және физиологиялық жiктеуге сай қабылдағыштар: механо-, хемо- (iшкi ортаның күрделi өзгерiсiн), термо- (ыстықты және суықты), ауырсыну (ноцицепторлар) және арнайы сезiм ағзаларындағы-дәм, иiс сезу, тағы басқалар деп бөлiнедi.

Морфологиялық жiктеуге сай, қабылдағыштар - ерiктi (terminatio nervi libera, сезiмтал нейрон дендриттерi тармағының соңы эпителий мен дәнекер ұлпаларда кездеседi, ыстық, суық, механикалық, ауырсыну тiтiркенiстерiн қабылдауды қамтамасыз етедi) және ерiксiз деп бөлiнедi.

Ерiксiз қабылдағыштардың сырты глия жасушаларымен және дәнекер ұлпамен жабылса, оны - қапшықтанған (corpusculum nervosum capsulatum, Фатер-Пачинидің тақташалы денешiгi, Мейснердің түйсiк денешiгi, Краузе сауыты), ал ол тек глия жасушаларымен жабылса, оны - қапшықтанбаған (corpusculum tactus noncapsulatum, нағыз терiде (дермада) және кiлегейлi қабықтың меншiктi тақташасында кездеседi) деп атайды.