Рефлекторлық доға


Жүйке тiтiркенiстерiнiң қабылдағыштан атқарушы ағзаға дейiнгi өтетiн барлық жолы-«рефлекс (рефлекторлық) доғасы» деп аталады. Рефлекс (rеflехus-жауап қайтару)-жүйке жүйесiнiң негiзгi қызметi, организмнiң қабылдағыш тiтiркендiруiне қайтаратын жауабы.

Рефлекторлық доға 5 бөлiмнен тұрады: қабылдағыштар - сезгiш жүйке ұштары (талдағыштар жүйесiнiң шеткi бөлiмi); орталыққа бағыттаушы жүйке талшықтары - қозуды шеткi ағзадан орталыққа өткiзетiн жүйкелер; жүйке орталықтары; шетке бағытталған талшықтар, жүйкелер; жұмыс атқаратын ағза, аксон ұшы. Бұл доғада нейрондар бiр-бiрiмен түйiспе арқылы байланысады да, қабылдағыш (орталыққа бағыттаушы), шетке бағытталған, арасында орналасатын байланыстырушы (ассоциативтi) топтарды құрады.

Жүйке жүйесiнің денелiк және дербес бөлiмдерiндегi рефлекторлық доғалар бiрталай ерекшелiктерге ие болады.


Денелiк доғаның қабылдағыш тобын орталыққа бағыттаушы жалған бiр өсiндiлi нейрондар түзедi, олардың денесi арқалық түйiнде (57 сурет, Б) орналасады. Дендриттерi терiде және қаңқа бұлшық етiнде қабылдағыштар құрады, аксондары жұлын құрамындағы артқы түбiрiне енiп, сұр затының артқы бағанына бағытталып, ассоциативтi нейрон денесiнде, дендритiнде түйiспе құрады. Жалған бiр өсiндiлi нейрон аксонының кейбiр тармақтары тiкелей алдыңғы бағандарына өтiп, қозғағыш (мото) нейрондарда (екi нейронды рефлекторлық доға құрып) аяқталады. Байланыстырушы топты көп өсiндiлi аралық нейрондар құрады. Дендриттерi мен денесi жұлынның артқы бағанында орналасады, аксондары алдыңғы бағанға барып, шетке бағытталған нейрондар денесiне, дендриттерiне тiтiркенiстi бередi. Шетке бағытталған топ көп өсiндiлi қозғағыш (мото) нейрондардан құралған, денесi мен дендриттерi алдыңғы бағанда жатады, аксондары жұлыннан, алдыңғы түбiрiмен шығып, арқалық түйiнге бағытталып, одан соң аралас жүйке құрамындағы қаңқа бұлшық етiне барып, оның талшығында, олардың тармақтары жүйке-бұлшық ет түйiспесiн (моторлы немесе қозғаушы, шытыра) құрады.

Дербес рефлекс доғасының қабылдағыш тобыда денелiктердегiдей, бiрақ мұндағы нейронның дендриттерi iшкi ағза, тамыр, бездер ұлпаларында қабылдағыштар құрады (57 сурет, А). Олардың аксондары жұлынға, оның артқы түбiрiмен өтiп, артқы бағанына соқпай, сұр заттың бүйiр бағанына бағытталып, ассоциативтi нейрондар денесi мен дендриттерiнде түйiспе құрады. Байланыстырушы топтың ерекшелiгi сол, ондағы нейрондардың дендриттерi мен денелерi жұлынның бүйiр бағандарында жатады, ал аксондары (түйiн алды талшықтар) жұлыннан, олардың алдыңғы түбiрiмен шығып, дербес түйiннiң бiреуiне бағытталып, ондағы шетке бағытталған нейрондардың дендриттерi мен денелерiнде аяқталады. Шетке бағытталған топ көп өсiндiлi нейрондардан құралған, олардың денелерi дербес түйiндер құрамында жатады, ал аксондары (түйiн соңы талшықтар) жүйке жолдары, олардың тармақтарымен жұмыс ағзалары-бiрыңғай салалы бұлшық еттер, бездер, жүрек жасушаларына барады.