Үлкен ми сыңарының қыртысы


Үлкен ми сыңары қыртысы (неокортекс) ең жоғарғы, күрделi құралған жүйке орталығының қалқанды түрi, қызметi организмнiң әртүрлi мiндетiн, аса күрделi мiнез-құлқын реттеудi қамтамасыз етедi. Неокортекс қатпар бетi (30%), жүлге түбiндегi (70%) сұр зат қабығынан құралған. Сұр затта жүйке жасушалары, жүйке талшықтары және нейроглия жасушалары болады. Неокортекс нейрондары көп өсiндiлi, әртүрлi көлемдi, 60-тан астам түрлi. Кейiнгiлердiң iшiнде екi негiзгi-пирамида тәрiздi, пирамида тәрiздi емес түрлерiн ажыратады.

Пирамида тәрiздi жасушалар неокортекске тән түр, төбелiк бетiнен, қыртыстың бетiне қараған конус тәрiздi денесiнен ұзын тiкенешектермен жабылған дендрит шығып, қыртыстың молекулалық қабатына бағытталып, тармақталады (65 сурет). Дененiң негiзгi, бүйiрлiк бөлiктерiнен қыртыс түбiне, нейрон денесiнiң жан-жағына 5-16 қысқа бүйiрлiк дендриттер таралып, тармақталып, осы қабат шегiнде таралады. Дененiң негiзгi бетi ортасынан ұзын, жұқа аксон, 60-90 мкм қашықтықта бүйiр тармақтар бере, шығып, ақ затқа барады. Пирамида тәрiздi жасушалар алыпты, iрi, орташа, кiшi болып бөлiнедi. Олардың негiзгi қызметi-қыртыс iшiнде (орташа, кiшi) бiрiгу, шетке бағытталған жолдарды қалыптастыру (алып, iрi) болып келедi.

Пирамида тәрiздi емес жасушалар қыртыс қабаттарында орналасады, түсетiн орталыққа бағытталған хабарларды қабылдайды, тiтiркенiстi пирамида тәрiздi нейрондарға жеткiзедi. Бұл жасушалар әртүрлi, көбiнесе жұлдызша жасушалар түрлерiне жатады. Оларға тiкенектi жұлдызша, себет, аксо-аксонды жасушалар, тағы басқа жасушалар кiредi. Олардың негiзгi қызметi-неокортекс iшiнде нейрондар тiзбегiн бiрiктiру.

Неокортекстің нейрондары қабаттармен (цитоархитектоника) ажырап, 6 топқа бөлiнiп, рим сандарымен (сыртынан iшiне қарай) белгiленедi (65 сурет, А, Б).

I - молекулалық қабат (lamina molecularis), iшкi тамырлы қабық астында жатып, бiршама саны аз ұсақ нейрондарды-ұршық тәрiздi денесiнен көлденең жазықтыққа шығатын ұзын тармақталған дендриттi көлденең жасушаларды сақтайды. Аксоны қабаттағы талшықтардың тангенс өрiмiн құруға қатысады. Бұл қабатта нейронның аралық байланысын түзетiн терең орналасқан қабаттардағы жасушалардың көптеген дендриттерi, аксондары өтедi.

II - сыртқы түйiршiктi (granularis externa) қабат көптеген ұсақ пирамида және жұлдыз тәрiздi жасушалардан құралған, дендриттерi тармақталып, молекулалық қабатқа көтерiледi, ал аксондары ақ затқа, доға құрып алып, молекулалық қабатқа бағытталады.


III - пирамида (piramidalis) қабаты енi өзгерiп тұрады, барынша ендiлiгi неокортекс байланыстырушы (ассоциативтi), сезiммоторлы аймақтарда жақсы байқалады. Пирамида тәрiздi жасушалар басым болады, ал көлемi, қабаттың түбiне ауысқан сайын ұсақтан iрiге дейiн ұлғаяды, төбелiк дендриттерi молекулалық қабатқа бағытталады, бүйiрлiк дендриттерi осы қабаттағы жасушаларда түйiспе құрады, аксондары өзiнiң сұр затында аяқталып, ақ затына бағытталады. Бұл қабат көбiнесе бiр сыңарда, әрi екi сыңарларда байланыстырушы қызмет атқарады.

IV - iшкi түйiршiктi (dranularis interna) қабат ұсақ пирамида, жұлдызша тәрiздi жасушалардан құралады, неокортекс көру, есту аймақтарында кең мөлшерде байқалып, сезiммоторлы аймағында болмайды. Бұл қабатта көру төмпешiгiнің орталығына қарай бағытталған талшықтардың негiзгi бөлiгi аяқталады. Қабаттағы ұсақ пирамида, жұлдызша тәрiздi жасушалардың аксондары неокортекстiң жоғарғы, төмен қабаттарындағы жасушалармен байланыс құрады.

V - түйiндiк (ganglionaris) қабат iрi, неокортекс моторлы аймағында-алып пирамида тәрiздi (Бец жасушасы, перикарион көлемi 100 мкм артық, пирамида жолын түзетiн iрi миелиндi аксондар бастамасын бередi) жасушалардан тұрады. Төбелiк дендриттерi молекулалық қабатқа жетiп, төбелiк «гүлшоғын» құрады, бүйiрлiк дендриттерi осы қабат шегiнде таралады. Алып және iрi пирамида тәрiздi жасушалар аксондары бас миы, жұлын ядроларында проекциеленедi, олардың iшiндегi ең ұзыны пирамида жолы құрамында жұлынның артқы жақ сегментiне жетедi.

VI - көппiшiндi жасушалар (multiformis) қабаты әртүрлi пiшiндi және көлемдi нейрондардан (ұршық, жұлдызша тәрiздi) құралған. Қабаттың сыртқы бөлiгi iрi, iшкi бөлiгi-одан ұсақ, сирек орналасқан жасушалардан тұрады. Жасушалардың аксондары шетке бағытталған жол құрамымен ақ затқа барады, дендриттерi молекулалық қабатқа өтедi.

Неокортекстің жүйке талшықтары үш топтан тұрады. Оларға-орталыққа бағытталған, байланыстырушы (ассоциативтi) немесе комиссуральды жабыспа, шетке бағытталған талшықтар жатады.

Орталыққа бағытталған талшықтар тарамдалған сәуле құрамында буда түрiнде (65 сурет, В) қыртысқа мидың төмен орналасқан бөлiмдерiнен, әсiресе, көру төмпешiгiнен және иiндi денелерден келедi. Талшықтар iшкi түйiршiктi қабат деңгейiнде аяқталады.

Байланыстырушы және комиссуральды талшықтарды қыртыс аралық деп атайды. Өйткенi олар қыртыстың әр сыңарындағы әртүрлi аймақтарды өзара қосады. Бұл талшықтар қыртыстың бетiне параллель өтетiн будалар құрады.

Шетке бағытталған жүйке талшықтары қыртысты қыртыс асты қабаты құрылымдарымен байланыстырады.