Ми және жұлын қабықтары


Үлкен ми-сауыт сүйектерi, жұлын-омыртқалар және омыртқааралық дискiлермен қорғалып, сыртынан iшiне қарай үш: сыртқы, қатты (dura mater); ортадағы, өрмелi (торлы-arachnoidea); iшкi, жұмсақ (тамырлы-pia mater) ми қабықтарымен (meninges, 66 сурет) қоршалып жатады. Олар қорғаныш, соққыны (дiрiлдi) бәсеңдету, жұлын-ми сұйығын өндiредi және сiңiрiлуiн қамтамасыз етедi.

Сыртқы қатты қабық тығыз талшықты дәнекер ұлпалардан тұрады, онда коллаген талшықтары басым болады. Қатты және өрмелi қабықтар арасындағы субдуральдi кеңiстiкте жұлын-ми сұйықтығынан ерекше, бiраз сұйықтық кездеседi. Қатты қабықтың сыртын көп көктамырлары бар борпылдақ дәнекер ұлпалар жауып тұрады. Бұл қабық қатпар түзiп, сүйек қабымен бiрiгiп, эндотелиймен қапталған және көктамыр қанын сақтайтын қойнаулар қалыптастырады.

Өрмелi (торлы) қабық жұқа дәнекер ұлпа перделерiнен түзiлген тор, көбiнесе коллаген, бiршама эластин талшықтарынан тұрады. Оның сырты, iшi үздiксiз жұқа жайпақ жасушалар қабатымен жабылған. Перделердің арасындағы кеңiстiк жұлын-ми сұйықтығымен толып, субарахноидальдi деп аталады. Бұл кеңiстiктен iрi қан тамырлары өтiп, олардың тармақтары миды қоректендiредi.

Iшкi (жұмсақ, тамырлы) қабық айқасып жатқан коллаген талшықтары будаларынан, эластин талшықтары торларынан және көптеген бiркелкi орналасқан қан тамырларынан тұрады. Сырты жайпақ жасушалардың қабатымен жабылады. Бұл қабықтың құрылысы ми жүлге жолы, қатпарлар құрылысындай болып келедi.