Көру ағзасы


Алғашқы көз өскiндерi көз көпiршiгi–аралық ми қабырғасының томпаюы түрiнде (67 сурет) пайда болады. Ұлғая келе, көз көпiршiгi эктодермамен тiкелей байланысып, онда күрделi морфологиялық өзгерiстер жүредi.

Көз көпiршiгiнiң сыртқы бетi жұқарып, кейiн iшiне қарай жымырылып, соңында қос қабатты тостақанша құрады. Оны көз құтышағы (caliculus ophtalmicus) деп атайды. Ішкi қабатындағы жасушалар-торлы қабықтың, сыртқы қабатындағылары-бояутек қабығының өскiндерi болып келедi. Көз құтышағының жиегi кейiн қарашық жиегiне (margo pupillaris) айналады. Құтышақтың қуысы келешек көздің артқы камерасы (camera posterior) болып, көз құтышағының iшкi жапырақшасынан дамитын шыны тәрiздi денемен (corpus vitreum) толады. Шыны тәрiздi дененiң шығу тегi-эктодерма, бiрақ оның қалыптасуына мезодерма жасушалары қатысады.


Көз құтышағының iшкi қабатындағы артқы (үлкен) бөлiгiнен торлы қабықтың көру бөлiгi (pars optica retinae), алдыңғы (аз) бөлiгiнен нұрлы, кiрпiктi бөлiктерi нақтыланады. Кiрпiктi бөлiк жанасқан бояутек қабықпен центрлес қатпарлар құрады, оған мезодерма жасушалары енедi. Осылай кiрпiктi дене пайда болады. Онда кiрпiктiнiң бұлшық етi дамиды. Кiрпiктi денеге айналма талшықтары көмегiмен көз бұршағы бекiтiледi.

Торлы қабықтың нұрлы бөлiгiнен бояутек, ал тамырлы қабықтардың қатысуымен нұрлы қабық пайда болады.

Торлы қабықтың жасушалары жүйке талшықтарына нақтыланып, одан көру жүйкесi дамиды. Қалыпты көру қосымша құрылымдар дамығанда ғана iске асады. Ол эктодерма эпителийiнен дамитын-көз бұршағы. Бұл эпителий көз көпiршiгiнің сыртқы бөлiгiнде қалыңдап, оның жасушалары арнайы нақтыланып, призма тәрiздi болып, көз бұршағының талшығына ауысады. Келешек көз бұршағының жасушалары бөлiнiп, оған қажеттi құрылым, физикалық қасиеттер жиналып, көз бұршағына ауысады. Басқа көз қосымша құрылымдары-тамырлы қабық, аққабық мезенхимадан, ал қасаң қабық эпидерма эпителийiнен, мезенхимадан дамиды.

Көру ағзасы (organum visualis) - көз көру талдағышының шеткi бөлiгi болып келедi. Ол фото қабылдағыш (нейросезгiш) жасушалар сақтайтын көз алмасынан, қабақ, көз жасы аппараты, көздi қозғалысқа келтiретiн бұлшық етi бар аппараттан тұрады.

Көз алмасы (bulbus oculi) қабырғасы үш: сыртқы - фиброзды (ақ, мөлдiр қабықтар), ортаңғы - тамырлы (меншiктi тамырлы қабық, кiрпiктi дене, нұрлы қабық), ми мен көру жүйкесi арқылы байланысқан iшкi - торлы қабықтардан құралған. Көз алмасының құрамына кiрпiктi денеге кiрпiктi белдеу талшықтарымен бекитiн көз бұршағы кiредi. Мөлдiр және нұрлы қабықтар мен көз бұршағы арасында сулы затқа толы бос орын-көзалды камерасы, ал нұрлы қабық, кiрпiктi дене, белдеу, көз бұршағы арасында-артқы бөлiм орналасады. Аталған екi бөлiмде кiрпiктi денеде өндiрiлетiн шылауықпен толып, ол ақ қабықтың көк тамыр қойнауында сiңiрiледi. Көз бұршағы мен кiрпiктi белдеуден кейiн торлы қабықпен қоршалған, шыны тәрiздi денемен толы кеңiстiк орналасады.

Көздiң қызмет аппараттарына: жарық сәуленің сынуын, торлы қабыққа байқалатын зат кескiнiнің түсуiн қамтамасыз ететiн жарық сындырғыш (мөлдiр қабық, шылауық, көз бұршағы, шыны тәрiздi дене); торлы қабыққа көз бұршағы түрiн өзгерту жолымен кескiнiн түсiрудi қамтамасыз ететiн, торлы қабыққа жарық түсу қарқындығын реттейтiн көруге икемдейтiн (нұрлы қабық, кiрпiктi белдiгi мен кiрпiктi дене); жарық хабарын қабылдап, оның алғашқы өңдеуiн қамтамасыз ететiн қабылдағыш (торлы қабық) жатады.

Ақ қабық (sclera) - тығыз талшықты дәнекер ұлпадан құралған, ол ағза бетiне параллель әртүрлi бағытта өтетiн, араларында фиброциттер жататын коллаген талшығының будалары, эластин талшықтарынан тұрады. Оның тереңгi қабатында меланоциттер жатады. Қорғаныш, тiректiк қызметтер атқарады, сыртқы бетiне көз бұлшық етiнiң сiңiрлерi бекiтiледi. Мөлдiр қабық шекарасында ақ қабық қалыңдап, етқоректiлерде жақсы көрiнетiн белдiк байқалады. Белдiктен кейiн орналасатын ақ қабықтың ұлпаларында кiшкене тармақталған қуыстар - көздiң алдыңғы бөлiмiнен сұйық ағуын қамтамасыз ететiн көк тамырлық өрiм болады. Бұл ағым бұзылса, көз iшiндегi қысым көтерiлiп, адамда кең тараған ауру-глаукомаға жеткiзедi. Ақ қабық артқы бөлiмiнде ұсақ жарма сақтап, көру жүйкесiн қалыптастыратын жүйке талшықтары өтетiн тор тәрiздi тақташасы болады. Ақ қабық сырты қылтамырларға бай борпылдақ дәнекер ұлпамен жабылған.

Құстардың көз ұясындағы ақ қабық толық сүйектенбейтiндiктен мөлдiр қабық жанында жұқа қыш тәрiздi ұсақ сүйек қабыршақтары орналасады, олар қосылып, ерекше қорғаныш сақина құрады. Одан алысырақ көру жүйесi қосылатын жерге дейiн ақ қабықта гиалинді шемiршек жатады.

Мөлдiр (қасаң) қабық (cornea) - ортасынан шетiне қарай қалыңдайтын сыртқа қарай дөңес мөлдiр тақташа. Мөлдір қабық бес қабаттан: алдыңғы эпителий, алдыңғы шекаралық тақташа, меншiктi зат, артқы шекаралық тақташа және артқы эпителийден тұрады.

Алдыңғы эпителий (epithelium anterius) - көп қабатты жайпақ түлемейтін эпителий, мөлдiр қабықтың сезiмталдығын қамтамасыз ететiн, көздiң жас бездерiнің түзiндiлерiмен тұрақты суландырылатын көп жүйке ұштарын сақтайды.

Алдыңғы шекаралық тақташа (lamina limitans anterior) немесе боумен жарғақшасы, мөлдiр қабықтың меншiктi затындағы сыртқы тығыз қабаты, алдыңғы эпителий негiзгi жарғақшасының астында орналасып, коллаген талшықтарының торынан тұрады. Жануарларда оның қалыңдығы әртүрлi болады. Электронды микроскоп бұл талшықтардың кигiз сияқты өрiлiп жатқанын көрсеттi.

Меншiктi зат (substantia propria) немесе строма - мөлдiр қабықтың негiзгi бөлiгi, жайпақ коллаген талшықтарының будаларынан тұратын, бiр-бiрiне бұрыш құрып орналасатын, арасында фиброциттер болатын ерекше тығыз талшықты дәнекер ұлпа. Гликопротеиндер строма мөлдiрлiгiн қамтамасыз етедi. Мұнда өте көп жүйке ұштары болады да, қан және лимфа тамырлары болмайды. Мөлдiр қабық стромасының ақ қабықтың дәнекер ұлпасына ауысатын жерi - лимба (шетi) деп аталады.

Артқы шекаралық тақташада (lamina limitans posterior) коллагеннің талшықтары айқасады. Ол электронды микроскопта алты бұрышты бейне құрады. Ол артқы эпителийдің негiзгi жарғағы деп те қаралады.

Артқы эпителий (epithelium posterius, эндотелий)-бiр қабатты жайпақ, мөлдiр қабықтағы сұйықтық, иондар алмасуына қатысады.

Мөлдiр (қасаң) қабық шылауық (қоймалжың зат) арқылы және лимба аумағындағы тамырлардан диффузия жолымен қоректенедi. Егерде қабық бұзылса, лимба жағынан тамырлар өсiп, мөлдiрлiктi бүлдiредi. Мөлдiр қабықты бiр организмнен екiншi организмге ауыстырып салуға болады, себебi онда сәйкессiздiк тамырлар жоқтығынан жүрмейдi. Қабық бүлiнiп, қабыну процесi жүрсе, онда қан қылтамырлары өсiп, қан жасушалары өтiп, мөлдiр қабықты бұзады.

Тамырлы қабыққа (tunica vasculosa bulbi) меншiктi тамырлы қабық, кiрпiктi дене және нұрлы қабық кiредi (68 сурет).

Меншiктi тамырлы қабық (choriodea) торлы қабықтың қоректенуiн қамтамасыз етедi, бояутек жасушалары көп борпылдақ талшықты дәнекер ұлпадан тұрады.




Құрамына төрт қабат кiредi: тамыр үстi - ол сыртқы, ақ қабықпен шектеседi; тамырлы - хориоқылтамырлар тақташасын қанмен қамтамасыз ететiн қызыл және көк тамырлардан тұрады. Жануарлардың тамырлары мен хориоқылтамырлар тақташасы араларында тамырсыз аймақ орналасады. Етқоректi организмдерде ол көп қырлы жасушалардан, алмасқан дәнекер ұлпа талшықтарынан тұрады. Мысық жабынының жасуша цитоплазмасында дұрыс орналасқан ине тәрiздi қырлы бiр тектi қатты денелер (кристаллдар) болады. Сондықтан қараңғыда жарық түскенде көз жарқырауы байқалады; хориоқылтамырлы - түрлi-калибрлi қылтамырлардың қалың торы, торлы қабық жағы эндотелийiнде фенестрлер болады. Негiзгi - қылтамырлардың негiзгi жарғағынан, коллаген, эластин талшықтары торынан, торлы қабық бояутек эпителийiнің негiзгi жарғағынан тұрады.

Кiрпiктi (цилиарлы) дене (corpus ciliare) - тамырлы қабықтың қалың алдыңғы бөлiгi, тiсшелер желi, нұрлы қабық тамыры арасында орналасқан түрi бұлшық еттi-талшықты сақина тәрiздi, көз бұршағы иiнiн өзгертiп, көз көруiне және шылауық өндiруiне қатысады. Цилиарлы дене негiзiн кiрпiктi бұлшық ет құрайды, оның алдыңғы бөлiгiнен кiрпiктi өсiндiлер тарайды. Кiрпiктi бұлшық ет бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушалары шоқтарынан тұрады, iшкi бөлiмдерде шеңбер тәрiздi, ал сыртта–меридианды-сәулелi болып жатады. Кiрпiктi өсiндiлерді-көздiң артқы камерасынан шығып тұратын кiрпiктi дене қатпарлары түзеді. Олар бояутек жасушаларынан, фенстрлi қылтамырлары бар дәнекер ұлпалардан құралған. Сырты кiрпiктi эпителиймен жабылған. Бұлшық ет жиырылғанда көз бұршағын бекiтiп тұратын байлам әлсiрейді, домалақтанады, көздi жақын қашықтықтағы заттарды көруге икемдейдi. Бұлшық ет босағанда бұған қарама-қарсы нәтиже берiледi.

Нұрлы қабық (iris) - тамырлы қабықтың ең алдыңғы бөлiгi, көздiң алдыңғы (нұрлы қабықпен қасаң қабық арасындағы кеңiстiк) және артқы (нұрлы қабықпен көз бұршағы арасындағы кеңiстiк) камераларын бөлiп тұрады, пiшiнi ит, шошқа және құста дөңгелек, мысықта тiк саңылау тәрiздi, шөп қоректiлерде көлденең-сопақша, ортасында диаметрi өзгерiп тұратын тесiгi - қарашығы (pupilla) болады. Қабық өзінің цилиарлы жиегiмен кiрпiктi денеге байланысады. Негiзiн тамырларға, бояутек жасушаларына (көздің түсiн қамтамасыз етедi; түссiз жануарларда бояутек жасушалары болмайды, терең орналасқан қан тамырлары көрiнiп тұратындықтан нұрлы қабықтың түсi қызыл болады) бай, борпылдақ дәнекер ұлпа құрады.

Нұрлы қабықта бес: алдыңғы эпителий; сыртқы шекаралық; тамырлы; iшкi шекаралық және артқы бояутектi эпителий қабаттарын ажыратады.

Нұрлы қабықтың бұлшық етi миоциттерден тұрып, қарашық диаметрін өзгертіп, торлы қабыққа түсетін жарық мөлшерін реттеп тұрады. Қарашық саңылауын тарылтатын бұлшық еттер қысқышет-центрлес жасушалардың шоғырынан тұрады, олар нұрлы қабықтың бос жиегi аймағында жатады (парасимпатикалық жүйке талшықтарымен жүйкеленедi). Қарашықтың саңылауын кеңейтетiн бұлшық еттер кеңейткiш-жасушалар шоғырынан тұрып, бояутек эпителийiнің ұзына бойымен сәулелi нұрлы қабықтың бос жиегiнен кiрпiктi (цилиарлы) денеге дейiн жүредi (симпатикалық жүйке талшығымен жүйкеленедi).

Жылқы, күйiс қайырушылар нұрлы қабығының бос жиегiнде өсiндiлер (түйiршiктер) болып, қан тамырлары, күштi қаныққан бояутек жасушалары сақталады.

Көз бұршағы (lens) - мөлдiр екi бетi бірдей дөңес дене, кiрпiктi белдеу талшықтарымен бекiтiледi (68 суреттi қара). Оның қабықшасы, эпителиі және талшықтары болады.

Көз бұршағының сырты жұқа мөлдiр қабат-қабықшамен қапталған, ол эпителийдiң негiзгi жарғағы. Гликопротеиндер сақтайды және серпiмдiлiк қабылетi бар (жас ұлғайған сайын төмендейтiн) микрофиламент торынан тұрады. Кiрпiктi белдеу талшықтары бекитiн орын болып келедi. Жебiр жасушалар, антитектер өтпейдi, бiрақ зат алмасуын қамтамасыз етедi.

Көз бұршағының эпителийi-куб тәрізді жасушалардың қабаты, алдыңғы бетiндегi қабықша астында жатады, экватор аймағындағы жасушалардың митоз жолымен бөлiнуi байқалады. Эпителий ұзарып, бiртiндеп барып көз бұршағының талшықтарына айналады.

Көз бұршағы талшықтарын көз бұршағы бетiне центрлес қабаттармен параллель жатып, өзiнiң меншiктi затын түзетін, пiшiнi алты қырлы ұзын эпителийлі жасушалар құрады. Меншікті зат қыртыстан және ядродан тұрады. Оның тұрақты қосындылары мен ядросы экватор аймағында орналасады, ал цитоплазмасында ерекше белок-кристаллиндер болады. Талшықтарды саңылау байланыстары және шар тәрiздi интердигитация ұстап тұрады. Көз бұршағы ортасына ауысқан сайын ядросы жоғалып, бiр-бiрiне қаланып, қоюланады, кейiн көз бұршағы ядросын құрады. Адамның жасы өскен сайын көз бұршағының серпiмдiлiгi төмендейді, ол жақын объектiлердің зерделеуiн қиындатады (пресбиопия). Адам көз бұршағы мөлдiрлiгiнiң жоғалуын-катаракта деп атайды.

Шыны тәрiздi дене (corpus vitreum) - мөлдiр дiрiлдек тәрiздi масса, оны ғалымдар ерекше дәнекер ұлпа деп қарайды. Ол көз бұршағы мен тор қабығы арасындағы кеңiстiктi толтырады (68 суреттi қара), фибробластар тәрiздi элементтерден (гиалоциттерден), жебiр жасушалар, лимфоциттер, жасуша аралық заттектерден тұрады. Кейінгінің 99% су, құрамында коллаген талшықтары және гиалурон қышқылы болады. Шыны тәрiздi дене арқылы торлы қабықтың емiзiгiнен көз бұршағының артқы бетiне гиалоидты өзек (ұрық гиалоидты қызыл тамырының қалдығы) өтедi. Қаздардың осы жерiнде ерекше құрылым-тарақшалары кездеседi. Оның алдыңғы ұшы көз бұршағы қабықшасымен қосылады. Ол құрамында қан қылтамырлары бар дәнекер ұлпадан тұрады.

Шыны тәрiздi дене жарық сәулелерінің өтуiн қамтамасыз етедi, көз бұршағының тұру қалпын сақтайды, торлы қабықтың зат алмасуына және көздің қан қысымын реттеуге қатысады, оның iшкi қабаттарын бояутек эпителийiне қысып тұрады.

Торлы қабық (retina) - көздiң iшкi және жарық сезгiш қабығы. Онда көз алмасының үлкен артқы бөлiгiн iшiнен тiстi жиегiне дейiн төсейтiн көру бөлiгiн, кiрпiктi дене мен нұрлы қабықтың артқы бетiн жабатын алдыңғы көрмейтiн бөлiгiн ажыратады. Қабықтың артқы бетiнде фотоқабылдағыш жасушалар болмайтын бөлiмшесi (соқыр дақ) - торлы қабықтың емiзiгi болады. Емізік торлы қабықты бас миымен байланыстыратын көру жүйкесi шығатын орын болып есептеледi. Көз бiлiгiнен емiзiктің сыртына қарай орталық шұңқыр (fovea centralis) орналасады, ал өзiн қоршап жатқан құрылымдармен, торлы қабықтың ортасы, қарашықтың тура қарсысы-сары дақ (macula, сары бояутек сақтайды) деп аталады. Онда фотоқабылдағыш жасушаларының саны көп кездеседi.

Торлы қабықтың құрылым құрамбөлiктерiне нейрондар, бояутектi эпителий, нейроглия және тамырлар жатады.

Торлы қабықтың нейрондары сәуле тәрізді тарамданып, үш мүшелі тізбек құрып, бір-бірімен түйіспе арқылы байланысып, нейросезгіш (фотоқабылдағыш), биполярлы (байланыстырушы), ганглионды (түйіндік) деп аталады. Олардан басқа тағы екі түрлі нейрондар болады. Нейросезгіш пен биполярлы нейрондардың байланысын-горизонталды жасушалар, ал биполярлы мен ганглионды нейрондар байланысын-амакринді жасушалар қамтамасыз етеді.

Торлы қабықтың қабаттары тәртіппен орналасқан нейрондардан тұрады. Олардың ядролы бөлiмшелерi ядролық және түйiндiк қабаттарды құрады, түйiспе байланысы бар аймақтары торлы қабаттарды түзедi (69 сурет).



Торлы қабықта 10 қабат (сыртынан iшiне қарай) ажыратады:

бояутектi эпителий - ең сыртқы қабаты, тамырлы қабық тақташасымен тығыз байланысып, торлы қабықтың басқа қабаттарымен байланыспайды. Бұл ерекшелiктiң клиникада маңызы зор, себебi торлы қабықтың әртүрлi ауытқуда бояутектi эпителийден бөлiнетінін, ал ол фотосезгiш қабаттың жоюылуына жеткiзетiнін көрсетеді. Бояутектi эпителий куб (торлы қабық шетiнде) және призма тәрiздi (ортасында) жасушалардан құралған, ядросы негiзгi бетiнде орналасады, түзу, лизосома аппараттары жақсы дамыған, митохондрийi, меланин түйiршiктерi көп болады.

Бояутекті эпителий мына қызметтердi атқарады: оның қайта қалпына келуi үшін фотоқабылдағышқа А витаминiн жинайды және тасымалдайды; фотоқабылдағыштар сыртқы сегментiнiң ұштары әртүрлi заттарды жұтып, қорытады; торлы қабықтың сырт қабаттары қоректi затты тамырлы қабық хориоқылтамырлар қабатынан диффузия жолымен таңдап, қамтамасыз етедi; жарықты сiңiру, меланиндердi түзу және өсiндiлерге ауыстыру арқылы қабылдағыштарды артық жарық түсуiнен қорғайды. Жарықта меланин түйiршiгi жасуша денесiнен фотоқабылдағыштардың сыртқы сегменттерiн қоршап жатқан өсiндiлеріне ауысады, ол көз сезiмталдығын төмендетiп, көру қабылеттiлiгiн арттырады. Қараңғыда меланин түйiршiктерi өсiндiден жасуша денесiне қайта қайтады, сондықтан көз сезiмталдығы артып, көру қабылеттiлiгi төмендейдi.

Бояутектi эпителий қабатының астында жарық сезiмталдығы бар нейросезгiш таяқша және сауытша тәрiздi көру жасушалары жатады. Олар түрі өзгерген биполярлы нейрондар, бояутектi эпителийге бағытталған дендриттерi таяқшалар және сауытшалар қабатын құрады.

Таяқша жасушалар (cellula optica bacilliformis)-өте жоғары сезiмтал, ымырттағы жарықты қабылдайды, сауытша (cellula optima coniformis) - түрлi түстi күндiзгi жарықты қабылдайтын жасушалар. Сауытша тек күндiз көретін кемiрушiлер, тауық және көгөршiндердің торлы қабығында, түнде көретiн жапалақта негiзiнен таяқша жасушалар болады;

таяқшалар, сауытшалар қабаты - фотоқабылдағыш жасушалардың шеткi өсiндiлерiнен тұрады. Кейінгiлер сыртқы (segmentum externum), iшкi (segmentum internum) сегменттерден тұрады. Таяқша жасушаның сыртқы сегментi жұқа, ұзын, цилиндр тәрiздi, сауытшада ол қысқа, конус тәрiздi болады. Iшкi сегмент пiшiнi, көлемiмен ерекшеленедi, сауытшада ол қалың болады. Сауытшаның үш түрiн ажыратады, олардың әр қайсысында түрлi қызыл, жасыл, көк көру бояутегiнiң бiреуi ғана болады. Iшкi сегментте негiзгi тұрақты қосындылар кездеседi. Екi сегменттiң қосылған жерiн-аяғы деп атайды. Аяқ электронды микроскопта кiрпiкше тәрiздi болып, 9 жұп талшықтардан тұрады, орталық жұбы болмайды. Таяқша, сауытша сыртқы сегментерiнде кездесетiн көп тегерiштерде көру бояутектерi сақталады. Тегерiштердiң ара қашықтығы бiрдей, орташа 30 нм тең. Олардың саны әр түрлi омыртқалыларда өзгермелi, бақада 1000-1500, бұқада-200 болады. Омыртқалалардың таяқша жасушаларында опсин белогiн, А витаминiнің альдегидiн–ретиналды сақтайтын көру бояутегi - родопсин жақсы зерделенген. А витаминiнің жетiмсiздiгi көздің көру қабылетiн төмендетiп, «ақшам соқырлығына» жеткiзедi. Сауытшада иодопсин көру бояутегi бары анықталды. Түстi ажыратпаушылық сауытша жасушаның бiреуi немесе бiрнеше түрiнiң жоқтығымен баяндалады;

сыртқы шекаралық қабат (stratum limitans externum) - фотосезгiш қабатты сыртқы түйiршiктi (ядролы) қабаттан бөлетiн қоңыр жолақ болып келеді. Мюллер (глия) жасушасының сыртқы өсiндiлерi тармақталуынан құрылады. Бұл өсiндiлер фотоқабылдағыш жасушаларымен байланысады;

сыртқы түйiршiктi (ядролы) қабат (stratum nucleare externum) - таяқша және сауытша жасушалар (нейросезгiш жасушалары) денелерiнен, олардың домалақ ядроларынан тұрады;

сыртқы торлы қабат (stratum plexiforme externum) - таяқша, сауытша жасушалардың iшкi сегменттерiнің биполярлы, горизонталды (көлденеңдi) жасушалар дендриттерiмен байланысуынан түзiледi;

iшкi түйiршiктi (ядролы) қабат (stratum nucleare internum) - биполярлы, амакриндi, горизонталды, мюллер жасушалары ядроларынан құралған;

iшкi торлы қабат (stratum plexiforme internum) - биполярлы, түйiндi, амакриндi жасушалар арасында түйiспе түзiлуiнен пайда болады;

ганглиондық (түйiндiк) қабат (stratum ganglionare) - ганглиондық жасушалар денелерiнен құралады;

жүйке талшықтарының қабаты (stratum neurofibrarum) - көру жүйкесiн құратын ганглиондық жасушалар аксонынан тұрады;

iшкi шекаралық қабат (stratum limitans internum) - мюллер жасушаларының негiзiнен, олардың негiзгi жарғағынан құралған.

Көру талдағышын (анализаторды) мына нейрондар құрады: биполярлы; ганглиондық (көру төмпегiне барады); көру төмпегiндегi иiндi дене; бас ми қыртысындағы пирамида қабаты.