Иiс сезу ағзалары. Сезiм түйсiгi ағзасы


 

Сүтқоректiлерде иiс сезу ағзаларының (organum olfactus) өскiндерi плакодалардан басталады. Терi эктодермасы қалыңдап, кейiн ол тереңдеп, бетiнде шұңқырлар құрады. Бұл құбылыста эпителийдiң өсуi, оны қоршап жатқан мезенхима жасушаларының көбейiп, таға тәрiздi көтерiңкi жері көмкерiлген шұңқырша құруы байқалады. Оның өсiндiлерi танау тесiгiн құрады. Бет аймағындағы кейiнгi өзгерiстер танау тесiктерiне жақындап, ортаңғы өсiндiлерден жоғарғы ерiннiң орталық бөлiгiн, танау пердесiн құрады. Танау жолдары ауыз қуысынан бөлiнiп, жұтқыншақ аймағында (iшкi танаутесiкке) ашылады.

Танау жолдарының бүйiрлерiнде кеуiлжiр өскiндерi және көтерiңкi жерлер пайда болады. Олар шемiршектің айналма құрылымдарына жайылып өседi. Кеуiлжiр саны мен құрылым күрделiгi жануарлардың экологиясына, бұл ағзалардың қолданылуына байланысты жүредi.

Кеуiлжiрлер үш топқа бөлiнеді де: алдыңғы жұп эпителиймен төселіп, үшкiл жүйкемен жүйкеленетiн-үстiңгi жақсүйек кеуiлжiрлерi; екiншi жұп алда жатып, иiс сезу эпителийлерi болмайтын–танау кеуiлжiрлерi (бұлар тыныс алу қызметiн орындайды) және иiс сезу (үшiншi жұп) кеуiлжiрлерi деп аталады. Кейінгі терең, iшкi танаутесiкте орналасады. Онда кеуiлжiрлердi сыртқы, iшкi деп, екiге бөледi. Iшкi кеуiлжiрлердің саны әр мұрын қуысында беске дейін жетедi.

 

Иiс сезу ағзалар қызметiн-газ күйiндегi заттардың химиялық тiтiркенуiн қабылдауды, мұрынның ортаңғы кеуiлжiрлерi, оған сәйкес мұрын пердесiнің кiлегейлi қабығының бөлiгi орындайды. Олар эпителий тәрiздi қабатпен жабылып, үш түрлi-қабылдағыш, қолдаушы, негiзгi жасушалардан тұрады.

Қабылдағыш (иiс сезу) жасушалар (cellulae neurosensoriae olfactoriae) қолдаушы эпителио циттер арасында орналасады, қысқа шеткi-дендриттері, ұзын-орталық-аксон өсiндiлерi болады. Шеткi өсiндiлердің пiшiнiне қарап, иiс сезу жасушаларын-таяқша, сауытша тәрiздi деп, екiге бөледi (75 сурет). Таяқша тәрiздi иiс сезу жасушаларының саны көп болады. Мысалы, итте оның саны 250 млн жетеді. Иiс сезу жасушаларының эпителий қабаты бетiнде ұшы қалыңдап-иiс сезу күрзiсiн (clava olfactoria) түзедi. Күрзi бетiнде ұзындығы 100 мкм жететiн иiс сезу кiрпiкшелерiн ажыратады. Жануарлар түрлерiне тән кiрпiкшелердің саны әртүрлi болып, ол iрi қара малдың иiс сезу жасушаларында–17, қойда–40-50, итте–100-150 жетеді. Иiс сезу кiрпiкшелері жылжымалы, оның 9 жұбы шеткi, екеуi-орталық түтiкшелер болып келеді. Олар негiзгі денелерден тарайды, онда ұсақ бүрлер орналасады. Иiс сезу жасушалары аксонында бiраз митохондрийлер, 2-18 ұсақ бүрлер сақталады. Аксондар леммоциттері цитоплазмасының желiсiне батып, өткiзгiш сым тәрiздi жүйке талшығын құрады.

Қолдаушы жасушаларды (epitheliocytus sustentans) көп ретті эпителий қабаты құрады. Көп ретті эпителий араларында иiс сезу жасушалары орналасады. Қолдаушы жасушалар кейінгілерді қоршап, тiректiк, түзінді бөлу, қоректiк және кейбiр деректерге қарағанда қорғаныш қызметтер атқарады.

Негiзгi жарғақта орналасқан негiзгi жасушалар қарқынды көбейiп, иiс сезу эпителийiнiң түзушi жасушасы болып есептеледi.

Сезiм түйсiгi ағзаларына - тiтiркендiргiштерге әсер беретiн, көптеген әртүрлi ерiктi, қапшықтанған, қапшықтанбаған ерiксiз жүйке ұштарынан тұратын терi-жабындағы қабылдағыш алаң, терiнiң, бұлшық еттiң, сiңiрдiң сыртқы бетiндегi қабылдағыштардың жанасуы, түскен қысымды қабылдауы жатады. Онда құрылысы жүйке ұлпасы мен терi-жабынында сипатталған қысым-, механо-, жылу-, түйсiк-, ауырсыну және басқа қабылдағыштарды ажыратады.