Көктамырлар. Микроайналым арнасындағы тамырлар


Көктамырлардың (venae) жалпы құрылымы қызылтамырларға ұқсас (78 суреттi қара). Қысымы төмен, қанағымы баяу болатындықтан көктамырдың арнасы үлкен, жеңiл қайтымды жұқа қабырғасында нашар дамыған серпiмдi элементтер болады. Онда қанның 70% сақталады.

Көктамырлар қабырғасының құрылысында байқалатын ерекшелiктер: iшкi серпiмдi жарғағы нашар дамып, талшықтар торына ажырайды; бұлшық ет қабаты тамырдың айналасында нашар таралған, бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушалары өте жиi ұзына бойда орналасады; өзіндей қызылтамырлармен салыстырғанда, қабырғасының қалыңдығы жұқа және құрамындағы коллаген талшықтары көп болады; кейбiр қабықтары айқын бөлiнбеген; адвентициясы күштi, ал астары мен ортаңғы қабықтары нашар дамыған; әр тамырлардың құрылысы әртүрлi, оны бiр көктамырдағы бөлiктерден байқауға болады; көктамырлар қақпақшалармен жабдықталады.

Көктамырлар қабырғасындағы бұлшық ет элементерiнiң даму деңгейiне орай, бұлшық еттi және бұлшық етсiз деп, екіге бөлiнедi.

Бұлшық етсiз (venae fibrotypicae) көктамырлардың қабырғалары тығыз ағзаларда және бөлiктерде (ми қабықтары, сүйектер, көкбауыр перделiктерi) орналасып, олардың сыртқы қабықтарымен тығыз тұтасып кетедi. Мұндай көктамырлар қабырғасында дәнекер ұлпа қабатымен қоршалған эндотелий болады, бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушалары болмайды.

Бұлшық еттi көктамырлар (venae myotypicae) үш топқа бөлiнедi:

бұлшық ет элементтерi нашар дамыған–дененiң жоғарғы бетiндегi ұсақ, орташа көктамырлар, оларда қанағымы салмақ салдарынан нашар жүредi. Қабырғасындағы эндотелийасты қабаты нашар дамыған, ортаңғы қабықтағы бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушаларының саны аз болады, топталып жатады, адвентициядағы бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушалары жеке ұзына бойда орналасады;

бұлшық ет элементтерi орташа дамыған-астар мен адвентицияда жеке ұзына бойына бағытталған бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушалары және олардың ортаңғы қабығында дәнекер ұлпа жұқа қабатшаларымен бөлiнген айнала орналасқан бұлшық ет шоқтарымен сипатталады. Iшкi және сыртқы серпiмдi жарғақтары болмайды. Жүрекке бағытталған қақпақшалары болуы мүмкiн. Олар қанның қайта ағуына кедергi болады, бұлшық ет жиырылғанда қан жылжуын қамтамасыз етедi;

бұлшық ет элементтерi жақсы дамыған-ол iрi көктамырлар. Оларға астармен адвентицияда iрi ұзына бойы жататын бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушаларының шоғыры, ортаңғы қабықта айнала орналасқан бұлшық ет жасушалары тән. Мұнда көптеген қақпақшалар болады.

Микроайналым арнасындағы тамырларға диаметрi 100 мкм кiшi және тек микроскопта ғана көрiнетiн тамырлар жатады. Олар тамырлар жүйесiнiң қоректiк, тыныс алу, қажетсiз заттарды бөлу, реттеу қызметтерi мен қабыну және иммундық реакцияның дамуын қамтамасыз етуде басты рөл атқарады.

Олар үш топқа: қызылтамырлық, қылтамырлық, көктамырлық болып бөлiнедi.

Қызылтамырлық топқа қызылтамыршалар, қызылтамыршалар алды (79 сурет) кiредi.

Қызылтамыршалар - диаметрi 50-100 мкм кiшкентай тамыр, қабырғасы үш қабықтан, оның әрқайсысы бiр қабатты жасушалардан тұрады. Iшкi қабық жайпақ эндотелий жасушаларынан құралған, өсiндiлерi өте жұқа фенестрлi iшкi эластин жарғақшаларынан өтiп, ортаңғы қабықтағы бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушаларымен байланыс құрады. Кейінгі бiр-бiрiмен саңылау, тығыз қосылыстармен байланысып, шеңбер тәрiздi бiр қабат (кейде екi қабат) құрып жатады. Адвентициясы өте жұқа, қоршап жатқан дәнекер ұлпамен тұтасып кетедi.



Қызылтамыршалар алды топ-диаметрi 14-16 мкм кiшкентай тамыр, олар қызылтамыршалардан тарайды, қабырғасында эластиннің элементтерi мүлдем болмайды. Эндотелий жасушалары бiр-бiрiнен алыстау қашықтықта орналасқан бiрыңғай салалы бұлшық еттің жасушаларымен байланысып, қызылтамыршалар алды тармақталатын жерде қылтамырдың қысқыштарын құрады. Олар кейбiр қылтамыршалар тобының қанмен толуын реттейдi. Эндотелий және бұлшық ет жасушалары арасында перициттер орналасады.

Қылтамырлық топ болып, қылтамырдың торлары саналады (79 суреттi қара), оның организмдегi жалпы ұзындығы 100 мың км-ден асады, диаметрi 3-12 мкм, оны эндотелий төсейдi. Эндотелийдiң жарықшақтанған жерiндегi негiзгi жарғақта ерекше өсiндiлi жасушалар - перициттер байқалып, олар эндотелиоциттермен көптеген саңылаулар арқылы қосылады. Перициттердің қызметi айқындалмаған, бiрақ олар iсiнiп, қылтамыр кеңiстiгiн тарылтады деген пiкiр бар. Қылтамыр сыртын ретикулин талшықтарының торы қоршап жатады. Олар құрылым және қызмет ерекшелiктерiне байланысты үш топқа бөлiнедi (80 сурет):

үздiксiз эндотелиймен төселген қылтамырлар-қалыңдығы 0,1-0,8 мкм эндотелий жасушалары, бiр-бiрiмен тығыз, саңылау түрлерiмен қосылған, цитоплазмасында макромолекулаларды тасымалдайтын диаметрi 60-70 нм эндоцитоз көпiршiктерi болады. Негiзгi жарғағы үздiксiз, перициттер саны көп. Мұндай қылтамырлар организмде кең тараған, бұлшық ет, дәнекер ұлпа, өкпе, орталық жүйке жүйесi, айырша без, көк бауыр, экзокриндi бездерде кездеседi;

фенестрлi қылтамырлар - жұқа (80 нм) эндотелийiмен, диаметрi 50-80 нм, қалыңдығы 4-6 нм ортасы қалың көкетпен (диафрагма) тартылған тесiгi болуымен сипатталады. Эндоцитоз көпiршiктерi, перициттерi аз, негiзгi жарғағы үздiксiз болады. Бұл қылтамырлар бүйрек денешiгiнде, эндокриндi ағзаларда, ас қорыту жолының кiлегейлi қабығында және мидың тамырлар өрiмiнде орын алады;


қойнау қылтамырлары - үлкен диаметрiмен (30-40 мкм), iрi жасушалар аралық, диаметрi 0,5-3 мкм және тесiктерiмен ерекшеленедi. Негiзгi жарғағы үзiлмелi келiп, эндоцитоздың көпiршiктерi болмайды. Мұндай қылтамырлар бауырда, көк бауырда, сүйек майында, бүйрекүстi безде болады.

Көктамырлық (venulae) топты үш: қылтамырлар соңы, жинаушы және бұлшық ет көктамыршалары құрады (79 суреттi қара).

Қылтамырлар соңы көктамыршалар - диаметрi 12-30 мкм тамырлар, бiрнеше қылтамырлардың қосылуынан құрылады. Эндотелий жасушалары фенестрлi болуы мүмкiн, иммунды жүйе ағзаларындағы қылтамырлар соңы көктамыршаларында эндотелий ерекше биiк болады. Олар тамырлардың арнасынан лимфоциттер шығатын орын, әрi эндотелиоциттердің арасындағы байланысты бұзатын бөлiк болып саналады. Перициттер қылтамырларға қарағанда жиi кездеседi, бұлшық ет жасушалары болмайды.

Жинаушы көктамыршалар диаметрi 30-50 мкм, қылтамырлар соңы көктамыршаларының тұтасуынан құрылады. Диаметрi 50 мкм жеткенде ғана, олардың қабырғасында бiрыңғай салалы бұлшық еттің жасушалары пайда болады.

Бұлшық ет көктамыршалары (диаметрi 100 мкм дейiн) жақсы дамыған ортаңғы қабығымен және бiр қатарда жататын бiрыңғай салалы бұлшық еттің жасушаларымен сипатталады. Кейiнгiлер жиырылғыш элементтерiнiң нашар дамуымен және қатаң белгiлi бағытта жатпауымен ерекшеленедi.

Қызылтамыр-көктамыр жалғамалары (anastomosis arteriovenosa) - диаметрi 30-500 мкм тамырлар, тiкелей қызыл және көк тамыршаларды байланыстырып, микроскоптық айналым арнасында юкстақылтамырлық қанағымын қамтамасыз етедi. Олар үздiксiз және реттеу қанағымындағы жалғамалар болып, екiге бөлiнедi.