Жүрек


Құс жүрегiнің өскiндерi қолда өсiрудiң алғашқы 12 сағатына келедi де, түтiктi жүректiң ырғақты жиырылуы 29 сағ. кейiн басталады. Балапанда 9-10 сомиттер болады, ол кезде жүрек әлi жүрекшеге және қарыншаға бөлiнбейдi. Энтодерма мен спланхнотоманың iшкi жапырақшасының арасындағы мезенхимада эндотелиймен төселген екi астарқабат түтiкше құрылады. Бұл түтiкше - астарқабат өскiнi. Өсудегi түтiкшелердi спланхнотоманың iшкi жапырақшалары қоршап жатады. Спланхнотоманың осы бөлiгi қалыңдап, миоэпикард тақташаларын бередi. Iшек түтiкшесi тұтасуымен жүректiң қос өскiндерi өзара жақындап, тұтасып бiтедi. Сондықтан жүрек өскiнiнiң түрi қос қабатты түтiкше тәрiздi болады. Астарқабат бөлiгiнен жүректiң iшкi қабығы, ал миоэпикардтың тақташасынан-жүрек бұлшық етi және жүрек қабырғасының сыртқы қабықшасы дамиды.

Жүрек (cor) - бұлшық еттi ағза, ырғақты жиырылып, тамырлардың жүйесiнде қанның айналымын қамтамасыз етедi, гормондар өндiредi. Сүтқоректiлерде ол қосылған екi–оң және сол бөлiктерден тұрады. Бөлiктердiң әрқайсысында екi бөлiм-жүрекше, қарынша болады. Олар бiр-бiрiмен араларындағы тесiктер арқылы байланысады. Жүрекшелер, қарыншалар арасында, қарыншаларға қарай ашылатын жүрек қақпақшалары орналасады.

Жүрек қабырғасының (жүрекшелер мен қарыншалар) құрамына үш қабық (81 сурет): iшкi-астар (эндокард-endocardium), ортаңғы–бұлшық еттi (миокард-myo), сыртқы-iш жағының табақшасы (эпикард-epicardium) кiредi.

Эндокард (endocardium) жүрекше және қарыншаны, қуыстағы барлық құрылымдар–қақпақшаларды, емiзiктi бұлшық еттi үздiксiз төсейдi. Құрылысы, шығу тегiмен эндокард қан тамырларының қабырғасына өте ұқсас. Жүрекше, қарыншалар аймағында үш қабат ажыратады.

Ең iшкi қабатты эндотелий құрады, оның астында дәнекер ұлпадан тұратын эндотелий асты қабат орналасады.

Ортаңғы - бұлшық еттi-серпiндi қабат, ең қалыңы, тығыз дәнекер ұлпадан түзiледi, оның бетiнде параллель жатқан эластин талшықтары болады. Бұл қабаттың сырт жағында бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушалары кездеседi.

Үшiншi - сыртқы дәнекер ұлпа қабаты миокардпен шектесiп, борпылдақ дәнекер ұлпадан тұрады. Ол миокардтың эндомизийiне ауысады. Мұнда қан тамырлары, кейбiр бөлiмдерiнде өткiзгiш бұлшық ет ұлпасының қалыптан тыс жасушалары сақталады. Жүрекше, қарыншалар, олардан басталатын тамырлар араларында қанды қарыншадан керi ағудан сақтайтын қақпақшалар орналасады. Жүректiң оң бөлiгiндегi жүрекше-қарынша (атриовентикуляр) қақпағы үш жақтаудан тұратындықтан, үш жақтаулы қақпақша, оның сол бөлiгiндегi қақпақша екi жақтаудан тұратындықтан, екi жақтаулы немесе митральды деп аталады. Олардың, қолқа және өкпе сағасындағы айшықты қақпақшаларының гистологиялық құрылымы ұқсас болғанымен айшықты қақпақшаларда сiңiрлi жiпшелерi болмайды.

Миокард (myocardium) - жүрек қабырғасының ішіндегі ең қалың қабығы, кардиомиоциттерден тұрады. Олар арнайы қызметтерді атқаруға бiрiккен талшықтар, жүрек камераларын шиыршық тәрiздi қоршайтын қабаттардан құрады. Талшықтар арасында тамырлар, жүйкелермен бiрге жүретiн дәнекер ұлпалар орналасады. Кардиомиоциттер-жиырылғыш, өткiзгiш, секрет бөлетiн (эндокриндi) деп, үш түрге бөлiнедi.

Жиырылғыш кардиомиоциттер (myociti cardiaci) миокард негiзгi бөлiгiн құрады, орталық бөлiгiнде 1-2 ядросы болып, миожiпшелерi шеткi бөлiгiнде орналасады, бiр-бiрiмен бөлу дискiсiнде қосылады, ұштастыру арқасында үш өлшемдi тор құрып, байланысады. Пiшiнi қарыншаларда цилиндр тәрiздi, жүрекшелерде - дұрыс емес, жиi өсiндiлi. Бұл кардиомиоциттер жүктеменi ұзақ арттыртса, өз көлемiн күрт ұлғайта алады.

Өткiзгiш кардиомиоциттер (myocyti conducens cardiacus) туындату, жылдам электрлiк серпiндi өткiзуге қабылеттi болатындықтан жүректің әр бөлiмiнiң ырғақты келiсiмдi жиырылуын қамтамасыз етедi. Серпiн қойнауы түйiнiнде пайда болып, арнайы жолдармен жүрекшеге, атриовентрикуляр түйiнiне берiледi. Серпiн кейiнгi түйiнде 0,04 секунд аялдап, жылдам Гис будасына (жүрекше-қарынша), оның аяқшалары арқылы қарыншалардағы жұмыс атқаратын кардиомиоциттерге таралады. Өткiзгiш кардиомиоциттер үш түрге: Р-жасушалар, ауыса алатын жасушалар, Пуркинье жасушалары болып бөлiнедi.

Р-жасушалар - ақшыл, ұсақ, өсiндiлi, миожiпшелерінің бағыты жақсы айқындалмаған және iрi ядролары болады. Мұндай жасушалар қойнау, түйiн, түйiнаралық жолда кездеседi. Жүректiң ырғақты жиырылуын қамтамасыз ететiн электрлiк серпiннiң басты көзi болып келедi.

Ауыса алатын жасушалар - құрылысы, орналасқан жерi Р-жасушалар мен жиырылғыш кардиомиоциттер арасындағы-аралық жасушалар. Олар, көбiнесе, түйiндерде кездеседi, бiрақ жақын орналасқан жүрекше бөлiгiне де ене алады.

Пуркинье жасушалары - жиырылғыш кардиомиоциттерден гөрi ақшыл, кең, қысқа және қалай болса, солай орналасқан аз миожiпшелерi буда түзiп жатады. Мұндай жасушалардың саны Гис будасында, оның аяқтарында мол болып, түйiн шеттерiнде кездеседi.

Секрет бөлетiн (эндокринді) кардиомиоциттер-өсiндiлi жасушалар, жүрекшелерде орналасады, жиырылғыш аппараты нашар болғанымен түзiлу аппараты жақсы дамыған. Цитоплазмасында гормондар сақтайтын тығыз түйiршiктер орналасады.

Эпикард (epicardium) мезотелиймен жабылған, астында тамырлары мен жүйкелерi бар борпылдақ талшықты дәнекер ұлпа орналасады. Онда саны айтарлықтай май ұлпасы кездеседі. Эпикард перикардтың iшкi ағзалық жапырақшасы болып келедi. Қабырғалық жапырақшаның құрылысы сiр қабығындай, оның мезотелий қабаты iшкi ағзалық жапырақшасына қарап орналасады. Беттерi тегiс ылғалды болатындықтан жүрек жиырылғанда өте жеңiл жылжиды. Мезотелий бүлiнгенде ғана жабысқақ пайда болып, жүрек тiршiлiк әрекетiн бұзады.