Лимфа (сөл, сарысу) тамырлары


Лимфа жүйесi (systema lymphovasculare) жүрек, қан тамыры жүйесiнiң бiр бөлiгi. Оны лимфаға (lympha) толы лимфаның қылтамыры, тамыры, бағаны және түйiнi құрады. Ол әртүрлi-тазалау, тасымал, тосқауыл, иммунды қорғау, қойма және қан түзу қызметтерiн атқарады. Лимфа тамырын құрылысына қарап, бұлшық етсiз (талшықты), бұлшық еттi деп бөледi. Лимфа тамырында ұлпа сұйықтығы түзiледi.

Лимфа жүйесi иммундық қорғаушылар және лимфа тасушылар болып екiге бөлiнедi. Лимфа қан тамырларымен ұлпалар арасындағы байланысты қамтамасыз етедi.

Лимфа қылтамырлары (vas lymphocapillare) - диаметрi 30-200 мкм, қабырғасы жұқа тамырлар, ұлпалардан қап тәрiздi томпайып басталады, тор құрады. Бұл қылтамырлар қабырғасын құратын эндотелий жасушалары қан қылтамырларындағы эндотелиоциттерге қарағанда 4-5 есе iрi, 2-3 есе жұқа, бетiндегi ұсақ бүрлері, кеңiстiгiне емес, дәнекер ұлпа жағына (сұйықтықты соратын) қарайды, тасымалдаудағы көпiршiктер бiр бағытқа-қылтамырлар кеңiстiгiне қозғалады. Цитоплазмасында жиырылатын микрофиламенттері сақталады. Көршi эндотелий жасушаларының арасында енi 25-50 нм саңылау тәрiздi кеңiстiктер болады. Оның негiзгi жарғағы үзiлмелi, перициттердей болмайды. Олар сау организмге қажет қан, лимфа тепе-теңдiгiн қамтамасыз етедi. Лимфаның қылтамырына ұлпалардан зат алмасуының өнiмдерi, ұлпа сұйықтығы, ауытқуда - бөгде бөлшектер, микроорганизмдер келедi. Лимфа арнасы арқылы қатерлi өспелер жасушалары да таратылуы мүмкiн.

Лимфа тамырлары лимфа қылтамырларының қосылуынан құралады, құрылысы өте өзгермелi, көктамырларға ұқсас, қақпақшалары болады. Бұл ұқсастық оларда қысымның төмендiгiн, сұйықтықтың ағзалардан жүрекке ағу бағытын көрсетедi. Лимфа тамырлары диаметрлерiне орай-ұсақ, орташа, iрi болып бөлiнедi.

Ұсақтың диаметрi 30-40 мкм, ағза iшiнде болады, бұлшық ет элементтерi, қақпақшалары болмайды, қабырғасы эндотелийден, дәнекер ұлпа қабығынан тұрады.

Орташа, iрi лимфа тамырларында (диаметрi 0,2 мм артық) жақсы дамыған үш: iшкi, ортаңғы, сыртқы қабықтары болады.

Эндотелиймен жабылған тамыр iшкi қабығының ұзына бойында, қисық бағытталған коллаген және эластин талшықтары орналасады. Көршi екi қақпақшалар арасында орналасқан бөлiм - қақпақшаның сегментi (бөлшегi), лимфангион деп аталады. Линфангионның бұлшық ет теңгежапырағы, қақпақша қойнауының қабырғасы, қақпақша бекiтiлетiн аймағы (82 сурет) болады. Қақпақшалардың iшкi және сыртқы беттерi эндотелиймен жабылған орталық дәнекер ұлпа тақташасынан тұрады. Тамыр қабырғасына қараған қақпақша жақтауының эндотелийi астында эластин жарғақшасы орналасады. Қақпақшадағы орталық дәнекер ұлпа тақташасының қалың жерiнде бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушаларының шоғыры байқалады.

Iшкi және сыртқы қабықтар арасында айқын бейнеленген iшкi эластин жарғақшасы тұрақты байқалмайды.


Ортаңғы қабық бас, дене, аяқтар тамырларында нашар дамыған. Оның қабырғасында шеңбер, қисық бағытта жататын бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушаларының шоғырлары болады. Бұлшық еттің қабаты мойындырық көктамырымен қоса жүретiн мықынның лимфа өрiмiнде, қолқа маңындағы лимфа тамырларында, мойынның лимфа күретамырында жақсы дамыған. Бұл қабықтағы эластин талшықтарының саны және қалыңдығы, оның бағытымен айқындалады.

Сыртқы қабық борпылдақ талшықты қалыптаспаған дәнекер ұлпадан құралған, кейде онда жекеленген ұзына бойға бағытталған бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушалары кездеседi. Ең iрi лимфа тамырына - кеуденің лимфа арнасы жатады. Оның қабырға құрылысы төменгi қуысты көктамырды еске салып, үш - iшкi, ортаңғы, сыртқы қабықтардан тұрады.

Iшкiге - эндотелий, эндотелий асты дәнекер ұлпа қабаты, iшкi эластин жарғақшасы кiредi.

Ортаңғы қабық шеңбер тәрізді, ұзына бойда жататын, әрi өткен коллаген, эластин талшықтары бар бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушалар қабатынан тұрады.

Сыртқы қабық сыртқы эластин жарғағынан, дәнекер ұлпа қабатынан, ұзына бойда орналасқан бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушаларының шоғырынан және тамырдың тамырынан түзiлген. Кеуде арнасы жолында 9 айшықша қақпақша кездеседi.