Лимфа (сөл, сарысу) түйiндерi. Қан-лимфа (гемолимфалық) түйiндерi


Лимфа түйiндерi омыртқалылар iшiнде алдымен құстарда пайда болды. Кейбiр су құстарында (шүрегей үйрек, үйрек) ұзынша пiшiндi мойыны және белдеу атты қос лимфа түйiндерi болады. Ал, тауықтарда мұндай құрылымдар болмайды, бiрақ олардың бауыр, өкпе, бүйрек, жұмыртқалық және iшек кiлегейлi қабықтарының дәнекер ұлпа қабаттарында көптеген лимфалық шоғырлар байқалады.

Лимфа түйiндерi-иммунды жүйенiң шеткi, саны көп, қалыптасқан ағзалары, iрi лимфа тамырлары қосылған жерде орналасады. Жануарлардың түрiне орай, олардың саны, көлемi, әр аймақта орналасуы әртүрлi, пiшiнi-сопақ, домалақ, бұршақша, шажырқайда ұзынша болады. Екi - дөңес, ойыс шетi бар. Лимфа организмнiң белгiлi аймақтарынан әкелушi лимфа тамырларымен лимфа түйiндерiне, оның дөңес шетi арқылы өтедi, түйiннiң ойыс шетi-қақпа арқылы қызылтамыр, жүйкелер кiрiп, әкетушi лимфа тамырлары, көктамырлар шығады. Шошқада (ол қарама-қарсы) әкелушi лимфа тамырлары түйiнге, оның ойыс шетiнен-қақпасынан кiрiп, лимфаны әкетушi тамырлар түйiнінiң дөңес шетi арқылы шығады. Сондықтан шошқа лимфа түйiнiнiң гистологиялық құрылысы басқа жануарлар түрiндегi лимфа түйiндерiнен ерекшеленедi (87 сурет). Лимфа түйiнiнiң клиникалық маңызы тек иммунды реакцияны дамыту ғана емес, сонымен бiрге онда жұқпа ошағы, қатерлi өспелердің күшiктеуiнің (метастаз) пайда болуымен байқалады. Бұл түйiннiң зор ұлғаюы лимфоидты ұлпа өспесiне тән.

Лимфа түйiнiнің сырты дәнекер ұлпа қапшығымен (capsula) жабылған, одан ағза iшiне перделiктер (trabecula) өтедi. Түйiн стромасын ретикулин жасушасы, коллаген, ретикулин талшықтары, жебiр, тегiжаттар танитын жасушалар құрады. Строма iлмешегiнде лимфоциттер орналасады. Әр түйiннiң қыртысты, милы заттары болады (88 сурет).

Қыртысты зат түйiн қапшығы астында орналасқан сыртқы қыртыстан, одан кейiнгi терең қыртыстан (қос қыртысты–паракортикальдi (paracortex) аймақтан) тұрады.

Сыртқы қыртыс перделiктердің жолында (88 суреттi қара) орналасады, лимфа түйiншелерiн (В-тәуелдi аймақ), түйiн аралық топты, ерекше лимфа тамырын-қойнауларды (sinus) құратын лимфоидты ұлпаны қосады.

Лимфа түйiншесi лимфоидты ұлпаның сфера тәрiздi тобы, сыртқы шетiн жайпақ ретикулин жасушалар қабаты құрады. Түйiншелер бiрiншi, екiншi деп ажыратылады.

Бiрiншi түйiншелер-тығыз, бiркелкi, қайта айналым қорына қажет ұсақ (В) лимфоциттер тобы. Олар ретикулин жасушасымен, тегiжат-танитын фолликулярлы-дендриттiк жасушалардың ерекше түрiмен байланысады. Мұнда бiраз Т-, жебiр жасушалар болады, олар лимфа түйiнiнде тек тегiжат әсерi (iштегi ұрық дамуында) жоқ кезде кездеседi. Тегiжат әсерiнен ол екiншi түйiншелерге ауысады.

Екiншi түйiншелер тәжден (chorda) және көбею орталығынан (centrum germinale) тұрады.

Тәж-түйiн шетiнде орналасқан, айшықша пiшiндi ұсақ лимфоциттер тобы. Онда В-, ес жасушалары және көбею орталығынан ауып, жетiлмей келген плазмалық жасушалар сақталады.

Көбею орталығы тек тегiжат әсерiнен ғана дамиды.


Түйiн аралық аймақта ұсақ лимфоциттер, жебiр жасушалар болады. Тегiжатпен ынталандыруда олар толық жоғалып, түйiншелермен ауысады.

Терең қыртысты-лимфа түйiнiнiң Т-тәуелдi аймағы. Онда айырша безден түскен Т-жасушалардың жетілуi, онымен қатар тәуелдi-тегiжаты жаңадан түзiлiп, өсуi, әртүрлi субпопуляцияның қалыптасып, жетiлуi iске асады.

Милы зат лимфоидты ұлпа желiлерi тармақтарынан, жалғамаларынан (милы желiден) құралған, араларында дәнекер ұлпа перделiктерi, милы лимфа қойнаулары орналасады. Милы желi В-тәуелдi аймақ болып есептелiп, көптеген плазмалық жасушалар, өте аз В-лимфоциттер, жебiр жасушаларды сақтайды. Плазмалық жасушалар желiде ұзақ болады, лимфаға антиденешiктердi белсене бөледi, одан кейiн қан ағымына түседi.

Лимфа қойнаулары (sinus lymphaticus) - қыртысты, милы заттағы лимфа тамырының ерекше жүйесi, түйiн арқылы лимфаның баяу ағуын қамтамасыз етедi. Бұл қойнаулар лимфа құрамын қажетсiз бөлшектерден тазартып, антиденешiктермен, лимфоидты және жебiр жасушалармен қанықтырып отырады.

Әкелушi тамырлардан лимфа бiртiндеп субкапсулярлық қойнауға (sinus subcapsularis (marginalis)-түйiн қапшығы мен сыртқы қыртыс арасындағы саңылау тәрiздi кеңiстiк), аралық (перделiктер мен сыртқы және терең қыртыстағы лимфоидты ұлпа арасы) және милы (аралық қойнауды жалғастырып, перделiктер мен милы желi аралығы) қойнауларға түседi, одан әкетушi тамырларға бағытталады.

Жануарлардың (iрi қара мал, жылқы, шошқа және басқа), көбiнесе, кеуде қуысында, ондағы көкiрек, iшперде қолқасын, бүйрек тамырларын бойлай орналасқан кiшкене сары немесе қызыл түстi бездер кездеседi. Олар дамуы, құрылысы жағынан кәдiмгi лимфа түйiндерiне ұқсас, сыртын бiрыңғай салалы бұлшық ет ұлпасы бар дәнекер ұлпа қапшығы жабады. Бездiң шетiнде жеке фолликулалар кездеседi. Жұқа милы желiнің араларында кең аралық қойнаулар орналасады, олардың қуыстары қанға толы болады. Бұл түйiндi ұрықтық кезең соңы миелоидты қан түзiлуiн сақтайтын ағза деп есептейдi. Iрi қара малда ол қосымша көкбауыр деп аталып, лимфа емес қан арнасына қосылады. Онда қан жасушаларының бүлiнуi жүредi.