Гипоталамус


Гипоталамус (hypothalamus)-аралық ми бөлiгi, ерекше нейросекреттiк ядролар сақтайды, жасушалары нейрогормондар өндiрiп, оларды қанға бөлiп шығарады. Бұл жасушалар жүйке жүйесiнiң басқа бөлiктерiнен орталыққа бағытталған тiтiркенiстi алады, олардың аксондары қан тамырларында (аксо-тамырлы (вазальдi) жалғама) аяқталады.

Нейросекреттiк жасуша-өсiндi тәрiздi, ядрошығы жақсы байқалатын iрi көпiршiкше ядросы болады, цитоплазмасы базофильдi, дамыған түйiршiктi эндоплазмалық торы, нейросекреттi түйiршiк бөлетiн Гольджи аппараты (93 сурет) сақталады. Түйiршiктер аксонда 1-4 мм/сағат жылдамдықпен микро- түтiкшелер, микрофиламенттер шоғырын бойлай тасымалданады, кейбiр жерлерде олар аксонды созып, зор көлемде жиналады. Мұндай iрi жерлер микроскопта жақсы байқалып, нейросекрет денешiктерiнiң қоры (Херринг денешiгi) деп аталады. Онда нейросекреттiң 60% шоғырланады, қалған пайызы аксо-вазальдi жалғамада болады. Онда түйiршiктерден басқа, көптеген ақшыл көпiршiктер байқалады.


Гипоталамустың нейросекреттiк ядролары, жасушалар көлемiне, оның атқаратын қызмет ерекшелiктерiне байланысты iрi және ұсақ жасушалы ядролар болып бөлiнедi.

Iрi жасушалы ядроларды гипоталамустың басқа бөлiктерiндегiлерден 2-3 есе iрi жасуша денелерi құрады. Oл ядролар супраоптикалық (nuclei supraoptici), паравентрикулярлы (paraventriculares) деп аталады.

Супраоптикалық ядро көлемi паравентрикулярлыдан 3-4 есе үлкен, кейiнгi орталықта iрi, шеткi бөлiмдерде ол ұсақ нейросекреттiк жасушалар ретiнде байқалады. Екеуiнiң де аксондары гипоталамустан гипоталамо-гипофизарлық жол құрамымен шығып, гемато-энцефалиялық тосқауылды қиып, гипофиздің артқы бөлiгiне өтiп, қылтамырлар соңын (терминалдарды) құрады (94 сурет).

Iрi жасушалы ядролар антидиурез гормондарын (бүйрекке әсер етiп, қаннан сүзiлген зәрден сұйықтықтың 99% қайта сiңiрiлуiн қамтамасыз етедi) немесе вазопрессин (қызылтамыршадағы бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушалары тонусы күшейуiн, ол артериялық қысым көтерiлуiне жеткiзедi), окситоцин (бұлшық ет қабығы үйлесiмдi жиырылуын туғызады) бөледi. Бұл гормондарды әртүрлi жасушалар өндiредi.

Ұсақ жасушалы ядролар гипофизотроптық себепшарттарын өндiредi, олар алдыңғы бөлiкке тамырлар жүйесi қақпағынан түсiп, жасушалардың гормондар өндiруiн күшейтедi (рилизинг себепшарттары, либириндер), не әлсiретедi (тежегiш себепшарттары, статиндер). Мұндағы нейросекреттiк жасушалардың аксоны алғашқы қылтамырлар торының ортаңғы көтерiңкi жерiнде соңдарын (терминал) құрады. Бұл торлар одан кейiн гипофиздiң алдыңғы бөлiгiне өтетiн қақпа көктамырына жиналып, бездi жасушалар-аденоциттер (94 суреттi қара) желi арасында екiншi қылтамырлар торына бөлiнедi.