Қалқанша без. Қалқанша маңы бездерi


Қалқанша без (glandula thyroidea)-организмдегі эндокриндi бездердiң ең iрiсi, сүтқоректiлерде күрделi дамиды, зат алмасу реакциясы белсендiлiгiн, даму процесiн реттейтiн - тиреоидты (йоды бар), кальций алмасуын реттеуге қатысатын - кальцитонин гормондарын өндiредi.

Тиреоидты (иоды бар) гормонды фолликула қабырғасындағы эпителий жасушалары, кальцитонинді-ақшыл жасушалар өндiредi. Қалқанша бездiң әр бөлiгi тығыз талшықты ұлпадан тұратын қапшықпен жабылған. Одан ағза iшiне тамырлармен жүйкелердi алып, жұқа қабатшалар өтедi. Үй жануарлары iшiнде, тек iрi қара малда бөлiкшелер жақсы байқалады.

Фолликула (folliculus) - бездiң құрылым, қызмет бiрлiгi. Олар домалақ түстi жабық құрылым, қабырғасы негiзгi жарғаққа бекiген бiр қабатты куб эпителий жасушаларынан (тироциттерден), негiзгi жарғақпен тироциттер арасында кездесетiн iрi ақшыл, К-жасушалардан тұрады. Фолликуланың кеңiстiгiнде түзiндi өнiм - коллоид (colloidum, 99 сурет) сақталады. Әр фолликула себет (корзинка) тәрiздi қылтамырлар торымен қоршалған, көлемi өзгермелi, саны 3-30 млн. жетедi.

Тироцит пiшiнi қызмет күйiне орай жайпақтан цилиндр тәрiздiге дейiн өзгередi. Ядросы жасушаға ұқсас, цитоплазмасы жақсы дамыған түзiндi, лизосомалық аппараттар сақтайды. Төбелiк бетi микробүрлер, ал бүйiрi фолликулалардан коллоид ағуына бөгөт болатын қосындылар кешенiн құрады. Тироциттер қызметi йод сақтайтын тиреоидты гормондарды - үш- және тетрайодтиронин, тироксин түзiп, оларды бөлуiмен бiтедi. Онда йод сiңiрiлуi, тотығуы, тироглобулин құрылуы, оның фолликула кеңiстiгiне бөлiнуi, йодпен қосылуы және басқа процестерi өтедi. Түзiлген гормондар белоктармен қосылып (тиреоглобулин құрамында), коллоидта жиналады.

Гормондарды бөлiп шығару фаза сында тироциттерде: коллоидтың эндоцитозы, оның лизосомалық проте ин ыдыратуынан тиреоидты гормон дар пайда болып, қанға ауысуы iске асады. Бұл гормондар заттек алмасу реакциясын реттеуге қатысады, ұлпа лардың өсiп, жетiлуiне, әсiресе, жүйке жүйесiнiң дамуына әсер етедi.

Фолликуларалық эпителий фоликулалар арасында тығыз топ түрiнде орналасады, жаңа фолликула лар құру көзi саналғанымен, олар фолликулалардың бөлiнуiнен де, қалыптаса алады.

Ақшыл (фолликула маңындағы, К) жасушалар кальцитонин гормонын өндiредi. Ол қаннан кальцийдiң сүйекке түсуiне себепшi болады. К-жасушалар арнайы бояғыштарда ғана байқалады. Олар жеке, ұсақ топ құрып жатады.

Физиологиялық жағдайда қалқанша бездiң қайта қалпына келуi өте баяу iске асады, бiрақ ағза үлпершегiнiң өсу қабылетi өте жоғары болады. Қайта қалпына келу механизмiнің бұзылуы, бездің ұлғаюына жеткiзедi, жемсау құрылады.

  Қалқанша маңы бездерi (glandulae parathyroideae) 3- және 4-шi желбезек қалташасының алдыңғы қабырғасындағы қалың iшқабық (эндодерма) бастамасынан дамиды, мезенхимадан дәнекер ұлпа қабықшасы, бездің жұқа қабатшалары құрылады. Кейiнгiлер бездi бөлiкшелерге бөледi. Бөлiкшелер iшiндегi дәнекер ұлпада фенестрлi қылтамырлар торы, жас өскен сайын молайатын май жасушалары кездеседi. Без үлпершегiн желiлер, эпителийдің жасушалар топтары (паратироциттер-parathyrocyti) құрады, онда кейде оксифильдi ұсақ фолликулаларда кездеседi. Бұл паратироциттердi-басты, қышқыл сүйгiш деп, екi түрге бөледi.

Басты паратироциттер (endocrinocytus principalis) - ұсақ, көп бұрышты, цитоплазмасы нашар оксифильдi жасушалар. Олар түрлi қызметтер күйiн көрсетiп, ақшыл (lucidus) және қоңыр (densus) болып жiктеледi. Қоңыр түрi белсендi қызмет атқарады, ондағы түйiршiктi эндоплазмалық тор, Гольджи аппараты өте жақсы дамиды, ақшыл (белсендi емес) түрінде - гликоген, лизосома, май тамшылары, түзiндi түйiршiктерi көп сақталады. Бастылар - биосинтездi iске асырып, паратгормон бөледi. Кейiнгi қанда кальций деңгейi көтерiлсе-тежеледi, төмендесе-белсендiлiгiн арттырады. Паратгормон сүйек ұлпасында остеокластар құрамын көбейтiп, қызмет белсендiлiгiн арттырып, бүйрек арналарында кальцийдiң қайта сiңiрiлуiн ынталандырады.

Қышқыл сүйгiш паратироциттер (endocrinocytus oxyphilicus) бастылар арасында орналасады, олардан iрiрек, ал үлкен түрлi түстi ядроларының мөлшерi кiшi болады. Цитоплазмасы қышқыл бояғыштармен қарқынды боялады, сондықтан басқа тұрақты қосындыларға, түзiндi түйiршiктердiң жоғына қарамай, онда iрi митохондрийлер құрамы жоғары болады. Бұл оның ерекшелiгін көрсетеді.

Қалқаншамаңы бездерiнiң қызметi гипофизге байланысты болмайды.