Бүйрекүстi безi


Бүйрекүстi безi (glandula suprarenalis-adrenalis) - эндокриндi без, ол екi бөлiктен - қыртысты, милық заттардан тұрады. Даму көзi, құрылысы, қызметi әртүрлi болады. Қыртысты зат соңғы қуысты (целом) мезодерманың қалың эпителийiнен дамиды, ал милық заты, сезiмтал түйiннің жасушаларындай, жүйкенің айдаршық ұлпаларынан пайда болады. Бездiң дәнекер ұлпасы мезенхимадан құрылады. Қыртысты зат алмасу түрлерiне, иммунды жүйе, қабыну процестерi ағымына әсер ететiн кортикостероидтар - гормондар тобын бөледi. Милық зат жүрек-тамырлары, жүйке жүйесi, бездi эпителий, көмiрсулар алмасуы мен жылу даму процестерi әрекеттерiн өзгерте алатын катехоламиндер өндiредi.

Бұл бездің сыртында тығыз дәнекер ұлпадан тұратын қалың қабықшасы, одан қыртысты затқа тамырлар, жүйкелердi алып өтетiн жұқа перделiктерi болады. Перделiктер мен қабықшадан ағза iшiне ретикулин талшықтары өтiп, үлпершектiң қыртысты және милық заттары жасушаларының айналасында жұқа тор құрады.

Қыртысты зат желiлердiң бағытталуына, арнайы құрылысына, қызметiне қарай, үш: шумақша (zona glomerulosa)-қабықша астында жататын жұқа, сыртқы; шоғырлы (fasciculata)-ортаңғы, қыртыстың негiзiн құратын; торлы (reticularis)-iшкi, енсiз, милық затқа жанасатын, аймақтардан тұрады (100 сурет).

Шумақша аймақты цитоплазмасы бiркелкi боялған ұсақ жасушалардан құралған домалақ шумақтар құрады. Жасушаларында Гольджи аппараты, түйiршiксiз эндоплазмалық тор, митохондрийлер жақсы дамыған, ал май тамшылары шоғырлы аймаққа қарағанда аз болады.

Шоғырлы аймақ iрi оксифильдi көпiршiктенген жасушалардан тұрып, қойнаулы қылтамырлармен бөлiнген, күн сәулесi тәрiздi тарамданған желiлер (шоғыр) құрады. Оларға май тамшылары, митохондрийлер, күштi дамыған түйiршiксiз эндоплазмалық торлар және Гольджи аппаратының мол болуы тән (100 суреттi қара).

Торлы аймақ эпителийдің желiлерi жалғамаларынан құралып, әртүрлi бағытта өтедi, араларында қан қылтамырлары орналасады. Жасушалардың мөлшерi шоғырлы аймақтағыдан кiшi, цитоплазмасында митохондрийлері болады, түйiршiксiз эндоплазмалық торы жақсы дамыған. Май тамшылары аз, бірақ, онда көптеген лизосомалар, липофусциндi түйiршiктер кездеседi. Өлi жасушалар байқалады.

Бүйрекүстi бездiң қыртысты зат гормондары - кортикостероидтар-үшке бөлiнедi: шумақты аймақта минералкортикоидтар өндiрiледi. Олар қан электролиттерi деңгейiне, артериялық қысымға әсер етiп, минералдар алмасуын реттейдi. Оған бүйрек арнасында натрийдi қайта сiңiрудi реттейтiн альдостерон жатады; шоғырлы аймақта глюкокортикоидтар (кортико стерон, кортизон) түзiледi. Олар әртүрлi алмасуға (әсіресе көмiрсу), иммунды жүйеге нақтылы әсер етедi; торлы аймақ жыныс стероидтарын (андроген) өндiредi.

Көкiрек, iшперде қуыстарында бүйрекүстi бездiң қыртысты затындағыдай жеке жасушалар орналасып, ұсақ денешiктер түзедi. Оларды интерренал денешiктерi деп атайды. Денешiктер бүйрекүстi бездiң қыртысты затымен бiрге қосылып интерренал жүйесiн құрады. Оның қызметi гипофиздiң алдыңғы бөлiгiмен реттеледi. Ерекшелiк тек шумақша аймағына ғана тән, себебi оның қызметi гипофизге байланысты болмайды.


Милық затты жүйке айдарынан дамитын хромафиндi, түйiндi және қолдаушы жасушалар құрады.

Хромаффиндi жасушалар (chromaffinocyti) - милық заттың ең негiзгi элементi, ұя және желiлер тәрiздi орналасқан, пiшiнi көп бұрышты, ядросы iрi, цитоплазмасы ұсақ түйiршiктерге немесе көпiршiктерге толы болады. Гистохимиялық әдiс олардың екi түрiн: қоңыр немесе норадреноцит және ақшыл немесе адреноциттер болатынын көрсеттi. Қоңыр норадреналин, ақшыл түрi адреналин өндiредi.

Түйiндi (ганглиозды) жасушалар саны аз, олар вегетативтi нейрондар.

Қолдаушы жасушалар - өсiндiлi және ми дәнекер тiнiнен пайда болады, хромаффиндi жасушаларды қоршап жатады.

Симпатика түйiндерiне жақын орналасып, бүйрекүстi бездiң милық зат жасушалары кiшкене топ, шоғырлар құрады, оларды хромаффиндi денелер - параганглий (paraganglion) деп атайды. Ол бүйрекүстi без милық затымен бiрге хромаффин жүйесiн құрады. Оның қызметi гипофизге байланысты болмайды, бiрақ жүйке жүйесiнiң симпатика бөлiмiмен реттеледi.