Терi және оның туындылары


Терi ұлпаларының дамуына, құрамына және маңызына байланысты үш қабатқа: эпидермис (терiүстi қабықша), дерма (терi негiзi, меншiктi терi), гиподерма (өңасты ұлпа, терi асты негiзi, терi шелi) деп бөлiнедi (101 сурет).

Эпидермис ұрық эктодермасынан, дерма мен гиподерма мезенхимадан дамиды, ал жетiлу өнiмi - ұрық дерматомынан қалыптасады. Iрi жануардан сыдырылған эпидермис пен дерманы - терi (cutis) деп, ұсақ малдарда оны - кiшкене терi деп атайды.

Терi қалыңдығы жануарларда бiрдей емес, мына себепшарттарға: олардың түрiне (iрi қара малда-қалың, қойда-жұқа); жасына (кәрi малда қалың); жынысына (еркек мал терiсi ұрғашыдан қалың) байланысты болады. Терi - жабынының әр бөлiгiнде терi қалыңдығы бiрдей болмайды (ол құрсаққа қарағанда арқада қалың), терiнiң нашар қорғалған, сыртқы әсерлерге көп бейiмделген бөлiгi өте қалың (желке, арқа, аяқтардың сыртқы бетi, басқалар) болады. Жылқы терiсiнiң қалыңдығы гиподермасын қосқанда 1-7 мм; қылшық жүндi қойда (гиподермасыз) - 0,6-1,5 мм; шошқада (гиподермасыз) - 1,5-3 мм; симменталь сиырының мойны мен жауырын аймағында - 3,2-4,0 мм болады.



Эпидермис (epidermis) - терi үстiн түк жауып жатқан жұқа қабаты, түксiз бөлiгi қалың болады. Оның құрылыс негiзiнде эпителий ұлпасы-түлейтiн көп қабатты жайпақ эпителий жатады.

Қазiргi терминология эпидермисте жасушалардың төрт популяциясы немесе-дифферонын (кератиноцит, меланоцит, эпидермалық макрофагтар (Лангерганс жасушалары), Меркель (түйсiк) жасушалары) ажыратады. Бұл жасушалардың қатысуымен терiнiң түкпен жабылмаған - эпидермистiң қалың бөлiгiнде (күйiстiлердің мұрын қаңсары, шошқа тұмсығы, майөкше) 5 негiзгi - негiздiк, қылтанақты, түйiршiктi, жылтырауық, мүйiздi қабаттары қалыптасады.

Негiздiк және қылтанақты қабаттар, бөлiнуге қабілеттi жасушалардан тұратындықтан, оларды бөлмей, өсу қабаты деп атайды.

Негiздiк қабат (stratum basale) - эпидермис пен дерма арасындағы жарғақта орналасады. Негiзгi жарғақтың қалыңдығы жай микроскопта 30-35 нм, бiркелкi, электронды микроскоп ол екi қабаттан тұратынын: ақшылы - эпидермис жасушаларының негiзгi бетiне жанасып, iрi молекулалы белок - ламинин, ал қоңыры (тығыз электронды) - дермаға жанасып, өте көп IV типтi коллаген сақтайтынын көрсеттi. Негiзгi жарғақта I, III типтi коллагендер, негiздiкасты аймақты құратын, эпидермис пен дерманы қосуға қатысатын фибронектин байқалады.

Эпителийасты негiзгi жарғақ мына қызметтерді атқарады: эпителийдің жасушаларынан тұратын қабатты өзiнен төмен орналасқан дәнекер ұлпадан бөледi; дәнекер ұлпа қан қылтамырларынан эпидермистiң жасуша аралық кеңiстiгiне молекулалар өтуiн реттейтiн өзгеше молекулалық сүзгi болады; заттек алмасу өнiмдерiн қарама-қарсы бағытқа тасымалдайды; олар арқылы жебiр жасушалар, лимфоциттер, жүйке жасушаларының өсiндiлерi өтедi. Негiзгi жарғақтың бүлiнгеннен кейiнгi эпителийдi қайта қалпына келтiрудегi маңызы зор.

Эпидермистiң негiздiк қабаты бiр қатарлы цилиндр тәрiздi, ядросы негiзгi жарғаққа перпендикуляр бағытталған кератиноциттерден тұрады. Олар осы қабатқа ғана емес, эпидермиске тән ең көп жасушалар (тышқан құлағының терi эпидермисiнде кератиноциттердiң 85% болады). Кератиноциттер терi эктодермасынан дамиды, эпидермистің мүйiздену процесi оған байланысты болады. Терiнiң көп қабатты түлейтiн эпителийiнде ұлпалар жүйесiндегi жасушалардың мамандануы жүреді. Онда жасушалар құрамының үздiксiз, мерзiмдi (бауырымен жорғалаушылар, құс) жаңаруы өтеді. Ұлпадағы жасушалардың жiктелу процесi, арнайы талшықты белоктар - кератиндер түзiлуiмен, олардың қоры жиналуымен байланысты жүредi. Мамандану соңында жасуша цитоплазмасының негiзгi тұрақты қосындылары, ядро құрылымы бұзылады (Заварзин А.А.). Күрделi құрылымдық, биохимиялық процестер кешенiнiң бәрi мүйiздену (кератинизация) деп аталады.

Кератиндер - белоктар, көбi жасуша қаңқасында аралық өскiндер құратын талшықты белоктар (диаметрi 8-10 нм). Эпидермистің жасушаларында кератиндердің құрылуы, жиналуы басқа эпителий жасушаларына қарағанда көп болады. Жануарлар және адам жасушаларында кератиндер жоғары молекулалы (молекулалық салмағы 40-60 мың)–А-кератиндер; қауырсын, бауырымен жорғалаушылар қабыршақтарының жасушаларында төменгi молекулалы (10-15 мың) - В-кератиндер жиналады. А- және В-кератиндердiң жалпы белгiсiне өте мол, әртүрлi көлденең байланыстардың белоктар iшiнде, кейбiр полипептидтi тiзбектер арасында болуы жатады. Әсiресе, цистеин амин қышқылы қалдығының ŚН-тобы негiзiнде пайда болатын дисульфид, басқа байланыстар саны көп болады. Мұндай түрлi химиялық байланыс тардың бары, әрі кератиндердiң мол болуы түлейтiн жасушалардың жоғары химиялық тұрақтылығын және механикалық берiктiгiн көрсетедi.

Негiзгi кератиноциттер ДНҚ түзiп, митозбен бөлiнiп, басқа қабаттардың қарқынды мүйiзденуiне, жоғарғы бетiндегiлердiң түлеуiне байланысты, ұдайы толықтырылып отырады. Олардың iшiнде дiңгек жасушалар бары айқындалды. Олар эпидермиспен негiзгi жарғақ түбiнде орналасады. Дiңгек жасушасы негiзгi жарғақпен байланысы үзiлгенге дейiн болады деген болжам бар. Негiзгi кератиноциттердiң көбеюi эпидермис қалыңдығымен реттеледi, бұл процеске кейбiр гормондар, өсу себепшарттары әсер етедi.

Негiзгi кератиноциттер қабатында басқа популяция жасушаларының денелерi - меланоциттер орналасады, олар кератиноциттерден шығу тегi (ұрық жүйке айдарындағы меланобластан), пiшiнi (өсiндiлерi негiзгi, жоғары орналасқан қылтанақты кератиноциттер кеңiстiгiнде жатады), құрылысы (бiр меланоцит, онымен байланыстағы бiрнеше кератиноциттермен «эпидермалы меланин бiрлiгiн» құрады) және қызметiмен (меланин бояутегiн өндiредi) ерекшеленедi. Меланоциттердiң болуына кейбiр гормондар (интермедин) әсер етедi, олар жануарлардың, әсiресе төменгi сатыдағы омыртқалылардың (жасырынуда, жыртқыштан балық, амфибий, бауырымен жорғалаушылардың қорғануында) терi-жабын түсiнiң өзгеруiн реттейдi.

Қылтанақты қабат (stratum spinosum) негiзгi кератиноциттердiң бөлiнiп, соңғы жiктелу жолына түскен жасушаларынан тұрады. Пiшiнi көпқырлы болады, қырларында қысқа тiкендер құралады. Тiкендер жасушалардың арасындағы кеңiстiктi кеңейтедi, ол ұлпа сұйығының айналымын, қоректi заттардың жасушаға түсуiн жеңiлдетедi. Бұл жасушалар 5-7 қатар түзедi, цитоплазмасы негiзгi бояғыштарды нашар қабылдайды, iрi ядросы домалақ немесе сопақша тәрiздi болады, ядрошығы жақсы байқалады. Төменгi қатарындағы жасушалар бiртiндеп ДНҚ молекуласының екi еселену, бөлiну қабілетiн жоғалта бастайды, А-кератиндер делдалы х-РНҚ түзiлуi, керiсiнше, күшейедi.

Қабатта басқа популяцияның өсiндiлi - Лангерганс (бояутексiз түйiршiктi дендроциттер, эпидерма iшiндегi жемiр) жасушалары орын алып, терiнiң иммунды жүйесiнде маңызды рөл атқарады, тегiжаттарды сiңiредi, сақтайды, қайта өндiредi, оларды лимфоциттерге бередi. Тегiжатқа және қондырым немесе iсiк жасушаларына қарсы бағытталған цитотоксиндi Т-лимфоциттерге жауап ретiнде жәрдемшi Т-жасушалардың көбеюiн ынталандырады. Ультракүлгiн, рентген сәулелерiнiң артық әсерлерi эпидермисте Лангерганс жасушаларын азайтады, тiптi жойып та жiбередi.

Қылтанақ, негiздiк қабаттар арасында Меркель жасушалары байқалады. Пiшiнi сопақша, эпидермиске қараған бетiнде өсiндiсi болады, цитоплазмасы мөлдiр, ерекшелiгi сол, онда көлемi 100 нм жуық түйiршiктер байқалады. Олар жүйке талшықтары леммоциттерiндей, нейроциттер дендриттерiнiң соңғы бөлiмдерiнде қоректiк, тiректiк қызмет атқарады, сезiмтал қызмет атқаратын жануарлардың майөкшелерiнде, адамдар саусағының ұштарында көп кездеседi. Сондықтан оларды механорецепторлар деп санайды.

Түйiршiктi қабат (stratum granulosum) қалыңдығы әртүрлi. Ол 3-7 қатар жайпақ жасушалардан тұрады, цитоплазмасында гематоксилинмен қарқынды боялған, пiшiнi, көлемi әртүрлi көптеген кератогиалин түйiршiктерi болады. Қоршалмаған түйiршiктерден басқа, цитоплазмасында жарғақпен жабылған түйiршiктер-кератосомалар кездеседi. Түйіршік қабатта мүйiздену процесi күшейедi, оны түрлi түйiршiктерден басқа, цитоплазмадағы жалпы тұрақты қосындылардың бұзылып, ядролары жоғала басталуынан байқауға болады.

Жылтырауық қабат (stratum lucidum) тек эпидермисi қалың терiде ғана бiркелкi, қышқыл бояғыштармен нашар боялған, жылтырауық тiлiм ретiнде айқын байқалады. Түкпен жабылған терiде болмайды. Қабат мүйізденген жайпақ жасушалардан тұрады, олардың ядролары, жасушалары арасындағы шекаралары бүлiнген, жасушаларының iшiндегі құрылымдарды айыру қиын, цитоплазмасында элеидин белогы мол болады.

Мүйiздi қабат (stratum corneum) эпидермисi қалың терiде көптеген мүйiздi қабыршақтар қабаттарынан тұрады, басында ол алты қырлы тiк тiзбектер жинағы тәрізді, ондағы мүйiздi қабыршақтар бiрiнiң үстiнде бiрi орналасады. Олардың өздiгiнен қайта жаңаруы, тiзбектер құрылымын сақтауы негiздiк қабаттағы кератиноциттердiң бөлiнiп, көбеюiне байланысты екенi, қазiр әртүрлi жануарлардың терi эпидермисiн зерделеуде дәлелдендi.

Тiзбектердегi мүйiздi қабыршақтардың пiшiнi алты қырлы болса, қазiр ол 14 қырлы екендiгi айқындалды. Олардың iшiнде кератин талшықтары орналасады, жасушаның бұрын өлген ядросының орнында қуыс пайда болады. Бұл құрылым организмнiң су және жылу жоғалтуынан қорғайды. Терi эпидермисiнің көп бөлiгiнде мүйiздi қабыршақтар тiзбегi болмайды, себебi олар өз жиектерiмен бiрiн-бiрi жауып жатып, механикалық әсерлерге қарсы әрекет жасауды қамтамасыз етедi.

Эпидермистiң мүйiзденуi-өте күрделi процесс, тiрi көбеюдегi жасушалар мүйiздi қабыршақтарға айналады. Ол кезде: негiзгi жасушаларда талшықты белоктардың түзiлуi мен аралық филаменттердің құрылуы; қылтанақты қабаттағы жасушаларда кератосомалардың түзілуі; түйiршiктi қабаттағы жасушаларда кератогиалин, кератосомалар түйiршiктерiнің пайда болуы; жылтырауық, мүйiздi қабаттарда мүйiздi қабыршақтардың қалыптасуы жүредi.