Түк (pili, қылшық, шаш)


Жануарлар терi-жабыны толық түкпен жабылған. Түк тек iрi қара малдың мұрын-ерiн қаңсарында, ұсақ малдың мұрын қаңсарында, етқоректiлердiң майтабанында, тұяқтылардың тұяқ ұштарында, терiнiң кiлегейлi қабыққа ауысқан жерлерiнде болмайды.

Түктiң пайда болуы жануарлар ұрығында эмбриогенездiң әр мезгiлiне-қой ұрығының жатырдағы дамуының 2-3 айына (50-100 күнiне) келедi. Түк дамуының қайнар көзiне, ұрықтық эпидермистің негiзгi қабатындағы жасушалардың көбеюi жатады. Терең жатқан эпителий бастамасы жуандап, буылтық пiшiн қабылдап, ойыс дәнекер ұлпалардан тұратын емiзiкшеге айналады. Эпидермистің бастамасын қоршап жатқан дәнекер ұлпа бөлiгi дермалық түк қабын құрады. Кейбiр түк бастамаларында шодыр құралып, май безiнің эпителий бастамасын берiп, одан төмен келешекте түк көтерушi бұлшық еттің орнын құрады. Түк бастамалары (түбiрлерi) қалыптасудағы эпидермис пен дерманың өзара iс-қимыл жасау процесiнде құрылады.

Түк буылтығы қалыптасуымен бiрге, емiзiгiнiң ең жоғарғы ұшындағы эпителий жасушаларында, мүйiздену процесi басталады: цитоплазмасында қатты кератин түйiршiктерi пайда болып, пайда болған жаңа ұзынша пiшiндi жасушалар ұзына бойымен өсу жолындағы түктерге сай орналасады. Негiзгi жасушалардың бөлiнуi арқасында жасушалар санының көбеюi, пiшiнiнiң өзгеруi, ауысуы, мүйiзденуi түк өсуiне жеткiзедi. Өсу жылдамдығы әртүрлi болады, жануарларда және адамда түрлiше жүредi (тышқанда тәулiгiне 1 мм, адамда-0,3 мм дейiн).

Алдымен бiрiншi түк түбiрi пайда болады, кейiн олардан жеке-қылшық, бағыттаушы түктер дамиды. Бiрiншi түбiр түк буылтығы терi дермасында өте терең орналасады, жанында әруақытта май, тер бездерiнің соңғы бөлiмдерi және бiрыңғай салалы бұлшық ет болады. Екiншi түбiрлер (терiсi қымбат аңдар), оның тобы кешiрек пайда болып, олардың түк түбiрлерi жоғарырақ орналасады. Олардан жұқа түбiт жүн дамиды.

Буылтық ортасында пайда болатын жасушалар түктiң милық затын (өзегiн) бередi. Одан кейiнгi бүйiр аймағындағы негiзгi жасушалардың көбеюi түк қыртысты затының (кортекс) дамуына жеткiзедi. Аталғандардан шетiне қарай орналасқан түзушi жасушалардан түк сiрқабығы (кутикула) құралады, ең шеткi негiзгi жасушалардан түбiр қынабының iшкi эпителий жасушалары пайда болады. Эпителий бастамалары ортасында жасушалардың мүйiзденуi мен түсуiне байланысты арна (өзек) құрылып, ол арқылы түк келешек сояуының (стержень) ұзарудағы ұшы жылжиды. Эпителий бастамасындағы сыртқы мүйiзденбейтiн қабаттар сыртқы эпителийдің түбiр қынабын, қалың бөлiгiнде май безi бастамасын құрады.

Әр түктiң (102 сурет) - ұзына бойында, терi бетiнде орналасқан–сояуын (scapus), терi iшiнде әр тереңдiкте жататын–түбiрiн (radix) ажыратады. Терi iшiндегi түк соңы қалың болады, оны түк баданасы (bulbus pili) деп атайды. Оның негiзiнде ойыс болады, оны түк емiзiгi (papilla pili) деп атайды. Ондағы борпылдақ дәнекер ұлпада қан қылтамырлары, сезгiш жүйке ұштары болады. Түк түбiрiнiң барлық эпителий бөлiгi дәнекер ұлпа қабығымен қоршалады, оны түк қабы (bursa pili) деп атайды.




Дамыған ұзын түк сояуы үш: өзек (medulla pili), қыртысты зат (cortex pili), сiрқабығы (cuticula pili) қабаттарынан тұрады.

Өзек (милық зат) сояудың орталық бөлiгiнде жатады. Құрамында болбыр орналасқан мүйiзденудегi ядро қалдықтары бар жасушалар болады, онда бiраз бояутек және көптеген ауа қуыстары сақталады. Түк сояуы қылшық түктерде жақсы дамып, түбiт жүндерде болмайды. Сояуы жақсы дамыған түк берiктiгi төмендеп, сынғақтығы артады. Солтүстiк бұғы түгiнде сояудың қалыңдығы 98% өзегiне келедi, сондықтан бұғы үлбiрi өте жылы болады, бiрақ ол жылдам сынады.

Қыртысты зат (кортекс) қылшықты түкте, қылтанда жақсы дамиды. Кортекстi құратын буылтықтағы түзушi жасушалардың бояутектерi көп болатындықтан, ол түк сояуының табиғи бояуын көрсетедi. Түктің ағаруы, бiрiншiден, меланоциттерде, буылтықтағы тiрi түзушi арасында орналасқан жасушада бояутек құрылуының азаюы, тоқталуына, екiншiден-мүйiзденудегi жасушалар арасында ауа көпiршiктерiнің жиналуына байланысты жүредi.

Электронды микроскоп зерделеуі қылшық түк кортексiнде-паракортекс, ортокортекс барын айқындады. Паракортекс деген-ядро қалдығы бар iрi жасушалар, құрамында цистеинi көп белоктар болатын, сондықтан химиялық зат әсерiне тұрақтылық сақтайтын-сыртқы аймақ; ортокортекс-ауа қуысын сақтайтын ұсақ жасушалардан тұратын - iшкi аймақ.

Сiрқабық (қабыршақты қабат) ең жоғарғы қабат, мүйiзденген мөлдiр, ядролары жоқ жасушалар-мүйiздi қабыршақтар. Ол түкте орналасуына орай, 3 түрге бөлiнедi: сақина тәрiздi - онда сояуды мүйiздi қабыршақтар толық сақинадай қоршап жатады, түбiт жүнге, аралық түкке тән; сақина тәрiздi емес - ұсақ қабыршақтар, сояуды балықтың қабыршағы тәрiздi жабады, қабыршақтың ерiктi ұшы жоғары қарайды, бағыттауыш, қылшық түктерге тән; көпiр тәрiздi - қабыршақтар пiшiнi әртүрлi, тығыз жанасқан, бiр-бiрiнде жатпайды, сезгiш мұртшаларға тән.

Сiрқабық түктердi қолайсыз сыртқы орта әсерiнен қорғайды. Ең сыртқы аймағы-эпикутикула, онда тұрақты полисахаридтер саны көп болады. Оның бетi тегiс болатындықтан, түсетiн жарыққа жақсы тойтарыс бередi, сондықтан терi түгi жылтырауық болып көрiнедi.

Түктер орналасуына, кейбiр құрылым ерекшелiктерiне орай, бiрнеше санаттарға (категорияларға) - бағыттаушы, қылшықты, түбiттi, қойнаулы, түйсiктi, аралық, қылтан, жабынды болып бөлiнедi.

Бағыттаушы түк жануарлардың көбiнде тiк және қалың (100 мкм жуық), басқа санаттарға қарағанда ұзын, саны аз (1 см2 10-15), бiркелкi боялады.

Қылшықты түк бiраз қысқа, алғашқыдан жұқа, буылтығы бетiне жақын, бiрақ түбiттiден терең орналасады. Сояу пiшiнi ұшында ланцет тәрiздi, ол қылшықты түктi түбiттiден жоғары көтерудi қамтамасыз етедi.

Түбiттi түк төменгi, ең қалың қабатты құрады. Бұл ең қысқа, жұқа түк, буылтығы нағыз терiнiң ең бетiнде орналасады, өзегi болмайды.

Аралық түк жартылай жұқа жүндерге тән. Қалыңдығы және ұзындығы жағынан ол қылшықты, түбiттi түктердің аралығындағы орынға ие болады. Сояуы ұзына бойында цилиндр тәрiздi, ұшына жақын жерiнде қалыңдайды.

Шошқа қылтанында милық заты болмайды, бiрақ оның кортексi күштi дамиды. Қылтан түбiрi терiде терең орналасады, ең iрiсi және қалыңы нағыз терiден өтiп, терiасты негiзiне жетедi.

Түйсiктi (сезгiш мұртшалар) түктер көздің үстiнде, жоғарғы, әрі төменгi ерiнде, ұрттарда және басқа бөлiктерде орналасады. Олар өте ұзын, бiраз қисайған, қалың және серпiмдi түктер. Мұндай түктер түбiрiндегi эпителий бөлiгiнiң айналасында түк қабы күштi дамиды. Дәнекер ұлпада эластиннің талшықтары көп болады. Түк қабының iшкi, сыртқы қабаттарының арасында саңылау тәрiздi қуыстар болады, сондықтан оларды қойнаулы (синуозды) деп атайды. Кейбiр қойнаулы түктерде (мысықтың жiлiншiк асты сезгiш мұртшалары) әруақытта тақташалы сезгiш жүйке ұштары, дәнекер ұлпалы түк қабында - бiрыңғай салалы бұлшық ет шоғырлары болады.

Терісі бағалы аңдардың түк жабыны-түбітті, аралық, бағыттаушы және қылшықты болып, сатылы орналасады. Қылшықты, бағыттаушы түктер өз ұзындығымен аралық, түбiттiлердi жауып тұратындықтан, оларды жабынды деп атайды.

Сүтқоректiлерде әр түк, алмасу айналымында үш кезеңнен: өсу - анаген, мүйiздену - катаген, тыныштық күйi - телогеннен өтедi. Мұндай тұрақты (перманенттi) алмасу шошқа қылтаны, мәдени тұқымды қой жүнiне, жылқы жалы, құйрығына (3-5 жыл бойы жүредi) тән. Маусым өзгерiсiне, ауа райы жағдайына орай, барлық түктiң толық, жылдам алмасуы - түлеу, кезеңдi ауысу деп аталады. Ол жабайы жануарларға тән. Бұдан басқа тағы жас (балаусалық) түлеу болады. Онда ұрықтық түк ұрық соңы түгiне ауысады. Ол жыл маусымына байланысты болмайды, жыныс жетiлуiне дейiн жүредi. Түк алмасуы түк емiздiгiндегi қылтамырларда қан айналымының бұзылуынан басталады. Түк қоректенуiн бұзады, сондықтан түк буылтығының эпителий жасушалары мүйiзденедi. Мүйiзденген буылтық түк құтысына ауысады, сөйтiп ол бiртiндеп түк емiздiгiнен алыстай бередi. Бiраз уақыт ол сыртқы түбiр эпителийi қынабында, түктi көтеретiн бұлшық ет бекiтiлетiн жерде тоқталады. Қалған эпителий қабының бөлiгi жасуша желiне айналады. Оның ұшында қан айналымы емiздiк қылтамырларында қайта қалпына келсе, жаңа түк буылтығы қалыптасып, одан жаңа сояу өсе бастайды. Өсу бұлшық ет бекитiн деңгейге жеткенде, ол жиырылып, ескi түктiң түсуiне себепкер болады.