Тер және май бездерi


Тер бездерi (glandula sudoriferae) - әртүрлi жануарлар терiсiнде көп кездеседi, бiрақ бiркелкi таралмайды: қой, жылқыда бүкiл дене терiсiнде; iрi қара мал мен шошқаның бас терiсiнде; иттiң майтабан терiсiнде; бұғының аяқ терiсiнде жақсы дамыған. Шошқа тер безiнiң көбi алдыңғы тiзе буыны iшкi бетiндегi терiде және тұяқша арасындағы терiде, тұмсығында болады.

Тер безi жылу реттеуге қатысады, су, тұз тұрақтылығын қолдайды, кейбiр заттарды (хлоридтер, несепнәр) бөледi, терiнi кебуден қорғайды, терi бетiнде қышқыл реакция құрады. Қойда тер түзiндiлерi терi майымен араласып, жүннiң қою қорғаныш майлауын–жүн шайырын құрады.

Тер безiнде тер затының секрециясы секреторлы жасушалардың өлуiнсiз жүрсе-мерокриндi (эккриндi), ал түзiндi шығарарда бездi жасушалардың жоғарғы бөлiгi бүлiнсе-апокриндi деп аталады.

Мерокриндi тер безiнің диаметрi 30-100 мкм түтiкше тәрiздi, терi iшiндегi ұшы тұйық, басқа ұшы терi эпидермисiнiң бетiне еркiн ашылады. Мұндай бездiң соңғы секреторлы бөлiмi, шығарушы өзегi болады. Қой, iрi қара мал секреторлы соңғы бөлiмiнiң пiшiнi ирелеңдi түтiкше, шошқа мен жылқыда-шумақ түстi болады. Олар нағыз терiнiң терең бөлiгiнде, гиподермамен шектескен жерiнде: қылшықты жүндi қойдың терiсiнде қылшықты түк буылтығы, шошқа терiсiнде-қылтан буылтығы орналасқан дейгейде, биязы жүндi қой терiсiнде-түк буылтығы орналасқан деңгейден терең орналасады. Секреторлы жасушалар сыртында миоэпителий жасушаларының қабаты орналасып, жиырылып, терi бетiне тер безi өнiмдерiн шығаруға мүмкiндiк туғызады. Мерокриндi бездің шығарушы өзегiнде дермалы және эпидермалы бөлiктерi болады. Дермалыда қайта сiңiрiлу процесi iске асады, организмде тiршiлiкке аса қажет электролиттер сақталуын қамтамасыз етiп, қысымы аз тер түзiндiсiн құруға жеткiзедi. Эпидермисi қалың терiде эпидермалы шығарушы өзектің бiр ретi iшкi негiздiк, бiрнеше ретi сыртқы (люменальдi) жасушалар сақтайтын көп реттi эпителийден тұрады.

Апокриндi без терi-жабынның белгiлi бөлiктерiнде дамып, орналасады. Бұл бездер тобы өте жиi бас, жыныс ағзалары терiлерiнің әр бөлiктерiнде: қой, киiк, қарақұйрық киiкте - көз маңында, кемiрушiлерде - шап, артқы тесiк жаны, күпек аймақтарында, бұғы мен түлкiнiң құйрық түбiрiнде жатады. Апокриндi тер безiнің шығарушы өзектерi түк шанағына, май безiнің жылға саласы үстiнде ашылады. Оның қабырғасында миоэпителий жасушаларының қабаты түзіледi.

Апокринді без-ерекше сыртқа шығарылатын және өзiне тән иiстi зат бөлетiн ағза. Кейбiр жануарларға ол қорғаныш құрал, басқаларына - жердегi iзiне немесе ауада (тiптi қараңғыда - жарғанат) өзi сияқтыларды бiлу, табу үшiн, жануарлардың бiр-бiрiне жыныстық қарым-қатынаста назарын аудару үшiн қажет.

Май бездерi (glandula sebacea) түк бастамаларының бөлiгi ретiнде дамиды, әрдайым түк түбiрiмен байланыста болады. Терiнiң кейбiр бөлiмiнде май безiнің шығарушы өзектерi эпидермис бетiне ерiктi ашылады, бiрақ олар түк түбiрiмен байланыста болмайды (сүт безi емiзiгiнің терiсi, iрi қара мал мұрын-ерiні қаңсарының терiсi, қой мұрын қаңсары терiсi). Бұл қарапайым көпiршiктi тармақталған без, бiрақ итте ол түтiкше тәрiздi болады. Май безi голокриндi, оны түзетiн бездi эпителийдің жасушалары толық бұзылып, терi майына айналады. Соңғы бөлiмi бiрнеше көпiршiктерден құралған, көп қабатты эпителийден тұрады, онда екi түрлi жасушалар болады: негiздiк - негiзгi жарғақта жатады, шеткi қабатты құрады, ұсақ, базофильдi, митозбен бөлiнедi, одан кейiн жасушалар бұл қабаттан бөлінiп шығады, түрi өзгередi; себоциттер-iрi, көп бұрышты, негiздiк қабаттан ауысуында липидтердiң iрi тамшылары жиналады, өзекке қарай жылжығанда бұзылып, түзiндiге-терi майына айналады. Терi майының шамадан тыс артуы-себорея ауруына тән.