Сүт безi


Сүт безi (glandula mammaria) эпидермистiң туындысы, тек ұрғашы малда болады. Бұл бездің дамуы, физиологиялық белсенділігі жыныс гормондарына байланысты жүреді. Сүт безi барлық сүтқоректiлерге ғана тән қоректiк ағза. Сүттің түзілуі апокринді жолмен өтеді. Сүтқоректiлер қоректену тәсiлiне орай төрт кезеңге бөлiнедi. Алғашқы екеуi ұрықтық: онда ұрық «жатыр сүтiмен» қоректенетiндiктен гистотрофты деп аталады. Ұрық қабықтары (қағанақ) құрылғанда ұрық қоректi ана қанынан (гемотрофты қоректену) алады. Туғаннан кейiн төл лактотрофты (сүттi) жолмен қоректенедi.

Сүт безiнің шығарушы өзегi мен секрет бөлетiн бөлiгiнің құрылысына қарай, ол күрделi тармақталған түтiкше-альвеола бездерiне жатады. Оның үлпершегi тармақталған шығарушы өзек жүйесiнен, соңғы секрет бөлiмдерiнен және май жасушаларына бай дәнекер ұлпадан тұрады. Кейiнгi без үлпершегiн түрлi көлемдi жарнақшаға (lobus-доля) бөледi. Жарнақша аралық дәнекер ұлпадан қан тамырлары, жүйкелер, үлпершек жарнақшасында аяқталатын альвеола, түтiк тәрiздi соңғы бөлiмдерi бар жарнақша аралық шығарушы өзектер өтедi. Iрi шығарушы өзектер сүт цистернасына ашылады. Цистернадан сүт емiзiк арнасына түседi (103 сурет).

Сүт безінiң алғашқы жарнақшасында 158-226 (Ю.Т. Техвер,1968) соңғы бөлiмдер немесе сүт альвеоласы (alveolus), соңғы шығарушы өзектерi және дәнекер ұлпадан тұратын стромасы болады. Бездiң соңғы бөлiмдерiнiң қабырғасы бiр қабатты секреторлы эпителийлерден, соңғы бөлiмдердi өсiндiлерiмен қоршап жататын бұлшық еттi-эпителийлi себет жасушаларынан тұрады.

Сүттену кезеңiнде соңғы бөлiмдердегі жасушалар-лактоциттер куб және призма тәрiздi пiшiндерiмен сипатталады, олар өзара десмосома жүйелерiмен байланысады. Бездi жасушалардың бос тегiс емес беттерiнде, микробүрлерi болып, цитоплазмасы тұрақты қосындылар сақтайды. Түзiндi (сүт) бөлiнер алдында жасушалар биiк болып, бос бетi май тамшыларын сақтайтындықтан шошайып тұрады. Оның көлемi ұлғайып, олар одан үзiлiп, сыртын қоршаған плазмолеммамен бiрге альвеола кеңiстiгiне түседi (104 сурет). Альвеола кеңiстiгiне тiршiлiк әрекеттерiнiң басқа өнiмдерi: козеин, лактоза және тұздар қоса бөлiнедi.

Сүт безiнiң ұсақ және орташа шығарушы өзектерi бiр қабатты куб тәрізді эпителиймен төселген. Эпителий жасушаларының биiктiгi өзек калибрi өскен сайын ұлғая береді. Iрi өзектерде биiк призма тәрiздi, қос қабатты эпителий болады. Бұл өзектердiң екiншi қабатын миоэпителийлi жасушалар құрады. Олар iрi өзектерде бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушаларына ауысады. Сүт цистернасындағы эпителий қос қабатты, ал емiзiгiнде көпқабатты түлейтiн болып келедi.


Сыйыр желiнiнің емiзiгi терi қатпары тәрiздi құрылады, емiзiгi өзегi көпқабатты жайпақ эпителиймен төселiп, түлей алады. Ол тарылтудан, емiзiк өзегiнiң тұйықталуынан сақтандырады. Емiзiктің дәнекер ұлпасындағы бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушасының төрт түрi: ұзына бойы, ол сүт цистернасы аймағында жақсы дамыған; сақиналы, ол емiзiк қысқышын (сфинктер) құрады; бұлшық ет жасушаларының қабаты, олар бiр-бiрiмен бытысып жатады; тарамдалған жасушалар шоғыры болады.