Ауыз қуысы


Ас қорытқыш аппарат алдыңғы бөлiмi түрлi ұрық жапырақшаларынан: ауыз айлағынан-ауыз қуысының үлкен бөлiгi, алдағы iшектен-артқы бөлiгi, алдыңғы қаңқа iшегiнен-өңеш дамиды. Алдыңғы бөлiм мен iшкi эпителий жабыны эктодерма мен энтодермадан дамып, құрылады. Кiлегейлi қабықтың дәнекер ұлпасы мезенхимадан дамиды.

Ауыз қуысының (cavitas oris) кiлегейлi қабығының құрылысында мына ерекшелiктер байқалады: эпителийi-қалың, көп қабатты жайпақ түлемейтiн немесе түлейтiн (тiл, қатты таңдай, қызылиек алдыңғы бетi) болып келеді, қайта қалпына келу қабылетi жоғары. Эпителий қыртысында эпителий емес жасушалар-лейкоциттер (лимфоциттер) және үш түрлi өсiндiлi жасушалар - меланоциттер, Лангерганс және Меркель жасушалары тұрақты кездеседi; меншiктi тақташа эпителийге шығып тұратын емiзiкшелер құрады. Әдетте, емiзiкшелер неғұрлым биiк болса, оның механикалық жүктемесi көп болады; бұлшық етті тақташасы болмайды; кiлегейасты негiз кейбiр бөлiмшелерде болмайды (тiл, қатты таңдайдың алдыңғы және бүйiр беттерiнде жартылай кездеседi). Кiлегейлi қабықты тiректiк қызмет атқаратын төмен жатқан бұлшық еттермен немесе сүйекпен бекiтедi, ұсақ (көбінесе аралас) сiлекей бездерiнің соңғы бөлiмдерiн, iрi тамырларды, жүйкелердi сақтайды.

Ерiн (labium) - терi-жабынның ас қорыту жолының кiлегейлi қабығына ауысатын аймағы, үш-терiлi, аралық, кiлегейлi бөлiмдерден тұрады. Оның негiзiн ауыздың дөңгелек бұлшық етiндегi көлденең жолақты бұлшық ет ұлпасы түзедi.

Терiлi бөлiм (pars cutanea) терi құрылысындай, оны көп қабатты жайпақ түлейтін эпителий төсейді, түктерді, тер және май бездерiн сақтайды. Жылжымалылықты қамтамасыз ету үшiн бұлшық еттің талшықтары нағыз терiге қоса өрiледi.

Аралық бөлiм (pars intermedia, қызыл жиек) эпителийi күрт қалыңдайды, жұқа мөлдiр мүйiздi қабаты болады, түктерi, тер бездерi жоғалып, тек май бездерi сақталады (езу мен жоғарғы ерiнде). Меншiктi тақташа өте биiк емiзiкшелер құрады, көптеген қылтамырлар iлмешектерi болады, сондықтан олардағы қан эпителий қабаты арқылы көрiнiп, ерiн түсiн қамтамасыз етедi.

Кiлегейлi бөлiм (pars mucosa) - әдеттегi кiлегейлi қабық, қалың көп қабатты жайпақ түлемейтiн эпителиймен төселген, меншiктi тақташа биiк емiзiкшелердi құрып, байсалды кiлегейасты негiзге ауысады. Бұлшық еттерге жанасады, онда өте көп тамырлар, жүйкелер, май ұлпасы, аралас ерiн сiлекей бездерiнің (glandula labialis) соңғы бөлiмдерi болады.

Ұрт (bucca) ауыз қуысының бүйiр қабырғасын құрады, оның негiзiн көлденең жолақты бұлшық ет ұлпасы қалайды. Ол екi-терiлi және кiлегейлi бөлiмдерден тұрады, құрылысы ерiн бөлiмдерiмен ұқсас болады. Нағыз терi мен кiлегейасты негiзi үшiн бұл бөлiмге май ұлпасы, эластин талшықтары қатысуы тән. Аралас ұрт сiлекей бездерiнiң соңғы бөлiмдерi кiлегейасты негiзде жатып, бұлшық етке жиi батады. Сiлекей бездерi тiстердiң қабысқан жерiнде-ұрт кiлегейлi бөлiгiнiң аралық аймағында болмайды.

Қызыл иектер (gingiva) көп қабатты жайпақ түлейтін эпителиймен төселген, ал тiске бекiген аймағында мүйiздi қабаты болмайды. Меншiктi тақташа коллаген талшықтарын мол сақтап, сүйек қабығына тығыз бекитiн дәнекер ұлпадан тұрады. Онда эластин талшықтары, көптеген жүйке ұштары болады. Эпителий астындағы биiк емiзiкшелер бекитiн аймақтарда жоғалып кетедi. Бездерi және кiлегейасты негiзi болмайды.

Таңдай қатты, жұмсақ болып бөлінеді. Қатты таңдай (palatum durum) - таңдай сүйектерiнiң қабығымен қозғалмайтын болып бiтiп кеткен кiлегейлi қабықпен (tunica mucosa) және көп қабатты жайпақ түлейтін эпителиймен төселген. Меншiктi тақташасы емiзiкшелер құрып, кiлегейасты негiзге ауысып, таңдайдың алдыңғы үштен бiрiнде май (zona adiposa) ұлпасын, артқы екiнiң бiрiнде-кiлегейлi таңдай сiлекей бездерiнің (zona glandularis) соңғы бөлiмдерiн сақтайды. Оның жұқа көктамырлар торы iсiне алады. Ол жылқыда қуысты денешiк сияқты байқалады. Таңдай тiгiсiнің, қызыл иекке ауысатын аймақтарында кiлегейасты негiз болмайды. Жұмсақ таңдай (palatum molle) - ауыз қуысын жұтқыншақтан бөлетiн, кiлегейлi қабықтың қатпары. Aуыз қуысына бағытталған кiлегейлi қабығы көп қабатты жайпақ түлейтiн эпителиймен төселген. Меншiктi тақташасы көптеген емiзiкшелер құрады. Кiлегейасты негiзде сiлекей бездерiнiң соңғы бөлiмдерi, таңдай бадамшалары жатады. Таңдай негiзiн көлденең жолақты бұлшық ет ұлпасы түзедi. Жұтқыншаққа қараған жұмсақ таңдай бетi бiр қабатты көп реттi кiрпiкшелi эпителиймен төселген. Емiзiкшелерi болмайды, ал кiлегейасты негiзде бездері аз болады. Олар аралас бездер, кiлегейлi және сiрлi түзiндiлер бөледi.

Тiл (lingua) азықты қабылдауға, шайнауға, дәм сапасын анықтауға, жұтуына қатысады, ал итте ол жылу реттейтін ағза болып келедi. Негiзiн көлденең жолақты бұлшық ет ұлпа талшықтарының шоғыры құрады. Олар үш өзара перпендикуляр бағытта орналасады да, ұштарымен меншiктi тақташаға бекидi. Арадағы борпылдақ дәнекер ұлпаның жұқа қабатында тамырлар, жүйкелер және май бөлiкшелерi болады. Тiл кiлегейлi қабықпен жабылған бұлшық ет негiзiнен тұрады, оның түбiрi, денесi, ұшы болады.

Тiл кiлегейлi қабығының бедерi және құрылысы, әр бетiнде бiрдей болмайды.


Төменгi бетi кiлегейлi қабықпен жабылған, үш қабаттан: көп қабатты жайпақ түлемейтiн эпителийден; меншiктi тақташадан, оның аласа емiзiкшесi болады; кiлегейлi қабық жылжымалылығын қамтамасыз ететiн кiлегейасты негiзден құралған.

Жоғарғы бетi және бүйiр беттерi кiлегейлi қабықпен жабылған, бiрақ ол екi қабаттан-көп қабатты жайпақ жартылай түлейтiн эпителийден; меншiктi тақташадан, ол алғашқыға енiп, төмен жатқан бұлшық ет ұлпасымен тығыз тұтасып кетедi. Бұл қабаттар бiрiгiп, ерекше шодырлар-тiл бүртiктерiн құрады.

Тiл бүртiктерi 4 түрге: жiпше тәрiздi, жапырақша тәрiздi, саңырауқұлақ тәрiздi және қорғанша емiзiк болып, бөлiнедi.

Жiпше тәрiздi бүртiктер (papilla filifirmis, 108 сурет) - жануарларда жиi кездеседi, тіл бүртіктерінің ең көбi, ұсақ, тiлдің жоғарғы бетiнде бiркелкi таралған, механикалық қызмет орындайды, тiлге кедiр-бұдырлық бередi, пiшiнi жiпше немесе конус тәрiздi, көп қабатты түлейтiн эпителиймен жабылған, жұтқыншаққа қараған жұқа мүйiздi қабаты өткiр шодырлар құрады. Мұндай бүртiктер жыртқыш жануарларда кең таралған.


Жапырақша тәрiздi бүртiктер (papilla foliata) - жануарлардың бәрiнде (күйiстiлерде) болмайды, пiшiнi жапыраққа ұқсас, тiл түбiрi бүйiр беттерi әр жағында бiр-бiрден орналасады, ұзын тiлге көлденең бағытталған кiлегейлi қабық қатпарларынан тұрады, мұндай әр қатпар екiншi бүртiк тәрiздi байқалып, татым емiзiкшесiне жатады. Екiншi бүртiктер аралығына тiл сiлекей бездерiнiң шығарушы өзектерi ашылуы мүмкiн.

Саңырауқұлақ тәрiздi бүртiктер (papilla fundiformis, 109 сурет) тiлдiң жоғарғы бетiндегi жiпше тәрiздiлер арасында орналасады. Олар қызу, татым тiтiркенулерiн қабылдайды, онымен қоса түйсiк қызметiн орындайды. Пiшiнi саңырауқұлаққа ұқсас, бүртiктерi көп болады, қабатты жайпақ түлемейтiн эпителиймен жабылған. Бүртiктердiң бүйiр бетiндегi эпителий қабатында татым бүршiктерi жатады.

Қорғаныш емiзiк бүртiктер (papilla vallata,110 сурет)-ең iрi, тiл түбiрi, денесi арасында, оның бетiне шықпай топ-топ болып орналасады. Әр бүртiк астаушамен қоршалған, оған сiр сiлекей бездерiнің шығарушы өзектерi ашылады, ондағы кiлегейлi қабық қалың болады. Бүртiк сыртынан түлейтiн, бүйiр беттерi-түлемейтiн эпителийлермен жабылған. Кейiнгiде көптеген татым бүршiктерi сақталады. Бүртiктердің дәнекер ұлпасындағы бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушалары жиырылып, оларды жақындатып, азықтың татым бүршiктерiмен толық жанасуына жеткiзедi.

Татым бүршiктерi (papilla dustatoria, 111 сурет)-хемоқабылдағыштар, тiл, жұмсақ таңдай және көмей қақпашығы эпителийiнде орналасады. Түрi барлық қалың эпителийде эллипс тәрiздi, эпителий бетiне перпендикуляр жатады, оған татым тесiкшесi ашылады. Ол негiзгi үш жасушалар тобынан: татым (сезгiш), сүйеуiш, негiздiк жасушалардан тұрады.

Татым (сезгiш) жасушалар-енсiз, ақшыл, биiк призмалы, ядросы да ақшыл, тұрақты қосындылары жақсы, жоғарғы бетiнде қалың микробүрлер шоғыры дамыған. Негiздiк, сыртқы плазмолеммаларына миелинсiз жүйке талшықтарының ұштары келедi. Микробүр жарғағының қабылдағыштары азық молекулаларымен өзара iс-қимыл жасап, жүйке ұштарына беретiн серпiн пайда болуын туғызады. Әр жасуша бiрнеше татымның тiтiркену түрлерiн қабылдайды.

Сүйеуiш жасушалар - енсiз, қоңыр, биiк призмалы, ядросы тығыз, жоғарғы бөлiгiнде тұрақты қосындылары, секрет түйiршiктерi дамыған. Түйiршiктер iшiндегiсi шығып, тығыз матриксiн қалыптастырады, оған сезгiш жасушалар микробүрлерi батады.

Негiздiк жасушалар - ұсақ, нақтыланбаған, бүртiк негiзiнде орналасып, бөлiнiп, сезгiш немесе қолдаушы жасушаларға нақтыланады.

Тiл ұшы кiлегейлi қабығында аралас тiлдің сiлекей бездерi сақталады, соңғы бөлiмдерi меншiктi тақташа түбiнде орналасады, бiрақ жиi бұлшық ет ұлпасының (эндомизий) шоғырлары арасындағы дәнекер ұлпаның жұқа қабатына өтедi.

Тiл түбiрiнің кiлегейлi қабығы бүртiктер құрмайды, кiлегейлi сiлекей бездерiнің соңғы бөлiмдерiн сақтайды, лимфа эпителийлi жұтқыншақ сақинасы құрамына кiретiн тiл бадамшаларын құруға қатысады.

Лимфа эпителийлi жұтқыншақ сақинасы жұтқыншақ кiреберiсiн қоршап жатқан лимфа эпителий ағзалары-таңдай, жұтқыншақ, түтiкше бадамшасы, тiл және басқаларды қосады. Бадамшалар қорғаныш қызмет орындайды, жас уақытта жақсы дамып, толық жыныс пiсуінде ол керi дамуға ұшырайды.

Таңдай бадамшалары (tonsilla palatina, 112 сурет) - таңдай доғалары арасында орналасады, эпителиймен өзара iс-қимыл жасайтын лимфалар ұлпасының тобы. Оның бетiн көпқабатты жайпақ түлемейтiн эпителий жауып, меншiктi тақташасына енiп, терең тармақталған кiрмелер (крипты-crypta) құрады. Меншiктi тақташада-iрi көбею орталығы бар лимфа түйiншелерi (nodulus lymphaticus), лимфоциттердiң қан-ұлпа алмасуын iске асыратын көктамырдың қылтамырларсоңы бар түйiншелердiң аралық диффузды лимфоидтi ұлпалары, шоғырланған лимфоциттер, плазмалық жасушалары бар эпителий асты немесе түйiншелерүстi дәнекер ұлпалары болады.

Тiл бадамшасы (tonsilla lindualis) тiл түбiрiнің қорғаныш емiзiк бүртiктерiнiң артындағы кiлегейлi қабықта орналасады, көпқабатты жайпақ түлемейтiн эпителиймен жабылған, қысқа, нашар тармақталған кiрме құрады. Оның саңылауларына кiлегейлi сiлекей бездерiнiң өзектерi ашылады. Әр кiрме лимфоидтi ұлпамен қоршалған. Олар қосылып бадамшалардың құрылым-қызмет бiрлiгi–тiл түбiрiн құрады.

Жұтқыншақ бадамшасы (tonsilla pharyngealis) мұрын-жұтқыншақ артқы бетiнде орналасады, бiр қабатты көп қатарлы призмалы кiрпiкшелi эпителий мен жабылған, онда лимфоциттер, жемiр жасушалар шоғырланып, қатпарлар құрады. Меншiктi тақташасында лимфоидтi ұлпа болады. Бадамша тығыз дәнекер ұлпа қабығымен қоршалған, одан соң көптеген аралас белокты-кiлегейлi бездердiң соңғы бөлiмдерi жатады. Олардың секреттерi қатпарлар арасындағы кеңiстiкке бөлiнiп шығады. Жұтқыншақ бадамшасының ұлғая өсуi (аденоидтар) мұрынмен тыныс алуды қиындатады.

Түтiкшелiк бадамшалар (tonsilla tubularis) - есту түтiгiнiң жұтқыншақтағы тесiгi аймағында ұсақ лимфоидтi ұлпа тобы болып келедi де, бiр қабатты көп қатарлы призмалық кiрпiкшелi эпителиймен жабылады, құрылысы жұтқыншақтағы бадамшаға ұқсас.

Тiстердің (dens) көмегiмен жануарлар азықты тередi, ұстап, ұсақтайды. Есейген жануарлар тiсiнің-қаптамасы, мойны, түбiрi болады (113 сурет).

Қаптамасы (corona dentis) - қызылиектен шығып тұратын, кiреукемен жабылған тiс бөлiгi.

Тiс түбiрi (radix dentis) қызылиекке батады, сүйектің қабығымен төселген жақ сүйегi ұясында жатады және айнала таралған байлам көмегiмен берiк бекiтiлген.

Мойны (cervix dentis) тістің қаптамасы мен түбiрi арасында орналасады, қызылиекпен тек тiс бөлiгi жабылады.

Қаптаманың орталық бөлiгiнде тiс қуысы (cavitas dentis) болады, ол тiс түбiрiнде тiс өзегiне (canalis radicis dentis) айналады, олар жұқа талшықты дәнекер ұлпамен (жұмсақ ұлпамен) толы болады. Кейiнгiде тiс түбiрiндегi ұшы, кейде қосымша тесiктер арқылы өткен тамырлар және жүйкелер сақталады. Өзектер саны көп түбiрлi тiстердiң түбiр санына тең келедi.

Тiстiң негiзiн құратын құрылымдарға: дентин, кiреуке (эмаль), цемент, жұмсақ ұлпа жатады.

Дентин (dentinum) - тiстiң тас байланған ұлпасы, оны өте жиі арнайы сүйектің ұлпасы дейді. Ол сүйектен, цементтен мықты, кiреукеден 4-5 есе жұмсақ, 70% аорганикалық заттар (гидрооксиапатиттер), 20% органикалық (көбi коллагендер), ал 10% су болып келедi. Ол жұмсақ ұлпаның шеткi қабатында жатқан одонтобласттар өсiндiсiн сақтайтын тас байланған жасуша аралық заттектен, оған өткен дентин өзекшелерiнен тұрады. Дентиннің жасуша аралық заттегін гидроксиапатит кристалымен байланысқан коллаген талшықтары және негiзгi (протеогликандарды сақтайтын) заттар түзедi. Кристалдар түйiршiктерi үйiндi тәрiздi қыртыстанады да, олар шар тәрiздi құрылымға қосылады. Дентиндегi тас байлану бiркелкi жүрмейдi.

Кiреуке (эмаль-enamelum) тiстің қатты бөлiгi, оның 95% минеральды зат, 1,2% органикалық заттар, қалған бөлiгiн су түзеді. Қалыптасқаннан кейiн онда жасушалар болмайды, сондықтан ол бұзылса, қайта қалпына келмейдi, бiрақ тұрақты зат алмасу (иондар) жүредi. Ол кiреуке призмалары (prisma enameli), призма аралық заттан құралған сiрқабықпен жабылған.

Цемент (cementum) - тiстің тас байлану ұлпасы, сүйекке ұқсас, тамырлары болмайды. Ол тiстiң түбiрiн, мойнын жауып, жартылай кiреукеге кiредi, цементоциттерден, цементобластан, тас байланған жасуша аралық заттектен тұрады, ұя сүйек қабығы арқылы қоректенедi.

Тiстің жұмсақ ұлпасы (pulpa dentis) - қаптамадағы жұмсақ ұлпаның камерасын, түбiр өзегiн толтыратын мол тамырланған, жүйкеленген арнайы дәнекер ұлпа. Ол дентиннiң құрылуына қатысып, қорекпен қамтамасыз етiп, сезгiш, қорғаныш қызметтер орындайды. Бұл ұлпа жасуша аралық заттектен, жасушалардан (фибробластар, одонтобластар, жебiр жасуша, лимфоциттер, аз нақтыланған, бағаналы, дендриттi) тұрады.